КЕК (РОМАН)

Әдебиет
449 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Көңілін әлгіндей ой тербетсе де, «осы шынымен киелі аң ба екен» деп оған мылтығын қайта кезенді. Арақашықтық қырық-елу қадамдай-ақ жер. Қолындағы мылтық екі жүз-екі жүз елу қадамдай жердегіні мұрттай ұшырады. Бұған мұндай қашықтықтағы нысанды жалп еткізу түк емес.

Таутекені көздеп тұрып, үшінші мәрте шүріппені басты. Бұл жолы да оқ атылмады. Тап осы сәтте алдыңғы жақтағы қияда біткен топ тобылғы арасынан бір қоян атылып шығып, төбеге қарай қашты. Омарбек мылтығын соған бұрып, басып қалды. Қоян жерге жабыса құлады. Осыдан кейін ғана Омарбек мына таутекенің киелі жануар екенін сөзсіз анық ұқты. Ұқты да мылтығын төмен түсіріп, жаңағы қоян құлаған жерге барды. Қоянды алып, оны соятын және пісіретін ыңғайлы жер іздеп, ары-бері жүрді. Отыруға да, от жағуға да ыңғайлы жерді тауып, артына қарап еді, таутеке әлгі құз басында жоқ боп шықты. Жұмбақ, тылсым, меңіреу бір таңғажайып болмыс.

ПАНА БОЛҒАН ҚҰЗ-ЖАРТАС

Қоянды енді соя бастағанда төменгі жақтан жылқының кісінегені естілгендей болды. Омарбек елең етіп, жан-жаққа құлағын тосты. Расында, ылдидан бір тықыр естілді. Онымен қоса, төменге домалаған тау тастарының бір-біріне қағылыса, соғылып, тоқылдаған даусы да шықты.

Тастардың бекерге домаламағанын білген Омарбек қоянды тастай салды да, тықыр шыққан үлкен жартасқа қарай жүрді. Бұл жартастың қарсы бетіндегі биік құзды шоқының үстінде әлгі таутеке тұрған. Жартасқа жеткенде бұрылып жан-жағына қарады. Өзі аяқ басқан жартастың арғы беті тегістеу беткейлі ылди екен. Сорына қарай сол ылдимен он шақты солдат көтеріліп келе жатыр!.. Зәресі қалмаған Омарбек «бұлар мұнда қайдан жүр» деп оларға қадала, таңғала қарап қалғанда, жартас басынын адамдардың күбірлеп сөйлегені естілді. Тура жартас төбесінде төрт-бес солдат бұған төніп тұр. Орталарында қазақы киім киген біреу бар. Оның түрін анық байқай алмады. Ол мұны көре салысымен ары тығылды да, айқайлап берді:

– Міне, мырзалар, іздеген бандымыз анау тұр! Айттым ғой, сіздерге, бұл құздан осы тұстан түседі деп. Айтқаным келді, міне! – деп дардия сөйледі.

Пәтшағардың даусынан таныды, қайбір күні Еламанмен бірге Қарақыстаққа «тамақ әкелуге» кеткен жігіт. Ол әнеукүндері топпен бірге болғанда, осы таудың үңғыл-шұңғылына дейін білемін деп мақтанып еді. Енді міне ол оңбаған Омарбектің құздан түскен жерін тап басып, солдаттарды ертіп келіп отыр.

Омарбек жалма-жан бір жағына жалт қисайды да, жанындағы тастың артына тығылды. Дер кезінде жасырынды. Жартас басындағы солдаттар ананың даусынан кейін бірден бұған қарата оқ боратты. Омарбек те атты. Бір солдат жартас үстінен гүрс етіп құлап түсті. Біреуі жан даусын шығара өкірді. Сірә, қатты жараланды-ау.

Мылтық дауысы төменгі жақтан да естілді. Ол жақтағы солдаттарға «қорыққанға қос көрінеді» дегеннің кері келді ме, мұны көрмей жатып, оқ атқандары несі? Ал төбедегілер жараланған серіктерімен әуре болып кетті ме, оқ атуларын сап тиды. Осыны пайдаланған Омарбек орынан еңбектей жылжып, түстік бетке ойысты. Жеткен жерінде қорғанысқа ыңғайлы адам бойынан биік шошайған серек тастар шоғыры көп. Солардың арасына келіп тығылды. Жартас үстіндегілер ары түсіп, едәуір жердегі төмендегілермен қосылды-ау, әлдебір әскеридің орысша айтқан бұйрығы бұған анық естілді. Артынша жаңағы қазақ айқайлады:

– Омарбе-ек, қайда тұрсаң да, алыс кетпегенің хақ. Мені есітіп тұрсың ба?!

Айқайлаған нәлетінің атын қапылыста есіне түсіре алмады. Толымбай таныстырып-ақ еді. Жүзі рәпәтсіз, көздері ойнақшыған жылмақай-тұғын. «Әй, осыдан батырлық шықпайды-ау» деп ойлаған бұл ол жайында. Жылмақай тағы дауыстады:

– Омарбе-ек, ел қатарлы өмір сүргің келе ме? Онда мылтығыңды тастап, мына әпісер мырзаның алдына кел! Сөйтсең, әпісер мырза сенің барлық кінәларыңды кешемін дейді.

– Е-е-й, жексұрын! Не оттап тұрсың?! Сонша жерден сабылып, менің бір ауыз «кешіріңдер» деген сөзімді естуге келдіңдер ме, есек!

Сен, найсап, Құдай алдында жауап бересің! Ақыретте сөйлесемін, сен иттермен!

Қарсы жақ бір ауық үнсіз қалып, жаңағы сатқын және ышқына үн қатты.

Бұл берілсе болды, бұнымен бәрі қол алысып, «бейбіт шартпен» ұшыраспақ екен!..

Омарбек аздан соң ұқты, аналар өзін әдейі сөйлетіп тұрып, мұның тұрған жерін анықтап алуды жоспарлапты. Жылмақай қазақтың тағы бір сөзіне жауап беріп, басын тас тасасынан қылтитып еді, қос бүйірден таяп келе жатқан солдаттарды көзі шалды. Алдыңғы топтана өскен таушие мен тастар тасаларынан төрт әскери тұра кеп ұмтылды. Омарбек жаңа айқайлағанда оның қай жерде жатқанын аңғарған екен, әскерилер тура бұл тұрған тұсқа оқ боратып, асыға жылжыды. Бір оқ оң құлағының түбінен зу етті. Сол қырынан қарай екі аунап түскен ол, тура қарсы алдында ентелеп келе жатқан серейген ұзын солдатты атты. Анау кескен теректей сұлап түсті. Оны көрген басқалары тағы да жалма-жан жата кетісті. Бірақ оқ атуларын тыймады. Омарбек артқа сусып, жартастың ең етегіндегі кішкене шұңқырға жетті. Сол шұңқыр тағанымен алға еңбектеп, жартастың оң бүйіріне айналды. Тағы сәл жылжығанда әскерилер қия жартастың арғы бетінде қалды. Олар енді өзін көрмейтінін біліп, орнынан тұрды да, ылди беткеймен төменге қарай сырғанай жөнелді де, бір тегістеу жерге келіп табан тіреді. Жан-жағына көз салып еді, анадай жердегі жазықтау алаңқайда бір топ аттардың қосақтаулы тұрғанын көрді. Аттардың шетінде бір солдат темекі шегіп бейқам отыр. Жылқылар жаңағы әскерилердікі, ал анау аттарды қарауылдап отырған солдат екенін бірден ұқты. Ат күзетіп отырған жер биік қыр астында көзден таса, ана жақтағы әскерлерге көрінбейді. Омарбек беткейдегі бұталарды тасалай мысықша басып жүріп, солдаттың сырт жағынан барды да, оның тура желкесінен мылтық дүмімен қойып қалды. Ол сорлы не болғанын ұқпаған күйі естен айырыла құлады. Омарбек тез-тез оның оқ-дәрісін қалтасына тықты да аттарға жақындады. Бірден ақ жал аттың үстіндегі қос басында томпиған қоржынға көзі түсті. Аттардың бәрін қосақтан босатып, мықты көрінген ақжалға өзі мініп алды. Қоржын артылған атты жетекке алды да басқа аттарды ылдиға қарай айдады. Барлығы қолға және айдауға үйренген жануарлар ғой. Омарбектің айдауынан шашау шықпай, тобымен сайды бетке алды. Әбден жазыққа түскен кезде әр аттың тартпаларын қиып, ер-тоқымдарын шашып сол жерге қалдырды. Барлық аткөрпелерін қоржыны бар атқа артып алды. Осы кезде сонау алыстағы тау төбесі жақтан бір-бірімен айқайласқан әскерилердің дауыстары еміс-еміс естілді. Он шақты мәрте мылтық та атылды. Омарбектен бір, аттарынан екі айырылған олардың ары қарайғы жайы не болғаны белгісіз…

*   *   *

Солдаттарды атсыз жаяу, тау ішінде аш қалдырған Омарбек қырғыз жайлаған Шу жаққа да бармады, туған аулына да жақындамады. Енді қай жерге барса да, орыс ұлықтардың тыныштық бермейтінін сезіп, біраз уақыт тау арасында өмір сүруді ойлады. Тау-тас ішінде жүріп-ақ, қыс түскенше жан-жақтағы ауылдарға жасырын барып, өзіне жақтас адамдар табуды ойлады.

Қырғызға қарайтын Тарғыл тауының бір түкпірінен жайлы үңгір тауып, жалғыз өмір сүруге көшті. Тау ішінде жалғыз күн көрген адам қай кезде де сергек болатыны мәлім. Өйткені жан-жақтың бәрінде жортып жүрген жабайы аң. Адам мен атты бірдей жаратын жабайы қабан, аю мен сілеусін, қасқыр мен барыс бар. Оларды қойғанда тамағыңды жеп кететін қарсақ пен түлкіден, шибөрі мен борсық, суыр, күзеннен келетін қауіп аз емес. Өзімен қоса, қос жылқысын да күзеткен Омарбек, күндіз-түні сақ, қай кезде де ұйқысы сергек. Түн бола мылтығын оңтайлап, оқ-дәрісін жанына үйіп қойып жатады.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқатөрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *