(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Жөргегінен табиғаттың тілін жаттап өскен, ауа райының түрлі мінездерін алдын-ала болжай алатын, жылдың төрт мезгілінде болар өзгерістерді де бес саусақтай білетін, тіптен аспандағы жұлдыздардың орналасу тәртібіне әбден қанық, табиғаттың төл балаларына айналған бұл кісілер шын мәнінде сирек қателесетін.
– Жоқ, бұл сарын – шын сарын. Жақындап келе жатқан сарын.
Мынау ат тұяғының дүбірі ғой.
– Ей, Алла, өзің сақтай көр! Мынау шақырым қашықтықтан жаныға шапқан тұлпар тұяғының сарыны! Осы кез ұйқылы-ояу жатқан Медет пен Кемел де орындарынан қарғып тұрып тысқа шықты.
– Айналайындарым-ай, бұлар да құлақтарын түріп жатыр екен ғой, не де болса байқайын, – деп, немерелерінің соңын ала сыртқа беттеді.
Кісінеген жылқы үні – шағынған болып естілді. Тіпті шырқырап жылаған баланың даусына да ұқсап кетеді. Көрген қорлықтарына араша дәметкен тілсіз айуанның мүшкіл халін алыстан-ақ бағамдап түсінген ақсақал, оның сөзсіз қарақасқа екенін білді.
– Ата, ата, ананы қара, қасқа тұлпар үйірін айдап келе жатыр! – деп, қос ұл қосарлана қуаныштан айғайлап жіберді.
Дауылдатып келіп қалған үйірдің алдында Қасқа тұлпар. Қалқайып тұрған қауқарсыз иесін бір сәтке қуантайын дегені ме, қосаяқтап аспанға секіріп, шұрқырай кісінеді. Шағынғаны сияқты. Қанша шақырым шапқаны белгісіз, қамау тері бұрқырап тұр. Шамамда, етке өткізуге апара жатқан Шымкент жолынан қашып шыққан-ау! «О, жарықтық! Жылқы заты адамнан кейінгі есті жануар ғой!» деп, алқынып тұрған тұлпарының жанына жақындап жалынан сыйпады. «Сіңіп қалған исімді сағынған ғой». Екі көзінен парлап аққан жасты көрген Нұрымбет те шыдай алмай, жылап жіберді.
– Үйірді шөмелеге қарай айдаңдар! Құдықтан науаға су тартыңдар. Науаны шайқап, жуып тастаңдар, қаңсып та қалған болар, талай уақыт қой енді. Жылқы жануары өліп кетсе де лас суды ішпейді, жиіркенеді, – ақыл-кеңесін айтып жатқан ақсақал, қадірлі қонағын күткендей көңілденіп жүр.
Бұл кез таң сібірлеп атқан. Бүгін ерте оянған тек Нұрымбет ақсақалдың үйі ғана емес, бүкіл ауыл ерте оянды.
– Қайтқан малда қайыр бар. Адал малыңның рахатын көр! – дегендердің арғы жағын ойламай, тек көргеніне шүкіршілік жасап тұрған ақкөңіл ағайынның жұбату сөзіне бір сәт болса да сенгісі де келген еді. Нұрымбеттің…
– Құтты болсын!
– Жылқы деген есті жануар деуші еді, рас болып шыққаны ғой. Әйтпесе, айдап кеткеніне үш-төрт айдың жүзі болды ғой, – деп, бір жамағайын санамалап та үлгерді.
«Үлкен үйдегілер қарқылдаса, кіші үйдегілер жымияды» дегендей, ел ағасы Нұрымбеттің көңіл-күй ауанынан өзгелері нәр алғандай, бүкіл ауыл қуанышты болып еді, уақытша болса да.
Нұрымбет ақсақалдың іштей күткен қуғыншылары ертеңіне бой көрсетпеді. Бірақ, олардың бір соғарын анық біледі. Ол туралы ешкімге тырс етіп сөз етпеді. Тіптен үй ішіне де. Тек қуғыншылар жеткенше жылқыларын әлденіп алсын деп, науаға сұлыны қаптап төктірді.
Олардың аяғы әлі жетіп болмағанына қарап, алғашқы ойының дұрыстығына көзі жетті. Өйткені, жақын маңнан қашса, мылтықтарын шошаңдатып әлдеқашан жеткен болар еді. Демек, Шымкент жақтан қашқан. Жылқы мінезін біле бермейтін, босбелбеу біреулерге айдатқан ғой. Қуамын деп шарығы жолда қалған шығар байғұстың деп, қиялын ол жаққа да жұмсап үлгерді Нұрымбет ақсақал. Ол босбелбеулер жылқылар арасындағы жуас торыларды етке өткізіп, кері қайтқанша апта өтер. Мүмкін, қуғыншылармен бір мәмілеге келіп те қалармын деген нәзік үміттің қылаң бергені де рас. Көңіл-күйдің ауанына сене бермейтін, өмір көрген ақсақал көңіл түкпірінде көмулі жатқан күдікті де жоққа шығармады. Бірақ, дәл бұлай болады деп ойламаған еді.
Бес күн өткенде сау етіп жетіп келген қызыл өкіметтің жасауылдары әдеттегідей қоқан-лоққысын төге келді.
Амандық-саулық жоқ, алғашқы сөзі:
– Жылқылар қайда? – болды.
– Шөмеле жақта, жем жеп тұр.
– Жүр, көрсет!
Иығына желбегейін жеңіл тастай салған Нұрымбет әлгілерді шөмеле жаққа бастады. Үйір түгел екендігіне көзі жеткен соң, тағы да сұраудың астына алды.
– Бұларды кім айдап әкелді?
– Өздерінен сұраңыз, – деген ақсақал, қыңырлана жауап берді. Өйткені, олардың жылқыларды етке өткізуге алып бара жатып, айрылып қалғанынан хабары жоқ емес, бар. Әбден ықтыруға машықтанып қалған ауыздарын болымсыз сұраумен былғап тұрғанына ызасы келсе де, сыр алдырмады.
– Өздері келсе, неге хабар бермедіңіздер?
– Қайда хабар бермекпін? Айдап кеткен малдың адресі жазылған хаттама қағазды қолыма беріп пе едіңдер?
Қарттың нені меңзеп тұрғанын іштей бағамдаған «комиссар» сөзбен жеңбесін білді де:
– Өзі келді дедің бе? – деп қайта сұрады.
– Иә, өзі келді.
– Ендеше, өзімен сөйлесейік!
Жақындап барып тапаншасының шүріппесін басып қалғанда, шыбындап тұрған тұлпардың басынан емес, құлағының сырғалығына тиді. Оның мүлт кеткеніне намыстанған комиссар шүріппені екінші рет басқанда, қорқып қалған жануар айналып барып оқ атқан адамның алдына келіп, қос аяқтап тепкенде әлгі қалпақтай ұшты. Тапаншасы бір жаққа сарт ете қалды. Жанындағы біреуі ат тепкенге ебелектеп жетіп барып үстіне қосыла жығылса да, тұрғызуға әрекет жасап жатты. Жылқы әлі құлар емес. Алдыңғы екі аяғын көкке көтеріп, Аллаға мінәжат еткендей, көздерінен тарам-тарам жасы шелектеп төгілді. Төрт адамның үшіншісі де үлессіз қалмайын дегендей, жаны қиналып тұрған жануарды көздеп тұрып атып қалғанда, манадан қаққан қазықтай сіресіп тұрған төртінші адамның
қарнынан тиді. Ол кетті жөніне ойбайлап.
Мылтықтың дауысынан жиналып қалған ауыл адамдары кімге жақтасарын білмей, тілдерін жұтып қойған жандарша мөлиіп, тұрған жерлерінде сілейіп-сілейіп қатты да қалды.
Есінен танып қалған бірінші «атқышты» бетіне су бүркіп тірілтіп алып, оқ тигенін аттың еріне байланған қобдишадан бір нәрселерін жағып, марлімен байлап, орамал сияқты шаршымен қолын иығына асып қойды. Шамамда, жеңіл жарақат. Ешбірінде үн жоқ. Өздері атып, өздері жараланып, қалған үйірге көз салуға шамасы қалмай, үзеңгілеріне аяқ артып жатты. Бұлардың үндемей кетуі мүмкін емес деп іштей саралады Нұрымбет ақсақал. Мұнда бір сыр бар.
Олар кетісімен жиналғанның бірі жан тапсыра алмай жатқан қасқа тұлпардың қасында күйбеңдеп, күбірлеп жүрген ақсақалға жақындап:
– Қайран қасқа тұлпар, мал болудан қалғаны ма? – деп еңіреп жіберді.
Осы тұлпары іздеп келгелі бері, кәрі көзінен жасы тиылмаған Нұрымбет «көз жасымның соңы болғай» деп, қасқасына қимай көз салды. Ол да жасқа толы жанарын Нұрымбетке тігіп, «сақтай алмадың ғой» дегендей, тұяғын соңғы рет серпігенде басы жерге сылқ етті.
Жиналған жұрт «әумин» деп бет сипасып, үйді-үйіне тарасты.
Араға екі күн салып, Нұрымбетті әулетімен Сібірге айдау жөнінде жоғарғы жақтың бұйрығы келіп жетті.
Сол түні түсіне кірген Қаражігіт бабасының әруағы «қозғалыңдар» деген белгі берді. Қаражігіт қанша жыл ел билеген шонжарлығымен қоса, қара суды теріс ағызатын үлкен ғұлама, әулие кісі еді. Құл-құтан басқарған онсыз да берекесіз елдің құтын қашырып, «шаш ал десең, бас алатын» сауатсыз тексіздерден әбден мезі болған Нұрымбет жайсыз хабар тиісімен немерелеріне:
– Момбекті шақырыңдар! – деді.
– Ассалаумағалейкүм, шақырдыңыз ба?!
– Уағалейкүмассалам! Шақырдым. Ақылдасатын шаруа бар. Жағдай өзіңе де белгілі. Бүгін-ертең ірге көтергелі отырмыз. Медет пен Кемелді жаныңа алып, тағы бір-екі жігіт қос, сөйтіп өзің бас болып, өткендегі қайтып келген үйірді Тәшкен жаққа айдаңдар. Көктеректе кездесетін болайық. Біз ырғалып-жырғалып жеткенше қай заман?!. Мініске жарайтын жылқыларды алып қалып, қалғанын пұлдаңдар. Айтпақшы, Көктеректе етікші болып отырған Сауытбай ақсақалға сәлем бер. Жағдайды айт. Біз жеткенше қалғанын өзі реттер.
– Жақсы. Отбасым сіздермен шығады ғой?
– Жалғыз әйелің мен жалғыз ұлыңды қалдырар дейсің бе? Сабақты ине қалдырмаймыз.
– Ұлымды өзіммен алсам қайтеді?
– Өңкей бала-шаға болып кетпей ме? Біздің анау екі тентек не тындырар дейсің? Өзің біл!
– Жібек те бізбен жүре ме?
– О жағын өздері шешсін. Барлығына хабар бірдей берілген. – Айтпақшы, – деді Момбекке қарап: – Үйдегі менің пистолетімнің бірін ал. Құдай қажет етпесін, дегенмен, сақ болу керек. Ал көз үшін, пытыра мылтықты иығыңа іліп ал. Жылқыны етке өткізуге алып барамыз деңдер, ар жағын өзің білесің.
– Құп болады! Ендеше, жолға әзірленейік. Алла сәтін салса, түнгі салқынмен жүріп кетеміз.
– Мүмкіндігі болса, түнге қарай жүріңдер, күндіз жайылып жүрген жылқыны ел онша елең қыла қоймас.
– Келістік.
– Момбек, – деді Нұрымбет, бір нәрсе айтуға ұмытқандай, – сені Тәшкен көрген деп сеніп отырмын. «Кемедегінің жаны бір» екендігін ұмытпассың!
– О не дегеніңіз?! Мүмкіндігіне қарай көші-қонды да ыңғайластырармыз.
– Ендеше ақ жол! Көктеректе кездескенше!
ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ НЕМЕСЕ ҚОС ӨЛІМ
Басы қарайғанның бары – игі. Көмек ақсақал қатты қайырым жұмысқа жарамаса да, үйге кіріп-шығып жүруі көңілге медеу. Таңғы шайдан кейін баласымен далаға шығатыны бар. Дүниенің төрт бұрышы өзіне тигендей, бірде шығысқа, бірде батысқа қарап тұрып, ұзақ-ұзақ ойға кетеді. Әлдекімді күткендей, әлденені іздегендей. Мүмкін хабар-ошарсыз кеткен, бір ауылға келін болып түскен қос қызын ойлай ма?! Қу перзент. Қыз да болса, қанынан тарамап па еді?! Неге жым-жырт. Бір сәтке болса да әкелерін ойламағаны ма?! Іштей реніш танытқанымен, оларды ойша ақтаумен әлек. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып кеткен бұл заманда біреу-біреуді іздейтін уақыт па?! Бізге туған күн оларға да туып жатпасына кім кепіл?! Мүмкін! Десек те, қанасынан шыққан перзенттері болған соң ойлайды, ойламауға амалы жоқ.
Жаңа ғана маңында құлынша шапқылап жүрген Қуанышы қыр асып кетіпті. Ана қырдан шошайып төбесі ғана көрінеді. Мына жақтан сексеуіл арқалап Жібек келеді.
– Отағасы, сәске ауып қалыпты, түстенетін мезгіл де болыпты. Үйге кірейік. Ана Қуанышжан қайда жүр? Маңыңнан көрінбейді ғой.
– Қу таяқты ат қып мініп, ана қырдан асып кетті. Ол жаққа бар ма деп, Құдайдың зарын қылсаң тыңдайтын бала ма?! – деді үйге қарай қадам басқан Көмек. – Мейлі, ойыны қанғанда келер.
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері