Биылғы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына жазушы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұлов пен ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары еніп отыр. Осыған орай Астана қаласы әкімдігі Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастырумен «Жұмекеннің жұмбағы» атты ашық әдеби лекция өтті. Дәрісті белгілі қаламгер, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы оқыды.
Биыл аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Ақынның мерейтойына орай Жұмекен шығармалары республика көлемінде дәріптеліп, насихатталып келеді. Бұл шара да қаламгердің құрметіне арналып өткізілген.
Аталған іс-шараның осы кітапханада өтуінің де өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда «Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деген еді. Бұл кітап пен кітапхананың қоғамдағы салмағын арттыра түскені рас. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Президент сөзін іс жүзінде қолдап «Оқуға құштар колледж», «Оқуға құштар мектеп» жобаларын бірден жүзеге асыра бастады.
Бұл бастамалар кітапхана мен мектеп және жоғары оқу орындарындағы кітапханалардың жұмысына серпін, шабытына жігер сыйлады. Оқушылар мен жастарды кітап оқуға бағыттайтын шараларға тартып, рухани кештер мен дәрістерді жиі-жиі өткізіп келеді. Бүгінгі шараға қатысып отырған көпшілік, мектептер мен колледждерден келген ұстаздар мен кітапханашылар қауымы болды.
Дәріс басында лектор Амангелді Кеңшілікұлы кітапхана мен кітапханашылардың еңбегіне ерекше тоқталып, атқарып отырған істеріне береке тілеп, алғыс айтты. Әрі қарай тақырып бойынша дәрісін жалғастырып Жұмекеннің жұмбағын ашуға әрекет жасады. Жұмекен жырларын жатқа оқып, өлеңі мен өмірінен ерекше сыр шертті.
Дәріс барысында Амангелді Кеңшілікұлы: «Күйшілікті де терең меңгеріп, өлеңде де еш¬кімге дес бермей, қос өнердің тізгінін қатар ұста¬ған Жұмекен Нәжімеденов сегіз қырлы, бір сырлы – таң¬ғажайып талант. Ол суреткерлікті де, сыршыл¬дықты да, биязылықты да, кеңдікті де, биік¬тікті де, тереңдікті де, сұлулықты да шығармашы¬лық шебер¬лігімен ұштастыра білген ұлы ақын. Қамшы¬ның са¬бындай қысқа ғұмырында күні-түні тынымсыз еңбек етіп, артына жеті томдық өлмес мұра қалдырған жыр сүлейінің қолына күрек пен қайла алып, тонна-тонна топырақты қазып, алтын іздегендей болған еңбекқорлығы мен өнерге берген адал сертінен айнымаған рухының қайсарлығына жыр жинақтарын парақтаған сайын, сүйсінген үстіне сүйсіне түсесің», — де келіп: «Әдеби сынымыздың «Жұмекен қандай ақын?» деген сұраққа мардымды жауап таппай «терең ақын» деген сөзге желімше жабысып қалғанына да міне, отыз жылдың жүзі тақап қалды», — деп түйіндеді дәрісін.
Шара соңында тыңдаушылар дәріскерге сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Жұмекеннің қаламынан туған поэзия да, проза да бүгінде халқымыздың қажетіне жарап, ұлтымыздың ұлағатына айналып отырғанына тағы бір рет куә болдық.
Жұмекен жырлары жасай берсін! Ақын рухы шат болсын!
Қабиден ҚУАНЫШБАЙ,
тәуелсіз журналист.
Астана қаласы.