КӘСІПКЕР БОЛАТ ӘЛИЕВТІҢ СЕНІМГЕРЛІККЕ АЛҒАН КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Білім Мәселе
870 Views

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВҚА!

Білім және Ғылым Министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВКЕ!

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВКЕ!

КӘСІПКЕР БОЛАТ ӘЛИЕВТІҢ СЕНІМГЕРЛІККЕ АЛҒАН КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Редакциямызға Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің бір емес, екі емес, тұтас ұжымы шағым айтып келді. Ұстаздар бас көтерген жанайқайды мұнан бұрын да талай жазғанбыз. Алайда іс тиісті, әрі жауапты органдар тарапынан шешімін таппақ түгілі сөзбұйдалыққа салынып, сырғытпа жауаппен сағыздай созылып келеді. Шын мәнінде колледждің тамтығын қалдырмай, қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып, дүниені үрлеп ішіп, шайқап төгіп жүргендер әлі де жазасыз жүр. Ал жапа шеккендер мұң-мұқтажын кімге шағарын білмей, тағы да кезекті рет есік қағып келді.

Сондықтан бұл жолғы әңгімені қысқа баяндайық.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН КЕРІ ҚАРАТА ОРЫНДАҒАН

Колледждің 113 қызметкері қол қойған хатта былай делінген:

«Біз, «Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі» МКҚК инженерлік- педагогикалық ұжымы 2020 жылдан бері Президентке, Елбасына, «Нұр Отан» партиясына, Білім және Ғылым министрлігіне, Бас прокурорға, Түркістан облысының әкіміне де бірнеше рет хат жазып мәселелердің оң шешімін таба алмаған едік. Енді қайта жүгініп отырмыз.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Dala construction.kz» ЖШС арасында (Болатбек Нәжіметдинұлы Әлиев) 2020 жылдың 9 қаңтарында жасалған келісім шарт бойынша колледж 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Осы 2 жыл ішінде колледж сенімгерлік басқаруға алған мекеме міндеттемесін орындалмағаны туралы және колледж осы сенімгерлікке берілгелі бері көптеген қиыншылыққа кездескені туралы мәлімдейміз».

Хат осылай басталады. Яғни Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы колледждерді ірі алпауыт компанияларға сенімгерлік басқаруға беру туралы тапсырма береді. Мұндағы мақсат: алға жылжи алмай, керісінше артта қалған орта кәсіптік колледждерді заманға сай озық технологиялық жағынан дамыту, білім деңгейін көтеру болатын. Еліміздегі ірі компаниялар сенімді басқаруға алған соң, қомақты қаржы құйып, тамыры әрең соғып тұрған оқу орнына жан бітіруі тиіс және колледжді жаңа тәмамдаған түлектерді де жұмыспен қамтуы керек. Міне, мемлекеттің басты талабы осы! Президент тапсырмасынан соң, іле-шала республика бойынша 13 колледж сенімгерлік басқаруға беріледі. Соның ішінде Түркістан облысына қарасты үш колледж бар. Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі 65 жылдық тарихы бар, озық оқу орындарының бірі. Соған қарамастан облыс әкімі Ө.Шөкеевтің ұйғарымымен колледж Шымкент қаласында тіркелген «Dala construction.kz» ЖШС-іне сенімгерлік басқаруға беріледі. Сонда бұл Президент тапсырмасын кері қарата орындаған болып шықпай ма? Әйтпесе, мемлекет басшысы айтқандай, тасын өрге дөңгелете алмай, тұралаған оқу орындарын жауапкершілікке ала отырып, алға шығару емес пе еді?! Облыс әкімі сеніп тапсырған «Dala construction.kz» ЖШС басқарушысы Сапарбек Ержігітов. Дегенмен, бұл компанияның артында кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде болған, бүгінде белді кәсіпкер Болатбек Әлиев тұрғанын көпшілік жұрт беске біледі. Бәрінен бұрын, жанға батқаны, колледжің қазіргі талан-таражға түскен кейпі…

КОЛЛЕДЖ ҚҰРДЫМҒА КЕТЕРДЕЙ…

Сонымен әңгімені әрі қарай сабақтайық…

Бұл колледж «Dala construction.kz» сенімгерлік басқаруына өткен соң, гүлденбек түгілі құлдырай бастайды. Сенімгерлік басқаруға өтпес бұрын оқу орны мемлекеттік конкурсқа қатысып, колледждің материалдық-техникалық базасын модернизациялау мақсатында 450 миллион ұтып алған, бірақ бұл қаржы басталмай-ақ шорт кесілді. Өйткені, колледж осы екі арада сенімгерлік басқаруға өтіп кетті. Енді олардың басқару пәрменіне ие болған жаңа қожайыны бар. Бірақ, компания басшылығы яки «жаңа қожайын» Болатбек Әлиевтер осы тұста оңбай қателікке бой алдырады. Мойнына алған бұл оқу орнына соқыр тиын да бөлместен, «әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ», колледж шеберханасын кішігірім зауытқа айналдырып жібереді. «Dala construction.kz» бұрыннан құрылыс материалдарын өндіретін компания, ендігі жұмыстарын колледждің алақандай шеберханасында жалғастырады. Сырттай жұмысшы іздемей, ауыр жұмысқа студенттерді салған…

Бұл жөнінде ұжымдық хатта былай делінеді:

«Жаз айында колледж студенттерін өндірістік тәжірибе кезінде 90 000 (тоқсан мың) теңге қаржы береміз деп алдап, 1,5 ай 40-42°С аптап

ыстықта жұмыс істетіп, өз мамандықтарынан бөлек бетонның металды каркасын тоқытып, соңынан жоспар толық орындалмады деп 14 000 (он төрт мың) теңгеден қолдарына ұстатты. Ашуға булыққан ата-аналар арызданып колледж басшысына келген соң, директор өндірістік тәжірибеге шығарып алуға мәжбүр болды. Ішінде денсаулығы жоқ студенттер де бар еді.

Студенттерді практика кездерінде өз құрылыс ғимараттарына алып барып сол ғимаратты тазалап жууға, өрімдей жастарды 100-150 кг ауыр жүкті көтеруге мәжбүрлеуде.

Колледждегі         шеберханада ең төменгі бағамен, ең сапасыз

материалдар арқылы пластиктен есік, терезелер жасатып және оны «Dala construction.kz» өзі салып жатқан ғимараттарына қолданды. «Шабашка» ретінде өндірістік оқыту шеберлерін салды. Осылай колледжге 14 млн қаржы түсіріліп, оның ішіндегі 10 (он) млн теңгесін айлық жалақы етіп берді. Мұғалімдер мен студенттердің осындай маңдай терімен тапқан қаржысын сенімгерлік басқарудағылар: «бұл қаржыны колледждің дамуына салып отырмын» деп жалған ақпарат беріп отыр.

ҚҰЛАҚ ТҮРЕР ЖАН БАР МА?

Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментіне, Түркістан облысының әкімдігіне, Түркістан адами әлеуетті дамыту басқармасына, «Атамекен» ҰКП, КЕАҚ «Талап» мекемелеріне айтылған, бірақ нәтиже болмады.

Келісім шартта көрсетілгендей, сенімгерлікке алған мекеме колледждің даму жоспарын әзірлеп, тиімді жұмыс істеуі қажет болатын, өкінішке қарай тек колледж ғана біржақты жұмыс жүргізуде. Колледжді дамыту жолға қойылмаған. Сенімгерлік тарапынан Woldskills чемпионатына студенттерді даярлау, қаржы бөлу мәселесі де қолға алынбады.

— Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша шартта көрсетілгендей жылдағы білім алатын студенттер саны 1400 баладан кем болмау қажет еді, керісінше жылдағы қабылдау кезіндегі 600 студенттің орнына 2021- 2022 оқу жылында 258 студент қабылданып, қазіргі таңда 1040 студент ғана қалды (ол көптеген ұстаздардың жұмысынан кетуге және жалақысының қысқаруына әкеліп соқты).

Өзінің еккен ауыл шаруашылық өнімдерін (Болатбек Әлиев – ред.) колледж ұстаздарына мәжбүрлеп өткізді, яғни базардағы 400 теңге тұратын мандаринді колледж ұстаздары амалсыз 700 теңгеден сатып алды.

Колледж облыстық, республикалық чемпионаттардың жүлдегері. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы 96 колледждің ішінен «Ең Үздік» колледж атанған болатын. Сенімгерлікке ең артта қалған колледждер берілсін дегенге қарамай Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев керісінше облыстағы ең мықты колледждерді беріп жіберген. Бұл қалай?

(Болатбек Әлиев – ред.) өзінің медициналық орталығына студенттерді тіркеуге мәжбүрлейді. Ұстаздарды өзінің таныс журналистерінің газетіне жазылуға мәжбүрлейді.

Колледждің тозығы жеткен шеберханалары жөндеуді қажет етеді. «Бұл мемлекеттік колледж, мен жөндеу жұмыстарын жасамаймын», — деп айтып отыр Б.Әлиев. Осылайша, колледж 1960-70 жылғы ескірген жабдықтармен қалды, ал сенімгерлікке алған мекеме материалдық-техникалық базаны жаңартуға «бір тиын» да салмады. Ал Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы «сіздер сенімгерлікке өткенсіздер» деп қаржы бөлмеді. Қыркүйек айында колледжге Білім және ғылым вице-министр Ш.Каринова келген кезде Б.Әлиев «мен ақша салмаймын» деп ашық айтты. Колледж педагогтары шағымданса, қит етсе жұмыстан шығарып, сотқа беріп, тексеріс жүргізіп бізді әбден шаршатты.

Шартта көрсетілгендей бітіруші түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасы да іске аспай отыр. Ешқандай түлекті жұмысқа орналастырмады, өйткені жіберген студенттеріміз ең төмен жалақы деп кетіп қалуда.

Колледж шеберханасында тұрған, студенттер тәжірибелік сабақ арқылы үйренетін машина краны жоқ болып кетті, ол қазір «Dala construction.kz» құрылыс алаңында тұр.

Колледж базасы бұған дейін бас бостандығынан айрылған азаматтарға арнап Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 32-бабының 1-тарауының кәсіби білім беру бағдарламаларын негізге ала отырып, түзету колониясындағы теориялық оқыту жүргізіп келді. Сондай-ақ сол түзету мекемесінде колледждің оқу-өндірістік шеберханасы орналасқан. Өндірістік оқыту шеберлерінің және арнайы пән оқытушыларының басшылығымен жыл сайын 300 сотталушы техникалық және кәсіптік даярлықтан өтетін еді, оның ішінде ИЧ-167/2-де 150 адам ал, ИЧ-167/3-те 150 адам. Биылғы жылы түзету мекемелерінде оқыту үшін мемлекеттік тапсырыс берілмей, мамандар 21 маман жұмыссыз қалды.

ҰЖЫМ СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУДАН БАС ТАРТАДЫ

65 жылдық тәжірибесі бар, 95 пайыз әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары оқитын жұмысшы мамандар даярлайтын колледж бұрынғы училище ұстаздары өздерін қорғауды сізден өтініп сұрайды. «1-ші ақпанға дейін колледж мамандарын қысқарт, жұмыстан шығар!» деп колледж директорына тапсырма берді. «Ендігі күніміз не болады екен?» деп алаңдаудамыз.

Ұжымның жан айқайына осы күнге дейін ешбір мекеме құлақ аспады.

Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облысына қарасты колледжді осы компаниядан сенімгерлік басқарудан алып тастап қайта мемлекетке қайтарылып, Түркістан облысынан алып Шымкент қаласына берілуіне көмектессеңіз.

Шарттың 5-тармағына сәйкес, сенімгерлікке алған мекеме өз міндетін дұрыс атқармағандықтан, мүліктік-қаржылық көмек көрсетпегендіктен шартты бұзуға ықпал етуіңізді сұранамыз».

Міне, хаттың ұзын-ырғасы осы. Мәлім болғандай, отандық тауар өндірісінде үздік деп танылып жүрген Болатбек Әлиевтің бет-бейнесі де осындай. Болатбек Әлиев қазіргі таңда «Dala fruit.kz», «Dala construction.kz», «Dala Trans.kz» компанияларының негізін қалаушы кәсіпкер ретінде танылған. Оның «Dala fruit.kz» компаниясы алма және шырын өндірісін қолға алса, «Dala construction.kz» темір бетондарын шығарады. Дұрыс, отандық өнімді жандандыру қажет, алайда бұл бүкіл ұжымның, ұстаздар қауымы мен болашақ мамандардың ақысын жеп, тағдырын талқанда деген сөз емес ғой! Өнім шығару, әсіресе отандық өнімді өркендету – бұл еліміздің өсіп дамуына үлес қосу, әрбір қазақстандық азаматты жұмысқа тарту, олардың отбасына қорған, қамқор болу! Біздегі кәсіпкерлерге отандық рух жетіспей келеді, мемлекет мүлкін өзінің жеке мүлкіндей көрген, қол астындағы қызметкерін құл есебінде жұмсаған бай-манаптардан мемлекетке, отанға не қайыр?

Бұл жүгенсіздікті жаңа үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың назарына ұсынуды жөн көрдік. Әрі қарай қадағалау, шара қолдану, сыбайластықтың жолын кесу Жаңа Қазақстан құрушы жаңа үкіметтің құзырында!

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

P.S. Бет қатталып жатқанда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Жетпісбайдың 23.02.2022 жылғы №5-13-4/819-И шығыс хатымен бағзыдан жауыр болған жауабын жолдапты. Өкінішке қарай, колледж ұжымының жанайқайы жергілікті билікпен шешілер емес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *