Оқушылар арасында құқықбұзушылық пен әлімжеттілік кеңінен тамыр жайған күрделі мәселе. Өзектілігі өшпеген мәселелерге тоқтау салу мақсатында «Мектеп медиациясы» қолға алынып, қолдауға ие болып келеді. Медиация – бүгінгі күннің маңызды трендіне айналған. Медиатор – тәрбиеге мән беретін тәуелсіз тұлға. Медиацияға қатысушы тараптар медиатордың тәжірибесіне, білімі мен іскерлігіне жүгіне отырып, оңтайлы шешім таба алады. Барлық ынталы тараптармен ынтымақтаса әрекет етіп жүрген заманауи білім ошақтары білім беріп қана қоймай, тұлға ретінде тәрбиелеп шығаруы парыз. Білім деген теңіздің айдынында ауқымды мәселені ақылмен шешу қажет. Ежелден-ақ, тоқсан рулы елдің мәселесін тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, төрелігін айтатын дана халықтың ұрпағымыз. Сондықтан заманауи медиация бағыты да бізге жат емес. Осы орайда, медиацияның майталманы, «Медиация, құқық және психологиялық қолдау» орталығының басшысы, «Халық медиаторы» газетінің бас редакторы Нурбала Оразкуловамен (суретте) медиацияның маңызы мен балалар медиациясының ерекшелігі жайлы сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.
Кәсіби медиаторлар ата-аналарға, мектеп психологтары мен тәрбие ісінің мамандарына даулар мен кикілжіңдердің алдын алуда өз септігін тигізуде. Мектеп тәрбиесіндегі қисыны қиын мәселелердің шешілуіне тың бастама мен жаңа бір серпін алып келді. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғап, дауды сотқа жеткізбеу үшін қолға алынған бастама. Облыстық адвокаттар алқасының ювеналды заң кеңсесі, Шымкент қалалық білім бөлімі, «Даму» жастар қоғамдық бірлестігі бастамасымен мектептерде медиация орталықтарын құру жүзеге асуда. Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева азаматтардың арыз-шағымын қабылдайтын фронт-офисте медиаторлардың да өкілдігі болуы тиімді деген ұсыныс айтқан болатын.
Құқықбұзышылықтың деңгейін төмендету, оны сотқа жеткізбей реттеу, сотта бітімгершілікті қолдану үшін мектепте тәрбие жұмыстарын жан-жақты жетілдіру медиация мамандарының жұмысы. Мектеп медиациясына байланысты меморандумға қол қою қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің күн тәртібінде тұр. Медиация туралы заң 2011 жылы бекітілген. Медиаторлардың сөзінше медиация шаралары соңғы жылдары көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Ювеналды сот өкілдерінің мәліметінше қаламызда алты мектепте медиация кабинеттері жұмыс жасайды. Айтуынша олар кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауға тырысады. Бұл мәселеде балама жолдарды қарастырып, олардың қатесін түсініп, қайта тәрбиеленуін дұрыс деп санайды. Балалықпен жасалған шалалықтың арты үлкен қасірет алып келмеу үшін тәрбие маңызды. Осы орайда, оңтайлы орталықтар оқушылармен нәтижелі жұмыс жасап, туындаған түйткілдің түйінін шешіп, қылмыстық дау-дамайлардың алдын алуға, әлімжеттікті болдырмауға жұмыс жасайды. Мектеп медиаторлары шәкірт пен ұстаз арасында мәселе туындаса және ата-аналармен түсінбеушіліктер болып жатса татуластыру жұмысын жүргізеді. Болашақта барлық білім ошақтарын да ашу көзделіп келеді.
Шымкент қаласындағы №57 мектеп жанынан алғаш медиация бөлімі ашылған болатын. Білім мекемесіндегі ұстаздар мен балалар, ата-аналар үшін даукестіліктің алдын алу мақсатында тындырымды істер атқаруда. Еңбекке мәжбүрлеудің алдын алу және кәмелетке толмағандар қызметін заңсыз қолдану фактілері болған жағдайда түйткілді соттан тыс немесе сотта татуластыру рәсімдерінің тиімділігіне назар аударып, «Медиация туралы» заңға сәйкес бірігіп, бір адамдай жұмыс жасау қажеттігін ескеріп қызмет көрсетеді.
Медиация – бітімгершіліктің бірегей бастамасы. Әр тараптың талабын ескеретін, қателерді тиімді жолмен түзететін бастама. Шаһардағы №24 мектепте тағы бір медиация кабинеті бар. Жыл басынан бастап мемлекеттік және жеке меншік медиаторлардың ықпалымен бес мыңға тарта құқықбұзушылық бітімгершілікпен реттелген. Жоба арызданған жұртшылық арасында ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етіп жүр. Бұл кабинеттің мектеп қабырғасында ашылуының өз себебі бар. Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналар – қоғамның ажырамас бөлігі. Халықтың басы көп бірігетін білім ұясындағы орталық күрделі мәселелердің түйінін тарқататыны сөзсіз. «Медиация кабинетін ашу мектептегі оқу-тәрбие процесіне игі ықпалын тигізіп қоймай, қоғамды өзара түсіністікте, моральдық-психологиялық ахуалды жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді» дейді Саттар Ерубаев атындағы №24 мектептің директоры Ұлжалғас Әшімқызы. Медиация кабинетінің ашылу салтанатына әжелер қоғамы өкілдері де келді. Қариялар оң бастамаға ақжарма тілегін ақтарып, ақ баталарын берді. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, азғантай кикілжіңді дауға айналдырмайтын бабалар дәстүрі осы кабинетте жүзеге асатын болады.
– Медиация орталығының маңызы, мақсаты қандай?
– Шын мәнінде, медиация – бұл «Не істеу керек?», басты мәселе «Кім кінәлі?» деген сауалдарға жауап алу. Медиацияның дауларды шешудің басқа тәсілдерінен негізгі айырмашылығы ол тараптардың әрқайсысын ұйымдастыратын және олар үшін бірдей тиімді болатын жанжалдың шешімін табуға көмектеседі. Бұл ең алдымен қақтығыстарды реттеу технологиясының, процедураны өткізу қағидалары мен ережелерін сақтау есебінен шешіледі. Медиатор осы дауда тәуелсіз және бейтарап адам болып қана қоймай, арнайы білімі бар, қажетті дайындықтан өткен маман саналады. Медиатордың міндеті – екі тараптың мүдделеріне жауап беретін өзара қолайлы шешім жасауға көмектесу. Кішігірім қылмыстардан туындайтын істер бойынша дауларды реттеу кезінде бітімгерлікті өткізу туралы шарт жасалған күннен бастап отыз күнде аяқталуы тиіс. Қажет болған жағдайда оны тараптардың келісімімен тағы да ұзарта алады. Алайда, ол мерзімнің алпыс күннен аспауы керек. Бітімгершіліктің басты мақсаты – қылмыс жасаушыларды бас бостандығынан айыру жазаларымен жазалауға жеткізбей, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтап қалуға тырысу. Бітімгершілік үрдісі сот сияқты ашық емес, құпия сипатта жүргізіледі. Сот отырысы тараптардың бірінің еркінен тыс өткізілуі мүмкін, ал бітімгершілік тек ерікті түрде басталады. Судья тағайындалады, бітімгер сайланады. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал бітімгершілік барысында шешім тараптардың мүддесін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылданады. Сот барысы тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін, ал медиация жедел және бей ресми түрде өтеді. Сотта екі жақ сайысса, бұл жерде тараптар ынтымақтаса әрекеттеді. Оңтайлы шешімді іздеу барысында шиеленістің төмендеуі, тараптар арасындағы қайшылықтар мен келіспеушіліктердің жол табуы, жанжалдың тегістелуі орын алады. Дауласқандар бір-бірінің себептері мен мүдделерін жақсы түсінеді, бірақ мойындағысы келмейді. Соны мойындату, келеңсіздікті шешу барысында медиацияның маңызы мол деп білемін. Тәрбие – отбасыдан бастау алатындықтан, отбасылық мәселелерді де шешу кезінде сөзсіз маңызды. Сондай-ақ, белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғаның дамуына қолайлы қауіпсіз орта құру, жанжалдағы конструктивті мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу – мектеп медиациясының мақсаты. Медиатордың жұмысы бұзылған немесе деформацияланған коммуникацияға түзету жүргізу, тараптардың өздерін және басқаларды түсінуі үшін жағдай жасау. Қарым-қатынас сапасына білім сапасы да байланысты. Сондықтан,»мектеп медиациясы» әдісінің негіздерінің бірі оң қарым-қатынас құру.
– Медиация орталығында қандай мамандар қызмет етеді? Мамандар арнайы оқудан өте ме?
– Медиатордың жұмысын кәсіби негізде жүзеге асыру үшін адамның жоғары білімі, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу оқығанын растайтын сертификаты, кәсіби медиаторлар тізіліміне енгізілген және кем дегенде 25 жасқа толған болуы керек. Олар медиацияны ақылы негізде де, тегін де жүзеге асыра алады. Төленетін сыйақының мөлшері тараптар мен медиаторлардың келісімі бойынша анықталады.
Мемлекеттік қызметті атқаруға өкілеттілігі бар немесе оған теңестірілген, іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған, қылмыстық қудалауда жүрген, алынбаған соттылығы бар адамдар медиатор бола алмайды.
Екі жақ келісіп, медиаторға басқа да талаптар қоюға құқылы. Бітімгерлерді жергілікті қоғамдастық өкілдері таңдайды. Медиация туралы заңда медиаторға қарсылық білдіру, медиациядан бас тарту сияқты талаптар қарастырылған.
Заңының 13 бабына сәйкес, медиаторлар ұйымдары медиаторлардың бастамасы бойынша «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес, мемлекеттік емес, өзін-өзі қаржыландыратын және өзін-өзі басқаратын ұйым. Бізде юристер, психолог мамандар, жоғары дәрежелі психотерапевт, тілші-медиатор жұмыс жасайды. Мектептерден бөлек Шымкент қаласының белді университеттерімен де меморандум түзіп, жұмыс жасап келеміз. Атап айтар болсам, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті, Мардан Сапарбаев атындағы институт, Мирас университеті. Университеттің 60-қа жуық студентімен жұмыс жасаймыз.
Кішігірім қылмыстар орын алған жағдайда немесе екі адам ренжісіп қалса, біреудің меншігін біреу ұрлап жаза басқан жағдайда медиация көмекке келеді. Сонымен қатар пендешілікке салынып біреуге байқамай балағат сөз айтып, намысына тиіп, моральды тұрғыдан зиян келтіруі мүмкін. Ашу үстінде аңдамай ауыр сөз айту оңай, екінші адамның көңіліне кірбің түсетіні хақ. Біреуге берген қарызын қайтарып ала алмай жүретін азаматтық даулар болады. Келіспеушіліктердің нәтижесінде адамдар бір-бірін сотқа сүйреп, әуре-сарсаңға салынып жүреді. Осының бәрін заңға салып таразылайтын болсақ, қылмыс болып шығады, ауыр айып тағып, қатаң жазаға кесуі де ғажап емес. Сот шешімі баршаға міндетті болғанымен егер борышкер өзінің табысын жасырса, оның ешқандай мүлкі болмаса, сот актісін іс жүзінде орындау біраз қиындыққа апарады. Ал медиация тараптардың ортақ шешімі болғандықтан, борышкердің шынайы материалдық жағдайын ескере отырып жасалғандықтан, борышкер өз міндетін уақытында және толық орындауға тиіс болады. Медиаторлар екі жақтың талаптарын ескере отырып қызмет көрсетеді.
– Сұхбат үшін алғыс айтамыз.
Әлия ТҮГЕЛБАЙ.