КЕШЕНДІ ЖОСПАР КЕЛЕШЕККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Билік
892 Views

Қаланы дамыту барысындағы жұмыстар – халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуға, жайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталатын болады. Осыған орай, атқарылып жатқан оң істер мен игі бастамаларды таныстыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық орталығында баспасөз брифингі өткізілді.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов пен Шымкент қаласы әкімдігінің басқарма басшыларының арнайы қатысуымен өткен брифингте қаланы дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтылды.

Шымкенттің дамуы 10 бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, кешенді жоспар аясында мегаполисті дамытуға 1 трлн. 284 млрд. теңге қарастырылған. Бұл 10 бағытты 89 жоба қамтиды. Жобалардың 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен іске асырылатын болады. Бұған 836 млрд. теңге жұмсалады. 2023 жылға қарай халықты сапалы ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі 98 пайызға жеткелі отыр. Үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Әрбір тұрғынды үймен қамтамасыз ету көрсеткіші – 27 шаршы метрді құрайды. Кем дегенде 60 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны белгілі болды.

– Кешенді жоспар – қаланы дамыту үшін маңызды құжат. Әрбір жоба үшін жауапты адамдар тағайындалады. Құзыретті органдарды жоспарды іске асыруға белсенді қатысуға шақырамын. Депутаттар, аудан әкімі және басқарма басшылары жобалармен мұқият танысуы тиіс, – деп атап өтті қала әкімі.

Әкім сондай-ақ, жаңа авиарейстердің ашылуы, Диснейленд құрылысы, Цитадельді, Орталық стадионды қайта құру және Сеулдегі Чхонгечхон секілді Қошқарата өзенінің көркейтілуі туралы да хабарлады. Айта кету керек, оның аумағында Лондондағы Гайд-паркке ұқсас сквер пайда болады. Құрылыс салуға 1 трлн. теңгеден астам қаражат қажет. Осы құжатты іске асыру қала аумағын оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, сонымен қатар халық үшін жайлы әрі қолайлы жағдайлар жасайды.

Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, 2023 жылға қарай үш ауысымда оқытатын мектептер жойылып, МЖӘ арқылы Қажымұқан атындағы Орталық стадион жаңартылады. Нәтижесінде, ол UEFA стандартының төрт санатына сәйкес келеді. Бұл жоба шығындарды Халықаралық іс-шаралар есебінен өтейді. Шымкентте ескі қаланың Цитаделі қалпына келтіріледі, 2 мың орындық Конгресс-холл, 1 мың орындық заманауи көпбейінді аурухана, ал жергілікті бюджет есебінен – 13 алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы салынады. Қала басшылығы Қошқарата өзенін Халықаралық деңгейде көркейтуге ниетті.

Ауыл шаруашылығы өңдеуін және «қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жұмыс істеп тұрған екі индустриалдық аймақтан басқа жаңа «Жұлдыз», «Шымкент — Агро» салу қажет. «Оңтүстік» АЭА кеңейтіледі. Жалпы, инвестициялық жобаларды белсенді іске асыру бес жыл ішінде инвестициялардың жылдық көлемін 1 трлн. теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын құрайды, 60 мың жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады.

2020 жылы Шымкентте әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мен теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталады. Ташкент даңғылы мен А2 айналма жолының құрылысын жалғастыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Тұрғын үй құрылысы бойынша бір ғана «Шымкент-Сити» жобасының өзі 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға жағдай жасайды. Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін ағымдағы жылы 500 мыңнан бастап кезең-кезеңмен жылына 1 млн. шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек ТМД басшыларының шешімімен 2020 жылы Шымкент қаласы – Достастықтың мәдени астанасы болып белгіленді. Бұл дегеніміз, қала мәдени іс-шаралардың Халықаралық деңгейде шоғырлану ордасына айналады, – деген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов басқарма басшыларына өз салалары бойынша жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындауды тапсырды. «Сонымен қатар республикалық мәртебеге ие болған Шымкент қаласын одан әрі дамытып, көркейтуге тек әкімдік қана емес, баршамыз бірге үлес қосайық. Өркендету де, төмендету де – өз қолымызда. Сондықтан қаламызды тек биікке өрлетуге жұмыла атсалысайық», – деді қала басшысы сөз соңында.

Естеріңізге сала кетейік, ел Үкіметі таяуда Шымкентті дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспарын қабылдаған болатын. Мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғам қайраткерлері жақын арада Кешенді жоспарды жүзеге асыруға кіріседі. Қазір оның басым бағыттары талқылануда.

А.СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *