Ыстанбұл қаласына қарасты Зейтинбурну ауданының «Казлычешме» мәдениет орталығындағы «Ақтеңіз» залында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының «Науалы саз» этно-фольклорлық ансамблі жергілікті халыққа қазақтың дәстүрлі ән, күй, жырларынан концерт қойды. Концерт Халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымы Ақтау қаласын Түркі әлемінің 2025 жылдағы мәдени астанасы ретінде таңдалуы шеңберінде осы жолдар авторының жетекшілігімен ұйымдастырылған болатын. Атаулы шараға Қазақстан Республикасының Бас консулы Нұриддин Аманқұл, Зейтинбурну ауданының әкімі Адем Услу, Зейтиньурну ауданы мэрінің орынбасары Хуршит Бекароглу, «Әділет және даму партиясы» Орталық Комитеті алқа мүшесі, қазақ қызы Решида Юксел және осы жолдардың авторы қатысты. Сондай-ақ, Қазақ мәдениетіне қолдау көрсету мен дәстүрлі ән-жырларын тыңдау үшін Түркиядағы түрлі Түркі халықтары, соның ішінде Өзбек, Қырғыз, Ноғай және Дағыстан түріктері қонақта болды.

«Науалы саз» ансамблінің керемет күйі «Көңіл ашармен» басталып, шашу шашылып, қазақтың бауырсағы мен ірімшігінен дәм таттырған бұл шарада қазақтың сан түрлі дәстүрлі ән-жырлары орындалып, Ыстанбұлдағы қазақтардың киелі Атамекенге деген сағынышын бір серпілтіп тастады. Маңғыстаудың дәстүрлі әншілері Анар Рахымбекованың орындауында «Жылқышы», халық әні – «Дей салдым-ай» мен Екпін Толқынханның «Қарғаш-ай», «Жорғатай» әндері, бабалар назын жырлаған «Жеті қайқы» – Сәбит Шектібаев, Мұратбек Кәдірбаев, Дархан Әмірхан, Ақылбек Тасқара, Жаслан Таласбаев, Оспан Құлсымақ, Болат Бисенқұлов сынды өнерпаздардың әсем әуендері мен күмбірлеген домбыра үні көрермендерді қазақтың кең даласынан бір өткізгендей әсер қалдырды.
Әсем әнмен бірге Есір Айшуақұлының орындауында «Ерен» күйі және ансамбльдің орындауындағы «Күй тартыс» қонақтардың көңілінен шықты. Сонымен қатар Маңғыстаудың ұлы жырауы Мұрын Сеңгірбекұлының әйгілі туындысы – «Қырымның қырық батыры» дастанынан үзіндіні Ақылбек Тасқара, Оспан Құлсымақ және Мұратбек Кәдірбаев домбыраның сүйемелдеуімен шебер шырқап берді.

Жетіген, қылқобыз, сырнай, домбыра, дабыл, шаңқобыз сияқты қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарында ойнаған «Науалы саз» ансамблі көрерменнің көзайымына айналды. Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасында бастау болып, осы шарада ерекше орын алғаны үшін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімдігі мен бір жылда «Науалы саз» ансамблін құрып, шебер өнерпаздарды бір шаңырақ астында жинай білген және Ыстанбұл қаласында қазақтың дәстүрлі ән-жырларының шырқалуына себепкер болған мәдениет қайраткері Нұргүл Ағылманға үлкен алғысымды білдіремін.
Концерт соңында қадірменді қонақтарға сөз беріліп, құттықтаулар айтылды. Зейтинбурну ауданының әкімі Адем Услу мырза қазақ өнерін жоғары бағалап, Түркі әлемі мәдениетінің дамуына және ынтымақтастығына өз үлесін қосқан Түпқараған ауданы өнерпаздарына алғысын айтты. Зейтинбурну ауданы мэрінің орынбасары Х.Бекароглу ауданы басшысы Омер Арысой мырзаның сәлемін жеткізіп, Маңғыстау өнерпаздары мен келген қонақтарға өзінің ризашылық сезімін білдірді. Қазақ Бас консулы Н.Аманқұл Ыстанбұл қаласында ұйымдастырылып жатқан Қазақ концерті үшін Түркі әлемінің мәдени астанасының өкілдеріне өзінің атынан және Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиев мырзаның атынан алғысын білдіріп, атаулы шараны жоғары бағалады. Қонақтарды 5-сәуірге жоспарланған «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасының» ашылу салтанатына шақырды. Осы жолдардың авторы Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев мырзаның сәлемімен бірге құттықтау хатын оқып, оны Түпқараған ауданы мәдениет, ішкі саясат және спорт бөлімінің басшысы Шолпан Нұрғалиеваға табыстады. Өз кезегінде Ш.Нұрғалиева бұл концерттің ұйымдастырылуына үлкен қолдау көрсеткен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы С.Раев және осы жолдардың авторына аудан әкімінің Алғыс сөзін табыстады. Зейтинбурну ауданы басшылығына деген ризашылығын білдірді. Жасы 90-ға келген Қазақ қоғамының көрнекті өкілі, ақсақал Әбдурахмен Шетін аға ақ батасын беріп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының жобалары мен бағдарламалары аясында Түркі халықтарының бай мәдениеті мен өнері әлемге таныстырып жатқаны сөзсіз. Осындай жобалардың бірі – «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған Ақтау қаласында 5-сәуірде ашылу салтанатын өткізу жоспарлануда. Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-рухани шаралар бір жыл бойы жалғасып, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығаюында маңызды рөл атқарады деп сенеміз.
Ер УБАЙДИН,
Ыстанбұл қаласы.
Түркия.