ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
310 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Алғашында түсіне алмаған малсақ қазақтар оның мәнін сұрағанда:

– Бұл – отын. Отын ретінде пайдаланамыз, – деді бір көршісі. Тандырға жағып нан пісіреміз, ошаққа жағып, тамақ істейміз, қыста пешке жағып, көмірге тамызық етеміз.

– Ал, мақтасынан қалған масақты шиттеп, көрпе-төсекке пайдаланамыз – дейді бір көршісі түсіндіріп. – Сіздерде де көрпе-төсек бар ғой, оның ішіне не саласыздар? – қарсы сұрақ қойып та үлгереді.

– Біз көрпе-төсекке жүн саламыз. Түйенің жұмсақ жүнін, қойдың күзем жүнін. Ол жылы болады. Киіз үйде қыстап қалғанда да түйе жүн көрпелер тоңдырмайды.

– Бізде күн жылы. Қыс қатты болмайды. Сондықтан, мақта көрпе де жетеді – дейді ауылдас әйел.

Сол ауылға иелік ететін, колхоз төрағасы – оларша – райс, Өтебай – тұрғындар арасында беделді, абыройлы азамат болып шықты. Сөзі де, өзі де орнықты адам екен. Кем сөйлейді, көп істейді. Істің тілін табатын мақтаулы райс екен. Соның арқасында бұларды ешкім «шеттен келгендер» деп түртпеді, бөле-жара бөтендігін де байқатпады.

Бірде көш басы Нұрымбет ақсақалға Өтебай:

– Аға, мына түйелеріңізді көзге түрткі қылмай сатып жібергендеріңіз абзал. Орны жоғалмасын десеңіз, салы қылып, ұраға тастаңыздар. Салы өз бағасын жоғалтпайды. Әрі көзден таса, – деп ақыл берді.

Түйе сатылды. Салыға айналды. Қолда қалған ұсақ тұяқтар тіске басуға жетіп жатыр.

«Кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтасың» дегендей, өзбектің салт-дәстүрін біртіндеп бұлар да қабылдай бастады. Тойлары да ерекше өтеді. Даңғыр-дүңгірі бар, билері бар, өздерінше әнді созып, өзгеше бір мақаммен орындайды екен. Бірде бәйбіше Оразгүл өзі құралыптас бір әйелден:

– Сіздерде айтыс бар ма? – деп сұрады. Сонда әлгі:

– Жоқ. Өзбектер айтыспайды, – деп жауап берді.

Оны естіген ерлер жағы «өзбектер айтыспайды» дегенді есте сақтап қалу керек екен десті. «Қолы бос, қысы-жазы мыналар сияқты – құмырсқадай қыбырлап жатпайтын, тек бар шаруасы малға барып тірелген қазекеңдердің ісі ғой бұл – айтыс, тартыс деген. Тіптен бәдік айтыс дегендері де бар ғой, ә» деп, өздерінің кемшін тұстарын да тілге тиек еткен.

Тілдері мінәйім, сөздері тәтті, өздері тым кішіпейіл, жергілікті тұрғындарға көздері енді үйреніп келе жатқан.

«Қыста қарға көмгенің – қар кеткенде ашылады» дегендей, қыс қыстығын жасап, қысып жатқан кезеңде, кенеттен «Өтебай қайтыс болды» деген қаралы хабар көшпенділердің өзегіне өрт тастап жібергендей әсер етті.

Қызын ойлап көз жасы тиылмай қойған Оразгүл бәйбіше бұл кезеңде Кемел мен Медетті жұртта қалған Жібектің жағдайын біліп келуге Шымкент жаққа аттандырған болатын. Сабау қамшылы, салт атты екеуі Шымкентке қара жолды жағалап отырып Шарапханада бір түнеп, аман-есен келіп жеткен. Шымкенттен әрі Қажымұқан ауылына жеткенде суық боран бетбақтырмай, қар суырып, мұз бүркіп, қарға адым бастырмай қойған. Шымкентке оралып, күннің ашылуын күткенмен, жуық арада табиғат жылы қабақ таныта қоймады.

Бір жеті өтіп, құр сүлдері қайтқан, олардың алдарынан шыққан қаралы хабар – бозбалаларды да тұқыртып тастады.

– Енді қашқын атымыз қайта шыға бастайды, – деді Медет атасы Нұрымбетке.

Сексенді алқымдап қалған әулет басының бұл кезде денсаулығы да сыр бере бастаған болатын.

Үндемей іске кірісетін әдетімен, көршілерінің көтек арбасын бір қой беріп сұратып алып, таң атпай әлгі арбаға қап-қап сұлыларын Шыршықтың базарына пұлдауға жөнелтіп жатты.

Он шақты күнде қаптың түбі көріне бастады. Есесіне жамбас қалта, жан қалталары ауыр тартып, тиын-тебендер құралып жатты. Айналасына сыр бермегенсиді. Бірақ олар сыр алдырып қойды. Белдеуде тұрған Медет пен Кемелдің көкпар аттары із-түзсіз ұрланып кетті. Милицияға хабарлайын десе, өздерін тексеріп, әуре-сарсаңға сала ма деп қорықты. Екі жігіттің көз жасына қарап жатқан ешкім жоқ. Баяғы ескі үрей келіп, тағы да есіктерін қақты.

Өтебайдың қырқын беріп, ызы-қызы болып жатқанда, қызыл шәпкі кигендер келіп, бұлардан құжаттарын сұратты.

– Қарағым, – деді Нұрымбет ақсақал, – «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» керін келтірмей қоя тұрсаңшы. Қазақтар өлімді жылына шейін азалайды. Керегі құжат болса, тауып берерміз.

Өз қылығынан ұялыс тапқандай:

– Мақұл, ақсақал, бір айдан кейін келейін, – деп кетіп еді.

«Тұр-тұрдан хабар келген соң, ұйқыдан маза қашады» депті, бір ұйқышыл жалқау қазақ. Сол айтқандай, «Қараша ханның тұсында» екендігіне көзі әбден жеткен, көшпенділердің жүрегі майшам ішкендей кілкіді.

Ай мерзімі біткенше, қылтиып көктемнің де төбесі көрінген. Баяғы әдіспен, қолдағы ұсақ малды түнделетіп май жарығымен жайғап, сүрлеуге көшкен қатындар жағы.

Ел түгел ұйқыға кетті-ау дегенде, киім-кешегінің жарарын, азық-ауқатын арқалап, жәйімен ауылдан сытылып шықты. Тігілген қара үйлері де, жағылған шамдары да сөндірілмей қалып барады.

Жолбастаушы келіскендей, Шыршық өзенінің көпірі алдында кездесті.

– Көпірден абайлап өтіңдер. Біреулеп, екеулеп… онсыз да қалтылдап тұрған көпір құлап түспесін деп арғы жақта тұрған Момбек қатаң қадағалау жасауда.

Көпірден өткенде арғы бетте қаздай тізіліп төрт-бес қоқан арба бұларды күтіп тұр еді.

Таң елең-алаңда Тәшкеннің вокзалына сау еткізіп төге салған жалдамалы көшірлер ізім-қайым жоғалды. Олар да мәселенің мән-жайынан хабардар сияқты.

Бай жақсы, хандықтан да, биліктен де,

Пұл шешер, бар нәрсені киліккенде, – дегенді жазған адам, нағыз әулие дерсің. Өзбектердің «пұлың болса шүншекте, сорпа қайнар шандекте» дегені, өздерінің өміріне байланысты айтылған ба деп қаласың. Өздерінше «пұл» деп атайтын теңгенің шетін көрсетсең, обалына не керек, айтқаның мезетте орындалады.

Жаңағы айтылған мақал: «Теңгең болса қалтаңда – сорпа қайнар аспанда» дегенге саяды екен. Мақалдың сиқына ерлер жағы мырс-мырс күліп алысты.

Арқаланған дала қазақтары ұбап-шұбап вокзалға бет алғанда, жалаңдаған бір жігіт біреуінің қолындағы жүкті алып, «мен көтерісейін, тиын-тебен берсеңіз болады» деп, зілдей ауыр дорбаны вокзалдың ішіне қарай ала жөнелді. Рахметін айтып бұл келеді. Алдыңғы леп бір ыңғайлы орынды тауып, орналасып үлгеріпті. Бас-аяғы жиналғанда манағы өзбек жігіті жым-жылас, жоқ. Әлі де келіп қалар деген «есек дәмемен» отырғанында Оразкүлдің әнтек дауысы шықты.

– Бізден басқа да біз сияқты босқындар бар екен-ау, – деп, қарсы алдына қарады.

– Иә, олар да біз сияқты үйіліп-төгіліп, қайда бара жатыр екен, ә? – деді оны қостай кеткен абысынының бірі.

– Ойбай, ананы қара, келе жатқан түлкі тымақты Бақтыбай ғой, сонда оларда да бір Бақтыбайдың болғаны ма, – анау үйіліп-төгілген жабайы қазақтарға қарай бара жатыр деп, бірін-бірі итермелеп алға ұмтылады.

Күліп келе жатқан Бақтыбайы тура алдарына тұра қалып:

– Әй, қандай аңқаусыңдар?! Көріп отырғандарың өз суреттерің ғой. Алдарыңдағы айна ғой! – дегенде барып, орындарына сылқ етіп отыра қалғандардың ішіндегі біреуі:

– Ойпырмай, осындай үлкен айна болады деп кім ойлапты?! – деп, өздерінің жабайылықтарын айнаға жаба салды.

Үлкен шәйнекпен қайнаған су әкелген Кемел:

– Қане, тостағандарыңды тосыңдар, шай ішіп, әлденіп алыңдар, – деп, әйелдердің бірінен алған бір уыс шайды шәйнекке тастап жіберді.

Жамырай тостағандарын созғанда, баяғы «Темірқұдықтағы» шөлдеген қызыл нарлар көз алдыдан өткендей болды.

– Осы арада екі сөтке отыратын болдыңдар. Сетінемей бірге отырыңдар. Жоғалып кетесіңдер әйтпесе, адам қарасын көрдіңдер ғой, ығы-жығы, – деді, Батырша қайдан келгені белгісіз, отырғандарға бір-бір күлшеден ұсынып жатып: – Ұры-қары көп, сақ болыңдар! – деп қосып қойды. – Біз ана жерде бақылап отырамыз. Бей сауыт мазаларыңды алар болса, мына балалардың біреуін жіберіңдер! – деп, өздері жайғасқан жерді нұсқады. Ол жақта отыратын арқалы орындықтар бар екен. Біреулер әкесінің үйінде жатқандай шалжиып ұйықтап жатыр.

Сонымен, кезек ұйықтасып, екі сөткені де өткерді.

Бір вагонды бүтіндей сатып алыпты.

Шіркін, бұрынғының еркектері-ай! Қол астындағыларын шашау шығармай ұстай білетін, сақтай білетін.

Ышқынып бір өкірген паровоз жүруге оқталғанда әйелдер жағы құлағын басып, отырған орындарына құлай кетті.

– Қашқын боламыз деп, – өмірімізде көз көрмеген, құлақ естімегенді де білдік-ау, – деді Оразгүл бәйбіше. Не қуанғаны, не өкінгені белгісіз.

– «Қайда барамыз» – деп, әйелдер жағы жақ ашып сұрамайды. «Сұрағанда – қай жақты біліп жатырмыз?» деген ішкі үндеріне құлақ асады. Бір білгені – ер-азаматтарына сенгені, әйтеуір солар барда өлтірмейтіні.

Екі күн, екі түн жүріп отырып, Сталинабадқа келіп тоқтады алқынған паровоз.

Бұлар ұбап-шұбап пойыздан түскенде жылы жүзді, жасы қырықты еңсерген, бір мұртты кісі қарсы алды. Бұл ертеңін ойлайтын Батыршалардың ісі. Бірнеше күн бұрын, Тәшкенге келіп жүріп, Өтебайдың жақын туысы – осы Дүйсенбіге біреулер арқылы хабар жіберген болатын. Ол бұларды Ауған шекарасынан өткізіп жіберуге тиіс.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *