Жетісай ауданындағы жайылым жердің жетіспеушілігіне қарамастан қазақтың өткенімен біте қайнасып келе жатқан жылқы малының басын көбейтудің өзіндік есебін тауып, табысын арттырып отырған шаруашылықтардың бірі – Мақталы ауылдық округінің Жайлаукөл елді мекеніндегі«С-Тастан ата» шаруа қожалығы.
Осыдан 10 шақты жыл бұрын осы кәсіпті бастаған қожалық төрағасы Совет Мұсаевтың айтуынша бір жылда 100-ге жуық жылқы байлап, бордақылауға толық мүмкіндіктері бар. Әйтсе де, мал басын көбейтуге жайылымның жоқтығы қолбайлау болып отыр.
«Жылқы санын жыл санап арттырып, тіпті жүзден асырып жіберуге болады. Алайда, шекара іргесінде орналасқан ауылымызда жайылымдық жер жоқ. Жайылымның мәселесі шешілер болса жылқы бордақылап, ауданымызды жылқы етімен қамтамасыз етіп отыруға шамамыз жетеді» дейді Совет Тастанұлы.
Сонымен қатар, қожалық иелігіндегі 14 гектар егістік алқапқа ерте көктемде қырыққабат ексе, оны жинап алған соң орнына күздік дақылдар – мақта мен картоп егеді. Көшет егуден бастап өнім жиналғанға дейін ауылдың 100 тұрғынын науқандық жұмыспен қамтиды екен. Мүмкіндігінше аудандағы қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайтын қожалық төрағасы бүгінгі жеткен жетістіктерін елдегі жүргізіліп жатқан шаруаларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдармалар мен тынымсыз еңбектің жемісі деп біледі.
Сонымен қатар, мал бордақылап, егін егуден бөлек қожалық иелігінде әрқайсысының құны 10 млн теңгеден асатын 4 көкпар аттары мен алыс-жақын шет елдерге жүк тасымалдайтын бірнеше фуралары да бар.