Ән әлемі тіптен өзгеше құбылыс. Көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін керемет тәтті әуендер бүкіл жан дүниеңді байлап-матап, еліте жөнеледі. Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй», – дегені осыдан шығар. Ән мен күйді құрметтеген адамның терең ойлары оянып, дүниені басқаша сезініп, ғажап сырларды ашады, ән-күй шығарады. Осындай өнерге ғана емес, өнерсүйер қауымға деген үлкен махаббатын арнаған елімізге танымал әнші, термеші, ақын, сазгердің бірі – жарықтық Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспан болатын.
Шығармашылық сапарындағы марқұм жан досы, ақын Әбілда Аймақпен: «Саз шықты, сөз жаз» деп, кейде керісінше «Сөз шықты, сазын жазып жібересің бе?» – деп екеуі егіз қозыдай бірге жүретін. Замандас досы Әбілда Аймақ: «1970 жылдары қалада да, ауылда да жастар арасында түрлі кештерде «модаға» айналған әндер шырқалатын. Бұл әндер тіпті түнгі барлар мен көшелерде, перрондар мен порттарда да жиі естілетін. Жұрт барынша қосылып, жүрекке жылы тиетін сол әуендер «Шымкенттегі сұлу қыз», «Аппағым-ай, аппағым», «Әке-шешем үйлен дейді маған», «Аяла өзің мені» секілді әндер еді. Әрине, ол кезде бұл әндердің авторы кім екенін сұрау да жоқ, тек халықтың аузынан түспейтін. Бірақ сол әуендердің шынында авторы өзімізбен бірге Шымкент музыка училищесінде оқыған Өмірзақ екенін кейін ұқтық. Өмірзақ сол кезде жастықтың алаулаған жалынына толы еді ме, әлде жасөспірімнің тері мен ет арасындағы ұшқыны ма, әйтеуір қолынан гитарасын тастамайтын. Біз оның әндерін қанша тыңдап, жақсы көргенімізбен, оны сазгер деп қабылдамадық. Ол өзін де ән жазушы деп ерекше көрсетуге әрекет жасамайтын. Кейін уақыт өз дегенін істеп, әрқайсымызды әр тарапқа алып кетті. Өмір жолы бөлек-бөлек тарады. Өмірзақтың сол кездердегі қарапайым ғана ұшқыны уақыт өте келе жалынға айналыпты. Оның әндерін өзінен басқа ешкім орындамаса да ол бұл жайында айғай салмады. Тіпті музыкаға аса қызықпайтын адамдар да оның шығармашылығына аса мән бере қоймады. Бірақ жақсы дүние адамның жүрегіне біртіндеп сіңетіндей, Өмірзақтың әндері де халық жадына бірте-бірте сіңіп, рухани мұраға айнала бастады», – деп сыр шерткен екен.
Өзінің нәзік лирикаларымен қоса патриоттық әндерімен әнсүйер тыңдарманын қалыптастыра білген әрі олардың қатарын жылдар өткен сайын қалыңдатпаса селдірете қоймаған сазгер 1955 жылы 29 наурызда Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген екен. Михаил Васильевич Ломоносов атындағы №47 орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін 1970 жылы Шымкент қаласындағы Музыкалық училищеге оқуға түскен. Мамандығы – музыкант. Бала кезінен домбыра тартып, ән айтып көзге түскен ол мектепаралық, аудандық және облыстық өнер байқауларына қатысып, бағын сынап көрген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен ән шығаратын сазгер, тамаша баяншы Өмірзақ Жұмағұлұлының 1995 жылы «Шымкентім – шырайлым» атты әндер жинағы жарық көрді. Қазақстан Композиторлар одағы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық филиалының белсенді мүшелерінің бірі болған. Өнерімен өмірдің өзегін өрнектеген, шабыт шақырса арқаланып, ешкімге тоқтамайтын, талантымен танылған сазгер әрі ақын Өмірзақ Оспанның шығармашылық жолы нағыз мақтанышқа лайық.
Оның өнерге деген адалдығы мен қажырлы еңбегі түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырынан көрінуге сеп болды. 1988 жылы ұйымдастырылған «Жігер» фестивалінде Құрмет грамотасын иеленген сазгер «Біркөлік – 1988» ән фестивалінде жүлделі орынға көтеріліп, «Біркөлік – 1989» байқауында жеңімпаз атанды. 1990-1994 жылдары облыстық «Темірлан» атты сазгерлер байқауында үздіктердің қатарында болып, 1994 жылы осы байқауда жеке дара жеңімпаз атанды. Бұдан кейін де Өмірзақтың есімі түрлі байқауларда айрықша аталып, өнерсүйер қауымға танымал болды. «Үкілім-ай – 1996» композиторлар байқауында жүлдегер атанса, дәл сол жылы «Әскери-патриоттық әндер» байқауында екінші орынды еншіледі. «Үкілім-ай – 1997» байқауында үшінші, ал 1998 жылы екінші орын иеленіп, Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойына арналған «Үкілім-ай – 2001» байқауында арнайы «Үкілі домбыра» және тақырып таңдауда танымы жоғары композитор «Тақырып тапқырлығы» Дипломымен марапатталды. 2001-2002 жылдары республикалық «Шалқар термесі» байқауының жеңімпазы атанып, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының 70 жылдық мерейтойына арналған «Әуелетсек әуенін Отанымның» патриоттық әндер байқауында «Көрермен көзайымы» аталымының сыйлығын иеленді. 2003 жылы «Елім менің» патриоттық әндер байқауында дипломант атанса, 2004 жылы «Шалқар термесі» республикалық жарысында ынталандыру сыйлығына ие болып, термешілік қыры кеңінен танылды. Дәл сол жылы «Ауыл жылына» арналған облыстық сазгерлер байқауында үшінші орынға қол жеткізіп, лауреат атанды. 2006 жылы республикалық «Шардара туралы әндер» байқауында «Әнді халықтық дәстүрде орындағаны үшін» Дипломымен және «Көрермендер көзайымы» жүлдесімен марапатталды. 2007 жылы «Шымкент туралы ән» байқауында бірінші орынға ие болды. 2008 жылы «Біз естімеген бір ән» тележобасында «Үздік ән» аталымының сыйлығын жеңіп алған оның «Сенсің» әні халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Өнер жолында елеулі жетістіктерге жеткен сазгер Халықаралық деңгейде де мойындалды. Ол Халықаралық Сазгерлер және Жазушылар одақтарының мүшесі, сондай-ақ «Бейбітшілік әлемі» Алтын медалінің иегері атанды. 2010 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына орай Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалімен және Бекет Ата Мырзағұлұлының 260 жылдық мерейтойына арналған мерекелік төсбелгімен марапатталды. Өмірзақ Оспанның есімі Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарында ашылған «Жұлдыздар» аллеясындағы тақта тасқа қашалып жазылды. Өнер иесінің шығармашылық мұрасы айрықша. Оның «Шымкентім – шырайлым», «Ауылым», «Аружан», «Мектеппен қоштасу», «Ұмыт мені», «Астана» сынды туындыларын Қазақстанның халық әртістері – Сара Тыныштығұлова, Нұрлан Өнербаев, Саят Медеуов, тағы басқа да өнерпаздар орындап жүр. Осылайша оның жасампаз әндері қазақ өнерінің шынайы мұрасына айналды.
Шымкент қаласының Абай атындағы орталық кітапханасында өлкеміздің ақын-жазушыларымен өткен әрбір кездесу кештерінде өзінің қоңыр сазды, жүрекке жылы әуендерін орындап, көпшілік оқырманның көңілінен шығып жүретін.
2024 жылдың қоңыр күзінде өзінің қазақы сазды әуендерімен тыңдағанның көңілін қошуақ еткен өте қарапайым, шыншыл жан Өмірзақ Оспан 69 жасында дүниеден өтті. Көзі тірі болғанда келер жылдың көктемінде мерейлі 70 жасқа толар еді. Бұл да бір орны толмас өкініш!
Өмірдің әр баспалдағынан сүрінбей өз күшімен, абыроймен өткен нағыз нар тұлғалы Өмірзақ Оспан өзінің шығармашылық әлемінде өмір сүрді. Қазақ ән өнерінің түбі терең мұхитына тамшы болып қосылған 400-ден астам лирикалық, патриоттық шабытпен, сезіммен бабаларымызға да арналған әндер мен мәтіндерінің авторы. Қазіргі таңда қызы Ләззат Оспан әке арманын орындау мақсатында әлеуметтік желілерде оның әндерін жариялап келеді. Артында қалдырған мол ән мұрасына құрмет көрсетіліп, тіпті жарыққа шықпаған қолжазбалары кітап болып бастырылып шықса екен деген ұсынысымыз да жоқ емес. «Мен өлмеймін, өлмейтұғын әндерім барда» деген сазгердің арманы орындалып, көпшіліктің көңілінен шыққан есті әндері үлкен сахнада эстрада жұлдыздарының орындауында мәңгі шырқала берсін дейміз.
Бүгінде артынан қалған жан жары Дана апай, ұлы Қайрат, қыздары – Салтанат, Ләззат пен он немересі:
Сағындық әке өзіңізді,
Мөлдіреген өткір көзіңізді.
Сағындық Сіздің сөздеріңізді,
Еркелеткен бізді кездеріңізді.
Шабыт ұстап баяныңызбен
Әр шырқаған сәттеріңізді, –
деп Өмірзақ Оспанның көңілді отырып, ән орындауын сағынышпен еске алады. Марқұмның Алла о дүниесін жарық етіп, мекенін жұмақ төрінен бұйыртсын дейміз. Иә, өлмейтұғын әндері барда сазгер, ақын Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспан халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Асия САБДЕНКУЛОВА,
Шымкент қаласының Орталықтандырылған көпшілік
кітапханалар жүйесінің қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі.