КОНФЕРЕНЦИЯДА ҰЛЫҚТАЛҒАН ҚАЛАМГЕР

Мерей
14 Views

Астанада журналист-ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің 60 жасқа толуына арналған конференция болып өтті

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде журналист-ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің 60 жасқа толған мерейтойының құрметіне «Журналистика мен қазіргі медиа-коммуникация парадигмалары: теориялық және тәжірибелік мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Мұратбек Балқыбекұлы – танымал журналист, ЕҰУ профессоры, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының, ҚР Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, облыстар мен қалалар әкімдіктерінің, TURKSOY халықаралық ұйымының, Қазақстан мен алыс және жақын шетелдер университеттерінің өкілдері, БАҚ басшылары, студенттер қатысты. Іс-шара барысында Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазиннің ел үшін сіңірген еңбегі айрықша аталып, оның жүргізілген зерттеулері күні бүгінге дейін өзектілікке ие екені айтылды.
Алқалы жиын мерейтой иесі туралы түсірілген деректі фильмді көрсетумен ашылып, ЕҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Е.Б. Сыдықовтың Алғы сөзін модератор, ЕҰУ-дің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бақытұлы Бейсенбай жиналғандар алдында оқып берді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің, ҚР Парламенті төрағаларының, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысының, ҚР Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, «Аманат» партиясы атқарушы хатшысы, Абай, Ақмола, Түркістан облыстары әкімдерінің, Астана қаласы Мәслихаты төрағасының, Аягөз ауданы әкімінің, TURKSOY Халықаралық ұйымының Бас хатшысы, Бас редакторлар клубы президентінің, ірі БАҚ басшыларының құттықтау хаттары оқылды.
Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, С.Торайғыров университеті ректорларының, ЕҰУ-нің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті ұжымының құттықтаулары салтанатты жағдайда жеткізілді.
Тоқтаусыз ізденіс өмірлік мұратына айналған журналист-ғалымның «Арқа ажары» өңірлік газеттен бастау алған еңбек жолы бүгінгі таңда 80-нен астам ғылыми мақала, 10 жинақ, 2 монография, 2 оқу құралының авторы болуға әкелді. Сонымен қатар ТМД елдері арасындағы ең белді зерттеуші ғалым ретінде Scopus, Web of Science әлемдік жинақтарда мақалалары жарық көріп, Хирша индексі де жоғары көрсеткішке ие болған.
Конференция барысында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, TURKSOY Халықаралық ұйымының Бас хатшысының Қазақстан бойынша өкілі Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев: «Ақпараттың ақ мылтығын ұстанған ғалымның тек зерттеуші қасиеті ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті де ерекше. Мұратбек Балқыбекұлы ол қаламгер, қайраткер және ғалым», — деді. Оның еңбегін Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы да жоғары бағалайтының айтып, Халықаралық Ахмет Байтұрсынұлы медалін табыстады.
Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин осыған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 25 маусымдағы Жарлығымен «Құрмет» орденінімен марапатталған. Сондай-ақ, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», Аягөз ауданының құрметті азаматы, тағы басқа төсбелгілердің иесі.
Конференция барысында Қытай Халық Республикасының Чзэцзян университетінің профессоры Рустам ШАДИЕВ, Испанияның Гранада университетінің профессоры Александр ПРОНИН бастаған жақын шетел, отандық ғалымдар баяндамалар жасады. Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары онлайн форматта қатысты.
Бұдан әрі конференция жұмысы «Масс-медианы зерттеудің теориялық мәселелері және БАҚ коммуникациясының заманауи парадигмалары», «Отандық және әлемдік медиа кеңістік: дәстүрлер мен трансформациялар», «Тұлға зертханасы: Қазақстан және шетел журналистері мен жазушыларының шығармашылық тәжірибесі» атты ғылыми секцияларда жалғасып, қырықтан астам баяндама тыңдалды.

А. ЖАМБОТЫРОВА,
Астана қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *