ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
445 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

АЗАЛЫ КӨШ

Айнала жым-жырт. Күні кеше ғана у-ду болып, балалар шапқылап, қозылар жамырап жататын, ақ жаулықты аналарымен, қыз-жігіттерімен көрікті екен-ау, ауыл! Анда-санда екпіндеп соғатын Арыстанды-Қарабастың желіне шейін көшке ілесіп кеткендей, демін ішіне тартып тұрған үнсіздікте бір үрей бар сияқты.

– Желі құрысын, онсыз да желігіп отырғаным жоқ, – дейді іштей өз ойымен алысып отырған Жібек шошынып. Қаңырайған қара қыстаудың табалдырығын тоздырып бір кіріп, бір шығады. Жай кіріп-шықпайды, бітпейтін үй тірлігінің әуресі де. Қолда қалған бірлі-жарым уақ мал мен қақтап сауып отырған қара сиырдан өзге дым жоқ. «Дым қалдырмады ғой, бәлшебек деген қызыл көз» дегенді іштей қайталайды. Қолда барын сыпырып алып, өздерін Итжеккенге айдатады екен деген сыбыс шыққаннан-ақ, ауыл-үйдің берекесі қашып, үлкендер жағы әлденеге бел буғандай, бір-бірін ымнан ұғып, мәслихаты да жиілеп кетті. Бұл ауылда бөтен жан жоқ. Аталас, тумаласы бар, құдандалы жекжаты бар жұдырықтай жұмылып, бір мәмілеге келген сияқты. Тайлы-таяғы қалмай, бірден ірге көтеруге келіскендей. Бар түйіні шешілмей қалған, түйткілі шешілмей тұрған мәселе. Жібек пен Көмектің жағдайы. Жас Жібектің атастырған жігіті көкпарда қайтыс болып, әмеңгерін алған Көмек ақсақал бүгінде дімкәс. Тән ауруы болмаса, ақыл-ойы орнында, санасы қалпында. Арғы аталары шынжыртөс шонжар болған, өз әкесі би атанған Көмек те қара жаяудан емес еді. Аяқ астынан пайда болған ауруы не ары, не бері емес, жіңішке аурудай созылып келеді. Игі жақсылардың ендігі күрмеуі, күрделі мәселесі осы. «Өз еріктеріне салайық» деп шешті ақыры. Бүгінгі кеште не де болса шешілмек. Ересектер бас қосқан бұл жиын қаралы жиынға айналғандай – бәрінің көңілі пәс, ұнжырғалары түскен. Мәселенің өз төңірегіне келіп тоқтап тұрғанын сезінген Көмек әуелгі сөзді де өзі бастады:

– Оу, ағайын! Алдарыңда ұлы сын күтіп тұр. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?!» айдың күні аманында үдере көшу, атақонысынан безу өмірде болмаған нәрсе еді. Басқадай тығырықтан шығар жол көріп тұрғаным жоқ. Сіздерге айтар сөзім: «Жібек пен Қуанышжанымды Сіздерге аманаттайын деймін. Не көрсе де, бірге көрсін! Өлтірмессіңдер! Мен бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған адаммын. Көшке ілесе алмасым бір Аллаға аян. Сарқырамада тұратын қыздарыма хабар жеткізсеңіздер. Қыз да болса перзентім – әкесін далаға тастай қоймас! Сіздерге көш көлікті болсын деймін. Азап артта қалсын, Алла алдарыңыздан жарылқағай!»

Барынша қайратқа мініп, дәрменсіздігін байқатпайын дегенімен, жүрегінің боздап, жылап тұрғанын Жібек сезбеді емес, сезді. Қандай қиын-қыстау күн туса да, көкірегін көтере жығылатындығын біледі. Құдай айырмаған қосағын адам айырып, заман айырып тұрғандығын іштей күйініп тұрған Жібек түсінді де. Сезгені ғой, орнынан тұрып, әдеттегідей ауыр бұрымын арқасына қарай серпіп тастап:

– Айналайын бауырларым, ақ сүтін игізген анашым! Бұл көштің сиқы да, тұрқы да бөлек. Бұл – жалаулы емес, налалы, азалы көш. Аттың жалында, түйенің қомындағы көш. Кіндік қан тамған туған жерден тірідей қол үзіп барасыздар. Солай болса да, көз жасына ерік беріп, жаман ырым бастамайын. «Ер адам – әйелдің пірі» деген. Сол пірімді тағдырдың талқысына қалай қимақпын?! Перзенті болса да, әлдеқашан түтіні бөлек ұшқан қыздарының босағасына жаутаңдатып қалдыруға қалай дәтім барады?! Жалғыз емеспін, жанымда Қуанышым – қанатым бар. Отағасы екеуміздің ендігі үміт артар қуатымыз да сол! «Жетім қозы маңырар, маңырар да отығар». Алладан үмітіміз бар, біраз ес жиып алған соң, төмендегі елге барып қосылармыз. Ешкім көкірегімізден итермес. Бабаларымыздан қалған мына дала бәрімізге ортақ. Сондықтан, бізге алаңдамай, бүгінгі түннен қалмай тартыңыздар алға! Алған бағыттарыңыз оң болсын, Аллам діттеген жерге шығынсыз жетуге жәрдем берсін!

Жібектің анасы – Оразгүлдің бет-әлпеті «шынымен қалмақ па?» дегендей өзгеріп бара жатты. Байқап қалған қыз жеңгелері дауыс шығаруға именіп, іштерінен қан жылап, көздерін беторамалмен сүрте берді. Ішінен «мынау иен далада қауқарсыз шалмен, құрттай баламен көрген күні не болмақ? Алда қыс. Ит-құс бар дегендей. Бикештікі жөн емес, тірі адам тіршілігін қылуы тиіс, «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» демей ме. Өлмелі шалды аяп, осынша ағайын-туысқаннан бөлінгені несі?» деген ойлар толассыз туындағаны әмбеге аян. Әйелдер жағы осылай ойласа, ерлер жағы Жібектің қажыр-қайратына, туралығына сенетін. Атастырған күйеуінің, жастығы болар, өз тойында өзі көкпар шабамын деп жаза басып, ажал құшқанында да жүзі сынбап еді. Ата салтымен әкесіндей адамға айттырғанда да «ойбайлап-байбайламаған». Сыр тартпақ болған жеңгелеріне: «Алланың бұйрығы осы болса, қарсы тұрар қауқар жоқ. Ата салтын бұзсам, ертеңгі өмірім не болмақ?!» деп, бірбеткей жауап қатқан. Жылаған жоқ. Налыған жоқ. Жеңгелеріне сабақ болсын деді ме, «Ата-баба жолы осылай болса, ақ батаны аттауға құқым бар ма? Жас қартаяр, жарлы байыр. Менің жарым – малға жарлы емес, жанға жарлы. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесінді» де айтқан қазақ. Өшкен отын жағуға, от басын сүттей ұйытып, берекесін арттыруға тәуекел еттім!» деп түйіндеген, Жібек еді бұл. Жібектің сөз түйінін естіген ауыл-аймақтың жас-кәрісі: «Бәрекелді, текті жердің қызы екендігін танытты. «Су аққан жерден ағады, шөп шыққан жерден шығады» деген, міне, осы!» деп, ризалықтарын танытқан.

Сөйткен Жібек, бәйбіше болдым деп кергімеген. Бір қолы отта болса, бір қолы суда. Қора-қора қойлары мен төрт түліктің бәріне жауапты өзі болды. Малсақ еді. Тек бір әттеген-айы – туған ұлдарының көрер жарығы аз болып, шетінеп кете берген. Әулие әмбие аралап, Құдайдың құлағының тынышын ала жүріп, осы Қуанышжанын әрең ұстап қалған. Әлгі айтып отырған – ұшса қанаты, қонса құйрығы болған, сол жалғыздың тілеуі еді жатса да, тұрса да. Сол жалғыз ат жалын тартуға жарап қалды. Жетіден сегізге аяқ басты. Сөз саптауына қарағанда, ересек адамдарға еліктеп өсіп келеді.

…Күлтөбенің басындағы жиын өз мәресіне жеткенде, ай да қияқтанып туып келеді екен.

– Жібекжан, қыз туса өзіңдей тусын, өзіңе сендік, ендеше, – деп, ақ батасын берген көш дүр етіп орындарынан көтерілгенде, тау қозғалып кеткендей көрінді. Анасы мен іні-сіңлілері, ағалары мен жеңгелері шетінен көрісіп, «аман болайық» айтысып, көз жастары мен көңіл қимастығына ерік бергендігіне куә болған осы дала, зеңгір аспан еді!

ӘҢГІРТАЯҚ

«Құдай ұрғанды – пайғамбар асасымен түртеді» дегендей, кешегі әсерден әлі арыла алмай, мең-зең қалыпта жүргенін аңдып тұрғандай, ертеңгі сәске түс шамасында, желе жортқан жалғыз аттылы келе қалды. Әй-шәйсіз, әкесінің үйіне келгендей дандайсыған жігіттің үстіне кигені комиссар киімі екендігі болмаса, баяғы мал соңындағы жылқышы жігіт – Тайтелі!

Жан-жағына көпшік қойып, ілделдалап, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған

Көмек ақсақалдың оң жағына құс жастықты құшақтай құлаған Тайтелі өзін емін-еркін ұстауы Жібектің шамына тиді. Десе де, әліптің артын бағып, үндей қоймады.

– Шал! – деп бастады сөзін Тайтелі. – Көштен қалып қойған төбеттей неге қалдың? «Кемедегінің жаны бір» деген, өлсең – жолда өлер ең, де… Әдейі олардың жолын бөгемейін, жетер жеріне тезірек жетіп алсын деген ішкі пікіріңді біз білмейді деп отырсың ба? – деп, діңгірлей жөнелгенде, Көмек:

– Қарағым, жайырақ сөйлеші, құлағым күмбірлеп барады, – деді ақырын.

– Айт деймін, олардың қай бағытқа кеткенін! Маған кәміссар ретінде, Кеңес үкіметі қашқындарды табуды тапсырды. Айтпайтын болсаң, солар кеткен жолмен өзің де жөнелесің!

– Қарағым, ел іші тыныш болса, еріккеннен қашты дейсің бе? Аларыңды алсаңдар да, масадай ызыңдап маза бермедіңдер ғой. Олар жетіскенінен жұмақ қуып кеткен жоқ шығар. Менің жағдайымды өзің көріп отырсың, жүруге жарасам, мен де қосылып кетпес пе едім. Олардың барар жерін, басар тауын мен түгілі, өздері де білмес! Әйтеуір кетті ғой, үркерменен бірге ауып…

Қаны басына тепкен, онсыз да қояншық Тайтелі орнынан ұшып тұрып:

– Сен білмейсің, ә?! Білмейсің! Білсең де, айтпайсың! Мен қазір айтқызамын саған! – Қолындағы бишігін қартқа қарай үйіре жөнелгенде, араға шыр-шыр етіп Жібек түсті.

– Кәміссар жігіт, бір ашуыңды қи. Мынау үйден қалаған бұйымтайыңды ал да, ашуыңды баса гөр! Өзі күйіктен күлдіреп отырған шалды ая!

– Көке, әкемді сабама! – Көзіне мөлдіреген жас тұнып, жеті-сегіз жастағы Қуаныш Тайтелінің бишігіне жармасты.

– Кет әрі! Бөрінің бөлтірігі, аяққа оралуын қарашы. – Жас баланы етігімен теуіп жіберді.

Тепкі түгілі, маңдайынан кісі шертіп көрмеген, Құдайдан бір сұрап, әулиеден екі сұрап алған ерке бала зар жылаған қалпы далаға безе жөнелді. Өзінің де жетім өскендігі көз алдына келді ме, жуаси түсіп, төселген кілем үстіне сылқ етіп отыра кеткен Тайтелі:

– Жеңеше, айран беріңізші! – Кеңірдегі бүлк етті.

– Қазір, қазір! – Жібек ағаш тостаққа құйылған айранды ұсынып жатып: – «Жақсының ашуы шай орамал кепкенше» деген, айтуыңнан қайтуың тез екен, – деді, оны көңілдендірмек ниетпен.

Ұсынған тостақты қолына ала беріп, Жібекке арсыздау сұрау қойды.

– Жеңеше, ауылдың бетке ұстар сұлуысыз. Оның үстіне сіздің әнші-ақындығыңыз туралы да аңыз-әңгіме көп. Солай бола тұра мына ақсақалға қалай байланып қалдыңыз?!

Жібек жалпақтағанына өкініп қалды. «Қайыршыға ас берсең – қойныңнан дәметеді» деген осы. Ішкі дүниесі жиырылып, «мынаны отырған жерінде жоқ қылып жіберсем бе» деп те ойланды. «Қой, ертең абақтысына қамаса, отағасы мен Қуанышымның күні не болмақ?» деп, қайта сабасына түсті.

– Өзің аспаннан салбырап түскендей сөйлейсің, сөзің түйеден түскендей екен. Есіңе салайын, өзің жылқысын баққан Жалмағамбет байдың ұлы Олжабай еді ғой атастырған күйеуім. Көкпарда жұлыны үзіліп өлген соң, ата жолымен әмеңгер деп, осы отағасымен некемді қимады ма? Бұл кісінің қайтыс болған әйелі мен

екеуінің арасында екі қыз қалды. Бүгінде олар үйелменді, мынау Сарқырамада тұрады. Біз де ұлды болдық. Бетіне қарап отырған жалғыз ұлды жаңа көрдің.

«Тептің» деген сөз тіл ұшына келіп тұрса да, өзін ұстап,айран құйылған меске қарай айналып кетті. Өйткені, көз жасын көрсеткісі келмеді.

– Отағасы, сіз де айран алыңыз!

Жібек ұсынған кесеге созған қолы ауа қармап, кесені таба алмай қалды.

– Жібек-ау, менің көзім көрмей қалды ғой!

Сұлуша, дөңгелек жүзіне жарасқан қара көзінің ағы қып-қызыл болып, шарасынан шыға жаздап тұр.

– А, Құдай, енді көрсетпегің осы ма еді? – Зарлана шыққан үрейлі үні жанына медет іздегендей, жалғызын айғайлап шақыра бастады. – Қуаныш, Қуанышжан, келсейші тезірек, әкең ауырып қалды ғой!

Босағадан басы қылтиған бала әлі де қитығып тұр.

– Кетсін, ана иттің баласы! Әйтпесе, кірмеймін!

Ендігі отырысын артық санады ма, әлде қалған-құтқан ұяты оянды ма, бөксесін қиралаңдай көтеріп, Жібекке сұраулы жанарымен бір нәрседен үміт еткендей мөлие қарап, тіл қатты:

– Бұйымтай деп едіңіз…

Отағасының жастығын биіктетіп, шалқасынан жатқызып жатқан Жібек қатқыл үнмен:

– Қалағаның, сұрайтының жанымыз емес шығар?!

«Маған да керегі осы» дегендей, керегеде ілулі тұрған күмістелген ер-тұрманды қармай жөнелген Тайтелінің адам сияқты қоштасуға да шамасы келмеді.

Бұл кез 1929 жылдың тамыз айы еді.

* * *

Жападан-жалғыз үй. Күз. Айнала сары алтынға боялған.Тастанды қыстаулардан, үнің өшкір, байғұс сұңқылдайды. Кезінде төбесін мықтапжапқан қоржын тамда үш жан. Бірі – ауру қарт, бірі – жас бала. Олардыбағып-қағатын, қамқоры – жалғыз Жібек. Жасы отызға жете қоймаған жас келіншекқай тірлікке кіріссе де, оңынан келе кетеді. Оңынан келтіретін бір тылсым күшбар. Оны өзі жете түсінбегенімен, сол күштің ырқына бағынады. Оның алдамайтынын аәбден сенімді.

Кейде далаға шығып, көш ауған жаққа ұзақ-ұзақ тесіліпқарайды. Бір хабар келердей. Жер ауып кеткендердің ішінде ағасы, сіңлілері, бауырлары бар ғой. Олардың жағдайы не болды екен деп қабырғасы қайысады. Бірхабар жоқ. Өлі тыныштық.

Бір-бірінен алшақ қоныстанған өзге ауылдардан да бұларды іздеп келіп жатқан ешкім жоқ. «Жаңбыр жауса – торғай баласын қорғайды, бұршақ жауса – басын қорғайдының» кері. Кімді-кім іздесін мынадай аласапыран заманда. Оның үстіне бай-кулак деген аты бар, үдере ауып кеткен ауылдағы жалғыз үйді ел қайтсін?! Жанасса, бәлесі жұғып кететіндей бірі жуымайды. Жоламаса жоламасын, жолағанда олардың қолынан не келеді?! Бір Алла жар бола көрсін, әйтеуір… Жібектің көп ойының түйіні осы.

Аштан қалмаса да, көштен қалып, есеңгіреп қалған жанына, құлыншақтай

шапқылаған Қуанышы мен қатты қайырым тірлікке жарамаса да, «Басы қараның бары игі» дегендей, отағасының отбасында қалқайып отырғаны медеу. Қашанғы қайғырып, аза берсін Жібек, бірде беліне арқанын байлап отынға кетсе, бірде қолорағын шарықтап шөп жинауға, әйтеуір тірі жанның тіршілігі таусылмас.

Баяғыдай ас та төк тоқшылық болмаса да, әзірге ішер астан тарығып көрген жоқ. Бұның да қанша уақытқа созыларын кім білсін, алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Қар түспей үлгерейін деп, былтырғы бидайықтың масағын жинауға да уақыт табады.

Шүкірінен жаңылмаған, кеше ғана биліктің бишігін үйірген, аузы дуалы саналған Көмек би кейде бұларға да көңіл бөліп қояды.

– Қуанышжан, сен үлкен жігіт болдың, апаңа көмектесетін бол, ертең мен жоқта апаңның көмекшісі де жанашыры – өзіңсің.

– Ата, анау көшкен үйде Айдардың асықтары қалып кетіпті, соны барып алып келейікші, ішінде қорғасын құйған сақасы да бар екен.

– Оны қайдан көрдің?

– Апам жүзім жинауға барғанда үйіне кіргем, сонда көрдім.

– Апаң не деді?

– Апам ғой, ештеңеге тиме, «Бүлінгеннен бүлдіргі алмайды» деп, есігінің сыртынан шегелеп кеткен.

– Апаң дұрыс айтады, балам, кетуге мәжбүр болған жандар, қайтып ораламыз деген үмітпен кетеді. Адам баласы тірлігінде туған жерден күдерін үзбейді. Қайтып келгенде жасаулы үйі, әр заты өз орнында тұрса жақсы емес пе?!

– Сонда олар қайтып келе ме?

– Оны бір Алла біледі. Заман осылай қан түкіріп тұра бермес. Бәлкім, қалпына келер, кім білсін!

– Ата, онда балалармен қайта ойнайтын боламын. Асық атып, асау үйретеміз, ә?!

– Аллам соған жеткізсін!

Тылсым күш дегеннен шығады. Отағасының көзінің қызарғаны қайтқанымен, басыр болып қалды. Қан қысымының жоғары екендігін байқап, өзінше ем-дом жасауға емдік шөптер жинауға шыққан Жібек «осы шөптің пайдасы тиеді-ау» дегенін етегіне толтыра алып келеді. Бала Бөгеннің сүмбіледегі суына баптап қайнатып, қасықтап ішкізеді. Әйтеуір бір шипасы болды ма, Көмек басының шыңылы азайып, жанарына жан біте бастағанын сезді. Табан жолын көруге жарап қалды.

– Жібекжан, өзің тәп-тәуір емші екенсің ғой, – дейді көңілі көтерілген Көмек. – Құдай өлтірсін бе, сені берген Құдайға шүкірлігім бар. Ағайын-бауырдан қалмаймын деп, Қуанышжанды алып көшке ілесіп кетсең қайтер едім?! Өлемін деп қорықпаймын, қадірсіз өлімнен қорқамын. Жазмыштың жазғанын көреміз де, – деп, ауыр күрсініп, әппақ сақалын әжімсіз саусақтарымен салалап қояды.

– Иә, отағасы, дұрыс айтасыз. Күн жаманы кетер. Әлі-ақ ел қатарына қосылармыз. Қуанышжан аман болсын дейік. Жазға шейін ел ішіндегі сөз де басылар. Бірақ, бай болдың екен деп кінәлағандарына басым жетпей-ақ қойды.

– Бас жетпейтін нәрсе көп қой, Жібекжан. Бар нәрсенің ақырын бер деп тілейік.

Үлкендер әңгімесінің ауанын бағамдай қоймаса да, өзінің бар екендігін

білдіргісі келгендей, кішкентай тентек те әңгімеге араласып қояды.

– Апа, анау қырдың астында бар ғой, көп қойлардың басы жатыр. Көздерін ашып жатыр. Ол неғылған қойлар?

– Балам, ол жаққа жолама. Аталарың мен ағаларың көшкенде қойдың етін алған да, бас-сирағын қалдырып кеткен, бетін жасыруға мұршасы келмеді ғой, жазғандардың. – Жібек жыламсырап, жаулығының ұшын көзіне апарды.

– Ит-құс жеп кетпеп пе? – деп сұраған Көмекке:

– Қайсыбірін жесін қоралы малдың?! Адалдан тапқан малдары еді, Аллам өздеріне бұйыртсын. Жағдайлары қалай екен, мақсатты жеріне жете алды ма екен өздері?! – деп, еске алғанда көз тамшылары тиылар емес.

– Жібекжан, мойыма! «Алла өсірген қозысын қасқыр жемес» деген бар. Қашқанға да, қалғанға да Алланың көзін дұрыс қылған. Көп ұзамай бір хабар келіп қалар, – өз сөзіне өзі сенбесе де, Жібекті жұбатпақ болып, тауып айтқан сөзі осы болды отағасының.

Жібек жай жыламайды. Ересектерінен гөрі, жанына жалау болып, томпаңдап жүгіріп жүретін, Қуанышымен тете өскен Гүлриза сіңлісін көп ойлайды.

Жас ботаның мамығынан кішкентай ғана кеудеше тігіп беріп еді-ау. Әулетінен тараған қыз-келіншектердің алтын-күмістен жасалынған әшекей бұйымдарын сырмақтап тіккен торкөздің ұяшығына салып, әдіптеп тіккен. Кім біледі, жолда ұры-қары кездесе, елеусіздеу болсын деген айласы да. Кеудеше біткен кезде сіңлісі қуана кигені болмаса, аздан соң кимеймін деп лақтырып тастады. Жөнін сұрағанға:

– Кимеймін дедім, кимеймін!

