Тарих қойнауына кетіп жатқан 2018 жыл Қазақ елінің, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихында ерекше де елеулі оқиғаларға толы жыл болды десек, әсте жаңылыса қоймаспыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде бірқатар аса маңызды тарихи шешімдер қабылданды. Оңтүстік Қазақстан облысының атауы өзгертіліп, жаңадан Түркістан облысы құрылды. Шымкентке Республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Сөйтіп, ірі мегаполис ретінде Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші ірі қала қатарына қосылды. Сан түрлі себептермен бұрын таратылып кеткен бірқатар аудандар қайта қалпына келтірілді. Олардың қатарында Оңтүстік өңіріндегі Жетісай және Келес аудандары да бар.
Егемен еліміздің еңсесі көтеріліп, экономикамыз қарқынды дамып келеді. Еуразияның жүрегіне айналған Астана күн өткен сайын көркейіп, көріктеніп келеді. Мұнда дүниежүзілік деңгейдегі басқосулар жиі өткізілуде. Осылайша төрткүл әлем Қазақстан десе Назарбаевты, Назарбаев десе Астананы көз алдына елестететін болды. 2050 жылдарға қарай Қазақ елі өркениетті отыз елдің қатарына қосылуды ізгі мақсат-мұрат етіп отыр. Бұл бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстар көңіл қуантады.
Биылғы қазан айының басында жарияланған Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жоғары деңгейге көтерілуіне тың серпін беріп, қалтқысыз қызмет етуге шақырған бағыт-бағдар болды. Елбасымыздың жариялаған Жолдаулары еліміздегі әрбір отбасы үшін маңызды тарихи құжат болып саналады. Онда отбасы, тұрғын үй, шағын және орта бизнес, әлеуметтік-экономикалық салалардың даму жолы толық қарастырылған. Мұның барлығын жүзеге асыратын нақты тетіктер мен жоспарлар жеткілікті екені сөз етілген. Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге арттыру көзделген. Білім, ғылым, медицина, тағы басқа салаларды дамытудың жоспар-жобалары жасалған. «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданатын болады. Халық денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын орнықтыру жолында атқарылатын жұмыстардың көкжиегі айқындалған.
Бұл Жолдауда егемен еліміздің құқық қорғау саласы қызметкерлеріне де үлкен міндет жүктелген. Қатып қалған қасаң жұмыс тәсілінен арылып, жаңаша жұмыс істеуге үндеп отыр. Адамдардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау, қауіпсіздік шараларын қолға алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізу қажеттігі айтылған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша электронды жүйеде жұмыс істеуді жетілдіре түсу жоспарланған. Құқық қорғау саласындағы қолға алынғалы отырған осындай тың идеялар мен реформалар уақыт өте келе өзінің игі жемісін беретініне бек сенімдіміз.
Біздің міндет – халыққа мінсіз қызмет ету. Сол үшін де өз саламызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кешенді жұмыс атқарудамыз. Мұның бәрі сайып келгенде жұмыс сапасының артуына оң ықпал жасайды. Жеке құрам мүшелері жаңадан құрылған облыстың барлық аудан-қалаларында болып, мекеме, ұйым, кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мұндай қатерлі індетпен күреске қалың көпшілік болып жұмылғанымыз жөн. Сонда ғана ол өзінің игі беріп, еліміз бен қоғамымыз үшін белгілі бір дәрежеде кәдеге асатын болады.
Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларынан бөлек ұлттық менталитетімізді дәріптейтін құжаттары да халқымыздың абыройын асқақтатып, беделін биіктете түседі. Осы орайда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» секілді бағдарламалық мақалаларының мән-маңызы зор деп есептейміз. Онда ұлттық кодымыз, тіліміз, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз, туған еліміз бен жерімізді қалай сүюіміз керектігі жайында жан-жақты әрі байыпты баяндалған. Осылардың бәрін жас ұрпақтың бойына сіңіру жолында жүйелі жұмыстар жүргізудеміз.
Бүкіл еліміздің жұртшылығы Елбасы тапсырмаларынан туындайтын асқаралы міндеттерді жүзеге асыру жолында еселі еңбек етуде. Біздің департаментіміздің қызметкерлері де 2018 жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылап отыр. Алда атқарар қызметтеріміз бұдан да ауқымды екенін жақсы білеміз. Ел көшіне бағыт сілтеп, тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті әлемімізге қанат бітірер, сабырлы мінезімен бойымызға ерік, төрімізге көрік беретін Елбасымыз аман болсын! Халықтық қалыбымызды, сүйекке біткен елдік салтымыз бен санамызды әлсіретпей, берік ұстап, тұғырымызды биікке көтере берейік! Сөз орайы келгенде өзімнің және департаменттің жеке құрамы атынан Түркістан облысы жұртшылығын және барлық отандастарымызды алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен қызу құттықтағымыз келеді. Ата-бабаларымыз аңсаған Мәңгілік еліміз биіктерге самғай берсін! Сіздердің баршаңызға ұзақ та бақытты ғұмыр, зор денсаулық, толағай табыс тілейміз!
Нұрлан Дәулетұлы ҚАМБАТЫРОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, екінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері.