Абдулмахмуд Қанатұлы Пошатаев 1976 жылы 29 қазан күні Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Төлеби ауданындағы Кеңесарық елді мекенінде дүниеге келген. 1990 жылғы алғашқы «Әнші балапан» конкурсының жеңімпазы атанған. Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы мектепті бітірген. Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ – түрік университетінің заң факультетіне түсіп, 1997 жылы заңгер мамандығын алып шығады. 1999 жылдан бастап құқық қорғау органдарында (прокуратура), ақпарат салаларында қызмет атқарып келеді. Қызмет жасаған жылдарында Қазақстан Республиканың Бас прокуроры және облыс прокурорлары тарапынан және Ақпарат және коммуникация министрінен, Ақпарат және байланыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттарға ие болған. «Жастық шақ жырлары» атты өлеңдер жинағының авторы. Біз бүгін оның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
ЕСІМХАН ОРДАСЫ
(Төрткүлтөбеде туған ой)
Билік айтқан билер қайда, Күлтөбе,
Дат сұрайтын хандар қайда, Күлтөбе?
Уақыт ұры тарихыңды ұрлады,
Бір төбені жалғастырып бір төбе.
Төбелерім
Беделіңді асырып,
Құран оқып жылап жүрміз
Бас ұрып.
Ханыңды да,
Қараңды да қойныңа ап,
Сол тарихты бізден жатсың жасырып.
Сырын бүккен төбелер бар көненің.
Жаратқанның жарлығына көнемін.
Тарихыңның сұрақтарын іздесең,
Тарих сырын ұқшы әрбір төбенің.
Көкбөрінің ұрпағымыз
Ұранды.
Көк туына бейнелеген
Қыранды.
Мұсылманбыз,
Алла деп сөз бастайтын,
Құрметтейтін Құдайы мен Құранды!
Ғалымдардың сөзін хаттап дәлелді,
Тарих тағылым үңілейік ал енді.
Скифтерің Ахилес пен Аттила,
Сақтар еді жаулап алған әлемді!
Байтақ елсің,
Өз-өзіңе егесің,
«Мемлекеті болмаған ел» демесін.
Сол төбеде туған едім, зерттелер,
Хандық құрған
Еңсегей бойлы Ер Есім!
Ей, Қазағым,
Қазақ қана қорғаның,
Жоқ қой сенің қорғанатын орманың.
Бір көршіге «дан» төлетіп, біріне
Салдырған ең алып Қытай қорғанын.
Әлі де болса,
Қазанатты ерттейік,
Жанымызға қас-дұшпанды ертпейік.
Саяси да, тарихи да жаңғырып,
Тегімізді, түбімізді зерттейік.
ӨМІР ТУРАЛЫ
Өмір деген бір қуаныш, бір қайғы,
Бір сезім бар
Түн ұйқымды ұрлайды.
Өтіп жатыр байқалмайды уақыт,
Өмір шіркін,бір орнында тұрмайды.
Бұл дүниеде қарап тұрсам қанша мұң,
Көңілінен шықпадым ба қаншаның?!
Тауда туған бала едім,
Аллам-ай,
Сол таудағы жасын берші — аршаның!
Қанша реніш, қанша өкініш, қанша мұң,
Жасын берші көп жасайтын аршаның!
Сонда ғана жетер ме екем арманға,
Орындайтын өтінішін баршаның.
Кейбіреуі сындырып жүр сағымды,
Кейбіреудің əңгімесі жағымды.
О дүниенің
Сырын сірə білмеймін,
Осы өмірде тапсам деймін бағымды.
Біреулері сырын айтып ұнамды,
Біреулері, тауық дейді қыранды.
Бір Алладан үмітімді үзбедім,
Намаз түгіл
Білмесем де Құранды.
Жүрегімде
Жинаған бар иманым,
Аллаһымның тыйғым келіп тыйғанын.
Өлеңіммен өрнектелген барымды,
Ұрпақтарым оқыса,
Сол жиғаным.
Өркен ұл ем,
Теріп өскен қыр гүлін,
Шағынардай емес бүгін, тірлігім.
Бұл ғасырда бақ орнаған қазаққа
Шайқалмасын береке мен бірлігің!
КҮЗДЕГІ МУЗА
Қандай мұңды, қандай нəзік күз деген,
Бір керемет мұңға батам күзде мен.
Неге сонша сезімді боп жаралғам,
Шын бақытын өмір бойы іздеген.
Жалғастырып күнді түнім, түнді мұң,
Өлең ғана дем береді,
Шындығым.
Жұлдыздарды санап жүрген бала едім
Киіз үйдің сырып тастап түндігін.
Сүйенетін жанды таппай
Тірегін,
Аңсап кімді ауырады жүрегім?!
Е, Құдайым,
Кешіре гөр пендеңді,
Өмір сынақ,
Сынап жүрсің, білемін.
Шын дос таппай сырласатын жүрегім.
Іштей тынып, мұңға батып жүремін.
Көңілімді жабырқатты жалғыздық,
Таба алмадым бір емін.
АҢШЫЛЫҚ
Ақ қар басқан Алатау қатпарлары.
Əсем қандай арайлап атқан таңы.
Мың құбылған қысы бар қандай əсем,
Желтоқсанда, қаңтарда, ақпандағы.
Таң нұры маңдайымнан сүйіп мені.
Күн нұрын жасыра алмай биіктері.
Сайында елік қашып ышқырынып,
Қырында шөп оттап жүр киіктері.
Бағдарлап дүрбі салып бар шаманы,
Аң-құсын жасырады аршалары.
Астымда қара төбел азынайды,
Бұлқынады білінбей шаршағаны.
Ит-құстар қарда ізін шимайлатқан,
Қара түнде жол тарттым тумай ақ таң.
Тəңірі бар көкжалдар ақылды екен,
Тау асып жоғалыпты Құдай атқан.
Қиянат жасама деп шариғатта,
Адам үшін жаралды-ау табиғат та.
Бір топ киік қыраттан үрке қашты,
Таң қалып тұрғанымда табиғатқа.
Аңшыға сездіргендей анық жайды,
Емге дəру шау қарға қалықтайды.
Бір топ ұлар үдере ұшып кетті
Жау көргендей,
Жүрекке салып қайғы.
Атымды ерттен алып жетегіме,
Таудың түстім ақырын етегіне.
Алдымнан сұлу елік тұра қашты,
Сенетіндей қуалап жетеріме.
Қасымда ағам еді білікті, епті.
Тау заңын ұғынбаппын, біліп кепті.
Табиғатқа тамсанып тұрғанымда,
Бір шілді бір қаршыға іліп кетті.
О, Жаратқан,
Пендеңді кешір енді.
Неғыламын,
Ренжіп несіне енді.
«Қасқыр» болып қайтемін,
«Тағы» болып,
Алдыңнан тартып жейтін несібеңді.