КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ…

Саясат
3 253 Views

Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. БізТәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді ұлы құндылық ретінде, ұлтты сақтаудың бастапқы негізі ретінде қарастырамыз. Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттігінжаңғырту жөніндегі тарихи миссия табысты түрде орындалды деп сеніммен айтуға болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы.

Көк тудың желбірегені –

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп

Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені –

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту,

Жан емес маған керегі.

Көк тудың желбірегені –

Елдіктің асқақ өлеңі.

Әр жаққа тартпай, қазағым,

Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені –

Бақыттың елжірегені.

Қиырда қалған қазақтың

Азат Отанға жете алмай,

Көзінің мөлдірегені, –

деп ақын Алмас Ахметбекұлы жырлағандай, көк туымыз көгімізде желбіреген кезде елжіреп, тебіреніске түспейтін жан жоқ шығар, сірә.

Ту – өзінің арнайы түсі (бір түрлі немесе түрлі-түсті) болатын дұрыс геометриялық пішіндегі (төрт бұрышты) кездеме. Бетіне әртүрлі белгілер салынуы да, салынбауы да мүмкін. Әдетте ту арнайы діңгекке көтеріледі. Туларды зерттеумен вексилология (латын сөзі vexillum – «жалау», «ту») саласы айналысады. Оның бес мың жылдық бай тарихы бар. Зерттеушілердің айтуынша, байырғы көне ту Иран жерінен табылған. 1972 жылы Хабис қаласынан біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда жасалған ту табылды. Металл тудың пішімі – төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бірдей – 23 сантиметрден. Оның бетінде Құдай әйел, үш әйел, қыран құс, қос арыстан, бұқа бейнелері бедерленген. Бұл – ең көп суретті тулардың бірі.

Ұлттық рәміздер арасындағы ең байырғылары – Аустрия, Дания, Мальта, Жапония, Шри-Ланка және Мали елдерінің тулары екен.

1777 жылдан бері «Жұлдыздар мен жолақтар» деп аталатын Америка Құрама Штаттарының туына 26 рет өзгеріс жасалыпты. Оның бәрі де аумақтық бөліністердің – штаттар санының қосылуы мен кемуіне байланысты болған.

1983 жылы сол кездегі АҚШ Президенті Рональд Рейганға салмағы сегіз тонна таңғажайып ту сыйға тартылған. Индиана штатында жасалған бұл рәміздің ұзындығы – 140, ені – 70 метр.

1994 жылы Оңтүстік Африка Республикасында бекітілген жаңа тудың негізгі ерекшелігі – көп түстілігі. Бірнеше ұлттың өкілдері тіршілік ететін мемлекеттің рәмізі баршаның жүрегіне жақын болсын деген ниетпен алты түске боялыпты. Ерекше ескеретін жайт: бұл елдің әнұраны екеу, олар – «Оңтүстік Африка үні» және «Құдайым, қолдай гөр Африканы!»).

Үш түсті (үш жолақты) ту триколор деп аталады. Олардың ең байырғысы –Данияның Принц туы (Принцфлаг). Онда үш көлденең жолақ – қызғылт сары, ақ және көк түске боялған.

Қызыл түс – әлем мемлекеттері туларында ең көп кездесетін рең. Ол барлық тулардың үштен екісінде бар. Одан кейін көп пайдаланылғаны ақ, көк, сары және қара бояулар екен.

Ені мен ұзындығы бірдей жалғыз шаршы ту – Швейцариянікі.

Күн бейнесі іспеттес «Мамыр күні» суреттері бар.

Жұлдыз бейнесі ұлттық тулардың төрттен бірінен астамында кездеседі. Олардың саны көп ретте аумақтық бөліністердің санына қарай айқындалады. Марокко туындағы бес бұрышты «Сүлеймен жұлдызының» бұрыштары рух, ауа, от, су және жер нышаны деп есептеледі. Израильдің алты бұрышты «Давид жұлдызы» бейнеленген туы діни мәнімен танымал.

Тудағы жазу рәміздің ең басты бөлшегі болып саналатын ел – Сауд Арабиясы. Оның туында «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – оның Елшісі (Пайғамбары)» деген сөйлем жазылған.

Бразилия туында – Ordem E Progresso (тәртіп пен прогресс) деген сөздер, Руанда туында жалғыз ғана әріп – «R» (Р) әрпі ғана таңбаланған.

Оңтүстік полюсте желбіреген тұңғыш ту – Норвегиянікі. Оны 1911 жылғы 14 желтоқсанда Р. Амундсен мұзға қадап көтерген.

Солтүстік полюсте желбіреген тұңғыш ту – АҚШ-тікі. Оны 1909 жылғы 6 сәуірде Роберт Пири тіккен.

Айға шығарылған алғашқы ту – АҚШ-тікі. Оны ай бетіне 1969 жылғы 20 шілдеде «Аполлон-11» ғарыш кемесі экипажының командирі Н. Армстронг алып шықты. Айда жел болмайтындықтан ол сымға байланған.

Жалаудың тудан ерекшелігінің жалғыз белгісі – ту ағашының үшкір ұшының болмауында. Байрақ – ағаш сапқа, аттың басына, қару-жараққа, тағы басқа заттарға тағылатын арнайы айыру белгісі. Ол түсті матадан, жібек шашақтан, жылқының құйрығынан жасалып, найзаның немесе арнайы сырықтың басына бекітілген. Сабының жоғарғы ұшында қасиетті рәмізді бейнелейтін металдан жасалған байрақбасы болады.

Біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген сақ-скифтер мен Үйсіндердің өз тулары болған. Қазақтың көк байрағының тарихы көшпелі ғұн, Түркі, Хазар, Селжұқ қағанаттары, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандықтарының тарихымен тікелей сабақтас. Көшпелі ғұндарда оның түсі – ақ, түркі халықтарында – жасыл, сары, көк түсті болған. Шыңғыс ханның «Көк қаршыға» деп аталатын туы – тоғыз шашақты үшкіл ақ мата. Ол тудың сабына үш жерден байланатын болған. Ала тудың ортасында бауырына шеңгеліне ілінген қара қарғаны қысып, қанатын жайып ұшқан көк қаршығаның (тұйғынның) суреті салынған. Ақсақ Темір көрегенннің аспан түстес көк туы болған. XIV ғасырда көтеріліп, біржарым ғасыр бойы желбіреген жеңімпаз тудың түсі – шымқай көк екен. XV ғасырдағы Қазақ хандығы туының түсі негізінен көк болған. Көк сөзінің көне түркі тіліндегі мағынасы шығыс, шығыстық деген ұғымға сәйкес келеді. Ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі – Абылай ханның ақ туы. Ол – бір түсті төрт бұрышты ақ мата. Шашақты бауы болған.

Түркі қағанаты кезінде түркі сарбаздарының байрақтарына көк бөрі бейнеленетін болған. ХІХ ғасырдағы белгілі қазақ ақыны Сүйінбай Аронұлының:

«Қарасай» – менің ұраным,

Бөрілі басты – байрағым.

Байрағымды көтерсем,

Қозып кетер қайдағым, – деп шалқыта жырлайтыны сондықтан. Қазақ халқы қашанда көк бөріні батылдық пен батырлықтың нышаны ретінде көрсеткен.

1917 жылдың аяғында құрылған Алашорда үкіметінің ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Алайда олардың елтаңба жасау жөніндегі іс-әрекеті жүзеге аспай қалған. Кеңестік дәуірдегі (1937, 1940, 1953) ту қызыл түсті болғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Мемлекеттік жалаудағы шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышаны ретінде пайдаланылғаны айтылады.

Рақымжан Қошқарбаев – Рейхстагқа ту тіккен қазақтың хас батыры. Оның есімі Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында қанқұйлы фашизм ордасына тұңғыш рет Ұлы Жеңіс туын желбіреткен жаужүрек жауынгер ретінде мәңгілікке қалады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортасында шұғылалы күн, оның айналасында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Матаның сол жағында ұлттық өрнегі бар тік жолақ орналасқан. Күн, шұғыла, өрнек және қыран бейнесі – алтын түсті. Тудың ені ұзындығының жартысына тең.

Күн бейнесі – мемлекттік туларда жиі кездесетін нышан. Олардың ішіндегі ең атақтысы – Жапонияның «Күн дөңгелегі». Рәміз – елдің «Нихон Коку» – «Күншығыс елі» деген атының нышандық белгісі. Тайвань туында – ақ күн, Филиппин туында – сегіз сәулелі күн, Уругвай туында – адамның бет-бейнесіне ұқсас «Мамыр күні» суреттері бар.

Қазақстан Туындағы күн бейнесі – ежелден белгілі ғарыштық нышан, тіршіліктің негізін, жарық сәулесін білдіреді. Қазақтың тарихи тамыры сақ-скиф, ғұн, Үйсін, Қаңлы, тағы басқа тайпалармен тығыз байланысты. Тәңіршілікті ұстанған ежелгі түріктер көк аспанға, күнге, ауаға, жерге табынған. Сондықтан тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын аңғартады.

Қыран бүркіт – ертеден бері көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында қолданылған басты геральдикалық белгілердің бірі. Тарихшы Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда, Оғыз хан ұлыс үлестірген кезде үлесіне ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен. Ұлан-байтақ кеңістікте қалықтаған қыран биліктің белгісі, Қазақстан Республикасының еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін паш етеді. Алтын бүркіттің бейнесі Қазақстан Республикасының әлемдік өркениеттің шыңына жету құштарлығын білдіреді.

Мемлекеттік Тудың авторы – Тараз қаласының тумасы, Алматы қаласының бас суретшісі, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков. Ол В. И. Мухин атындағы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген. Негізгі шығармашылық жұмыстары: Тараздағы Шоқан Уәлиханов атындағы кинотеатрдың дизайны (1979, А. Симонов, В. Кузьминмен бірге), «Волоколам тас жолы бағытындағы әскери қайраткер, генерал-майор Иван Васильевич Панфилов пен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы ескерткіші (1985), «Құрманғазы Сағырбаев», «Көбік шашқан», «Кісен ашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датов», «Жамбыл Жабаев» «Ана болу бақыты», «Қазақстандық сарбаз», тағы басқа да көркемсурет полотнолары кеңінен танымал. Алматы қаласы Елтаңбасының авторы. Чехословакияда (қазіргі Чехия мен Словакия) өткен Халықаралық байқаудың алтын медалін (1961, кей деректерде 1964) және Санкт- Петербургте өткен плакаттар байқауының бірінші жүлдесін (1982), Алматыдағы Республика алаңын көркемдік рәсімдеуге арналған конкурстың бірінші жүлдесін (1982) жеңіп алған. 1992 жылы Қазақстан, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Түркия, Германия, Монғолия елдерінен 1200-ге тарта суретші қатысқан Қазақстан Мемлекеттік Туының конкурсында жеңімпаз атанған.

1992 жылы 6 маусымда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында Елбасы Мемлекеттік Туды қалың жұртшылық назарына ұсынды. Дәл сол күні көгілдір ту Президент резиденциясы мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ғимаратының үстіне көтерілді. Кейіннен Ту мен Елтаңба бейнелері ұлттық ақшаларымыздың бетінде айшықталып, ұлттық әскери киімдердің оқалы зеріне айналды. Әлемдік Әуе кеңістігінде қанат қаққан ұшақтарымыздың бүйіріндегі таныс белгілер көзге оттай басылады.

Жаңа Мемлекеттік рәміздер туралы мамандар пікірі де жоғары. Мысалы, Германияның Бонн қаласындағы Дүниежүзілік вексилология ғылыми-зерттеу институтының директоры Р. Климеш Қазақстанға жолдаған хаттарының бірінде (1992 жылғы 8 тамыз): «Мемлекеттік Туларыңыз өте ғажап екен. Оны алғаш рет 1992 жылы Испанияның Барселоно қаласында өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарын теледидардан тамашалау кезінде көрдім», – деп жазды. Мұндай ыстық ілтипатқа толы лебіз Д. Баар (АҚШ), А. Брожек (Чехия мен Словакия), Дж. Тенора (Германия), М. Ревнивцов (Ресей), тағы басқа да заманауи айтулы тутанушылардың хаттарында да бар.

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *