КЕСТЕЛІ СӨЗБЕН КЕЛІСТІ СУРЕТ САЛҒАН АҚЫН

Мерей Руханият
57 Views

Ақын Қазыбек Исаның мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сыртолғау» жыр кітабы туралы

Биыл да жылдағы дәстүр бойынша әдебиет саласындағы мықты, шымыр шығармаларға әдеби сыйлықтар берілмек. Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа азуы алты қарыс арқалы ақындардың шығармалары ұсынылғанын әлеуметтік желіден оқып-біліп отырмыз. Олардың қатарында Алаштың арқалы ақыны, Қызылқұмның қыраны, қоғам қайраткері Қазыбек Исаның «Сыртолғау» атты жыр жинағы да үмітті екен. Сәттілік тілейміз.

Қалың қазақтың сүйікті ақынына айналған Қазыбек ағаның алғашқы жырлары, тырнақалды туындылары бүгінгі таңда өзім басқарып отырған Түркістан облысы Шардара аудандық «Өскен өңір» газеті арқылы қалың жұртшылыққа жол тартқанын мақтанышпен айтып өтсем артықтық етпес.
Ақынның бұған дейін «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл», «Сырымды айттым далаға» атты жыр жинақтары жарық көрген. Ол кітаптарды жата-жастана оқып өстік. Кестелі сөзбен келісті сурет салғанына тамсандық. Ойдың анықтығы, образды сөйлеу, көркемдік шеберлік, айтарының ақиқаттығы – Қазағаның ерекшелігі.
«Шабыт алып шаңыңнан, шағылыңнан,
Дауа таптым дамылсыз дауылыңнан.
Ұлы дүбiр ұлыңа ұйқы бермей,
Ұзап кетiп барамын ауылымнан» деген Қазағаңның шынында сол кезде-ақ ұлы көштің соңынан ергендігін бүгін сезініп отырмыз. Сол кезде ұлы көшке ілессе, бүгіндері сол көшті бастаған, тізгін ұстаған ақын және азаматты көріп отырмыз.
«Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген,
Қайран ел, қазақ ақысын
Қайтару үшін жүрмін мен!..» – деп алғашқы жыр кітабында жазған екен. Ойы анық, сөзі жұғымды, тілге жеңіл. Құр ғана ұйқас үшін алған дәнеме де жоқ. Бұл сөз құр мақтан, өзін көрсету, пафос ретінде жазыла салмағандығын бүгінгі күні баршамыз мойындасақ керек. Мойындамасқа шараң жоқ.
Ақынның жырларын ақтара отырып бойындағы сарқылмас қуатты туған жерінен алады екен-ау деп қаламыз. Әрине, қазақтың кең даласының ешкімге бөтендігі жоқ, дегенмен «Әркімнің өзіне Шам шаһары» болып келетін кіндік кескен жердің орны бір бөлек. Қазағаң Қызылқұм, Сырдария, Шардара туралы тебіренгенде өзгеше сілтейді.
«Тек туған жер жазады жүрек емін,
Текті ақынның қадірін біледі елім.
Төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп,
Төрт қақпаңа мен сенің тірелемін!» – деп келетін жырындағы ойдың
оралымын, ұйқастың ұтқырлығын балталасаңыз да бұза алмайсыз. Бұл – ақынның шеберлігі, ерекшелігі болар.
Әдебиет әлемінде «Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің» деген тәмсіл жиі айтылады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда да Қазағаң өзгелерден оқ бойы озық тұр. Екінші рет ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Қазақтың рухын көтерсек деп руханият саласында атойлап жүр.
Бұқараның базынасын билікке жеткізіп, күрмеулі мәселелерді шешуде еңбек сіңіріп жүрген Қазыбек Жарылқасынұлына осынау додада сәттілік тілейміз!

Сәбит ЛАХАНОВ,
ақын, Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы
Түркістан облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *