МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ – ӘР БАСШЫНЫҢ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Экономика
14 Views

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда Мемлекет басшысының 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, аумақтық департамент жетекшілері қатысты.

Мәжілісте Мемлекет басшысы жүктеген 7 негізгі бағыт – инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту, көлік логистикасын жетілдіру және электр энергиясы тапшылығын азайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі әрі нәтижелі орындауға тиіспіз. Өңірге инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді, барлық салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жандандыруды, энергетика тапшылығын жою мақсатында нақты жобаларды жүзеге асыруды, салық-бюджет саясатын реттеуді тапсырамын. Елді мекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, әлеуметтік саладағы заңсыздықтарды реттеу бойынша шұғыл түрде кешенді шара қабылдау керек. Мемлекет басшысының тапсырмаларын мерзімінде орындау үшін арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу қажет. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – негізгі басымдықтарымыз болып қала береді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз салалары аясында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Берік Қайпов баяндама жасады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларды ұсынды.
Инфляцияны төмендету бағытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету шаралары пысықталды. Бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, өндірісті ұлғайту тетіктері қаралды.
Жаңа Салық кодексін енгізу мәселесінде фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру, бюджетті ретке келтіру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру міндеттері айқындалды. 2026 жылы жергілікті бюджетке 225 млрд теңге түсім түсіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке экономикалық белсенділікті арттыру және кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру арқылы қол жеткізу көзделген. Салық органдары мен бизнес арасында серіктестік қағидатын нығайту қажеттігі атап өтілді.
Цифрлық мемлекет құру бағытында барлық салаларды цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу және ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, ашықтықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Инвестициялық саясат аясында 2025 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жоспар 121,6 пайызға орындалған. Ал 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Инвестиция тарту аудан және қала әкімдерінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала беретіні ескертілді.
Өнеркәсіп саласында 2025 жылы өндірілген өнім көлемі 1 596 млрд теңгеге жетіп, 13,8 пайыз өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47,5 пайызды құрайды. Импортты алмастыратын және терең өңдеуге бағытталған жобаларды іске асыруға басымдық берілмек. Аграрлық әлеуетті тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де назарда болды.
Өңірде 215 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту және цифрлық құралдарды енгізу арқылы бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету міндеттері белгіленді.
Көлік логистикасын дамыту бағытында халықаралық транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдалану, сервистік және қойма инфрақұрылымын дамыту, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін мерзімінде аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар Түркістан әуежайын бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылды.
Энергетика саласында облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 445 МВт болса, оның 75 пайызы сыртқы көздерден жеткізіледі. Жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету – өңірдің тұрақты дамуының басты шарты ретінде белгіленді.
Мәжілісті қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – әр басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Жиын қорытындысымен барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырылды.

ПРЕЗИДЕНТ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ОҢ БАҒАЛАДЫ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану мәселесіне тағы да тоқталды. Инвестиция тарту жұмысын жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Сонымен бірге Түркістан облысы мен Астана қаласындағы осы бағыттағы жұмыстарды үлгі ретінде атап өтті.
«Мен Жолдауда арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік шешімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды. Түптеп келгенде, егер нақты нәтижеге жетемін деген ниет болса, бұл мәселені Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар. Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау, дайын инфрақұрылым ұсыну және жобаларды толық сүйемелдеу жұмыстары жолға қойылған. Терең өңдеу саласын дамыту үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, 4397 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге дайын инфрақұрылымы бар 21 индустриалды аймақ бар. Кәсіпкерлерге арналған шағын өнеркәсіптік парктерде өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, қазір облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өнеркәсіптік парктер салынып жатыр. Жалпы 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Оның 45-і пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылды.
Президент инвестиция тарту, осы бағыттағы кедергілерді азайтып, жедел әрі сапалы жұмыс атқару маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, отандық және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылы негізгі өңірде капиталға салынған инвестиция көлемі
1 трлн 746 млрд теңгеге жетіп, жоспар 121,6% орындалды.
Шетелдік инвестиция бойынша да көрсеткіш жоғары: жоспарланған 475 млн доллардың орнына 1,4 млрд АҚШ доллары тартылды. 2025 жылы 340 млрд теңгеге 58 жоба іске қосылып, 8 340 жұмыс орны ашылды. Ал 2026-2029 жылдарға арналған 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биылдың өзінде 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асырып, 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелеріне арналған «Инвестициялық климат-дамудың басты құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшерев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, облыстық соттың төрағасы Айдос Сұлтанов және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 3-Қызмет бастығының орынбасары Ризат Смағұлов, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар, аудан прокурорлары мен әкімдері онлайн форматта қосылды.
Дөңгелек үстелде инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілер, прокуратура мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы талқыланды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында біз экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың табысын арттыруға, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударып отырмыз. Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі саналады. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда. Әрбір инвестициялық жоба әкімдік тарапынан сүйемелденіп, инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде жедел қызмет көрсетілуде. Нәтижесінде 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге – жеке инвестициялар үлесінде. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар үш есеге артық орындалды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2026 жылы 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асыру арқылы 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Біздің міндетіміз – қауіпсіз әрі ашық инвестициялық ортаны қалыптастыру. Түркістан облысының әкімдігі бизнес-қауымдастықпен ашық диалог орнатуға әрқашан дайын. Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев конституциялық реформа бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болмақ. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Бұл реформа ел тарапынан ерекше қолдау тауып отыр, – деді өз сөзінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшерев
Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республика көлемінде жетекші өңірлердің бірі болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 745 млрд теңгені құрады. Жылдық жоспар 1 трлн 427,1 млрд теңге болғанын ескерсек, көрсеткіш 121,6%-ға орындалды. 2026 жылға инвестиция тарту индикаторы 1 трлн 720 млрд теңге көлемінде бекітілген.
2025 жылдың III тоқсанының қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, жылдық жоспар үш есеге жуық артық орындалды. 2026 жылға тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспары 499 млн АҚШ доллары көлемінде бекітілген.
2025 жылы жалпы құны 339 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 340 тұрақты жұмыс орны құрылды. 2026 жылы жалпы сомасы 444 млрд теңгеге 66 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында облыс әкімінің төрағалығымен тұрақты түрде инвестициялық штаб отырыстары өткізіледі. Онда облыс әкімі әр инвестормен жеке тілдесіп, жобалардың қазіргі жағдайын және туындаған өзекті мәселелерін тыңдайды. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі облыс әкімінің жеке бақылауында.
Облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты инвестициялық штаб отырыстарын өткізеді, жеке кездесулер ұйымдастырады, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіреді және жобалардың іске асырылуын толық сүйемелдейді. Сонымен қатар «Инвест-Керуен» көшпелі кеңестері және шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша семинарлар өткізілуде. Фронт-офис инвесторларға аналитикалық, консультациялық, көші-қон және әкімшілік қолдау көрсетеді.
Инвестициялық саясат Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып, заң үстемдігі мен инвесторлардың құқықтарын қорғау арқылы өңірдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында прокуратура органдары «прокурорлық сүзгі» тетігін жүйелі түрде қолдануда.
Өткен жылы аталған тетік арқылы 41 заңсыз әкімшілік істі келісуден бас тартылып, 12 инвесторға қатысты негізсіз тексерулер тоқтатылды.
Соңғы екі жылда мемлекеттік органдардың 300-ге жуық шешімі зерделеніп, нәтижесінде 62 әкімшілік істі қозғаудан және 21 тексеруді тағайындаудан бас тартылды.
Сонымен қатар 2024 жылдан бері прокуратура бастамасымен мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілген «Инвест-Караван» акциялары аясында 60 көшпелі іс-шара ұйымдастырылып, 150 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді, 42 инвесткейстің мәселесі шешімін тапты.
Іс-шара қорытындысы бойынша инвесторларды қолдау қағидатын сақтай отырып, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыс жалғасатыны атап өтілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛМЕК

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесуде өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және институционалдық ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Өңірде 215 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасауда. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылардың біріміз. Кәсіпкерлік саласы өңірдегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы. Бүгінгі таңда біздің алдымызда экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін ұлғайту, қайта өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер тұр. Өңірде кәсіпкерлік субъектілерді қолдау мақсатында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біз кәсіпкерлердің қаржысын және уақытын үнемдеу мақсатында шағын өндірістік парктер жобасын қолға алдық. Кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу арқылы ұсынылады. Түркістан облысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен жүйелі өзара іс-қимылымызды күшейтуіміз қажет. Алдағы уақытта отандық бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп атқаратынымызға сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетін ерекше атап өтіп, өңір бизнесін қолдау мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Өңірлерге алғашқы сапарымды Түркістан облысынан бастағаныма қуаныштымын. Бұл – демографиялық әлеуеті жоғары, аграрлық секторы мықты, кәсіпкерлік белсенділігі өсіп келе жатқан аймақ. Елдің экономикалық өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналуға барлық мүмкіндігі бар өңір. Палата нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге белсенді қатысып, рәсімдерді жеңілдету және өңірлік бизнестің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Ережелер өндіріс пен өңдеуді қиындатпай, керісінше ынталандыруы тиіс. Егер қандай да бір норма дамуға кедергі келтірсе, оны өзгерту қажет. Палата бұл бағытта белсенді серіктес бола алады, – деген Қанат Шарлапаев Палата проблемаларды тіркеумен ғана шектелмей, оларды жүйелі шешуге көшкенін айтты.
Жер мәселесі, инфрақұрылым, инженерлік желілерге қосылу, рұқсат рәсімдері, тексерулер мен қаржыландыруға қолжетімділік – кәсіпкерлер жиі кездесетін кедергілер. Жиында осы бағытта жобаларды бірлесіп сүйемелдеудің нақты әрі түсінікті механизмін қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар Палата цифрлық шешімдерді енгізуді және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға дайын екені айтылды.
Кездесуде шағын, орта және ірі бизнеске арналған нақты құралдар да таныстырылды. Шағын бизнес үшін өңірлерде жеңілдетілген қаржыландыру құралы іске қосылған. Мөлшерлеме – 13,2%, қаржыландыру көлемі – 200 млн теңгеге дейін. Жалпы республика бойынша бұл бағытқа шамамен 400 млрд теңге қарастырылған. Қаржы өндіріс пен өңдеу саласына бағытталуы тиіс. Бұл тетік Түркістан облысы үшін өзекті. Себебі өңірде агроөңдеу, құрылыс материалдары өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді.
Кездесу соңында әкімдік пен бизнес арасындағы тұрақты әрі мазмұнды диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Инвестициялық жобаларды бірлесіп мониторингтеу, инфрақұрылымдық шектеулерді талдау және жүйелі мәселелерді Үкімет деңгейіне жедел шығару бойынша ұсыныстар айтылды. Түркістан облысының әлеуетін толық іске асыру бағытындағы әріптестік алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Айта кетейік, облыста 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриалды аймақ болса, оның 12-сі соңғы екі жылда құрылды. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақта 2 жаңа өнеркәсіптік қосалқы аймағы құрылды. Қазіргі уақытта индустриялық және экономикалық аймақтарда құны 445,4 млрд теңге болатын 126 инвестициялық жоба іске асырылуда. Іске асырылуы 2026-2029 жылдарға жоспарланған 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылды. Аудан, қалаларда 25 өндірістік парк құрылуда. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталған 45 өндірістік ғимаратта 32 жоба іске қосылды. Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы мен өзекті мәселелері апта сайын инвестициялық штабта қаралады. Әкімдік тарапынан әрбір жоба бойынша қажеті сүйемелдеу жұмыстары атқарылуда.

Бет Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің материалдары бойынша дайындалды