– Неге кимейсің? Қарашы, қандай әдемі, моншақтары да бар.

– Зілдей ғой өзі! – деген сөзіне, кеудемшенің құпиясын білетіндердің бәрі күліскен еді.

«Қайран жеңешем-ай! Не істеп жүр екенсің? Екі көзі төрт болған мен мұңлықты естеріңе алар ма екенсіңдер? Әлде байтал түгілі, бас қайғы болып, әлдекімдердің есігінен төріне қарап, берсе қолына, бермесе бетіне қарап, жаутаңдап отырсыңдар ма? Кемел, Медет – қос бауырым, қос інім, сендер ше? Мұрты жаңа тебіндеген жігіт дәуірлерің қуғын-сүргінмен өтетін болғаны ма? Томпаңдаған Гүлризам еркелігінен ерте айрылып, тұрмыс тауқыметімен ертерек есейіп кеткен жоқ па?!»

Лақтың жұмсақ түбітінен Қуанышжанға кеудеше тоқып беруге, көптен сандықтың астында жатқан ұршығын қолына алғандағы ойы еді, бұл.

Жеңешесін ерекше еске алуының жөні бар.

Жібектің бала кезде атастырған күйеуі – Жалмағамбеттің Олжабайы еді. Өзі құралпы жас болатын. Бай – байға, сай – сайға құяды. Байлығы жағынан да, билігі жағынан да тізе қағыстыруға жарайтын ірілігі үшін Нұрымбеттің Сейтімбетімен қудандалы болып еді. «Құда-құда дескен, құйрық бауыр жескен» дегендей, арадан қыл өтпейтін тату еді. Әкелері қаншалық тең дәрежеде болса, Олжас (Олжабай) пен Жібек те бір-біріне лайық жастар еді.

Ұл болған соң ба, Олжас еркін өсті. Жалғыз өскен соң ба, «әй дейтін әжені, қой дейтін қожаны» тыңдамады. Сол тыңдамаудың нәтижесі шығар, «өз тойында өзі көкпар тартпас болар» дегенге құлақ аспай, небәрі он сегіз жасында опат болғаны. Қырқы өткен соң-ақ, қолдағы құсты ұшырып аламыз ба, не де болса, мұндай

асылды қолдан ұшырып алмайық деген оймен, құдалар жағы Сейтімбетке екінші рет қолқа салды. Әулеттің ер азаматтары «ақыры кеткен қыз, бағы бір жерден ашылсын» дегендей рай танытқанында, осы жеңешесі емес пе еді Жібекті Көмекке қосуға қарсылық білдірген. Зәуіде бір нәрсені сезген екен де, қайран жеңгем! Олай болмаған күнде мен де қазір көшпен бірге кетіп бара жатқан болар ма ем?!

Жеңгесінің шырқырайтыны – әркім теңімен қосылса дейді. «Басынан өтпегеннің қасынан өтпе» деген бар. Әкесі Сейтімбет елуге жетпей о дүниелік боп кетті. Жеңгесі Оразгүл екі қыз, екі ұлымен қара жамылып, артында аңырап қала берді. Үлкені – осы Жібек, інілері – Медет пен Кемел және кенже сіңлісі Шәркүлмен.

Қазақтың әмеңгерлік салты бойынша қырыққа келген жеңгесі Оразгүлді кеше ғана болыстыққа қолы жеткен, жиырма бес жастағы Батыршаға қосты. Екі жақтың ризашылықтарын бермегеніне қарап жатқан адам табылмады. Өйткені, қазақтың санасына сіңісті жазылмаған заң осылай еді. Бабадан келе жатқан ата салтқа ешбір жан қарсы шықпауға тиіс емес!

Қазақтың әмеңгерлік заңының да қолдайтын тұстары бар. Түпкі мақсаты – ана жесір, бала жетім қалмасын дегендік. Қанша жерден ағайын-туыс болғанымен, «жетім» атауына іліккен баланың әуселесі белгілі емес пе?! Олардың анасын әкесінің ағасы не інісі алса, балалар «жетім» деген суық сөзден аман қалмақ. Дегенмен, өмірдің аты – өмір ғой. Қайтыс болған адамның жарына иелік ететін әмеңгердің жас деңгейі шамалас болып кездесуі екіталай. Сондықтан да, жас қыз – жасамысқа, жасамыс жеңге жас жігітке таңылып жатады.

Ауыл молдасын шақырып, неке қиярда, осы Оразгүлі: «Молдеке, осы қазақта ұят деген нәрсе бар ма? Мен келін боп түскеннен кейін туылған бала еді. Өзім арқалап өсіріп едім. Арқама салып бала қып өсіргенімді, енді алдыма салып қалай бай қылам?» – деп шырылдағанын талай жұрт естіген де.

Салт-дәстүр – сенің жасыңа, жолыңа қарамайтын болғаны ғой… Пайдалы жағы – әлі қызыл қырманы таусылмаған жесірдің балалы болып, сол әулеттің өсуіне үлес қосатындығы. Жібектің сіңлісі – Гүлриза соның жемісі.

Осы қызын босанғанда Оразгүл жеңгесі бетін басып жылапты дейді.

– Есейіп кеткен балаларымның бетіне қалай қараймын?! – деп… Қалай айтсақ та, өмір – өсіреді, уақыт өшіреді. Кішкентай Гүлриза екі апасы мен екі ағасының ортасында мұңсыз, қамсыз өсіп еді.

Кенже қызын босанған соң, Оразгүл қол қусырып қарап отырмай, күйеуіне лайықты әйел іздей бастайды.

Төркін жағынан ай десе аузы, күн десе көзі бар Күмісай атты сұлуды айттырып, алып бергізді.

Жарасымды отбасы болу үшін де жан баласы талай қиямет-қайымды басынан кешірмек екен. Салт-дәстүрге беріктілік көз жасы, төзімділік пен шыдам екен. Оның өзінде де мұратқа жету – екінің бірінің маңдайына жазыла бермес.

Ал, Жібектің алдағы өмірі – қазірше бір Аллаға ғана аян.

САЛТ АТТЫ БОСҚЫНДАР

Әу бастан көшіп-қонуға дағдыланған әулет үшін қыспақтан қашу – кәдуілгі қыстаудан жайлауға көшу сияқты болғанымен, тым ұзаққа созылды. Жалықтырып жіберген сияқты. Құдайдың күндізі сай-саланы, үңгір-жыраны паналап, тек түнде жортуға бейімделген көш – он бес күнді артқа тастапты.

Батыс жақты бағытқа алып, Тәшкенді бетке алған Нұрымбет пен баласы Батырша, нағашылығы бар Кенбай бастаған топ көп ұзамай Темірқұдыққа жетіп жығылатындығын айтып, шаршаған топты үміттендіріп қойды. Бір серпіліп қалды. Ат жалында, түйе қомында келе жатқандар «тым құрығанда жуынып-шайынып алатын болдық» деп қуанысты.

Көшекі сайдың ортасындағы Темірқұдыққа да келіп жетті. Қақпағы бар құдықта су бар екен. Қарулы жігіттер құдық басындағы науаға су толтырмаққа шығыршықты шыр айналдырып, шелекпен тартылған суды науаға құя бастады. Әбден шөлдеп, қаталап қалған түйелер бірінің үстіне бірі түсіп, науаға бас қойғанда, әп-сәтте жылан жалағандай бір тамшы су қалдырмауда. Науаны бұзып кетпесе болды деп, қаталаған сусамыр он алты қызыл нарды қызықтап тұрған жұрт үскіріктің ысқырығына жалт-жалт қарасты. Жерден шықты ма, көктен түсті ме, төрт қызыл жағалы пайда бола кетті.

– Қашқындар! Ұсталған жерлерің осы болды! Шетіңнен тізбектеп абақтыға жабамыз енді! – деп, дүрсе қоя бергендерге, біресе көшбасшыларына жаутаңдап қарай бергендер «өлген жеріміз осы екен ғой» деп, бірден назарлары төмен түсіп кетті.

Батырша Кенбайға ым қағып, қадағалаушыларды алып, шетке ығысып, төбенің басына қарай кетті. Арада сүт пісірім уақыт өткенде, мұртынан күліп келген көшбасшылардан жақсы хабар күткендей, бәрі аңтарыла қарады.

– Жыланның басын қайтардық, ақ құйып, – болды алғашқы естіген сөзі, – түйелер шөлін басқан шығар. Жүкті қайта артып, алға қарай жылжиық. Жол мұраты – жету. Көп ұзамай Тәшкеннің де төбесі көрініп қалар.

– Айтпақшы, жылқы айдаған жігіттерді көрмепті мыналар.

– Бәлені ме, көрсе де көрмегенсиді ғой, жаңа ғана сайға тіккен палаткасының артында байлаулы тұрған өзіміздің көк торыны шырамытып қалдым, – деді Батырша әкесіне қарап.

– Е, жарайды, жалғыз көк торымен құтылса жарағандары.

ТҰЛПАРДЫҢ КИЕСІ

Көк торы демекші, бар пәле осы жылқыдан басталмады ма өзі. Өткен күндерді есіне түсірген Нұрымбет ақсақал ат үстінде кетіп бара жатып, өткеніне ой жүгіртті…

Кәмпеске кезінде өрісте жайылып жүрген жылқыларын үйірімен айдап, колхоздың жылқысына қосып жіберіпті.

Ауылдағы жанашыр болып жүрген, жұрт «законшік» деп атапкеткен жамағайы бұның құлағына сыбырлап: «Бұлар дұрыс істемеді, кәмпескелеп алған малды қағазға қаттап, сен бердім, олар алдым деп протокол дайындауыкерек. Толтырылған қағаздың бір данасын сізге, бір данасы өздерінде қалуларықажет. Ал өрісте жүрген малды қуып әкетуге әкесінің қақы жоқ. Сіздің арыздануғақұқыңыз бар. Өйткені, сіз малыңызды өз ықтиярыңызбен беремін дегенсіз. Демек,сіздің қуынуыңызға болады», – деген законшіктің сөзі бәле болып жабыспасы барма.

– Байлардан тартып алған жылқыларды үкімет колхоздың атқорасына қамап, кәнігі жылқышылардан қарулы күзет қойыпты. Бір ауылдың өзінен мыңнан астам жылқы жиналыпты. Оларды не жайылымға, не суатқа жібермей тоғытып ұстауда, шамада жоғары жақтың бұйрығын күтіп отырған болар, – дейді.

Біреулердің айтуынша – бір бөлігін осы ауылдағы жарлы-жақыбайларға бөліп береді десе, екінші жақ:

– Әй, қайдам, мына өкіметтен ондай жомарттық күтудің өзі құр қиял, бірін қалдырмай, Шымкенттегі ет зауытына өткізетін көрінеді. Мәскеуден «ет планын орындамадыңдар» деген ақпарат келген дейді.

Осындай гу-гу әңгіме Бала Бөген мен Шаян өзенінің аңғарынан қоныс тепкен Нұрымбеттерге де келіп жеткен.

– Әй, қарақасқам-ай, талай көкпарда бәйгенің алдын бермеген тұлпарым-ай, қайтіп қана көзі қиып, сені етке өткізбек?! – деп, іштей күйінгенге, көз жасы тарам-тарам боп, сақалын жуып кетіп еді.

Кімсің – Нұрымбет атанған, әйгілі атбегі, көкпаршы аталарын Қобыланды мен Алпамысқа теңеп өскен, балиғатқа жетіп қалған немерелері – Кемел мен Медет – аталарының көз алдында мүсәпірге айналып, көз жасына ерік бергенін көріп, орындарынан атып-атып тұрысты.

– Қайтсек те Қарақасқаны етке өткізбейміз, дәл қазір барып ақысына бір үйір жылқы берсек те, қайтып әкелеміз! – деген.

– Қой, ойбай, қойыңдар, апанның аузына түсіп нелерің бар? Әкелеріңнің көзі тірі кезінде, «сырты түк, іші боқ мал» үшін жаға жыртыспаңдар деп айтқан жоқ па! Жан аман болса, мал бітеді маңдайыңа. Мына көжелеріңді ішіп алыңдар да, ұйықтаңдар, бұрынғыдай мал-жайға кешті созатын жоқ бүгінде! Алда не күтіп тұрғанын бір Алла біледі, білсе! – деген Оразгүл ана балаларын қанішердің қолынан арашалағандай шыр-пыры шықты.

Іштен ойлап қояды: – Қызыл іңірден жатып қалу деген қазақ салтында болмаған; қойды қоралап, қозыны көгендеп, түйе мен биенің баурына жармасқан қыз-келіншектер күрпілдетіп сүт сауып, бота-құлындарын жамыратып, азан-қазан, у-шу болып жататын заман-ай!

Айналадағы үйлердің білте шамдары өлімсіреп сөне бастағанда алты қанат боз үйінен айрылып, қара үйді қалқалап отырған бұл отбасының да ошағының оты өлімсіреп барып сөнді. Көз ұйқыға кеткен сияқты еді…

Көз ұйқыда, көңіл ояу. Кенет! Кенеттен алыстан бір гуіл естілгендей болды. Қар көшкіні дейін десе, әлі жаз айы. Белгісіз сарынның үні құлаққа түрпідей тиді. Бір соқса, жеті күнсіз тоқтамай, тынбай соғатын Арыстанды-Қарабастың желі басталып кетті ме әлде?! Не де болса, жайшылық емес. Жастықтағы басын жұлыпалған Нұрымбет ақсақал құлағын тосып тың тыңдауға кірісті. Кәрі құлақтың шыңылы болар деп, жастыққа басын қайта қойғанмен, шайдай ашылған ұйқының берекесі кетті.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *