МҮГЕДЕКТІГІ БАР ЖАНДАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДА

Қоғам
894 Views

Осы шығарылымда біз Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Құралқызымен (суретте) сұхбаттасып, атқарылған жұмыстары жайлы біліп қайттық. Әңігме барысында Түркістан облысында мүгедектігі бар жандардың әлеуметтік қорғалуы, әлеуметтік қызметтер порталы, мүгедектерге қолжетімді орта құру жағдайы және осы төңіректе атқарылған басқа да жұмыстар жайында сөз қозғадық.

Асия Құралқызы: «Елімізде мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялағаны біздің мүгедектерге өзгелермен теңдей қоршаған ортаға, тың технологиялық жүйелерге қоса айтқанда, ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ басқа да нысандар мен қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуді міндеттейді» деп сөз бастады.

ОБЛЫС ХАЛҚЫНЫҢ 4,7 ПАЙЫЗЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАР

Бүгінгі таңға облыста 94 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар есепке алынған. Өкінішке қарай, олардың саны облыс халқының 4,7 пайызы, республикада тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 13,7% құрайды.

Мүгедектік топтары жағынан:

— 7 233 адам бірінші;

— 36 503 адам екінші;

— 37 473 адам үшінші топтағылар;

— 13 013-і он алты жасқа дейінгі балалар.

Нозологиялық жағынан басым бөлігі, яғни 25 пайызының (23,4 мың адам) тірек-қимыл аппаратының, 11,7 пайызының (11,7 мың адам) ментальды функциялары бұзылған, 7 пайызының (6,9 мың адам) көру, 4 пайызының (3,3 мың адам) есту қабілеті жағынан мүгедек азаматтар.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОҢ БАҒЫТТА

Бүгінгі таңда мемлекетпен кепілдендірілген төлемдерден басқа қосымша әлеуметтік қолдау шараларымен қамту үшін 2020 жылы барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 8,6 млрд. теңге бөлінген. Осы қаржыларға 40 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдарды 47 мыңнан астам техникалық оңалту құралдарымен қамту жұмыстары жүргізілуде және әлеуметтік, арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде екен.

Одан бөлек, жүріп-тұруы қиын тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдарды тасылмалдау үшін олардың мініп-түсуіне арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған 26 «Инватакси» қызметі көрсетіліп келген.

«ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ПОРТАЛЫ»

Әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін сатып алуға қатысуының ашықтығын қамтамасыз ету, олардың негізсіз бағаны көтеруіне жол бермеу үшін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Әлеуметтік қызметтер порталы» әзірленіп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке таңдауды қажет етпейтін оңалту құралдарының 24 түрі қолданысқа енгізілген. Толығымен 2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда.

Порталда мүгедектігі бар адамдар белгіленген бағалар шегінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың нәтижесі бойынша оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде қажетті құралдар мен қызметтерді өз бетінше таңдай алады. Портал арқылы көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін мүгедектігі бар адамдар электрондық цифрлық қолтаңбамен қамтылды. Тауарларды жеткізетін және қызметтер көрсететін әлеуетті өнім беруші ұйымдар өз өтінімдерін тіркеп, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңға 227 мүгедектігі бар адамдар Портал арқылы техникалық оңалту құралдарын алған.

ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТА ҚҰРУ ЖАҒДАЙЫ

Облыста мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Үкімет қабылдаған мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар бұл салада қарқынды атқарылуда.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, рухани демеу мақсатында облысыта әлеуметтік маңызды (мектептер, ауруханалар, кітапханалар, әлеуметтік қорғау, тағы басқа) нысандарды, автобекеттерді, теміржол бекеттерін ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімдеу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бірінші кезекте баратын әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қолжетімді орта құру үшін 3428 нысанға паспорт жасалып, оның 2890-ына бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі белгіленген. Бүгінгі таңда оның 2739-на немесе 94,8 пайызына бейімдеу жұмыстары орындалған.

Жалпы, 2020 жылы мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласында атқарылатын міндеттер мен күтілетін нәтижелер төмендегідей:

· мүгедектігі бар адамдарға бюджеттен бөлінген қаржы шегінде техникалық көмекші құралдар мен әлеуметтік қызметтер көрсету;

· мүгедектігі бар адамдардың «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы тиісті көмектерін алу жұмыстарын белсендету;

· мүгедектіктің алдын алу жұмыстарын күшейту жолымен скринингтік шараларды қабылдау жұмыстарын үйлестіру;

· мүгедектігі бар балаларға инклюзивті білім беру шараларын үйлестіру;

· мүгедектігі бар адамдарға көліктік ортаның қолжетімділігі жұмыстарын үйлестіру;

· мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыру үшін 2020 жылы да нысандардың нормативтік параметрлерінің сақталуын қатаң бақылауға алу арқылы бейімдеу жұмыстарын жүргізуін жалғастырылатын болады.

Бұл шаралар расымен, мемлекет, билік тарапынан жасалып жатқан зор қамқорлықтың көрінісі. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды түсіну, әлеуметтік жәрдемақыларды уақытылы төлеумен ғана байланысты емес. Бақыт – разы болғанның қасында деген сөз бар. Бұл ретте олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек. Ең бастысы мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор екені ұмытпайық.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *