Биыл қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы, хакім Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 жылдық мерейтойы атап өтілетінін бәріңіз жақсы білесіздер. Осыған орай Халықаралық,республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынболады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың:
«Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама, ол халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер.
Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік», – деп айтқаны бар.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде торқалы тойдың тағылымы мол болуы керектігін баса айтқан болатын. Оның: «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын», – деген сөзі бәрімізге терең ой салады.
Тойға әркім өзінің хал-қадерінше тарту-таралғымен баратыны бесенеден белгілі. Бай-бағландар малын жетектеп, «конвертін» көтеріп барса, олардан қалмаймын деген жарлы-жақыбайлар да тырбанып қалары анық. Ал көзіқарақты ғалым, қаламгер, зиялы қауым өкілдері өздерінің көз майын тауысып, зерттеп, зерделеп жазған әдеби көркем дүниелерін ұсынары хақ.
«Ұлт Ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынов кезінде: « Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек», – деген сөзі дәл қазіргі күнге арнап айтылған сыңайлы. Осы ретте ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлының таяуда Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Абайдың «Толық адам» атты кітабының оқырман қауымға берері көп деп ойлаймыз. Сөз орайы келгенде бұл кітаптың жарық көруіне демеушілік қолдау көрсеткен заң ғылымының докторы, көрнекті қоғам қайраткері, меценат, руханият жанашыры Бекет Тұрғараев мырзаға оқырман қауымның алғыстан басқа айтары жоқ деп ойлаймыз.
Заманымыздың заңғар, ғұлама ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы абайтану ғылымының қалыптасу мен даму кезеңдерін ғылыми түрде жүйелеп, Абай мұрасының барынша терең әрі жан-жақты зерттеуіне зор үлес қосып жүргенін екінің бірі жақсы біледі. Бұл кітапта хакім Абайдың «Толық адам» ілімі – жаңа таным жолы ретінде қарастырылады. Автор Абай танымын қазіргі заманға сай көзқараспен саралап, соны тұжырымдар ұсынуымен оқырман қауымды өзіне баурап алады.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», –
деп тебіренген Абай өз ғұмырында 258 өлең, «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Вадим» (аударма) атты төрт поэма, 45 қара сөз жазған. 28 әні 65 нұсқада айтылады. Оның «Торжорға», «Май түні», «Абай желдірмесі» атты күйлері бар.
Абайтану тарихына қысқаша шолу жасайтын болсақ, ең алдымен Абайтанудың Мұхтар Әуезовке дейінгі кезеңі (1889 – 1934 жылдар) ойға оралады. Әлихан Бөкейханов, Кәкітай Ысқақұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалардың ұлы ақын жайлы ой-толғамдары көпке ой салады.
Абайтанудағы Мұхтар Әуезов кезеңі (1934-1961) ерекше екені екінің біріне аян. «Абай жолы» роман-эпопеясы өмірге келіп, төрткүл әлемге танылды. Бұл дәуірде Сәбит Мұқанов, Қайым Мұхамедханов, Зәки Ахметов, тағы басқалар абайтанудың әртүрлі саласынан ғылыми монографияларын жариялап үлгерді.
Абайтанудың Мұхтар Әуезов дәуірінен кейінгі даму жолы да даңғыл деуімізге толық негіз бар. Осы орайда А. Машановтың «Әл-Фараби және Абай», Ғ. Есімовтің «Хакім Абай», М. Орынбековтың «Абайдың философиялық көзқарасы», тағы басқа зерттеу еңбектерін тілге тиек етуге болады.
Дана халқымызда:
«Бір жылдығын ойлаған бидай егеді,
Он жылдығын ойлаған тал егеді,
Мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді»
деген киелі сөз бар. Сол айтқандай, халқының жүрегіне ізгілік дәнін егіп кеткен Абай шығармаларын оқыған сайын ой-өрісің өрістеп, көңіл көкжиегің кеңейе түсетіні анық. Абай армандаған «Толық адам» іліміне сай ақыл-парасатты әрі еңбексүйгіш адам болып өсуге талпына түсесің. Шығыс пен Батыс ілім, білімімен қоса-қатар сусындаған Абайдан үйренеріміз мол екені даусыз. Өз кезегінде автор: «Толық адам» ілімінің өзекті желісіне орай Абайда жүрек культін көтере жыр етуі ақыл, әділет пен рақыммен тікелей байланыста жатқан рухани құбылыс ретінде танып білу – міндетімізге айналмақ», – деген тұжырым жасайды.
Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының ұжымы.