Шымкент қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы Түркістанға қоныс аударды. Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына негізінде құтхананың кітап қоры ғана көшті. Осында қызмет істеген барлық кітапханашыларға Үшінші мегаполистегі кітапханалардан тиісті қызмет ұсынылды. Енді олар отырған Әл-Фараби даңғылындағы 1а мекен-жайына Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы жайғасып отыр.
Таяуда осы оқиғаға орай салтанатты шара өтті. Кітапхана ұжымы қадірменді қонақтарды саз музыкалық колледжінің ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған әсем ән мен күмбірлеген күймен қарсы алды. Шымкент қалалық опера және балет театрының бишілер тобы мың бұрала би биледі. Әнші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов арнау ән орындады. Кітапханашы Ағайша Ахметова кітапхана көрмелеріне шолу жасады.
Аталмыш кітапхана ұжымы республикалық «Бір ел – бір кітап», қалалық «Бір қала – бір кітап» акцияларының аясында айтарлықтай қызмет атқарып келеді. Егемен елімізге белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің мерейтойлық іс-шараларын ұйымдастыруға белсене атсалысуда. Мұнда сонымен қатар «Әдеби автобус», «Алтын қоржын», «Жүректен қозғайық» жобалары, «Жақсымен өткен жарты сағат», «Әжемнің ертегісі», «Кел сырласайық, қыздар!», «Жас толқын» клубтары жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Алдымен Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Ғалымжанұлы Исқақов құттықтау сөз сөйледі. Ол жаңа қонысқа көшіп келіп отырған кітапхана ұжымына толағай табыс тіледі.
Кеште ақын, аудармашы, Константин Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығы және Алтын медалінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Нармахан Бегалыұлы, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, жазушы, тарихшы, шежіреші, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласындағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Момбек Әбдәкімұлы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Қайрат Анарбаев, Шымкенттегі Орталық Ақмешіттің найб имамы Ахметжан Керімбек, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, төлебилік қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Сыдықбайұлы, «Арыс ақиқаты» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Әбдімәлік Ағыбаев, фармацевт, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі Тұйғынбек Әлжігіт, тағы басқалар құттықтау сөз сөйледі.
Әнші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Нышан Төлегенов «Менің Шымқалам», «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің шәкірті Мұсабек Бауыржан ақын Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Өзім туралы» әндерін орындады. Саз музыкалық колледжі дәстүрлі ән бөлімінің студенттері – Ұлан Садвакасов, Батырхан Үсен, «Шаншар», «Шымкент шоу» театрларының жас әншісі, «Оңтүстік» телеарнасы «Балдәурен» бағдарламасының жүргізушісі Аяла Жайлаубай әуелетіп ән шырқады. Дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбаевтың «Төремұрат» күйін «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Сұлтан Дінмұхамед күмбірлетті.
«Болашақ» мектебінің оқушысы, «Ерекше дарын иесі» медалінің иегері Бәйдібек Серікбай мен №136 жалпы орта білім беретін мектептің Жанар Серікбаева, Ардақ Дүйсенбаева жетекшілігіндегі бір топ оқушылары көпшілік назарына «Кел досым, кітапханаға» атты әдеби композиция ұсынды. Ақындар – Абай Құнанбайұлы, Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Құрал Көмек, Марғуба Мұхтардың өлеңдерін Ө.Жәнібеков атандағы ОҚПУ-дің студенті Нұрасыл Серәлиев, М. Мұхтардың жетекшілігіндегі «Жас қаламгер» жазба ақындар клубының мүшелері – Сабина Кубаева, Ақбота Кенжалы және мәдени-тынығу жұмыстарының магистрі Аққу Қонысбаеваның жетекшілігіндегі «Сырлы сөз» үйірмесінің мүшелері – Раяна Ерсайын, Хадиша Сапарбек, Кәусар Игілік, Гүлжанат пен Сая Аманбайлар мәнерлеп оқуымен ерекшеленді.
Ақ ниетпен жайылған ақ дастарқан басында да кітапхана ұжымына арнап ізгі тілек білдірушілер мен ән-күй орындаушылар көп болды. Айрықша өнерімен танылғандар кітапхананың Мадақтамасымен марапатталды. Аталмыш кітапхананың директоры Раушан Бабажанова қорытынды сөз сөйлеп, келген қадірменді қонақтардың бәріне өзінің шынайы ризашылық сезімін жеткізді.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, ОҚУ колледжінің оқытушысы, филолог, педагогика ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.