КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

Білім
3 054 Views

Шымкенттегі №125 жалпы орта мектебінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күніне орай 6 “д» сыныбында “Кемеңгер тұлға» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. Мақсат – Ұлы тұлғаның халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, жүргізген саясатын үлгі ету, кемеңгер тұлғаның экономика мен саясаттағы реформаларына талдау жасау арқылы оқушылар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп, тәрбиелеу болатын.

Қазақ елінің біртуар перзенті Д.А.Қонаев атамыздың туған халқымызға, елімізге, қоғамымызға сіңірген еңбегі ерекше екенін айтуға болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі Қазақстан халқымен бірге жасайтыны анық, ақиқат. Ол бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» деп баға бергені бар.

Д.А.Қонаев атамыздың «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары» (1978), «О моем времени» (1992), «От Сталина до Горбачева», «Ақиқаттан аттауға болмайды» (1994) кітаптары жарық көрген.

1986 жылы Мәскеудегілер Д. А. Қонаевты қызметінен шеттеткен кезде Алматыдағы Орталық алаңға жиналған жастар өздерінің наразылықтарын білдірді. Мұның соңы Желтоқсан оқиғасына ұласқанын бәріңіз жақсы білесіздер. Соны еске ала отырып, Желтоқсан оқиғасына байланысты шағын сахналық көрініс қойдық.

Дүниеден өткенде Димекеңмен қоштасуға келген халықта есеп болмаған. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрынан Кеңсай зияратына дейін жолдың екі жағы адамға толып, дүйім жұрт асыл азаматты ақырғы ақтық сапарға шығарып салды. Өзі өмірден өтсе де артында өлмейтұғын із қалдырған тұлғаны елі, жұрты қадірлейді.

1992 жылы Алматыда Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. 1994 жылы Қонаевтың мұражайы ашылды. 2002 жылы 12 қаңтарда Мұқан Төлебаев көшесінің бойында Қонаевтың мұражай-үйі ашылды. Университетке есімі берілді. Сонымен қатар Талдықорғандағы сәулетті кешен, Ташкенттегі Орталық көше оның атымен аталады. Шымкенттегі Қонаев даңғылының бойында мұражай ашылды, бюсті орнатылды. Мешітке есімі берілген.

Кеште «Көк тудың желбірегені» әні орындалды. Димекеңнің даналық сөздері айтылды:

Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.

Жалада шындық болмайды.

Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.

Орынды сын ойлантпай қоймайды.

Өмірдің екі тірегі – үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.

Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.

Ақиқаттан аттап кету – арға сын.

Соңында мектебіміздің директоры Әсет Сатыбалдиев қорытынды сөз сөйлеп, оны ұйымдастырушыларға өзінің алғыс сезімін жеткізді.

Айнұр АЛТАЕВА,

Шымкенттегі №125 жалпы орта мектебі 6 «д» сыныбының жетекшісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *