Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ: БІЗ ДЕ БІР ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ

Сұхбат
1 825 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

– «Рейтинг» газетінде 2017 жылғы 20 шілдеде жарияланған «Төле би туралы тың деректер табылды» деген мақалаңызда Сіз Төле бидің әкесі Ниязбек екенін айтыпсыз…

– Қолда бар шежірелер Ниязбек пен Қазыбекті Төле бабадан тараған перзенттер санайды. Шежіреде де нақтылық жоқ. Мәселен, бір шежіреде Қазыбектің аты аталса, екіншісінде кездеспейді. Төле ұрпағы Досалының орыс зерттеушісіне берген мәліметінде де Қазыбектің аты жоқ. Ал орыстың тағы бір жинаушысы Южаковтың шежірелік тізбесінде Өтебайдан Төлені өрбітеді. Ол да кезінде қазақтың құймақұлақ қарттарынан жазып алды емес пе? Бұдан жеті атаны танып, зердеде сақтау кез келген адамға бұйыра бермегенін білген жөн. Бүгінгі ұрпақ Ниязбектің атын білгенімен, затын білмейді. Бірде-бір адам осы кезге дейін оның өмір жолы мен қызмет белестеріне, қазақ хандарының қайсысымен серіктес болғанына, қайда туып, бақилық болғанына, артына қандай із қалдырғанына назар аударып, ізденістер жасаған емес. «Жаныс», «Қожабек–Жолан шежіресінде» де сол баяғы қайталаулар. Осы көшірінді дүниелерді оқыған адамдар дәлел-дәйегіңе қарай ма, кітапты алға тартып айтысып жүргені. Оны күнделікті өмірде көріп отырмыз.

ХVII-ХVIII ғасырлардағы аласапыранда жан-жаққа бас сауғалап шашыраған жұрт біреуі атасынан, енді біреуі баласынан айырылып, босып жатты емес пе. Бас амандығын ойлаған жұрт бірі өзбектің, бірі қырғыздың, бірі қарақалпақтың ішіне кірді. Талайлары құрама атанды. Бұл қасіретті жылдардың азабын тартқан адамдар жеті атасы түгілі, өз баласын да танымайтын халге түсті. Мысалы, өзбек, тәжік, қарақалпақ арасына сіңіскен бауырларымыз қанша атасын санап бере алады? Қазақтың қаншама аталары басқа руларға сіңісті. Сол рудың санатына қосылды. Оған сандаған мысалдар мен дәлелдер келтіруге болады. 1998 жылы Өзбекстандағы Бостандық, Қыбырай аудандарын аралап, тығыз қоныстанған қазақтар арасында болып, олардың жеті аталарын сұрастырдым. Қанша қариялармен тілдестім. Сонда байқағаным, олардың үш атадан артық білмейтініне көзім жетті. Оған, әрине, өзбек, тәжікпен араластық, некелік қатынастар да елеулі ықпал ететіні аян.

Қыбырайлық қариялар Қыбырай батырдың өз бабалары екендігін естіп, таңқалған еді. Сөз реті келгенде мына мәселеге де назар аударғанды жөн көрдік. Шежіреде Қыбырайды ХVII ғасырда өмір сүрген тұлға ретінде көрсетсек, Жамбайды оның туысы деп, сол кезеңге апарып жүрміз. Ақиқаты солай ма? Жоқ, ағайын, Қыбырай Түркі қағанатының қаһарманы, ол VII ғасырда өмір сүрген. Ал Жамбай бабамыз қазақ-жоңғар соғысының батыры, ол ХVIII ғасырда ғұмыр кешкен. Осынау атақты батырлардың бүгінгі ұрпақтары зерттеу жұмыстарын жасауға неге ынталылық танытпайды? Көріп отырсыздар, шежіреде осындай ауытқулар толып жатыр. Ынта мен талап болса, шежірені жүйелеуге болады. Тағы да бір мысал, шежіреде сіргелілерді Жәнібек ханның тұсында қырғынға ұшыраған деп жазып келеді. Бұл да уақыт жағынан алғанда жалған. Бұл оқиға ХІІІ ғасырда болған. Сондықтан Сіргелілер тарихын да қайта жазу керек. Рухани жаңғыру бізге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. «Туған жер», «Қасиетті жер» бағдарламасы арқылы тарихтың көмескі беттерін ашуға болады. Әсіресе зерделеп отырған ХVII- XVIII ғасырларға тән жер атаулары (топонимдер) тарихымыздың талай беттерін ашатынына сенемін. Қолымда сол замана сырларын ашатын, бүгінге дейін назардан тыс қалған жер-су атаулары туралы мәліметтер бар. Сондықтан да Елбасымыз ұсынған «Киелі жерлер» мәселесі де ерекше мән-мағынаға ие екендігін ескеруіміз қажет. Біріншіден, Ташкенттегі Ниязбек қамалы (бұл Шыршық қаласының орталығы – М.Ү), оның негізі Әз Тәуке ханның тұсында қаланған. Оған архив қорынан алынған мына мәлімет негіз бола алады: «Ол кезде қазақ хандары мен сұлтандарының саяси ықпал өрісі дәстүрлі көшпелі аудандарға ғана емес, сонымен қатар Сырдарияның төменгі және орта ағысы бойындағы көршілес отырықшы егінші және сауда-қолөнерші аймақтарға да таралды, онда 1695 жылы Ташкент жазирасымен бірге 32 қала мен оларға жапсарлас жатқан жер қазақтарға бағынды». Қазақ билеушілерінің пайдасына жыл сайын ақшалай және тауарлармен алым төлеп тұратын қалалардың қатарында Шыршық қамалы да бар. Оны басқа да зерттеуші-жиһанкездердің Ташкент өңіріне байланысты жазбалары нақтылай түседі. Бұл қамалдың стратегиялық маңызы зор болған. Қамалдың іргесін нығайтқан Ниязбек болғандықтан соның атымен аталған. Уақытында Төле би де осы қамал арқылы Шыршықтың суын уысында ұстаған. Қамалдың іргесін Төле би қаласа, соның атымен аталар еді ғой. Екінші, Ниязбек есімі қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі батырлар, билер қатарында неге хатқа түспеген? Егер ол осылардың қатарында болса, хатқа түсер еді, жыр жолдары арқылы жадта жатталар еді, құжаттарда аты сақталар еді. Неге оның аты шығыс, батыс деректерінде аталатын өз бауырластары – Ақбота, Ақшора, Абыл, Қожабек, Жолан, Қойгелді, Қонай, Бәйтік, Бектемір, Айтбай, Тілеуке, Қабан, Сеңкібай, Қожамжар санатында көрінбейді? Бұқар жырау жырында бәрінің атын тізгенде неге Ниязбекті бір ауыз еске алмайды? ХІХ ғасырда Төле би ұрпақтарымен үзеңгілес болған атақты Майлықожа ақын да Әлібектен бастап өз тұстастарына дейін бұл әулеттің белділерін атағанда Ниязбек туралы ләм демейді? Неге?

Тарихи құжаттарда Нияз батырдың аты аталады. Арғын руынан шыққан батыр ретінде көрініс береді. Ол Әбілмәмбетті хан көтеруге араласқан. Сонымен қатар Қоқан жазбаларында Ниязбек датқа туралы мәліметтер бар. Ол 1869-1870 жылдары датқа болып қызмет еткен. Төле би балаларына үш қайнатса да сорпасы қосылмайтыны белгілі. Тағы да мынаны ескеріңіз, шежірелік кесте бойынша санасаң Тыныбектен тарағандар бір ата алда келеді. Неге Төле би де сол кезеңнің тұлғасы емес пе? Оның себебі кестеден бір атаның түсіп қалуы. Міне, осыдан шежірелік жүйе бұзылып отыр.

Үшінші, әр ғасырда үш ұрпақ ауысады. Бұл заңдылық, оны ешкім бұза алмайды. Сондықтан шежірені де дұрыс оқи білу керек. Атамнан қалған шежіре деп, бәрін ақиқатқа балап, дәлел-дерексіз айтысу абырой әпермейтіні белгілі.

Төртінші, орыс, қытай құжаттарының арасынан Ниязбек жөнінде бір жапырақ қағаз таба алмадық. XVIII ғасырдың оқиғаларын бірден-бір зерттеушілер, қазақтың айтулы тарихшылары – Нәбижан Мұхамедханұлы, Жамбыл Артықбаев, Мұхтар Қожа және Е. В. Ерофееваның еңбектерінен көптеген тарихи тұлғаларымыздың атын кездестірдік, бірақ Ниязбек аты жоқ. Неге? Жауап іздеп көрдіңіз бе? Ташкентте бір қамал Ниязбек атымен аталса, ол айтулы тұлға болғаны ғой. Осынау адамның аты құжаттарға түспеуі мүмкін емес қой.

Қоқан хандығы тұсында Ниязбек қамалының басқарушысы Төле бидің ұрпағы Момынбек датқа болғанын жазбалар растайды. Бірақ бұл жазбаларда да Ниязбек аты кездеспейді.

– Қысқасы, тарихи деректерге қайта айналып соғып, анықтап, дәлелдеуді керек ететін тұстар баршылық дейсіз ғой.

– XVIII ғасырдың аласапыранды шағында Төле би балалары ерліктің тамаша үлгілерін көрсете білді. Шежіреде Төле бидің сегіз ұлы бар деп тізбелейді. Кейбір мәліметтерде оның Едіге, Масым деген ұлдары болғаны айтылады. Бірақ шежіреде оның аты жоқ. Төленің нақты қанша ұл-қызы болғанын да білмейміз. Қожабек деген баласын жоңғар ұрғасына аманатқа жібергенде он бес жаста болатын. «Бірге кетті шабында Қожабек деген баласы» деген де әңгіме бар. Бұдан Қожабектің 1719 жылы туғанын білеміз. Жолан деген баласы Қытайға елшілікке барғанда (1758) оның жасы 37-де болған. Бұл кезде Төле 83 жастағы қария еді. Біздің тарихшы-зерттеушілердің тағы бір қателігі – Жүніс қожаны Төленің атқосшысы, енді бірде қайнысы санап жазып жүргендері (Жанғара Дәдебаев, «Атыңнан айналайын». Алматы, 2002 жыл, 68-бет). Қоқан хандығы жазбаларын саралау барысында Жүніс қожаның 1755 жылы өмірге келгенін анықтадық. 1763 жылы ол бар болғаны сегіз жаста еді. Ташкенттен Дулаттарды ығыстырғанда 35 жаста болған екен. Ал онымен тартысып жүрген Төле бидің кенжесі Қожамжар 1726 жылы туған болса керек. Қожамжар Ташкенттің Сибзар бөлігін 1768 жылдан бастап төрт жыл биледі. Оны мына сөздер де растай түседі: Қазанғап Байболұлы «Төле би» жырында «Төрт жыл сұрап Қожамжар» деп оның шаһар билігінде қанша жыл болғанын анық көрсетеді. Тағы бір деректе «Төле би қайтыс болған соң Ташкент аз уақыт Қожамжар билігінде болды, одан кейін Қойгелді биледі», – дейді. Кейін оларды Жүніс қожа қаладан ығыстырған. Төле бидің көзі тірісінде үш жыл Ташкент билігі үшін Ақботаның немересі Бәйтік Ырысбайұлы қырғыз, қожалармен алысып өтті. Ақыры қырғыздардың қолынан опат тапты. Жоланның ұлы Жаңабай, немересі Жанәділ «Ел өседі, жер өспейді» деп өмір бойы жұртының ұлтарақтай пұшпағы үшін қоқандықтармен жағаласып өтті.

Жеті атасы бек болып өткен Әлібек әулетінен өрбіген Қабан, Сеңкібай, Шойбек, Дербісәлі, Момынбек датқа, Қасымбек болыс сынды тарихта аты қалған танымал тұлғалар XVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырда өмір сүріп, алдаспандай жарқылдап өтті десек, қателеспейтін шығармыз. Бұл бабалардың ғұмырдариясына баруды кейінге қалдырдық. Олардың өмірі де жатқан бір дастан. Сәті келгенде олар туралы да әңгімеге оралармыз.

Соңында жұртшылықты, баба ұрпақтарын мынадай мәселеге назар аударса деп санаймын:

2018 жылы Құдайберді бабаның туғанына 445 жыл толады. Бұл мерейтойды жоғары дәрежеде атап өтсек ғанибет болар еді.

Сұхбаттасқан З. ЖАНСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *