МЕЦЕНАТ

Тұлға
1 915 Views

Қазығұрт тауы. Асуды кесіп өтетін тасжол. Соның жиегіндегі шайханада екі адам әңгімелесіп отырмыз. Сұхбат құрып отырған серігімді көптен бері білемін. Таныстығымыз ҚазМУ-ге қатар оқуға түсіп, бітірумен басталған. Алған мамандығымыз әртүрлі еді. Бірақ, соған қарамастан университеттен кейін де жолымыз ара-тұра түйісіп қалып жүрді. Оған себеп өзіміз сөз еткелі отырған жан – Бекет Тұрғараұлының күрмеуі көп, күрделі сала – заң орындарында жұмыс істесе де баспасөзді керемет қадір тұтатындығы. Сөйтіп, газет-журналдардағы дүниелерге құштарлықпен зер салып, редакциялардағы қалам иелеріне құрметпен қарайтын. Осының әсерімен жақындасқан біз ақыры егемендіктің елең-алаң шағында бір-бірімізбен нағыз тілектес, мұраттас жандарға айналдық. Оған да міне, ширек ғасыр. Содан бері өз басым оның бойындағы бір ерекшелікке үнемі тәнті болып, таңғалумен келемін. Ол бұл кісінің қайырымдылығы, қамқорлығы, Атымтай жомарт мәрттігі. Иә, Бекең қай жерде жүріп қайда қызмет істемесін ел-жұртқа жақсылық жасауды ешқашан есінен шығарған емес. Осыны біліп, терең түсінгенде: «Міне, нағыз меценат! Соның дәл өзі!» – дейсің ризашылық сезіммен.

* * *

Меценат… Қазіргі нарық заманында жиі айтылатын бұл сөздің мағынасын қысқа да нұсқа түрде түсіндірер болсақ, ол руханият саласының дамуына өз еркімен және өтеусіз негізде материалдық көмек беріп, өзгелерге үлгі-өнеге көрсететін адамдар ғой. Аталмыш ұғым ежелгі Рим ақсүйегі Гай Цильний Меценаттан шыққан. Ол император Октавиан Августың тұсында өз еліндегі Виргилий және Гораций сынды ақындар, тағы басқа да талант иелерінің талмас қамқоршысы болған. Уақыт өте келе оның, яғни Меценаттың есімі мәдениет, ғылым саласына қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан ауқатты адамдардың екінші айқындауыш атына айналды. Мұның эталоны ретінде өркениет тарихындағы мәрттік пен жомарттықтың жарқын үлгісін танытқан XІІІ-ХVІІ ғасырлардағы флоренциялық Медичи әулетін айтуға болады. Олар меценаттыққа лайық айрықша танымалдылыққа атақты қайта өрлеу дәуірінің ең әйгілі тұлғаларының еңбегіне қолдау көрсету арқылы ие болған еді. Ал ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бұл үрдіс Ресейдегі Г.Солодовников, С.Мамонтов, ағайынды Третьяковтар мен С.Морозов сынды ақсүйектердің бастамасымен алға дами түссе, ХХ ғасырда Ұлыбритания және Франциядағы банкир Ротшильдер үрім-бұтағының қолдауымен нағыз заманауи талапқа сай деңгейге көтерілді. Осындай демеушілер нәтижесінде патша заманындағы Мәскеуде түрлі театр ғимараттары мен көркемсурет галереялары салынып, Санкт-Перетбургте музей үйлері бой көтерсе, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Париж бен Лондондағы мұрағат қорлары әлемнің түкпір-түкпірінен сатып әкелінген ғажайып өнер туындыларының мол коллекциясымен толықты.

– Ізгі ниеттен туған жоғарыдағыдай игі бастама ұшқындары ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында өзіміздің Қазақ елінде де болған, – деді осы араға келгенде әңгімеге араласқан Бекең сәл ойлана тіл қатып. – Оған мысал ретінде Жетісудағы Тұрысбек қажы Маманов әулетінің қайырымдылық істерін айтуға болады. Ол кісі 1899-1907 жылдары Қапал өңірінде өз қаражатына үлкен мектеп салдырып, оған Ыстамбұл, Қазан, Уфа, Семей және Орынбордан мұғалімдер шақыртқан. Сөз ретіне қарай ризашылықпен еске алар бір жәйт, шәкірттерге 11 пәннен сабақ беретін ұстаздар жалақысы және мектеп оқушыларының қағаз-қаламы мен жатын орнына қажет шығындардың бәрін де тағы сол Маман тұқымдарының өздері көтерген. Бұл бұл ма, аталмыш әулеттің өзгелерге үлгі-өнеге болар келесі игілікті ісін айтпай кетпеуге тағы болмайды. Ол 1912 жылы қаражаттан қысылған «Қазақ» газетіне жәрдем ақша жіберіп, 1915 жылы ұлттық әдебиетіміздегі тұңғыш романға бәйге жариялаған «Айқап» журналының бастамасына қаржылай қолдау көрсетуі еді.

– Солай деңіз. Ал, кеңестік кезеңде ше? Жекеменшік даму тұқыртылып, ұжымдық ұстаным үстемдік еткен ол заманда біз сөз етіп отырған меценаттықтың көрініс табуына мүмкіндік болды ма?

– Болды. Бірақ, өте сирек жағдайда дер едік. Үкімет өздеріне қажет кезде бұл дәстүрді ұмытпады. Сөйтіп оны патриоттық шара ретіндегі үгіт-насихатпен өз мүддесіне шебер пайдалана білді. Бұған мысал ретінде сол кездегі биліктің атақты Қажымұқан балуанның беделімен бүкілхалықтық маңызы бар үлкен шаруаны ұйымдастырғанын айтуға болады. Ол алып күш иесінің 1943-1944 жылдарғы соғыс кезінде тылда жасақталған мәдени-үгіт бригадасының құрамында өнер көрсетіп, одан тапқан 100 мың сом ақшаны әскери ұшаққа деп Қорғаныс қорына беруі еді. Ал одан бергі бейбіт кезеңде… Иә, бұл уақытта да үкімет өз заманының ғылым мен техника және өнер саласындағы ірі тұлғаларының Одақ деңгейіндегі қол жеткізген Мемлекеттік сыйлық, Халықаралық фестивальдегі марапаттарынан түскен ақшаларын қайырымдылық мақсатындағы іс-шараларға беруге қарсылық жасамаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұған республикамыздың бұрынғы басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өмірінен алынған мысалмен жауап берейік. 1952 жылы Димекең Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланады. Осы ғылыми дәрежесі үшін ол кісіге кәдуілгі жалақысынан тыс ай сайын 340 сом беріліп тұруы керек екен. Бұл сол кездегі бір үлкен мекеме басшысының еңбекақысы ғой. Бірақ, әлгі ақшаны Димекең алмаған. Академиктік атағы айқындалған 1952 жылдан бастап өзі өмірден өтер 1993 жылға дейінгі жарты ғасырға жуық уақыт бойы оны ай сайын Алматыдағы жетім балалар үйіне аудартып отырған.

– Қазір, – деді бұл тақырыпқа байланысты әңгімемізді түйіндеуге айналған Бекең, – жағдай басқаша. Еліміз егемендік алғалы бері қай іске де еркін жол ашылды ғой. Отандастарымыздың 90-жылдарғы киоск (дүңгіршек), цех, кооператив құрудан бастаған жеке іс-қимылдары жанданып, бүгіндері компания, концерн мен кешенді агрофирмалар деңгейіне жетті емес пе?! Қуаныштысы, соларды басқарып отырған қандастарымыздың дені төңірегіндегілерді жұмыспен қамтып қана қоймай, түрлі қайырымдылық акцияларына меценат ретінде қатысуы. Мұны олардың өз өңірлеріндегі өнер өкілдерінің концерттік бағдарламаларын өткізуге көмектесуден, ақын-жазушылардың шығармашылық кештеріне демеушілік танытуы мен мектептерді жөндеу жұмысына қол ұшын беріп, көпір, мешіт салуға жәрдемдесуінен анық көреміз.

– Ал Сіз ше? Кезінде өзіңіз де талай игі істерге ілкімділік танытып, солардың басы-қасында жүрдіңіз ғой. Қайырымдылық шаралардың неше түрін қазір де жалғастырып келесіз. Есіңізге түсіріп көріңізші, бұл бағыттағы ең алғашқы қадам неден, қалай басталып еді өзі?

Әңгіме иесі бұл сауалға сәл ойланып барып, төмендегі жайды айтуға кірісті. 2002 жылдың көктемі екен. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысына әкім болып келген Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев «Туған жерге тағзым» атты жаңа акцияны қолға алады. Мақсат – бір кездері осы өңірде өмірге келіп, енді республикамыздың түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп жүрген іскер азаматтарды Шымкентке шақырып, ақылдасу еді. Онда: «Аймақты қайтсек алға бастыра аламыз? Бұл жөнінде кімнің қолынан не келеді және қандай көмек бере алады?» – деген мәселе төтесінен қойылып, соған нақты жауап ізделеді. Міне, сонда кезінде осы жерде туып-өсіп, ат жалын тартып мінген соң Шымкенттегі аудандық, облыстық сот басшысы болған, одан кейін еліміздегі Бас прокуратура мен Әділет министрлігінде жауапты қызметтер атқарып, сол кездері Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымында жүрген Бекет Тұрғараев аталмыш өңірдегі өзін көптен ойландырып жүрген бір шаруаны жүзеге асыруға сөз береді. Ол Қазығұрт ауданының Талдыбұлақ ауылындағы мектептің жағдайы еді. Орталықтан шалғайда орналасқан елді мекендегі бұл білім ұясы 1952 жылы бастауыш сынып негізінде жұмыс істей бастаған-тұғын. Кейін мұндағы тұрғындар саны өсіп, 80-100 түтінге жеткенде оған оқушылар сыймай, ересек балалар тау аңғарынан жеті шақырым жердегі Шарапхана ауылына барып-келіп оқуға мәжбүр болған. Міне, осы жағдайды жақсы білетін Бекең облыс әкімінің жоғарыдағы бастамасынан кейін оны қолдау үшін өзінің атамекені Талдыбұлақтағы жаңа мектеп үйін салуға ынты-шынтымен кіріседі. Нәтижесінде, жаз маусымы аяқтала бере іші-сырты аппақ жұмыртқадай жарқыраған кең де жарық еңселі ғимарат жаңа оқу жылына дайын болады. Оның ашылу салтанатына келген әкімінің сол кездегі орынбасары С.Громов жиналған жұртшылыққа бұл білім ұясы бұдан былай тоғызжылдық мектеп болады деген көзайым хабар айтса, Қазығұрт ауданының әкімі Әли Әбдікәрімұлы Бектаев жоғары сыныптарға деп компьютер кешені мен дене шынықтыру залына спорт құрал-жабдықтарын әкеліп, оқушыларды мәре-сәре етті. Талдыбұлақтағы қуаныш-думанға толы сол күні…, иә, сол күні ауылдастары арасынан Бекеңе алғыс айтпаған адам әй, қалмаған шығар, сірә!

Халқымызда: «Із ілгері тартады», – деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, жоғарыдағы жақсы іс көп кешікпей кейіпкеріміздің өзі қызмет істеп жүрген Солтүстік өңірінде одан әрі жалғасын тапқаны бар. Оған себеп болған Бекеңе жүздесуге келген қызылжарлық ақсақалдың сөзі еді. Ол кісі облыстық сот төрағасының қабылдауына келіп, амандық-саулық сұрасқан соң кабинет қабырғасындағы шағын кілемшеде көрініс тапқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің бейнелеріне ұзақ қарап отырып қалады. Сөйтеді де: «Шырағым, мына әрекетіңе ішім жылып, бек риза болып отырмыз. Біле білген адамға бұл кешегі билер кеңесі мен бүгінгі құқықтық билік алқасы арасындағы сабақтастыққа деген құрмет нышаны ғой. Осыны көріп, ойыма бір нәрсе оралып отыр, – дейді. «Айтыңыз. Құлағым Сізде ақсақал», – деп жауап береді төраға. «Олай болса, – дейді қария, – сонау Абылай заманында осы өңірде жоғарыдағы үш атақты биді үлгі тұтып, солардың сөзін ұстауға әрекет жасаған Тоқсан Жабайұлы атты қасиетті кісі болған. Әділдігі мен алғырлығына қарап Омбы, Қызылжар өңірінің халқы оны 16 жасында-ақ Төбе би ретінде таныса, кейін бұған Тобыл губерниясындағы қандастарымыз бен Қостанай, Көкшетау аймағының елі қосылып Бас би атаған. Патшалық Ресей мен кеңес заманында сол дана бабаның өзі мен сөзі ұмытылып, зиратының қайда екені 1991 жылға дейін белгісіз болып келді. 2000 жылы Сібірдің Түмен жағында тұратын ұрпақтары елге келіп, Тоқсан Жабайұлының бейіті Ғабит Мүсірепов ауданының Западное селосында екенін айтты. Енді сол жерде басы қарайтылса, шіркін! Ас беріліп, ақылды сөздері жинақталған кітап шықса, тіпті сауапты іс болар еді. Бірақ оны қолға алатын кім бар дейсің, қарағым?

– Саспаңыз, қария, – дейді мына сөзді әрі толқып, әрі тебірене тыңдаған Бекет Тұрғараұлы. – Қара қылды қақ жарған бұрынғы би бабаларымыздың, елге сөзін тыңдата алған ділмар аталарымыздың ізбасары да, мұрагері де бүгінгі сот саласының адамдары ғой. Сондықтан, әруақ риза болсын, біз мұны қолға аламыз.

Осылай деген облыстық сот төрағасы: «Тәуекел!» – деп іске кіріседі. Бұл бағыттағы жұмысын ол алдымен аталмыш зират төңірегін мал, техника жүрмейтіндей етіп қоршап, көгалдандырудан бастайды. Содан соң жергілікті жердегі белсенді топ мүшелерін ұйымдастыра отырып кесене тұрғызады. Ас беріледі. Оған Петропавл қалалық сотының сол кездегі төрағасы Қ.Досановтың отбасы мен «Вест» ЖШС басшысы М.Тасмағамбетов, тағы басқалары ынты-шынтымен үлес қосып, қолдарынан келген көмектерін аямады. Осымен бір мезетте біздің кейіпкеріміз Тоқсан биге қатысты тағы бір істі қолға алып, оны жеделдете шешуге кіріскені бар. Ол Бекеңнің ел жиналған сол ас үстінде республикалық Судьялар одағы жергілікті бөлімшесіне үндеу қабылдаттыруды ұйымдастыруы еді. Соның нәтижесінде Ғабит Мүсірепов ауданындағы Западное селосы мен облыс орталығындағы жаңа көше дана баба атына ие болды.

Ал содан біраз уақыт өткен соң, яғни 2008 жылы Қызылжар жұрты үлкен датаға әзірленіп жатты. Ол – атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдық мерейтойы еді. Іс-шара жақындаған сайын оған қатысты құрылған комиссия отырыстарының да жиілеп кететіні белгілі жай ғой. Сондай басқосулардың бірінде Бекең төмендегідей әңгіменің куәсі болады. «Айтып, қолға алып жатқан жұмыстарыңның бәрі дұрыс, – дейді мінбеге көтерілген қарт кісі. Бірақ осындай елдік шарада ақынның ата-анасы, туған-туыстары неге ұмыт қалуға тиіс? Әсіресе, әкесі… Бекен ақсақалды айтамын да… Баласы «халық жауы» деп ұсталып кеткенде перзентінің жағдайын кімге барып, қайдан сұрарын білмеген ғой, жарықтық. Ақыры 1938 жылы ұлының тағдырын білу үшін 110 шақырым жердегі ауылдан осы қалаға арып-ашып жетпей ме? Міне, сонда тиісті мекемелерден жөнді жауап ала алмаған қария пұшайман халде жүріп жатақтар барагында қайтыс болады. Олар қарияны сол кездегі қазақ-татар зиратына апарып жерлеп, өздерінен кейінгілерге: «Марқұмның денесі шет жақтағы үлкен қарағаштың түбінде», – деп айтып кетіпті. Қазір бұл жер – парк (саябақ). Соғыстан соң қала қатты өскен. Сонда ешкім обал-сауапқа қарамай, осылай істеген ғой. Бірақ онда әлгі ағаш әлі бар. Түкпірде өсіп тұр. Айтайын дегеніміз, ақынның мерейтойы қарсаңында сол маңға бір белгі қойылса деген ойым бар, жарандар. Сонда демалыс орнында серуендеп жүргендер бейітті баспай, оны айналып өтер еді. Мағжан тойы қарсаңында міне, осы жағдайды ескерсек. Әруаққа осылай құрмет көрсетсек…»

Жиналыстағы мына сөзді естігенде Бекең қатты толқып кетті. «Апыр-ай, ә, қалай білмей келгенбіз? – деді іштей күбірлеп. – Замана дауылы бұл отбасынан жалғыз Мағжанның өзін жұлып алып кетті ме десек, қайғы-қасірет жетпістегі жер таянған әкесінің басынан да арылмаған екен ғой. Ал анасы ше? Аймаңдай ұлды өмірге әкелген ол ғазиз жанның сүйегі қай жерде? Басқосуда сөйлеген қария дұрыс айтады, мерейтой бағдарламасындағы ақын кітаптарын баспадан шығарып, ескерткіші түбінде өлеңдерін оқу, ас беріп, ат шаптырудан басқа, әруақтарға қатысты имандылық шараларын да ұмытпау керек-ау… Мәселен, осы датаға арналған іс-шаралар аясында демеушілер күшімен жоғарыда сөз болған Бекен қарияның басын қарайтсақ. Одан кейін ақын анасының бейітін тауып, белгі қойсақ…

Осы ойға бекінген кейіпкеріміз ертеңіне куәгер қарияларды ертіп алып, қалалық паркке (саябаққа) барсын. Ондағы кәрі қарағашты тапсын. Тізе бүгіп, 71 жыл бойы ескерусіз жатқан әруаққа Құран оқысын. Содан соң шұбырып қала әкімі Никандровқа кірсін. Одан рұқсат алған соң осындағы судьялар қауымдастығының белсенді топ мүшелерімен тізе қосып, жұмысты бастап кеп кетсін.

Соның нәтижесі арада екі ай өткенде, яғни, 2008 жылғы маусымда қалалық парк (саябақ) түкпірінде ашылған ескерткіш. Бүгіндері ол осы демалыс аймағындағы жиек жолмен арлы-берлі өткен жүргіншілерге мұнда Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекен қарияның жерленгенінен хабар беріп тұр. Сөз орайында осы оқиғаның жалғасы дерлік мына жәйтті де айта кетейік. Ол Бекет Тұрғараұлының кейін іздеу салып жүріп, ақынның анасы Гүлсім Әшірбекқызының да бейіті басына белгі қоюы. Бұл ғазиз жан 1943 жылы ауылда қайтыс болып, мәйіті Сарытомар қорымына қойылған екен. Осылайша жоғарыда сөз етілген ізгі істер ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдығына арналған мерейтойдағы ең үлкен тағылымды шаралардың бірі болды.

Енді осы жерде, яғни қазіргі әңгіме етілер сөз кезегінде біз айтпай кетпейтін бір жәйт бар. Ол өзіміз әңгіме етіп отырған жанның Ұлы даланың дара перзенті Қожаберген жырауды бүгінгі ұрпақтың жаңаша танып-білуіне байланысты сіңірген ерен еңбегі. Көзі қарақты оқырман жақсы біледі, Бекет Тұрғараұлының бұл істі неден бастап, немен аяқтағаны туралы соңғы жылдар мұғдарында мерзімді баспасөз беттерінде жеткілікті жазылды. Сол себепті қазір біз бұдан «Америка аша» алмаймыз. Сондықтан, мұны аузы дуалы, сөзі уәлі Әбекең, Әбіш аға Кекілбаевтың сөзімен түйіп-түйіп бергенді жөн көріп отырмыз.

Онда абыз аға өз лебізін: «Халыққа болсын, елге болсын, тарихқа болсын дейтін меценаттарымыз өте аз, – деп бастапты. – Соған байланысты біздің көптеген шаруаларымыз әлі қолға алынбай жатыр. Айтса ауызекі айтылады. «Неге өйтпеске, неге бүйтпеске», – деп даурығысады. Сонымен, кейінге қалып жатады. Бірінің айтқанында екіншісінің ісі жоқ. Ал Бекеттің жақсылығы – бір айтады, айтқанын істейді, ешкімнің ойламағанын ойлайды, ойламаған шаруаны бітіреді. Сөйтіп, ешкімнің ойында жоқ жарқын істерді атқарып, оны елдік деңгейге көтереді». Сөйтіп келіп қаламгер: «Оған мысалға Солтүстік Қазақстандағы осы азаматтың қолға алуымен жүзеге асқан игі істі келтіруге болады. Ол біреу өмірде болды, біреу болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жырауға қатысты жағдай еді. Сол ұлы тұлғаның өміріндегі ақтаңдақтарды анықтап, тұқым-тұяғын тірілткен Бекет болды. Оның зейінді зерттеушілер мен білікті мамандардың басын қоса білуінің арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды», – деп баға берді.

Әбекеңнің бұл айтқаны рас. Кейіпкеріміз аталмыш шаруаны алдымен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорын құрудан бастады. Оның мүшелігіне тартылғандар бір сөзді, адал әрі іскер азаматтар-тұғын. Міне, соларға сүйенген Бекең арнайы түзілген жоспармен жыраудың туған жеріндегі ата-бабасы, ұрпақтары жатқан қорымға рәміздік тұрғыдағы күмбез орнаттырды. Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка селосындағы орта мектеп алдына батырдың кеуде мүсіні қойылып, осы білім ұясында оған арналған музей ашылды. Содан кейін Петропавлдағы №6 орта мектеп ұлы жырау есімімен аталып, жоғарыда сөз етілген қордың қолдауымен танымдық насихат бағытындағы «Қожаберген», «Баба тілі», «Елім-ай», «Өнер қонған әулет» атты кітаптар жарық көрді. Осымен бір мезетте қор мүшелерінің бастамасымен республика Үкіметі қаулы қабылдап, Қожаберген Толыбайұлының туғанына 350 жыл толу мерейтойы Астана, Алматы, Петропавл қалаларында ғылыми-тәжірибелік конференция, ақындар мүшәйрасы, ат бәйгесі және түрлі концерттік бағдарламалар негізінде аталып өтті. Осының бәрін көз алдыдан өткізіп, ойша шолғанда: «Қолға алған істі бастау, оны жүйелі жүргізіп, жеріне жеткізу, сөйтіп мәселені түбегейлі шешу үлгісі осындай-ақ болар», – дейсің.

…2011 жыл Бекет Тұрғараұлы өміріндегі күрмеуі көп күрделі кезең болды. Маңғыстауда Жаңаөзен оқиғасы бұрқ ете түсіп, жағдайды тұрақтандыру үшін билік тарапынан бар мүмкіндік көздері таразы тасына түсіп жатқан кез еді. Сондай уақытта өмір көрген, заң саласында мол тәжірибе жинақтаған және жұртқа сөзін өткізе алатын ел ағаларының бірі ретінде Бекет Тұрғараұлы жаңадан тағайындалған облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың кеңесшісі қызметіне шақырылғаны бар. Жағдай ауырлау кез-тін. Мұны еңсеру үшін кабинетте ғана күн өткізбей, елмен бірге жүріп, бірге тұру, сөйтіп көптің көңіл-күй ауанына қарай қимылдау керек болды. Сондай сәтте байқағаны, мәселе тек әлеуметтік жағдайдың ушығуында ғана емес екен. Өлкедегі рухани сала да қамқорлықты қажет ететін сияқты. Себебі, мұндағы фольклор және жазба әдебиет қазынасын, дәстүрлі әнші-күйшілер мұрасы мен сурет-бейнелеу өнері туындыларын кешенді түрде жарыққа шығару көптен бері қолға алынбаған. Соның салдарынан жергілікті талант иелері шығармалары шетқақпай көріп, көп мәселе қордаланып қалған.

Осыны байқаған Бекең мұндағы әдебиет пен өнер өкілдері шығармашылығына қатысты түйінді алдағы жақындап келе жатқан үлкен бір іс-шара аясында шешуді ұйғарды. Ол облыстың жеке отау тігіп, шаңырақ көтергеніне 40, ал оның орталығы Ақтау қаласының өмірге келгеніне 50 жыл толу мерейтойы еді. «Міне, осы датаға орайластырып «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» антологиясын шығару керек. Сонда бұл шеткерідегі аймақ адамдарының рухын көтерер шара болары анық», – деген шешімге келді ол. Осы оймен жеделдетіп комиссия құрды. Оның мүшелерінің міндеті – арғы заман ақындарына қатысты архивті ақтарып, жыраулар мұрасын жинастыру, қазіргі қалам иелерінің тізімін түзіп, олардың таңдаулы туындыларын іріктеу, соның негізінде қолға алған бұл кешенді жобаның жалпы көлемін анықтау еді. Міне, содан соң барып ол жартылай облыстық бюджет, жартылай өзі бастаған демеушілерден қаржы көзін табуға әрекет жасады. Ақыры 2012 жылдың күзінде аталмыш өңірдегі дарын иелерінің 50 кітаптан тұратын жинағы жарық көріп, оның тұсаукесері Маңғыстау облысының Елордадағы күндері аясында республикалық Ұлттық кітапхана мен Конгресс-холда табысты өткені бар.

Осыдан кейін Бекең мұндағы мәнді де маңызды тағы екі шараға бел шеше кірісті дейсіз. Оның алғашқысы кезінде мұнайлы өңірде жарқылдап шығып, жастардың жалынды басшысы болған Ғани Қаринге рухани тұрғыдағы көмек қолын созуы еді. Қабылдауға келген бұл азаматтың хал-жағдайын сұрап білсе, кездейсоқ жол апатынан денсаулығына нұқсан келіп, қоғамдағы белсенді өмірлік қызметін жалғастыра алмапты. «Бірақ қиын тағдырыма мойымай, өзімнің атамекенім – қазыналы түбек туралы танымдық еңбек жазып бітірдім, – дейді ол. – Осы дүниені оқып, пікір білдірсеңіз». «Жақсы!» Ол әңгіме иесін осылай шығарып салып, қолжазбамен танысып көрсе, өте қызық туынды. Ондағы алған әсерден арыла алмаған Бекең келесі аптада Ғани Қаринге: «Кітабыңызды оқыдым. Тағылымы мол туынды. Жарық көруіне көмектесеміз», – дейді. Сөйтеді де өзі демеушілік етіп, автордың «Асыл ойлар әлемі» атты шығармасын баспадан шығарып береді.

Ал кейіпкеріміздің одан соңғы, иә, содан кейінгі қолға алған шаруасы Маңғыстаудағы Адай жылқысына деген қамқорлық еді. Білмей келіппіз, ауа райының қай түріне де төзімді, ойлы-қырлы даладағы күні-түнгі жүріске шыдамды бұл жануарға таяу және алыс шетелдегілер керемет қызығады екен. Бірақ, олардың қолдарындағы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы саяхатшылар кітаптарындағы деректерден басқа ештеңе жоқ. Кешегі Кеңес өкіметі жылдарындағы шаруашылық ыңғайдағы цифрлық мәліметтер бүгінгі заманауи талапқа жауап бере алмайды. Демек, Адай жылқысы жөнінде шағын анықтамалық шығарып, жұртқа таныстыратын насихаттық жұмыс жүргізу керек. ТМД елдері аясында өтіп жататын ат байқауына қатыстыру қажет. Осындай ойға бекінген Бекет Тұрғараұлы Үстірттегі атбегі ақсақалдардың айтқан әңгімелері және ұсыныс-пікірлері бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтаудағы меншікті тілшісі Г.Шынтемірқызына проблемалық мақала жаздыртады. Шабандоздар сыны өтетін Түркістан, Закавказье, Кубань ипподромдарына (атшабарларына) хат жазып, өтінім бергізеді. Соның нәтижесінде Ресейдің Рязань облысынан жылт еткен жақсы хабар келеді!.. Бірақ оған қажет қаржы… Осы жерде кейіпкеріміздің тағы да ақ тер, көк тер болып қимылдауына тура келді. Ақыры жартысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан, жартысы Бекеңнің өзі тапқанынан жиналған ақшамен жолға шыққан үш Адай жылқысы ұшқырлығы, төзімділігі және жай жүрістегі желгіштігі бойынша жеңімпаз атанып, ТМД елдері шеңберіндегі ат байқауының каталогына кіргені бар.

Хо-о-ш!.. айта берсек Бекет Тұрғараұлы өміріндегі меценаттықтың әртүріне байланысты жоғарыдағыдай мысалдар көп. Тіптен көп. Мәселен, соңғы 15 жыл мұғдарында бұл ізгі ниет иесінің ғалым Серік Қирабаевтың 8, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 10, ақын Қадыр Мырза-Әлінің 20 томдығына демеушілік танытушының өзі бір үлгілі әңгіме. Сондай-ақ, оның Солтүстік Қазақстандағы Шал ақын мен Үкілі Ыбырай және академик Ебіней Букетовке, Шымкенттегі Сайрам соғысының батырлары әкелі-балалы –Тілеу мен Жолдысаяқ, Алматы облысындағы Орбұлақ шайқасының қаһарманы Салқам Жәңгірге орнатқан ескерткіштері үлкен хикая. Ал қасиетті Қазығұрт тауының асуындағы 1941-1945 жылдарғы соғыста осы өңірден Батыстағы қан майданға аттанған 410 жауынгердің есімі жазылған стелла ше? Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бой көтерген ол кешеннің тұрғызылу оқиғасы да жатқан бір тарих. Осыларды еске алғанда: «Бекеңнің 2002-2019 жылдар аралығында өзі демеушілік еткен, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, көптеген бастамаларға мұрындық болған ізгі істерінің саны қанша екен?» – деген сауал да ойға оралады. «Иә, шынында қанша? Шамалап болса да айтып көрсек қайтеді?» Байыптап қарағанда, оларды санап есептеуге болады екен. Сонда көз алдымызға бұл Алматы облысында 4, Маңғыстау өңірінде 7, Алматы қаласында 7, Солтүстік Қазақстан аймағында 14, Оңтүстік Қазақстан аймағында 15 деген статистикалық цифрлар келеді. Міне, бір меценаттың ел-жұртқа жасаған жақсылығы. Мұндай қайырымдылық иесінен бұдан артық нені күтіп, нені талап етуге болады? Шіркін, елімізден осындай жомарт жүректі жандар көптеп шықса ғой…

Бекеңнің, Бекет Тұрғараевтың меценаттық қызметі жайлы сөз еткенде оның өзінің туып-өскен жеріне деген асқан сүйіспеншілігін сөз етпей кетуге болмайды. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылының атауын Сарапхана деп өзгерту жолында көп еңбек сіңіргенін айрықша атап айтқанымыз жөн. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев өзі бас болып, педагогика ғылымының кандидаты Едіге Балабеков, философия ғылымының кандидаты Гаухар Зұлпыхарқызы Әбдәрәсіл, ауыл шарауашылығы ғылымының кандидаты Абдулла Тұрсынбаев, экономика ғылымының кандидаты Алтынбек Кенжәлиев ауыл атауын өзгерту туралы ғылыми сараптама жасайды.

Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан тоғыз жолдың торабындағы Келес, Талдыбұлақ, Жіңішке өзендерінің тоғысқан жеріне қоныстанған қаланы тұрғындар Сарапхана деп атағанына тарих куә. Сайрам, Шам қалаларымен байланыс нығайып, Сарапхана қаласының айналасындағы бай, манаптар мен бек, болыстардың жанай соғып, өз қажеттерін шешумен бірге басы қосылып, елдің тұрмысын біліп, оның жағдайын түзеу жөніндегі ойларын сарапқа салатын қала болғаны ешкімге жасырын емес. Сол замандағы жер дауы мен жесір дауын, баса-көктеп барымта жасаушылардың дау-дамайын шешіп, қарапайым халыққа жеткізіп отырған. Тұрмысқа қатысты дау-дамай мәселесі де осында шешімін тапқан. Сондықтан, ауыл-ауылдардан «Сарапханаға бара жатырмыз» дейтіндердің қатары көп болған.

Сөйтіп, Бекең бастаған топ мүшелері 2018 жылдың 2 сәуірінде тұрғындардың басын қосып, «Шарапхана ауыл округі мен Шарапхана ауылының атауын өзгерту жайлы» арнайы жиын өткізеді. Жиынның хаттамасын Қазығұрт ауданының әкімдігіне, аудандық мәслихатқа, одан облыс әкімдігіне, облыстық мәслихатқа, облыстық ономастика комиссиясына ұсыныс хат жолдайды. Өз кезегінде ондағылар да бұл ұсынысты құп көріп, Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, республикалық ономастика комиссиясына жолдайды. Ел Үкіметі ұсынысты мақұлдап, бекітеді. Міне, осылайша бұрынғы Шарапхана атауы Сарапхана болып өзінің тарихи атауын қайта иеленеді. Бүгінде осы ауылға Шымкент пен Ташкент тарапынан кіреберістегі жол көрсеткішке Халықаралық талаптарға сай «Сарапхана ауылы» деген жазу жазылып қойылған.

* * *

Әңгіме аяқталды. Шайханадағы орнымыздан тұрдық. Сол кезде маған бұрылған Бекең: «Әуежайға ерте барғанда не істейсің? Жүр, одан да үш бидің ескерткіштеріне тағы бір барып қайтайық, – деді. Мен: «Жарайды», – дегендей басымды изедім. Міне, аяңдап отырып беткейдегі кешенге де жақындадық. Бұл біздің кейіпкеріміздің өзімен мүдделес, пікірлес кәсіпкерлерді жұмылдырып жасаған кезекті игі ісі. Үстіміздегі жылдың мамыр айында салтанатты түрде ашылған оған еліміздің 14 облысынан шақырылған қонақтардың қатарында Елордадан біздің де келіп қатысқанымыз бар. Үш мың адам жиналған онда ел ағалары бірлік, ынтымақ жөнінде жақсы сөздер айтып, соңы бүкілхалықтық мерекеге айналған еді. Енді міне, ел тараған соң Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымыздың құрметіне орнатылған кешенге тағы келіп тұрмыз.

– Қалай ойлайсың? Дұрыс жасалған ба? – деді Бекең маған бұрылып.

– Иә, – дедім мен. – Ескерткіштегі бейнелер үндестігінде мін жоқ. Тұрған орны да тамаша. Тек… Шіркін-ай, үш биді мына постамент үстіне отырғыза салғаннан гөрі басқа бір шешім болғанда қатып кетер еді.

– Мәселен…

– Мысалы сөз еткен тұғыртасты алшысынан түскен үлкен асық силуэтімен алмастырғанда ғой. Оған үш атамыз малдас құрып отырғанда, қалыптасқан стереотипті қайталамағанымыз болар еді деймін де…

– Қайталап айтшы.

– Асық – қазақы ұғым, ұлттық менталитет, этнодәстүр рәмізі. Оның алшысынан түсіп тұрғаны – Құдай берген тәуелсіздігіміз. Ал соның үстінде үш бидің жайғасып отыруы патшалық Ресей мен кеңестік кезеңде аты да, заты да айтылмай келген Төле, Қазыбек, Әйтеке билер рухының ұлы далаға қайта оралған көрінісі.

– Түсіндім. Жақсы идея екен. Мұны алдағы уақытта ұмытпай пайдаланамыз. Міндетті түрде ескереміз. Келесі ойластырып жүрген жұмысқа. Мәселен… Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы іс-шарада…

Осылай деген Бекең қойын дәптерін алды да жоғарыдағы жәйтті түртіп қойды. Шамасы тағы бір нәрсені жоспарлап жүр-ау… Іске сәт, қайырымды аға! Қамқоршы жан! Бүгінгі заманның Атымтай жо-марты!

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *