(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
– Бұл суық қаруға жатады, – деді, сызданған уәкіл. Суық қаруды тасып жүргеніңіз үшін де статья бар.
– Онда ана Тайтеліге беріңіз. Сұрап алып кеткен күміс ер-тұрманның жанына іліп қойсын.
Арадағы айтыс-тартыс біразға созылды. Жақтап сөйлеушілерден даттап сөйлеушілер көбейіп тұр. Елдің көзінен бағамдағаны, мұны ақтап алғысы келгендер өз жанынан қорқып тұр. Ара-тұра жаулықты әйелдердің ішінен көз жасын сүртпекке орамалының ұшын көзіне жиі апаруынан байқалады.
– Қысқасы, – деп, жиылысты қорытуға бекінген уәкіл: – әйел баласын түрмеге жаппай-ақ қояйық, бірақ бір сөтке ішінде ауылдан кетер болсын. Өйткені, біздің де үстімізден қарайтындар бар.
Жұрт етек-жеңін қағып, орындарынан тұрып тарай бастады. Аз уақыттан соң қара басы шошайып Жібек жалғыз қалды. «О, Алла, өзің есіркей көр! Жалғыздың жары – бір Құдай». Жібек «аһ» деп күрсінгенде аузынан жалын атқандай болды.
Осы кез жанына жылыстап келген бір келіншек оның қолтығынан демеп тұрғызды.
– Жеңеше, үйге жүріңіз, осы арадан алыс емес, анау шеткі лашық.
Қандай қайғы да тәлтіректете алмаған Жібек орнынан әзер көтерілді. Қоржынын иығына салып алған келіншектің соңынан қапшығын сүйрете ілесті.
* * *
Түн – түн болмады. Екі мұңлықтың әңгімесі бітпеді. Келіншектің есімі – Зүбәржат. Оның басынан кешкені Жібектің басынан кешкенінен кем болмады. Тек ел ішінде отырғаны болмаса…
– «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деген рас боп шықты. Алақандай ауылды біресе ақтар шауып, біресе қызылдар шауып, елдің берекесі кетіп жатқан кезең. Таразының біресе мына табағы, біресе ана табағы ауыр тартып, ел әуре-сарсаңға түсті. Онсыз да сауатсыз елдің мінезі өзгерді. Үркек болды. Адамның адамға деген сенімі азайды.
– Оның рас! Бүгін көз көрді ғой, – деп, Жібек әңгімеге шоқ тастап жіберіп: – Біраз байлар қолымыздағы барымызды алды, енді өзімізге тиіспейтін шығар деп сеніп қалмады ма?! Кәпірлер мұндай кекшіл болар ма? Барын сыпырып алып, өздерін жер аударды, онда да сонау Сібірге айдамақшы болды ғой. Өзгелер төзер-ау, Оңтүстіктің адамы төзер ме, сірә?! Ол жақта жаз болмайды, жылдың төрт мезгілі де қақаған боран дейді. Өздігінен өлсін, біздің қолымыз «таза» деп құтылғылары келгені де.
Өз ойын ортаға қыстырып қалған Жібек, әңгімеңді жалғастыра бер дегендей, Зүбәржатқа иегін қақты.
– Несін айтасың, жеңеше, сәбіттің орнағанына да он жылдан асты ғой. Жұрт әлі бейімделе алмай жатыр. Өзіміз әрі-сәрі күйде жүргенімізде ауылды босқындар басты. Алба-жұлба дуаналардың шұбыртқан балалары да болды. Үлкендердің айтуына қарағанда, пірсиандар. Оларды жұрт «қызылбас» дейді екен. Жол-жөнекей қыз балаларын бір қапшық ұнға немесе бидайға, әйтеуір тамақтан өтетіннің бәрін айырбас жасайтын көрінеді.
– Иә, – деп, Зүбәржаттың әңгімесін бөлді Жібек, – біз де бір қызын алғанбыз. Әлі кәмелетке тола қоймаған қыз бала бір аяғынан ақсап басатын ауру екен. «Алып қалыңдар, бір дорба бидай берсең жетеді» деп жалынып қоймаған соң, үй тірлігіне көмектесер, оның үстіне аяғынан мүгедек екен, сірә, мыналардың жол жүруіне кедергі келтіріп жүрген болар деп қалдырғанбыз. Олардыкі де «әйтеуір тірі қалса болды» дегендік-ау. Қайтсін, байғұстар! – Жібектің көңілі босап, көзіне жас алды.
– Айтпаңыз, жеңеше, көрерімді сол қайыршылардан көрдім. – Жібек келіншектің бетіне аңырая қарады. – Арыстандай көкжал итіміз болатын. Ауыл арасында бос жүретін. Ешкімді қаппаушы еді. Әлем-жәлем, алба-жұлба болған қайыршылар есігіміздің алдына таяп қалғанын байқамай қалыппыз. Әлгілердің алдында келе жатқан он бір-он екілердегі қызды бас салып талап тастайды. Ажалына көрінген болар, қыз көп ұзамай қайтыс болды. Қол қусырып кешірім сұрап жатырмыз, жылы-жұмсағымызды аузына тосып дегендей… Қаракөл елтірінің жұрнағын басына ілген, атақораз секілді кейкиген еркегі сөз түсінер емес. Әлгіден кейін байлап қойған итті жерде жатқан бақанмен қақтұмсықтан бір ұрып, серейтті де тастады. Онымен қоймай: «Қанға – қан, жанға – жан!» деп суырдай шақылдағанын қайтерсің…
Жиналған ағайын «үндемеңдер, ашу үстінде не айтылмайды» деп, бізге басу айтты.
Момын емеспіз бе, біреудің әжептәуір қызын өлтіріп алдық-ау деп, Құран оқытып, ас-суын берейік деп ана қырдың астындағы тумалардан берсе, тоқты-торым әкелейік деп жолға шықтық. Қазіргі таңда ағайынның да арасы теңгеге таңылды. Үйде іліп алар заттан, бір кезде ел билеген ақ патшаның дәргейінде ықыласқа бөленген жамағайынан Майлыбай атамыз Петерборға барғанда әкелген ақ самауыр бар еді. Мені тұрмысқа бергенде жасауымның алды болып келген, соны мал сұрай бара жатқан соң, сол үйге тарту ретінде апармақ болып шешкенбіз.
Күйеуім алда – ақ самауыр, мен соңында – енді қаз-қаз басқан сәбиімді арқалап таңып алған, өрге қарай тырмысып шығып келеміз. Кенет… Кенет, жоным жып-жылы болып кетті. Балам жіберіп қойды ма деп арқама бұрылсам… – Әрі қарай айта алмай еңіреп жібергенде, сасқалақтаған Жібек келіншекті қалай жұбатарын білмей дал болды. – Желкеден шапқан баламның басы кеңірдегіне ілініп, бұлғақ-бұлғақ етеді. Тұла бойым жып-жылы болып жайылған баланың қаны екен. Ойбай салдым. Алда кетіп бара жатқан күйеуім оқыс үннен жалт бұрылды да, қолындағы самаурынымен төмен қарай құлдырады.
Төмен қарай қашып бара жатқан баяғы қайыршыны көрдік. Қолында қанжары. «Тоқта» дегеніме қарамай, жақындай бере басына самауырды періп жіберген күйеуім екеуі ұмыр-жұмыр төмен қарай домалап бара жатыр. Алпамсадай күйеуімнің астында қаларын білгендей, әлгі жансыз қанжарын тігінен ұстап жығылған. Күйеуім әлгіні әлеуетті қолымен қос алқымынан қысып буындырып жатыр. Ол сылқ жығылғанда кеуде тұсынан қадалған қанжар күйеуімнің арқасынан шықты. Салмағы ауыр болғандығынан ба, өз салмағымен қанжарға құлады ма, ол арасын біле алмадым…
Ауылдан алшақтап шығып кеткен екенбіз. Зарлап жылаған үнім естілмеді-ау, тым болмаса ит үрер еді ғой.
Баланы байлаған белбеуімді орап алып ауылға азынап кірдім. Көрші-қолаң, ағайын-туыс лезде хабардар болып жиналып қалды. Еркектер жағы мен нұсқаған жаққа қарай кетті. Қатын-қалаштың қолынан келері боздап жылау ғана, қатарымды көбейтіп… Күйеуімнің өлі денесін кезектесіп көтеріп әкелгендер мүрдені оң жаққа жайғастырды. Бәленің қайдан келгенін түсінген қарулы жігіттер ауылдың шетіне тігілген күркеге қарай лап қойысты. «Жанға – жан» деді ме, біз де бірін қалдырмай қырамыз!»
Жылап-сықтаумен болып жатқан ауыл адамдарының ешбірі «қойыңдар» деп жігіттерді тоқтатпады. Көзіме көрінсе, өзім-ақ өз қанжарыммен бәрін бауыздап тастар едім. – Зүбәржат оқиға дәл қазір болғандай, тістерін сықырлатып, жұдырығын түйді.
Жібек оны түсінді. Жат қолынан қаза тапқан баласы үшін ана әр нәрсеге дайын екендігін біледі. Жүзінен қайғы табы кете қоймаған жас келіншектің мұншама ауыр зардапты басынан кешкен әйелдің жұрт тарап кеткенде қайрылып келіп, жетім көңілін жұбатқан мықтылығына теңдес жоқ қой деп ойлады Жібек.
– Бір күнде екі мәйіт шықты ғой бұл үйден, содан бері жападан-жалғызбын.
– Бұған көп өтті ме?
– Жылдан асты.
– Жігіттер әлгінің күркесін тауып па?
– Жоқ, ізі де жоқ, жылан жалағандай. Адамдардың айтуына қарағанда, ол балаларын ауылдан жырақтау, басқа ауылға жөнелткен немесе өзі барып орнықтырып, баланы өлтіруге үлкен дайындықпен келген. Яғни торуылдап жүрген.
– Сонда бұл қандай халық болды? Айтқанынан қайтпайтын. Отбасы үшін өзін құрбандыққа шалатын, – деп ойлаймын оңашада.
– Қайдан білейін, өз елінде не істеп, не қойғанын?! Ол жақта да қылмыс жасап, қашып жүрген біреу болар.
– Басқа жер құрығандай, біздің ауылға қай б…мды жейін деп келді екен?!
– Е-е-е, шырағым, не дерің бар? Қазақтың кең жүректілігін байқаған сұм ғой. Қазақ бірін-бірі қарауылға алғаны болмаса, өзгеге келгенде үні шықпай қалады ғой. Шет-жағасын өзің бүгін байқаған шығарсың.
– Иә, жеңеше, бірақ көпке топырақ шаша алмассың. Енді өзіңіздің не істемек ойыңыз бар?
– Не істеуші едім, мен де босқынмын. Құдайдың таңы ата тәуекелге бел буып, Тәшкен жақты бетке алып, қарамды батырам бұл елден. Сұрай-сұрай Меккеге де жетеді, – дейтін бұрынғылар. Мүмкін, таныс-біліс табылып қалар, – деді, өз ойына өзі сеніңкіремей. – Басқа амал жоқ…
– Жеңеше, мені де серік етіп ала кетесіз бе? Бұл ауылда іздеп-сұрар қимасым да жоқ. Оның үстіне мына лашық өткен өмірімді, басымнан кешкенімнің бәрін есіме түсіре береді.
– Дала кең ғой. Қатар жүретін жол табылар. «Өзі інге сыймай жүріп, құйрығына қасқақ байлайдының» кері келмей ме! Оның үстіне ел ішінде отырсың. Осы елді көруге, адамдарын көруге асыққан сорлы басым осылай боларын біліппін бе? – деді Жібек, дауысы қарлығыңқырап.
– Сағынған еліңіздің әуселесін көрдіңіз ғой. Баспақ түгілі, бас қайғы. Өз бетінше дәнеме істей алмайды. Жол көрсететін білгіштері – баяғы жалшы-жақыбайлар. Олардың қолынан келері – ауданнан келген өкілдердің жандайшабы болу ғана. Мен қимайтын не қалды?
– Өзің біл, – деді Жібек. – Нақты солай шешсең, жүруге дайындал. Күн көтеріліп кетпей жолға шығайық.
Орнынан тұрған Зүбәржат тездетіп кепе тамның әр бұрышынан киім-кешегін, талқан-тарысын бір дорбаға жинастыра бастады.
(Жалғасы бар).
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері