ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Рухани жаңғыру
1 969 Views

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі №13 кітапхана бөлімшесі мен қалалық экологиялық орталықтың ұйымдастыруымен аталған кітапхана ғимаратында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру» жобасы негізінде, «Латын әліпбиі – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында іс-шара өткізген болатын. Мұндағы мақсат – латын әліпбиі жайлы оқырмандарға мәлімет беру.

Шараға Шымкент қаласы экология орталығы әдіскер, жетекші мамандары, білім ошақтарының кітапхана қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы қатыстырылды.

Жиында алғашқы сөзді кіріспемен бастаған №13 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Гүлназым Емкулова: «Латын әліпбиіне көшу туралы маңызды мәселе тәуелсіздік алған уақыттан бері сан рет көтеріліп, молынан талқыланып оң шешімін тапты. Елбасы Жарлығының жариялануы – ұлтымыз үшін де тиімді боларлық мәселенің шешіміне байланысты жаңа әліпбиді таңдау қолайлы болды», – деп латын әліпбиінің маңызы мен кештің мақсатына тоқталып өтті.

Сөз кезегін №43 жалпы орта мектебінің кітапханашысы Гүлнұр Маханова «Әліпби таңдау: тіл табиғатын сақтау» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырды. Ол өз баяндамасында: «Ұлт үшін дәл осындай нақты шешім қабылдауды ұсынған Тұңғыш Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мәні зор бағдарламалық қағидатқа арналған мақаласында аталған тақырыпқа жете тоқталып, латын әліпбиіне көшу жайлы орынды пікірде халыққа баяндап өтті», – деп қабылданған шешімді бірге қолдауды ұсынды.

Шымкент қаласы экология орталығының жетекші маманы Лаура Лауланбекова: «Латын графикасын қабылдау арқылы біздің әлем елдері алдындағы түсінігіміз арта түсері сөзсіз. Әр түркі халықтарының ортақ түсінетін жазуы болғаны орынды. Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында латын әліпбиін енгізу, үйрену еш қиындық туғызбайды деген ойдамын. Қайта латын әліпбиіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы мемлекеттік қажеттілік. Тұңғыш Елбасы қаріп ауыстыру реформасын сәтті жүзеге асыру үшін үш түрлі кезең бойынша жұмыс жасау қажеттігін баса айтқан болатын», – деп реформаны кезең-кезеңмен, сәт-сәтімен орындау мақсаты көзделіп отырғандығын айтты.

Оқырмандар ойларын ортаға салып, бастаманы толық қолдайтындарын да жеткізді.

«Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру еліміздің болашағы үшін қолға алынып отырғанын және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге, ағылшын және ғаламтор тілін жетік меңгеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатынын барша Қазақстан жұртшылығы жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Латын әліпбиіне өту қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеруге ықпалы зор. Себебі тіліміз басқа елдердің тілдерімен бірдей деңгейде тұрады», – деп өзге елдермен және шетте жүрген қандастарымызбен қарым-қатынас жасауға латын әліпбиінің тиімділігін назарға алды Шымкент қаласы экология орталығының әдіскері Жұпар Исмайлова.

Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің аға оқытушысы Мақсат Суюндиков: «Қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі біріншіден, заман талабы, екіншіден, латын әліпбиі жаһандану үрдісінде өркениетке жол ашып, түркі әлемімен бірігуге негіз болып отыр. Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ халқы ұлттық мәдени құндылықтарын жаңғыртып, мемлекеттік тілінің тарихын, қайнар көздерін іздестіруде. Қазақ алфавитін 2025 жылға дейін латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады», – деді.

Шара соңында «Латын графикасына көшу – рухани жаңғырудың биік белесі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Ұлпан ЖАРЫЛҚАСЫН,

Шымкент қаласы,

№23 мектеп лицейінің

11-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *