«ЖҮРЕК ҚАЗЫНАСЫ – ЖҰРТЫМА»

Рухани жаңғыру Әдебиет
1 321 Views

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты № 13 кітапхана бөлімшесінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында майдангер ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаевтың 95 жылдығына арналған «Жүрек қазынасы – жұртыма» атты әдеби кеш өтті. Мақсат – ақын шығармашылығын насихаттай отырып, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу болатын.

Тумайды жұртын ақын жылатуға,

Туады жүректерді нұрлантуға.

Өлеңін орамал етіп өтеді олар

Көз жасын адамдардың құрғатуға.

Айнымас ол – әділдік баласы да

Қыңбайды күншілдердің табасына.

Жүрегін көпір етіп төсейді ақын

«Жетсін деп жұртым бақыт жағасына!»

Шығандап шың басына шығады өнер,

Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.

Алдында замандардың, ұрпақтардың

Құламай тіккен туы тұра берер, – деп айтулы ақынның өзі жырлағандай, оның өлеңдері мәңгілік жасай бермек. Ақын өзінің «Батырға» атты өлеңінде Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің, «Ту тіккен» деген дастанында Рейхстагтың төбесіне алғаш ту қадағандардың бірі Рақымжан Қошқарбаевтың, «Хас батыр Қасым Қайсенов» туындысында қазақтан шыққан батыл партизанның жан-дүниесін, қаһармандық ерлігін асқан шабытпен жырлайды. Мұзағаңның «Қарағанды жырлары», «Менің Қазақстаным» лирикалық-философиялық поэмасы, «Естай – Қорлан» ғашықтық дастаны тәрізді туындылары қазақ поэзиясының шынайы табысы болып саналады.

Ширек ғасыр уақыт «Балдырған» журналының бас редакторы ретінде қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ – олақ», «Шынықсаң – шымыр боларсың», тағы басқа кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», тағы басқа жинақтары мен зерттеу еңбектері бар. Қостомдық шығармалар жинағы, қостомдық таңдамалысы, таңдамалы өлеңдері мен поэмалары жарық көрген. Әлем әдебиетінің бірқатар үздік шығармаларын қазақ тіліне аударған. Пушкин, Петефи, Лермонтов, Сағди, Фирдоуси, Райнис, Руставели, Токтоғұл, Зелили, Маяковский, Мицкевич, Орбелиани, үзын-ырғасы сексеннен астам ақынды төл тімізде сөйлеткен. Өз кезегінде оның өлеңдері 38 тілге тәржімаланған. 300-дей өлеңіне ән шығарылған. Ақын шығармашылығы туралы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әли, Қалижан Бекхожин, Тұманбай Молдағалиев, тағы басқалар жағымды пікір білдіргені баршаңызға белгілі.

Кеш барысында журналист, ақын, аудармашы Әбдісаттар Әліп, №13 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Гүлназ Емқұлова, №16 кітапхана бөлімшесінің кітапханашысы Зәуре Шымырбаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы Гүлжан Алтынбекова айтулы ақынның өмірі мен шығармашылық жолы жайлы әңгіме өрбітті. Арнайы жасалған кітап көрмесімен танысты. Түркістан облыстық экология орталығының өкілдері – Мөлдір Джайнарова, Шолпан Таскетбаева да іс-шараның әсерлі өтуіне ықпал жасай білді. Осы орталықтың мүшелері – Жаннұр Әмірханова, Анула Алтынбек, Әдемі Пірәлі, Аружан Құрбанәлі, Аяулым Сүндетғали, Әсема Мұрат, Ясина Смайыл Мұзағаңның өлеңдерін мәнерлеп оқуымен ерекшеленді. Соңында кешке белсене қатысқандарға Мадақтама грамоталары табыс етілді.

Ә. ДОСЫБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *