Шымкентте медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі асқан салтанатпен атап өтілді.Құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов осы салада атқарылып отырған жұмыстарды қысқаша баяндап шықты:
– Мегаполисте сегіз емхана салынуда. 1200 орындық көпсалалы аурухана салу жоспарлануда. Екі аурухана мен перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жедел медициналық жәрдем көрсету стансалары 100 санитарлық көлікпен қамтамасыз етілетін болады, – дей келе тоғыз медицина қызметкеріне пәтер кілтін табыстады.
Отыздан астам маман Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Шымкент қаласы әкімдігі мен мәслихатының, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев құттықтау сөз сөйлеп, әріптестеріне сый-сияпат жасады. Онкологиялық орталық – «Үздік аурухана ұжымы», №3 емхана – «Үздік емхана ұжымы», қан орталығы – «Үздік медициналық ұйым» деп танылды. Cонымен қатар үздік педиатр, терапевт,акушер-гинеколог, хирургтер де марапатқа ие болды.