КЕК (РОМАН)

Әдебиет
390 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Өздері тұратын Жетісу облысы – Лепсі, Қапал, Жаркент, Берной, Пішпек сияқты бес үйезге бөлінеді. Үйездер өз ішінен бір-бір болыс билейтін бірнеше болыстықтардан тұрады. Омарбектің ауылы Берной үйезіне қарайды. Берной үйезі – Алматы, Теректі, Ақши, Түрген, Тайторы, Қастек, Шығыс Қастек, Шамалған, Ырғайты, Жалайыр, Жайылмыс, Қордай, Самсы, Ұзынағаш, Албан, Балғалы және тағы басқа да отыз жеті болыстыққа бөлінеді.

Мына шығыс жақта жатқан Пішпек үйезінде де қырықтан аса қырғыз болыстықтары бар. Дәл қазір Омарбек қырғызға өтсе де, түстікке тартып, Ташкент барса да, Сарысу кетіп, Түркістан асса да, бәрібір, өзіне қас орыс әскерлерінен құтылмайтынын білді. Олардан құтылам десе, тек Нарынқол, немесе қырғыз арқылы қытай асып кетуі керек екен.

Сол күні шың басындағы бір үңгірсымақ қуыста түнеуге жатты. Әдетте, ол жатқан жерінде жай талғамайтын, үңгірде қараңғы, түнекте жатса да, жайлы төсекте жатқандай, елегізбей, жалғызсырамай керіліп дем ала беретін. Бұрындары сары уайымға салынып, көп қайғырмайтын. Осы жолы жатқанымен, ұйықтай алмады. Бағанағы атыс үстінде қаза болған достарының өліміне қатты қайғырып, жан-жүрегі оттай қарылды. Бәрінің ажалына әрине бір өзі кінәлі болғаны үшін, іштей күйініп, аһ ұрды. Былайғыда жастары үлкен кісілерден еститін «бір қайғы – мың қайғыны қозғайды» деген сөздің астарына үңілмеуші еді, оның мәнісінің байыбына бармаушы еді, ал бүгін өзі сондай кепке түсті.

Санасын қай-жайдағы ойлар күйдіріп, налыды. Негізінде, Омарбек жас кезінен жоқшылықты көрген жоқ. Дәулетті әкенің арқасында тамағы тоқ болып өсті. Ауылындағы жұрт бармаған, тіпті, арғы ата-бабаларының талайының аяқтары тимеген өлкелерге сауда жасап, сапар шекті. Сапарлардың үстінде талай қиян-кескі ұрыстарды, төбелесті көрді. Қашан да, қай кезде де сондай әділетсіздікке шыдамай, алысқа түсті, ұрысқа кірісті.

Ауылындағы жөнсіз кеткен озбыр болыстар мен жуандардың, барымташылар мен қарақшы ұрылардың жағасынан алып, ес кіргізді. Қиянатшыл старшындар мен бисымақтарды тезге салам деп, отқа түсті. Қазағын қинаған келімсек қарашекпенділердің сазайын беріп, сотталды. Елге тізесі батқан кешегі Сабылтайдай мешкейді күллі қауым көзінше жазалап еді, оған жақтасқан ұлықтар өзін арбаға таңды. Сонда қара халыққа жақтасам деп күреске түсіп, азап шеккенде, күллі жатақ, барша кедей, жиып айтқанда, барлық әлеумет неге түп көтеріліп, мұның соңынан ермейді. Құдай-ау, ұлықтар мен әскерлер, атқамінерлер мен болыстар тобының саны соры қайнаған сол әлеуметтің титтей бір бөлігіндей ғана ғой. Ендеше, бастаушы табылса, оны қостаған көп қостаушы неге шықпайды? Соры қайнап, ырыс-несібесін бөгдеге ұрлатқан бейшара әлеумет азғантай ғана оларды неге жаншып, таптап тастамайды?..

Достарына қайғырам деп, мың ой санасын шарпыған өзі, міне, жатыр енді, тастай қара түнек басқан шың басында жападан-жалғыз қалып…

Дегенмен Омарбек көп уақыт ауыр оймен езіліп, жаман қиялмен жүнжи бермейтін. Біраздан соң санасын сансыратқан ойлардан арылып, шың басындағы мүлгіген тыныштықта ұйқыға кетті.

Күн арқан бойы көтеріліп, уақыт сәскеге тақапты. Кешеден бері нәр сызған жоқ, қарыны да ашып қалыпты. Қарыннан бұрын суды ойлады. Шың басында су да, атып алар аң да көрінбейді. Қайткенде де, төмен түсу керек. Сөйтсе, қажеттінің бәрі табылары сөзсіз. Басқа түскенді сосын көрер. Бұның тірі қалғанын білсе солдаттар тосып, аңдып жатуы мүмкін. Омарбек шың басынан басбағып қарағанда бұлардың аттарын олжалаған орыстар қайтып кетіп бара жатқан.

 Шыңға көтерілу қандай қиын боса, оның басынан қайта түсу одан бетер қатерлі. Омарбек кеше барлық оқтарымен қоса алып шыққан мылтығын иығына асып, ұзын арқанды беліне орап, шыңның төменге түсуге ыңғайлы шығыс бетіндегі кертік тастарды абайлап басып, төменге бет алды. Құздың биіктігі сондай, кез келген адамның оның төбесінен төменге түспек түгілі, етегіне қарауға жүрегі дауалай бермейді. Өйткені құз өте биік, шамамен төрт-бес арқан бойындай, әрі тік. Мұндай жермен жаннан кешкен ғана жүре алады.

Төменге жасаған әр қадамы қауіпке толған Омарбек, аса сақтықпен абайлап қимылдап, табанын тастан-тасқа тіреп бір сағаттай уақыт ішінде етекке түсті. Етек деген жердің өзі биік таудың қиыр жартасы мен үшкір тас шоқысы көп жоғарғы белдеуі. Дегенмен бұл тау деңгейінен аяқты еркін басып жүруге болады. Осы жерден қай жақтағы жазыққа түссең де – жол оңай. Сонау төменнен мұнда шығу да онша қиын емес, тіпті аттылы адам да тез көтеріледі.

Жаңағы құз басына қарағанда кәдімгі жазық даладай болып сезілген жон үстіне түскен соң қарны бағанағыдан қатты ашып, ішегі шұрылдады. Біраз уақыт демалып алған соң бір аң атып, отқа қақтап жеп алайын деген оймен мылтығын қарына іліп, оң жағындағы жартастарға қарай беттеді. Қадам басқан сайын таудың аласа боп өсетін қалың шөп, ағаш-бұтағы арасынан пыр-пыр етіп, кекіліктер топтана ұшып кетіп жатыр. Атқызып үлгертпейді. Аң іздеп, қарсы беттегі құзды жартасқа қарай жүрді. Жартас етегіне жете бергенде биіктігі үш арқан бойындай келетін құздың үстінде шығыс тұсқа маңғаздана қарап тұрған бір таутекені көрді. Денесі нән, қылыш мүйіздері арбайған. «Осыны атып алсам, біраз азық болады-ау» деген оймен, Омарбек мылтығын кезенді.

Негізі, таутеке атаулы секемшіл, өте сақ, ең бір сергек аңға жатады. Ол да қасқыр тәрізді, иіс-қоңысты алыстан сезеді. Өзіне бір сыбыс білінсе өзге аң жүре алмайтын тау-тасқа секіріп, ғайып болады. Ал мына таутеке неліктен екен, дыбыс сезгендей болса да қозғалмады… Тура құз жиегіне тақау, оқшау тұрған Омарбекке тіптен әдемі нысана еді.

Онсыз да Омарбек атқанын мүлт жібермейтін мерген. Таутекенің қос жамбас, сауыр тұсын көздеп, шүріппені басты. Қырсық қылғанда мылтық оталмады. «Қайдағы осындайда қырсығады» деп қайран қалған Омарбек мылтығын төмен түсіріп, ұңғысын, оқшантайын тексерді. Бәрі орнында. Он оқтық венчестер қорамсағында жеті-сегіз оқ тұр. Мылтықтың неге атылмағанының мәнісіне қарап жатпай, таутекені қайта көздеді, шүріппені басты. Мылтық тағы атылмады. Ал таутеке үркер емес. Маңғаз қалпын бұзбай әлі тұр. Бұл мылтық затвор-тетігін сақырлата қайта тартып, оқтың орнында тұрған-тұрмағанын тексерді. Оқ шүріппе серіппесі пестонға тесік түсіріп тиетін өз қалпында. Бірақ неге атылмай жатқанын түсінбеді. Сосын «құлақшаны» қайта орнына келтіріп, аспанға қаратып басып жіберген еді, мылтық гүрс етіп атылып кетті. Бос пистон құлақша ұңғысынан ұшып түсті. Түктің мәнісіне бармаған Омарбек таутекеге қарады. Ол мызғымапты. Бір жағы құзды, бір жағы жоталы жыраларды жаңғырықтыра кернеп кеткен мылтық даусын тіпті елең қылмағандай. Мұндай оқ даусынан таутеке түгілі аю мен қасқырдың да жүрегі ұшып, кірерге тесік таппай қашатыны кәміл. Ал мына жануар…

Омарбек осы тұрған шынымен таутеке ме, әлде, басқа нәрсе ме деп, оған қайта тесіле қарады. Иә, басқа ештеңе емес, қақиып тұрған нағыз таутекенің өзі. Мылтығын қайта оқтады да, оны дәлдеп тағы атты. Құданың құдіреті, бұл жолы да мылтық атылмады. Осы сәт оның есіне ертеде бір аңшының киесі бар аңдар туралы айтқан әңгімесі түсті. «Көздегенде мылтық атылмай, тіпті қолдарың жөнді қимылға, аяқтарың басуға келмей қалатын – аңдардың ішінде бір киелілері болатын көрінеді. Егер де құпиясын тауып, ондай киесі бар аң-құсты өлтіріп қойсаң, өзіңнен бастап, түп-тұқияныңа дейін түк қалмай қырылып қаласың. Содан соң киелі аңдар кез келгенге кездеспейді. Басында ерекше қасиеті бар адамдарға ұшырасады. Бойдағы жақсы қасиеттен айырылып қалмау үшін киесі бар аң-құсты жаңағыдай байқағанда оған зияндық жасамай, кері қайтып кету керек» деп еді әлгі аңшы сонда.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *