Шымкент қаласында маусым және шілде айларында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз 30 күн» акциясы өткізілуде.
Акция аясында Абай ауданының Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматшаны қабылдады. Әйелге құқықтық көмек көрсетілді, сондай-ақ «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған заңға сәйкес, жәбірленушінің арызы бойынша құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Нұсқамаға сай, азамат ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қойылып, онымен 30 күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Яғни, оның тұрғылықты жеріне учаскелік полиция инспекторы ұдайы барып, тексеріп тұрады, профилактикалық сұхбаттар жүргізеді. Құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.
Сонымен қатар, «Зорлық-зомбылықсыз 30 күн» акциясы барысында полиция қызметкерлері қаладағы дағдарыс орталықтарымен бірлесіп адамдар көп жиналатын орындарда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған іс-қимыл алгоритмі және сенім телефондарының нөмірлері көрсетілген ақпараттық парақшалар таратуда.