ЖҰЛДЫЗДАР ІЗ ҚАЛДЫРЫП АҒАДЫ

Тұлға Өмір-өзен
63 Views

Алғадай азамат атанған Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың өзісіз екінші туған күнін қарсы алудамыз. Екі жылға жуықтады Бердібек Мәшбекұлының қазасына сабыр айтумен келеміз. Бәлкім өмір дегенді, уақыт дегенді жағасына көз жетпес мұхиттай көрерміз. Алайда қандай мұхит болса да оның жағасы бар. Ағамыз да оның жағасына шығып, мәңгі қонысына орналасты. Содан бері біз кімнен айрылдық? деген сұраққа жауап естудеміз, ести де, іздей де береміз. Бақилыққа жол тартқаннан бері ағамызды еске алу мен есте сақтау шаралары ел көлемінде өткізілуде. Барлық жерде Бекеңнің қалдырған ізі туралы айтады. Із қалдыру түсінікті тұжырым. Із деп жасаған істерін айтамыз. Ал қалдырған ізді халқы іздеуде дегенмен ауыстырып түсіндірсек оның мазмұны ашыла түседі. Көп адам қолындағы лауазымын пайдаланып, қызметтік міндетін атқарып жасаған істерін өз ізім деп түсіндіргісі келеді. Бірақ оларды уақыт өте келе адамдар іздейді ма? Қалдырған ізің мәңгілік демекші, халқы іздейтін адамдардың негізгі ізі басқаға өнеге болар, үлгі етер, өміріне тигізер тағылымын, қадір-қасиеттерін айтсақ керек. Ағамыз арналған конференцияда, іс-шараларда оның қоғамшыл, мемлекетшіл, жасампаз, еңбекқор, қанағатшыл, қамқоршыл, адал, әділдік сүйгіш қасиеттерін халық айтуда. Бүгінгі еліміздегі жағдайда осындай тұлғалар керек екендігін айтып, іздеуде. Өмірінің саналы бөлігін адалдықты, әділдікті, жауапкершілікті, кәсібилікті, парасаттылықты талап ететін мемлекеттік қызметке арнаған тұлғаның қашанда ар жағасы мен жар жағасында жүретіні белгілі, абырой жинаудың да жолы қашанда қатаң. Сонда да елге қызмет ету құдіретін бәрінен де жоғары қоя білу ердің ерінің ұстанымы.
Бердібек Мәшбекұлының замандас әріптесі Қырымбек Көшербаев ғұлама жазушымыз Әбіш Кекілбаевтан: «Сіз шығармашылық адамысыз. Алға қойған жоспарларыңыз, жазсам деген дүниелеріңіз көп. Өте талантты жансыз. ЮНЕСКО-ның сараптамасымен ХХ ғасырдағы 100 ойшылдың қатарына ендіңіз. Осы сізге биліктің керегі не?»,-деп сұрапты. Сонда Абыз Әбіш: «мемлекетке, тәуелсіздікке немқұрайлы қарай алмаймын. Елдің намысы кетіп, еңсесі түскен күйін көргім келмейді.Тәуелсіздік жолында біздің жсаған еңбегіміздің жемісін өскелең ұрпақ көруі қажет. Сол үшін абыройлы қызмет атқарып, оларға өшпес мұра қалдыру үшін мен сол биліктің ішінде болуым керек. Өйткені көшеде тұрып ақыл айтқаннан гөрі, мемлекеттің ісіне араласып, соның дұрыс жүруіне, жақсы дамуына өз үлесімді қосқан әлдеқайда қымбат», — деп жауап берген екен. Ал енді Бердібек Мәшбекұлы өзінің журналистке берген сұхбатында : «Көңіліңнің тыныштығы үшін және өзіңді бақытты сезіну үшін ұлтқа адал қызмет етуден асқан абыройлы іс жоқ. Саналы өмірімді осы жолға арнаған адам ретінде батыл айта аламын: елге қызмет ету ісінде демалыс жат. Десе де еліңе пайдалы болу дәйім креслода отыру деген сөз бе? Әкімнің орынтағынсыз да жұрттың болашағы үшін күресуге болатынын талай тұлғалар дәлелдеп өткен. Қол қусырып қарап отыра алмайтынымды өзің де айтып қалдың. Әрине солай.Тұғырдан тайып тұрғандай болып сөйлегенен Құдай сақтасын. Әлі де болса, еліме еңбек сіңіремін деп ойлаймын. Себебі мен өзімді жұмыс істегенде ғана бақытты сезінемін. Жалпы кез келген адамның пешенесіне өзінің сүйікті ісімен айналсуды жазса, жер бетінде бақытты жандар көбірек болатынына бәс тігемін» деген өмірлік танымын ашып айтады. Ел үшін ерен еңбектің, қайтпас қайсарлықтың, намыс пен ардың жоғары үлгісін көрсете білген екі тұлғаның арасында табиғи тылсым байланыс бар екендігін жоққа шығару қиын. Сол Әбіш ағамыз Бекеңнің алпыс жасына арнап кең көлемді мақала жариялады. Сөзінің соңын «Бердібек Сапарбаев бұрынғысынша вахтада. Әрбір кешіңіз табысты аяқталып, әр таңыңыз сәтті басталғай, алғадай Азамат»,- деген батамен аяқтапты. Осындай халық ықыласына бөленген Бердібек ағамыз сияқты ел басқару дәстүріндегі өзіндік орны бар көшбасшылардың бір-бірімен тығыз байланысып, өзара ұғысып жатқан ерекше қасиеттерін қадірлеп, кадрлар сапасын арттыруға пайдалануымыз қажет.
Қазіргі кезде уақыт талабына сай жауапкершілік алып, шешім қабылдап жұмыс жасайтын жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерге зәрулік бар. Мемлекеттік қызметтің жағымды бет-бейнесін қалыптастыру мәселелері тағы да бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «мемлекеттік қызмет дегеніміз- жеке бастың бақ- дәулетін арттыратын жер емес. Бұл туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деген байламды ұстанымы әрқашан өзекті. Осы тұрғыдан келгенде Бердібек Мәшбекұлы сияқты тұлғалардың өмірі жолы жас мемлекеттік қызметшілерге көмекші құрал бола алады.
Өмір деген-зырқырап өтіп кеткен күндердің тізбесі емес, солардың ішінде өшпестей болып есте қалғандары ғана»,-депті ғой бір данышпан. Маған марқұмды еске алуға арналған барлық өңірдегі шараларға қатысу бұйырды. Сондағы халықтың ыстық ықыласы, атқарған ісіне берген бағасы таусылып болмады ғой. Астанадағы аста Бердібек Мәшбекұлына «мемлекеттік тұлға», Алматыдағы зиялы қауым «алаштық тұлға» деп баға берді.
Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында өткен шаралардан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып жаңадан тағайындалған Ермек Көшербаев бастама көтеріп Бердібек Мәшбекұлына шара өткізді. Іс-шара барысында көптеген мәліметтерге қанықтық. Бірнеше облыста басшы болып, мол тәжірибе жинақтаған Б.Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне келген кезден бастап, жергілікті проблемаларды еңсеруге кіріседі. Тұрғындардың айтуынша, етігімен су кеше жүріп табиғи апаттардың қиыншылықтарын реттеумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, Шығыстың тарихи шырайын кіргізе алады. Барлық этнос өкілдерінің мүддесін теңдей ұстай отырып, қазақ ұлтының мүддесін жаңа деңгейге көтереді. «Алтай -түркі әлемінің алтын бесігі» атты ірі халықаралық шара бүкіл түрік дүниесін дүр сілкіндіреді. Абай бастаған қазақ ұлтының мақтаныштарының ескерткіштері әрбір қазаққа рух беріп тұр. Аллея бойындағы Абай қара сөздерін оқыдық, қала биігіндегі «Қазақстан» деген атауды көріп толқыдық. Тұрғындар қаладағы орталық мешіттің халық игілігіне берілудегі облыс басшысының жергілікті тұрғындармен бірге білек сыбана кіріскенін аңыз қылып айтып берді. Қаланы аралау барысында ұлттық намысты жігерлендірер жасампаз істердің нәтижесіне көз жеткіздік. Өскемендіктер «дара тұлға» деп атаған ағамыз үшін мақтаныш сезіммен Шығыстан елге қарай жол тарттық.
Келесі де бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы шараға қатыстық. Үлкен астың басында шырайлы Шымкенттің әкімі мен зиялы қауым өкілдері Бердібек Мәшбекұлының жұмысына жоғары баға берді. Халқы тығыз орналасқан, көп этностың басын құраған, проблемасы өз басына жеткілікті облыстың жұмысын көп кедергілерге қарамастан, елмен кеңесіп шешу жолдарын таба білгенін ел ағалары ерекше атап өтті. Сол кездегі жалақының, зейнетақының, түрлі әлеуметтік жәрдемақының кешеуілдеуіне, газдың, жарықтың жоқтығына назалы халықтың жағдайын жақсарту оңай іс емес еді. Оның үстіне тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін салалар жекешеленіп, елдік мүддеден жеке мүдде басым түсе бастаған уақыттың сынына Бердібек шыдас бере алды деген сөздерді тыңдай отырып, тарих шындығына көз жүгірттік. Облыстағы электр энергиясын, жылу мен газды өндіретін, оны жеткізетін құрылымдардың саласындағы жекешелендіру жұмыстарының заңдылықтары қатаң тексеріліп, 3,2 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылыпты. Кейбір басшылар құрметтемек түгілі, атын айтуға батылы бармай жүргенде, республикамыздың бір туар азаматы Асанбай Асқаровқа «құрметті азамат» атағын беріп, астына автокөлік мінгізгенін ерлікке бағалағанын да естідік. Үйсіз-күйсіз жүрген БАҚ, шығармашылық ортаның өкілдеріне арнайы үйді күрделі жөндеуден өткізіп бергеніне зор ризашылық білдірді. Біршама зиялы қауым өкілдері Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО аясында атап өту шараларына елді жұмылдыра білу шеберлігін таң қала еске алысты. Еліміздің танымал тұлғаларының басын қосып, бастама жасап халықаралық «Парыз» қорын құрып, 2,3 млрд теңге қаржы жинаған. Әрбір тиынын ұқыпты жұмсап, түрік әлемінің рухани астанасы Түркістанның атын әлемге таныта түскен. Бұл да болса жас тәуелсіз еліміздің беделіне бедел қосты. Шымкенттіктер тарапынан «руханиятшыл тұлға» дегенді естіп қуандық.
Кезекті сапарымыз Ақтөбе қаласында ұласты. Сыр өңірінен барған делегацияны облыс басшысы Ералы Тоғжанов арнайы қабылдады. Бердібек ағамызға тапсыруға үлгірмеген «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағының белгісін отбасына тапсырды. Іс-шаралар арасында уақыт тауып жасалған жасампаз істермен, өзгерген, жаңарған, сәулеттендірілген қаланы көрдік. Қаз-қатар салынған «шығармашылық академиясы», «өнер орталығы», «Жұбановтар әлемі», «Анаға тағзым», облыстың жедел жәрдем қызметі, облыстық мұражай, неке сарайы, жекпе-жек сарайы, мұз айдыны, теннис орталығы, т.б ғимараттар алыстан көз тартып, көңілге қуаныш ұялатады екен. Жаңадан бой көтерген шағын аудандардың сәулеті де ерекше. Сонымен бірге аудандандарды абаттандыру жұмыстарының нәтижелеріне көз жеткіздік. Іс -шара кезінде сөз алған облыс тұрғындары өздері «нар тұлға» деп атайтын Бердібек Мәшбекұлының кезек күттірмес мәселелерді елмен кеңесе отырып шешкен көрегенді жұмыстарына зор ризашылық білдірді. Тікелей қамқорлығын көрген жас таланттар, әлеуметтік топтардың өкілдерінің көңіл толқытар лебіздерін естідік.
Арнайы шақырумен Жамбыл облысында болдық. Қаладағы көз тартар ғимараттармен бірге бірлікті тұрақтандырудағы ерен еңбегін байқадық. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов және тұрғындардың пікірлерінен Қордайдағы қақтығыс кезіндегі адам өлімінен ашынған тұрғындарды сабырлыққа шақырып, сабасына түсіру оңай болмағанын терең сезіне түстік. Расында, ел ішіндегі ахуалдың байыптылығын ұстап, ынтымақтастыққа зиян келтірмей әділет таразысын тең ұстау қашаннан келе жатқан қиямет жұмыс. Оған ие болу білгірлікті, білімділікті қажет етеді. Қалыптасқан шиеленісті шешу үшін әуелі оған көпшіліктің көкірегіне осы сенімді ұялату керек. Сондықтан да болар Мемлекет басшысы Бердібек Сапарбаевты осындай сын сағатында Жамбылға әкімдікке тағайындаған. Алғашқы күндері-ақ көз көрмегенді, көкірек сезбейді деп ел арасына барады. Жұрт алдында жарып сөйлемей, байыбына барып сөйлеуінің арқасында қиындық ортасында қалған жұрт қиыншылықтың еңсерілетіне, кемшіліктің жөнделетініне сенген және қолдаған. Игі жұмысты қолға алсақ жұбаныш, аяқтасақ қуаныш екенін тағы бір дәлелдеген. Жамбылдағы қызмет уақыты жаһанды жайлаған «короновирус» індетімен сәйкес келді. Осы бір сындарлы сәтте, әлемде алғашқы бес мемлекеттің қатарында қазақстандық вакцинаны шығарудағы еңбегі өлшеусіз екені белгілі. Бұл жөнінде Қазақстан Президентінің ғылым мен инновация жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья былай деп еске алады: «кешегі пандемия кезінде ел халқының денсаулығына араша болған отандық «QazVac» вакцинасының шұғыл шығарылуында Бердібек Машбекұлының зор үлесі бар екенін екінің бірі біле бермейді». Қазақстанның өздері дайындаған дегенге сенбеушілік болып, басқа елдердің қатысы бар деген күдікпен бірнеше рет зерттеу де болған екен. Сол жұмыстың басында бірге болған әріптестері шынында зауыт салу жұмысына бар ынтасымен кіріскенін атап айтты. Барлық сөйлеушілер ағамыздың рухына бас иіп, қимастық шынайы сезімдерін жеткізді. Аз уақытта салынған қалаға көрік берер нысандармен таныстық.
Барлық өңірде болғанымда Бердібек Мәшбекұлының күнделікті тұрмыс-тіршілікпен тығыз байланыста бола білуді басты ұстаным ретінде қолданғанын байқадым. Қандай қиындық, кедергі болса да үйлестірілімейтін, реттелмейтін проблема, шешілмейтін түйін жоқ екендігіне, тек соны үйлестіре, ұйымдастыра алмайтын басшылар бар екеніне көзіміз жете түсті. Күрделі мәселелерді шешудегі орталық билік және жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істей білу тәжірибесін әріптестері, шәкірттерінен байқадық. Осындай мемлекетшіл тұлғаның бүгінгі қызметшілерге берер үлгі-өнегесі мол байлық.
Мен үшін адамның сөзі емес, өмірі, істеген ісі сендіре алады. Өз өмірімде ұстаз болып жол көрсеткен алдыңғы буын ағаларымыздың, замандастарымыздың үлгі өнегесін үйрену қалыптасқан әдет. Сол әдет әдепке айналса екен деп жастарға дәріс беру кезінде үнемі пайдаланамын. Өзім облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары ретінде ол кісінің қызметтік жиналыстарына қатысып, іс-сапарында бірге жүру бақыты бұйырды. Кейбіреудің ақылынан артық ескертуін естідік, кеңесін алдық, өмірде қолданып жүрміз. «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда «Ұждан» деген ұғым шығады»,-деген Шәкәрімнен қалған сөз бар. «Қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» дегендей, сол ар-ожданды жоғары ұстай білген Ұстаздың өмір тәжірибесін зерттеп, үлгі қылу-біздің тәлімді мұрамыз болмақ. Өзіне сеніп тапсырған жұмыстарды уақытпен де адаммен де, тіпті денсаулығымен де санаспай, ешкімге міндетсінбей, бәлсінбей, босқа мақтанбай, шала іске шаттанбай, сабырлылықпен еңбек етудің үлгісі «Сапарбаев феноменін» игерген кадрлардың қашанда жолында сәттілік болатынына сенемін.
Ағамыздың тіпті қазасынан да өмірлік сабақ болар ойларды түйдік. Пауло Коэльоның «Алхимик» романынан: «Тіршілігі махаббатқа толы, өлімі абыройға толы болды» деген сөзді оқып ойға батып едім. Соның түп мағынасын Бердібек Сапарбаевты соңғы сапарға шығарып салу кезінде түсінгендей болдым. Қазақтың «тірілер өлілердің көзін жабады, ал өлілер біздің көзімізді ашады ,- деген сөздің ақиқатын осындай сезінеміз ғой.
Елдің осындай ықыласына өрлігімен бөленген ерекше адамдар ғана тарихта қалары анық. «Ерлік қаза өлтірмейді, ел көңілінен кетірмейді»,- деген сөздің мағынасы ағамыздың бейнесі арқылы ашыла түсті. Кезінде «жеті данышпанның» бірі Солон «адам тірі кезінде «бақыттымын» айта алмайтын шығар. Өйткені бітпеген соғыстағы жауынгерді жеңімпаз деп айту ерте болар. Қандай деңгейде өмірден өтуіне қарап айтса дұрыс болар»,- деген мағынада өсиет айтыпты. Ендеше, артындағы елі елеңдеп, жұрты жоқтап, ізбасарлары іздеп, сырластары сағынып, ұрпақтары ұлықтап, ұлты ұмыттырмай жатқанынан ағамызды бақытты өмір кешкен деп толық айтуға болар. «Өмір барда өлім бар. Өлмес өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ, бәрі де өледі. Өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті істерінің нәтижесі,-деген екен мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт бабамыз. Оның жасаған ерлік шешімдері, иігі істері, жасампаз жұмыстары ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін! Ағамыз өнегелі өмірімен артында қалған біздерге елге адал еңбек етуді аманаттап кетті деп қабылдаймыз. «Жұлдыздар із қалдырып ағады» ұғымының мәні осы шығар.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *