МӘМС-КЕ 34 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ САЛЫМ ТҮСТІ

Денсаулық
666 Views

Үшінші мегаполисте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, қалалық әкімдік басқармаларының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында аймақтық штаб мүшелері жыл басынан бері жаңа жүйе бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, сақтандыру жүйесі аясында туындап жатқан мәселелер бойынша талдау жасап, шешу жолдары туралы ұсыныстарын білдірді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтың айтуынша, медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлемдер қабылдау үшін 38 терминал орнатылған. Соның нәтижесінде қала тұрғындары төлемді медициналық ұйымдардың өзінде жасай алады. Бұл тұрғындар үшін тиімді. Сондай-ақ қаланың шет аймағындағы тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді ету үшін қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмыстар қолға алынып жатыр.

Қазіргі таңда Республика бойынша азаматтардан 34 миллиард теңге төлем қабылданған. МӘМС-ке салымдар бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Түркістан облысы бойынша 370 миллион теңгеге жуық салым түссе, Шымкент қаласы бойынша 100 миллион теңгені құраған.

Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 104 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 72-і мекемесі жекеменшік болса, 32-сі мемлекеттік ұйымдар. Барлық медициналық мекемелерде тіркеу бөлімі мен сақтандыру бойынша анықтама бұрышы жұмыс істейді.

Штаб мүшелері бұған дейін екі күн ішінде қаладағы бірнеше медициналық ұйымды аралап шыққан болатын. Жұмыс тобы медициналық ұйымдардағы анықтамалық қызмет пен тіркеу бөлімі, қабылдау бөлімі, кадр және техникалық дайындық сынды сақтандыру аясында іске асып жатқан жұмыстармен танысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *