КЕК (РОМАН)

Әдебиет
339 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Екеуін бәрі орындарынан тұрып, құрметпен қарсы алды, төс қағыстырып амандасты. Бекболат Тоқашты қасына отырғызды. Омарбекке «Сен де елдің қадірлі жігіттерінің бірісің ғой, Тоқашпен қатар жайғас» деп төрден орын берді. Бірден жиынды өзі бастады: «Жаз түсіп, қым-қуыт тіршілік басталғанда, қазақ егін орып, шөп шауып, қыстың қамын жасайтын нағыз маусымда патша елден жұмысқа жарамды, шаруаға икемді жігіттерді халықтың еркіне қарамай, жұрттың пікірімен санаспай, батыста жүріп жатқан әлдеқандай соғысқа әкетпекші екен. Анада мына Тоқаштан естуім бойынша, ол соғыс алапат қантөгіс, не мақсатпен шайқас жүргізіп жатқаны белгісіз, бір елдің ханзадасының өлімі үшін бірнеше елдің арасын жайлап жатқан майдан екенін естігем. Оған Ресейдің де ақ патшасы кірісіп, сан мыңдаған солдатын бекерден-бекерге құрбандыққа шалып жатыр екен.

Мейлі, ол соғысқа кіріскен ақ патшаның бір ойы бар шығар дейік. Құзырындағы елдің сансыз сарбаздарын өлімге айдап, бостан-босқа ажалға айдап жатқаны да өз шаруасы ғой дейік. Бірақ сол майданға дәл мынадай ауыл арасындағы науқан қызып тұрған шақта мұсылманның бар жарамды жігіттерін тасып, өз сарбаздарымен бірге оққа байламақ екен. Оққа байлағаны емей немене, орыс ұлықтары мен өзіміздің болыс-старшындардың айтуынша, майданға алынған өрімдей өрендерімізге қолына қару беріп, ер жігіт сықылды соғысқа салудың орнына, қолына күрек пен балға, зембіл мен арба беріп, оқпана қазатын, өлік таситын, қара жұмыстарына салмақ екен. Сонда не, жігіттеріміз не жаумен алыспай, не үшін қызмет қылып жатқандарын білмей, ұшқан оқ, сілтенген қылыштың арасында бекерден-бекерге қырылу үшін барады ма? Сонда біз балаларымызды өз қолымызбен жат жерде жат жаудың қолынан мерт болуы үшін өз еркімізбен аттандырып жібереміз бе? Жоқ, ағайын, мұндай намыссыздыққа бармаймыз біз! Кешегі Тоқаш пен Омарбектің әрекетінен кейін, ауыл-ауылдағы болыстарды шырқырата сабап, қуғанымыздан кейін, бастысы, патша жарлығына қарсы көтерілгенімізден кейін, Берной ұлықтары, сөз жоқ, бізге қарсы қарулы әскер шығарады. Кім бізге ереміз десе, қолына іліккен қарумен қаруланып, сарбаз сапына қосылсын! Енді тайсалатын күн жоқ!.

Бұдан кейінгі сөзді Омарбек алды. Ол да, екпіндей қызулана сөйледі:

– Қазақтың жат жұрттан көріп келе жатқан азабы аз ба еді?! Мына жарлық та, басымызға төнген сондай тауқыметтің бірі. Шыбында өлтірсең де, қанатын бір қағып өледі. Ерді намыс өлтіреді. Біздің қанатымыз – намыс, қарумыз – жүрек! Он күннен бері барлық ауылдың жүректі азаматтары болыс-старшындарына қарсы тұрып, елден бездіріп жіберді, ояз әскерін ауылдарға кіргізбей қойды. Міне, қара қазақ біріксе, осындай дүлей күш болады. Дүлей күш патшаның мығым әскеріне де төтеп береді. Бұл соғыста әрбір қазақ қару алып, сапқа тұруы – парыз, ерлік көрсетуі – міндет!

Үлкенсазда жиналған мыңдаған қазақтың намысын қайраған ұрандар бұдан кейін де көп айтылды. Бернойдан қандай ояз, қандай әскер келсе де, жиналғандар ауылдардан бірде-бір азаматты майданға жібермейміз, одан да кеудемізді оққа төсеп, көтеріліске шығамыз деп уағдаласты. Бес мың адам шуылдасып тұрып, күллі Жетісудағы көтеріліске басшы сардар Бекболат қария, ал оның көмекші сардарлары – Шиеннен Омарбек, Ақшиден Қарабай, Самсыдан Қасабек болсын деп шешті. Бекболат жетпіс үшке келсе де – тың, бойы тік, ширақ жүрісті, әлі де қара күштен қайтпаған қарулы кісі. Оған қоса, ескіше білімді, ауыл ішінде молда деген аты бар, қара сөзге де шешен, қай жағынан қарасаң да, ел бастайтын, қол бастайтын серкелік қасиетке ие. Осы кезде ел гулеп кетті. Ат үстінде ақ сақалы желбіреген Жамбыл жырау саңқылдар жырды төкті дерсің. Бүкіл Үшқоңыр жайлауы толған жұрт тыңдай қалды.

Сөз түйіні Тоқашқа тигенде, оның саңқылдап тұрып, оттай қарып сөйлеген жалынды сөзінен күллі Жетісу үсті тебіренгендей, Үлкенсаз аспаны дірілдегендей болды.

– Уа, ерге қонған ерлерім! Бүгінде тек Жетісудағы қазақ қана емес, мына тау ішіндегі қырғыз бен түстіктегі бар Алаш баласы, оған қоса, Сырдарияның арғы бетіндегі өзбек пен Памир тауындағы тәжік те атқа қонған. Бір жыл емес, жарты жыл емес, тіпті бір ай да емес, он күн уақыт ішінде бәрі келіскендей, әмбе мұсылман неге атқа қона қалды? Жоқ, бұл бір себеп қана, оның сыры мен шыны, ақиқаты мен шындығы тіпті басқада. Отаршыл орыс Жетісуды отарлағанына жетпіс жылға таяпты, ал анау Түркістан өңірін жаулағалы елу жылдан асыпты. Отаршылдар мұнда аяқ басқалы бүкіл мұсылманға, оның ішінде қазаққа көрсетпегені жоқ. Жерімізді тартып алып, қарашекпенділерін орналастырды. Өзімізді өзен-судың бойынан, құнарлы алқаптан қуып, шөлге, тау қуысына тықты. Бүгінде Жетісуда екі жүз мың келімсек сары жұрт бар. Әуелде жалаңаяқ келіп, кейіннен қазақтың есебінен қатарға қосылып байыған мұжықтар тұратын жүзге тарта поселка пайда болған. Ал бұрыннан тұрғылықты бүкіл қазақтың саны жеті жүз мыңға жуық. Жеті жүз мыңға жуық қазақтың ат төбеліндей ғана байлары болмаса, қалғаны кедей, кеудесі тапталған жасық, өз жерінде өзі өгейге айналған, басында құқы жоқ мұндар. Себебі әу баста күш-қуатымыздың әлсіздігінен емес, әр тарапқа тартқан ессіз би-көсемдеріміздің кесірінен, бір жағы – тұрақты билігі мен әскері болмаған ыдыраңқы ел болғандығымыздан жеке-жеке шабылдық. Әйтеуір, жан аман, ортамыз сау, күніміз тыныш тұрса екен деген бойкүйездігімізден жат орысқа еркімізбен қоса, жер-жәннатымызды да қатар беріппіз.

Алайда, осы ақжарқын пейіліміз бен құшағы ашық ақкөңілділігімізді орыс отаршылдары ұқты ма?! Бар тараптан билеп алып, айтқанына жүруге дағдыландырған, айдауына көндірген патша жаулаушылары біздің осы момындығымызды ескеріп, аяушылық жасады ма, қамқор көңілмен қарады ма?! Өз білгенімізбен, өз еркімізбен өмір сүруімізге ырық берді ме?! Берген жоқ! Қазір жүз поселкадағы орыстардың еншісінде үш миллион десятинадан асатын құнарлы жер бар. Орыс мұжықтарына ата-бабамыздан қалған, мына сіздер мен біздер толық иеленуге қақымыз да құқымыз да бар – егіске, жайылымға жарамды жерлердің жартысынан астамын кейін берді. Ал жеті жүз мыңға жуық қазақтардың өрісі тарылып, егін егетін, шөп оратын жерлерге, жайылымдарға таласып, өзара қырықпышақ болуда. Кешегі өзіңдікі, ал бүгін келімсектікіне айналған жерге малың түссе, малыңмен қосып өзіңді атады. Сені атқан отаршыл зорлығы, үстемдігі үшін сотталмайды. Қайта қазақты кінәлі қылады.

Қарашекпенділер осылайша барымыздан да айырды, қанады, езді, соқты, ұрды, бұратана, жабайы деп кемсітті. Тілімізді иттің тілі деп мазақтады, түрімізді шайтанға теңеді. Сіздердің ата-бабаларыңыз бұған ашуланса да, іштен тынып, күресуге шама-дәрмені болмай, ішқұсалықпен өтті. Енді біз төзуге тиіс емеспіз! Бүгінгі ұрпақ ес жиған, өз халқының намыс-абыройы үшін жанын беруге даяр, үстем келімсекке кеудесін бастырмайтын батыл өскін! Жас өскіннің бойында отаршылдарға деген ата-бабадан қалған кек бар. Сол кек бүгін буырқанған ашуға ұласып, енді лықсып, төгілгелі тұр. Уа, бауырлар! Әлихан атты қазақ ғұламасы: «Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие бола алмайды» деп айтыпты. Жеңерміз, жеңбеспіз, алысып бағалық. Қазақтың кім екенін, оның көкірегі, батылдығы барлығын көрсетейік. Бәлкім, бір шошытып қойсақ, орыс ұлықтары қайта басынбас. Десе де, ақ патша – айдаһар, орыс ұлығы – арыстан. Қара мұсылман қашанғы есірер, бір пәсте жұтып тынармыз дер. Енді оған бір демде жұтылмайтын қауым еместігімізді білдірейік, оларға бас ұрып, жалынбайық. Жалынумен өткен жылдардың зая болғанын осыған дейін әрбіріңіз ұқтыңыздар. Иә, мұнымыз келешектегі исі қазақтың азат ғұмырына бастар аттаныс. Ендеше, азамат, ел үшін атқа қон! Бірге қылыш көтеріп, бірлесе тізе қос!

– Уа, Ақарыстың әруағы қолда!

– Зорлықшы патша ұлықтарын жерге тықпай тынбаймыз!

– Майданға жүздеген жігіт түгілі, бірде-бір жан бермейміз!

– Бастаңыз жұртты, Бекболат аға! – деді Тоқаш қылышын көтеріп. – Лепірген қауым енді тоқтамайды. Қызған отқа қыздыратын отынның тасталғаны құп. Сонда лаулаған оттың қызуы жер-дүниені өртейді. Мына қауым өртке ұмтылған қызба топ болып тұр. Қызуын суытып алмай, бастаңыз азаттық көтерілісіне! Көтерілісшілер алдымен орыс әскерлері бір-бірінен хабар алып тұратын телеграф бағаналарын талқандасын! Содан кейін үйез, облыс орталығын шабамыз!

– Көтер Кәшке батырдың туын! – деп Омарбек айқай салды. Қарасай батырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан көк туды Сұраншы батырдың баласы Кендебай ортаға желбіретін алып шықты. Ту түбіне Жамбыл ақын, Мақыш палуан, Сәт барып бірге көтерісіп тұрды.

– Бәрекелді! – деп Бекболат оң қолын көтерді.

– Алдымен құран оқып, баталасып алайық! – деп әдемі әсерлі дауыспен мақамдап құран оқи бастады. Алатау үсті тым-тырыс, Алла сөзіне ұйып тұр.

*    *    *

Үлкенсаздағы жиын соңында Бекболат қарауындағы жорықтас серіктерімен алдағы соғыс жоспары мен сарбаздарға қару-жарақты қайдан алу жайын кеңескен.

– Иә, қару жағы кемшін. Әзірше қолдағы бармен амалдау керек. Сонда да, барлықтарыңыз жиналған сарбаздарға пәрмендеңіздер, үй-үйде тығулы жатқан мылтықтар мен қылыш-семсерлерді шығарсын. Соғысар жауымыз – бес қаруы сай, бесатар винтовкаларымен бірге пулеметпен қаруланған оңай дұшпан емес. Ең қауіптісі, Фольбаум бізге қарсы соғыста әскеріне зеңбіректерін пайдалануға пәрмен бермесін деңіздер. Ондай болса, басымызға зор қауіп төнері анық. Қайткенде де, Алаш баласын алда аса зор соғыс күтіп тұр, – деді Тоқаш.

– Тоқаш, соғыс басталмай тұрып, жүрек ұшыратын әңгіме айтпашы. Қатардағы көп сарбаз мұныңды естісе, сапқа ілеспей қалуы кәміл. Ақыры көтеріліс бастадық қой, ендеше, орта жолда басқа төнетін қауіптен гөрі, сарбаздардың арқасын қоздыратын сөз айтпақ ләзім. Мылтығымыз бен оқ-дәріміз аз болса, жеңілген орыс әскерінің қаруларын олжалап алармыз. Өткен жолы өзіміз де осылай бірсыпыра қаруланып алдық қой.

– Әлбетте, Омарбек, – деді Тоқаш, – Игі істің алдында күмәнді сөз, кері тартқан көңіл жақсы емес. Менікі тек «жаман айтпай жақсы жоқтың» кері ғой.

Осыдан кейін көтеріліс басшылары жуық күндері не істейтіндерін ортаға салды. Әркім әр түрлі пікірлер айтты. Соңында алдағы екі-үш күнде әр топқа басшы тағайындалған кісілер ауыл-ауылдарға барып, үкіметке бүйрегі бұратын бай-манаптарды, атқамінер-билерді көтерілісшілер жағына тартсын, көнсе де, көнбесе де, олардан сарбаздарға керекті мініс аттар мен зат-бұйымдарды алуға күш салсын деген уәжге тоқтасты.

– Егер Берной жақтан бір қауіп төне қалса, қолтықтасар қол, иықтасар жақтас осы Үшқоңырға топтансын. Қарасыны мол, айбыны батпан сарбаздарымыз патша әскеріне қарсы кең жазықты сонау Үлкенсаздан аттанғаны мақұл. Әрі жауды жазықта қарсылау да тиімді. Мына Қарғалы өзенінің бойына ұсталғандарды жинап, қылыш, найза жасатайық. Іске кірісейік қане, — деді Бекболат.

Сол күннен бастап, Омарбек пен Тоқаштың жұбы жазылмады. Ертесіне қастарында біраз жігіттер ертіп, екеуі көтерілісшілер қатарына бірде-бір жігіті қосылмаған, болыс-старшындары да қудаланудан сау Қаскелең өзені жанындағы Бестоғай ауылына келді. Болыс кеңсесі ауылдың бас жағында. Еңселі әрі ең сәнді, шатыры түнікемен жабылған ерек үй. Дәулеті асқан болыс Қырбай бұл үйді өзі алғаш болыс боп сайланған жылы орыс ұсталарын жалдап салдырыпты.

Омарбек пен Тоқаш кеңсеге кірсе, үлкен бөлменің ортасына қойылған дөңгелек жайпаң үстелдің басы кісілерге толы. Екеуінің не мәселемен келгенінен отырғандардың бәрі хабардар. Екеуі кіргенде ешқайсысы амандасқан жоқ, тіпті, қыңқ деп үн де шығармады. Әдетте үйге енгенге қазақ айтатын «жол болсын» да сұрамады. Ортада қос жастыққа арқасын сүйеп, өзгелерден ерек көрініп отырған Қырбай болыс та ә дегенде ештеңе демеді. Болыстың қасындағылардың шетінен жуан екендіктері бітім-болмыстарынан байқалады. Бір таңғаларлығы, болыстың екі жағында екі орыс отыр, тек әлден уақытта болыстың тілі шықты:

– Ә, Тоқаш оқымысты, кел төрлет. Мына білімді екі орыс сені сөзден жығамыз деп, дайындалып отыр – Сірә, ол Тоқашпен бірге Омарбек келеді деп ойламаса керек. Бұған көзі түскенде өңі бір қуарып, бір бозарды. Қап-қара өңнің құбылғаны да жаман көрінеді екен. Десе де, Қырбай тез ес жиды: – Сен сықылды оқыған зиялы жан қасына қарақшыны серік қылғаны жараспайды екен, – деді мысқылдап.

– Сенің үнемі осылай тістеп сөйлейтініңді жақсы білемін, Қырбай болыс. Әнебір күні Верныйда кездесіп қалғанымызда да, қисық сөйлегенсің. Сол жерде де қасыңдағы бір орысыңды маған қарсы қоюға әрекеттеніп едің. Осы сен, айтшы, қашанғы қазағыңды қор, келімсекті зор санауыңды қоясың. Әлде ылғи сары жұртты жақтайтындай, арғы ата-бабаңның бірінде орыспен шатасқан байланыс бар ма еді? Одан да бүгін мына елдің басына түскен ауыр жағдаят жайын сұрасаң нетті…

Қырбайдың беті тыржиды. Бордақы бұқаның мойынындай семіздіктен семіре ісініп кеткен тамағын бір кенеді. Қара жүзі одан бетер күреңітіп, көздері қанталап шыға келді. Мойны мен басы шөрке ағаштай боп біткен тұтас денесін аунаған сиырдай етіп, бір жағына қарай ауыр қалыпта қозғалақтатып алды да, көздерін бұларға қадады:

– Ей, Тоқаш! Ей, Омарбек! Бірің – үкіметтің әжептеуір жұмысынан безіп, құйын соғып, жел айдаған қаңғыбасқа айналған, бірің – адам атып, тау-тасқа қашқан, содан тағы аң сияқты жабайыға айналған сендерден ел жағдайын сұрамай-ақ қойдым. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөз бар. Ел ішіндегі барлық дүрбелеңді өздерің бастап алып, менен оны несіне сұрап отырсыңдар. Екеуіңе айтарым, әлдеріңді білмей әлектенбеңдер, ақ патшаға қол көтермекке талпынған анау бассыз тобырды құр қиялға ертіп, әурелемеңдер! Бүлікті қойыңдар! Шайтан түртіп, шындап барасыңдар ғой, түге. Ертең-ақ ішектерің шашылып, мойындарың кесіліп жатпасын, көрінген жерде. Ата-бабасынан бері ауқатты болса да, жылы ұясынан жастайынан безіп қағынған анау Омарбекті қойшы, ал сен, Тоқаш, ақ патшаның мархаматынан қашан шет қалып едің? Көзіңді ашқан, сауат берген де сол емес пе еді? Есітіп жатырмын, қол жиып, сарбаз топтапсыңдар. Естерің болса, осы жерден тоқтаңдар! Тоқтамасаңдар, екеуіңе қосар ақылым, шашар сырым болмайтын дұшпан болам.

Тоқаштың қандай күйде болғаны белгісіз, ал Омарбек Қырбайдың орыс ұлықтарының сөзін сөйлеп, бұларды райынан қайтаруға тырысып отырғанын бірден ұқты. Оған не жауаптар екен деп Тоқашқа қараған. Тоқаш қату тартыпты. Тістеніп тұрып, тіл қатты:

– Қара қазақты түрткен шайтан кім, Құнан?! Уай, парықсыз болыс, басшы жайлы болса, қосшының тулап несі бар? Бүлік басы неден басталғанын сезсең де сезбегенсіп, білсең де білмегенсіп, орыс ұлықтарының сөзін бізге жеткізуден, қазаққа – жаман, орысқа – адал көрінуден жалықпадың-ау. Сен айтты екен деп, жиылған көп тарамайды, ниетінен бас тартайды! Одан да өзіңді қайраған ұлықтарыңа айт: қазақтың басын қысқан ноқтасын одан әрмен тарылтпасын, ноқта жіп тамақты қысса, әлсіз қолға әл бітеді. Әл біткен жан ызаға бөгіп, қысым көрсеткенге күрес бастайды. Патшаның жаңа жарлығы бұрындары онсыз да қысылып күн көрген үш Арыс елінің ауасын одан бетер тарылтып, ар жағында ажал апаны көрінген жар басына әкеп тіреді. Кең даладағы әмбе қазақ сол жардан құлап, ажал аранына түспеуге жанталасып, тұяқ серпуде. Халықты шектен шығарған – патшаның өзі. Пайымың тар, өрең төмен екен, Қырбай. Күні осыған дейін қанша қылыш қызыл қанға малынды. Ашу-ыза кернеген қазақ, патша жарлығынан бас тартпаса, бұдан кейін де қылышын зорлықшының қанына суармаққа бекінген.

Қырбай да шешенсіп, гүжілдей жөнелді:

– Патшаның жарлығымен бірге Тоқаш пен Омарбек сендерге де құдайдың қарғысы қатар шығыпты! Рай-ниеттеріңнен қайтпасаңдар, мойындарыңа қыл бұрау емес, темір бұғау түседі! Қылыштарыңды осал затқа емес, жүзі өтпейтін болатқа жұмсағалы тұрсыңдар! Аяқтарыңды кірсе алып тастауға болатын тікенек-шөңгеге емес, жалын боп күйдірер отқа басыпсыңдар! Бастарыңды қаруы қарымды, құлашы кең патшаға қарсы тіккеннен табар пайдаларың, жетер ұшпақтарың болса, көрермін. Патша қолындағы бұйданы теріске бұрып, жігіттеріңді майданнан аман-сау алып қалсаңдар, тағы көрермін. Ақырса аспан тітіркенетін патша амалына қулық табам деп тыраштансаң – бәрі бекер. Орыс әскері сан еттеріңді ойып сары төбетке, қоң еттеріңді ойып қызыл төбетке тастайды!

– Әй, Тоқаш, елдегі есерге, ауылдағы тентекке еріп, облыстағы ұлыққа да, үйездегі оязға бар қадіріңді кетіріп, не күн туды басыңа?! Орыс әскерге өзіңді алмайды, қасыңдағы Омарбек сықылды әумесер-бұзықтарды алады. Одан қалса, болыстықтардағы қу кедей, жалаңаяқ тақырды, сұраусыз жалшы-малшыны алады. Өзің кет, Петерборыңа! Жаныңдағы Омарбек қарақшы мен серіктері, тіпті майданға барғысы келмесе, олар да кетсін, үйреніп қалған тау-тастарына. Омарбек сықылды он қарақшы тауға қашқаннан майданға баратын жігіттердің саны кеміп қалмас.

Ай, осы мен таңмын, тағы айтсам, арыстанмен алысатындай, сендерді қандай түлен түртіп жүр? Отырмайсыңдар ма, жүрмейсіңдер ме, тып-тыныш!

Омарбек Тоқашқа тоқта деп белгі берді де, өзі шиыршық ата сөйлеп кетті: «Жарлыққа қарсы бас көтерген көпшіліктің қылығы – тура! Тура болмаса, езілген жұрт бекерге көтерілмейді. Ел басына зобалаң күн туып, барлық жақсы-жайсаң жігіттерінен айырылайын деп жатқанда, әр үйелменге қасірет-тақсірет қатар төнгенде қандасыңа болыспасаң – несіне адам боп жаралдың?! Бір шен мен дүние үшін жақыныңнан шыққан батыр мен көсемге сатқындық, бір басың үшін бар ағайынға опасыздық жасасаң, зорлықшының сөзін сөйлеп, туысыңды жерге тықсаң – ертең ел бетіне қалай қарарсың?! Мейлі, орыс ұлықтары бүлікші атаған қазақтың мойнына шынжыр, аяғына тұсау салсын, сардарын атып, сәруарын ассын, алқалаған тобын ит өлімге қисын. Со жолда бір кекшіл азаматтың қолынан сен де кетерсің!

Бәлкім, патша әскерінің панасына, ұлығының тасасына тығылып аман қаларсың. Сөйтсе де, орыс өтрәді бар қазақты қырып тауыспас. Ертең оттан аман, шапқыннан сау шыққан ағайының сені кім дейді?! Тірі қалғандардың ұрпақтары балдарыңа не айтады?! Сілімтіктің тұқымы, жәреуке-жасықтың, пасық-нойыстың ұрығы демей ме?! Сонда тірі болсаң, жерде қалай жүрмексің, өлі болсаң, көрде қалай тыныш жатпақсың?!

Жалғыз-жарымның патша-ұлыққа өкпе-назасы болса, ол ауыл шегінен аспайды. Патша-ұлыққа ел наразы. Назалы болғалы қашан. Мына найза көтеріп, мылтық асынған мол қарашаның бүгінгі қимылы – соған дәлел. Жерден де, еріктен де айырған, басыңа ауыздықты ноқта кигізген орыс ұлығы елмен, тіпті, сен тәрізді өзі сайлаған болыс-старшындармен ақылдаспай, шаңырақ сақтар, әулет жалғастырар көгенкөздерімізді қойдай көгендеп, беймағлұм майданға сұраусыз аламын демесе, момын қазақ бұрынғыша жатар еді, өз қотырын өзі қасып.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *