Бостандық жырының бозжорғасы, алаш поэзиясы алыптарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы тұрған үйге ескерткіш-тақта орнату салтанаты болды.
Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалының жетекшісі, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы айбоз ақын Несіпбек Айтұлының шығармашылық биік тұғыры туралы көсіле сөйлеп, жиынның кіріспе сөзін төгілдіре айтқаннан кейін бірінші сөз кезегі Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовқа беріліп, руханият пен әдебиет әлемінің шынайы жанашыры Ерлан Ермекұлы қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Несіпбек Айтұлы туралы ғибратты ой-толғаныстарын төгілдіре айтып, жиналған көпшілікті баурап алды. Зиялы азаматтың жүрекжарды, тәлімді сөздері көзге жас алдырды.
Қала басшылығы атынан айтылған сөзден кейін ардакүрең ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, Абай облысы, Ақсуат ауданындағы «Аманат» партиясы филиалының төрағасы, Тарбағатай, Ақсуат аудандарының құрметті азаматы Ержан Құттыбаев тебірене тұрып Несіпбек Айтұлының ақындық, азаматтық қырларын толғаныспен өрнектеді. Сондай-ақ ақынның ағайын-туысқандарының атынан Нұрат Несіпбекұлына сөз беріліп, асылдың тұяғы әке таланты, ғибрат-тәлімі хақында есті сөздер айтты, жиналғандардың жүрегіне мерейлене шуақ нұрын төкті.
Салтанатты жиын соңында ән өнерінің аспанында жарқырап көріне бастаған әнші Өзгеріс Шерікбайдың орындауында «Дариға, дәурен» әні (сөзін жазған Несіпбек Айтұлы, әні Тұрсынжан Шапайдікі) шырқалып, айнала-атырап саз өнеріне балқығандай күй кешті, жиналған жұрт сүйсіне тыңдап, сілтідей тына қалды. Несағаның екінші ғұмыры басталды.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН