Оразалы Сәбден экономика ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның нарықтық экономикаға өту барысынсаралауға қатысты көптеген еңбектері жарық көрген. Қазақстан РеспубликасыныңМемлекеттік сыйлығының иегері.
Белгілі ғалым, «Абай және Қазақ болашағы» атты кітабы жарық көрген қоғам қайраткері Оразалы Сәбден біздің газетке берген сұхбатында өзінің еңбектерімен, елімізде атқарылып жатқан жұмыстармен, саяси реформалардың мән-жапсарларына тоқталды.
ҮКІМЕТ УӘДЕНІ ОРЫНДАҒАН ЖОҚ
– Иә, аға бүгін сізбен сұхбаттасу маған бұйырыпты. Қош көрдік, аға! Сұхбатымызды мына бір сұрақтан бастағанды жөн деп санап отырмын. Елімізде өткен барыс жылы оңай жыл болған жоқ. Жылдың басы қаңтардың салқын ызғарымен басталып, президент сайлауымен аяқталды. Арасында ел үшін маңызды реформалар қабылданып билік басында отырған бір қатар жүген ұстаған азаматтар жүгендерін тастап жылы ер тоқымдарынан айрылды. Қантқа таласқан бұқараның ыңыршығы айналды, инфляция шарықтап, экономика өсімі әлсіреді. Мұның барлығы нені білдіреді? Билік әлі ұйқы үстінде ме, бұлай жүре берсе Жаңа Қазақстан құрыла ма?
– Жаңа үкіметтің бет-пердесін президент Қасым Жомарт Тоқаевтың өзі ашып көрсетті. «Жыл басында берілген тапсырмалар мен талапты орындай алмай жатсыңдар, халықтың жағдайын түземедіңдер» деп үкіметті сынның астына алды. Үкімет берген тапсырманы да, айтқан уәдені де орындаған жоқ. Қайда барсақ та қымбатшылық қамытын киіп жүрміз. Мен айтпай-ақ қояйын өздеріңіз көріп жүрсіздер: қазір базарда 1 бөтелке майдың бағасы қаншаға өсіп кетті? Коммуналды қызметтердің жыл санап қымбаттауы, бағаның тұрақсыздығы, халықтың қарызға белшесінен батуы осының барлығы үкіметтің кәсіби деңгейлігінің төмендігі. Бұрынғы Н.Назарбаев ел басқарған тұстағы формализм – өтірік ақпарат есеп беру, әйтеуір барды да, жоқты да дұрыс деп айту үрдісі белең алды ғой… Бұл да сол кездегі үкіметтің кәсіби деңгейлігінің әлсіздігі!
Мысалы Екібастұздағы кешегі төтенше жағдай… Кеше Шымкенттегі полиция кіші қызметкерлерінің бастықтарынан зәбір көріп жүргені, анау Ақтөбедегі волейбол ойнап жүрген балалардың апатқа ұшырауы… айта берсек, толып жатыр. Мұндай олқылықтар Қазақстан қалаларының көбінде кездеседі, оны жасырып қайтеміз? Бұл не сонда? Ана бір жерде бұрқылдап жүрген бір халық, мына бір жерде күңкілдеп, күңіреніп жүрген сол бір көпшілік бұқара. Қарасақ ешкіммен ешкімнің ісі жоқ, халық өз алдына, үкіметі өз алдына… Ешкімге ешнәрсе керек емес сияқты. Яғни біз біртұтас емеспіз. Отбасында үйге аса қажет бұйымды ақылдасып шешеміз, мына ақшаны мұнда жұмсайық, мына қаражатты үнемдейік, ертеңгі күнге қажет болады деген секілді. Үкімет те осылай үлкен отбасы болу керек. Жоқ, дәл қазіргі ахуалымыз – бірізділіктен гөрі бытыраңқылық. Мұның бәрі немқұрайлылықтан туындайды. Бұл әлі күнге дейін отыз жылдық жүйе келе жатыр деген сөз.
– Ендеше жүйені қалай өзгертуге болады? Қазіргі президентіміз ескі жүйені жаңарта ала ма?
– Билікті халық сайламай еш нәрсе өзгермейді, шырағым. Сот жүйесін алып қараңыз, ешқандай шындық жоқ. Ақиқаттың түбіне жете алмайсың. Соттың «шындығын» қасында отырған әкім немесе жоғарыда отырған бастығы ғана ала алады.Солар не айтса соны жасайды, бітті!
АЛҒАШ ТАҒАЙЫНДАЛҒАН МИНИСТРЛЕРДЕ ЕЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ СЕЗІМІ БОЛҒАН
– Тағы бір сұхбатыңызда айтыпсыз үкіметті біліксіз деп? Халыққа жаны ашып қызмет жасап жүрген, жоғарыда отырған жанашыр мырзалар бар. Мұндай кезде олар сізге реніштерін білдіріп алған жоқ па? Оның арасында достарыңыз бар… Кезінде өзіңіз де парламенттің төрт мәрте депутаты болдыңыз?
– Иә, төрт рет парламентте депутат болдым. Бірталай министрді дауысқа сап бекіткенбіз. Талай үкіметті құрғанбыз. Бәрін көзімізбен көрдік. Сол кезеңдерде экономист ретінде жоғары кеңесте көптеген реформаларды жасадық. Министрлер алдымызға кіргенде аяқ-қолдары дірілдеп тұратын. Сонда не үшін дірілдейді дейсің ғой?! Қазіргідей сыбайлас жемқорлықтың дендеп кеткен кезі емес, ол шақтарда үкіметтің ақшасын жемейтін. Олардың бар уайымы «менің кәсібилігім олқы соқса, қандай да бір кемшілік табылса қызметімнен алып тастай ма?» деп қорқатын. Көрдің бе, сол уақытта қандай адамгершілік, елге деген патриоттық сезім болған министрдің өзінде!
Ал қазіргі министрлер парламенттің есігін теуіп кіреді. Міне, осының барлығы нені көрсетеді? Елді, жерді менсінбеушілікті, халықты елемеушілікті, қызметтеріне салғырт қарауды білдіреді, шырағым!
Бір сөзбен айтқанда жүйе өзгермей еш нәрсе өзгермейді. Мәселенің барлығы осы жүйеде. Жүйені өзгертсек, барлығы өзгереді. Экономикамыз да, білім, ғылым да баршасы өзгеріп қарқындап дамиды.
Қатты айттың деп достарың ренжіген тұсы болды ма дейсің? Олар маған қайта керісінше бұдан да батылырақ сынау керек едіңіз дегендер де болды. Арасында ренжігендері де бар. Мен өзім осылай батырып сөйлеймін, шырағым. Қасымда жүрген жандар менің мінезімді, кесіп кесек айтатынымды да жақсы біледі. Ренжігендер ренжи берсін.
– Алда елімізде тағы бір сайлау өткелі жатыр. Бұл сайлау қалай өтеді деп ойлайсыз? Жалпы депутаттарды партия ұсынған жөн бе, әлде халық сайлаған жөн бе?
– Дұрыс сұрақ. Алдымызда құдай қаласа көктемде сайлау өтеді. Үлкен сынақ тұр. Бұл сайлау Жаңа Қазақстанды құру үшін жасалып жатқан дүние. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дәл осы сайлауды өзім қадағалаймын деп нақты кесіп айтты. Кез келген ауыл, аудан, қала болсын халықтың өзі сайлауы қажет. Сонда ғана сайланған депутат, партиялар халыққа жұмыс істейтін болады. Ол бір. Парламентке мысалы Шымкенттен 6-7 депутат өтеді. Сол 6-7 депутаттың отыз пайызын халық сайлайды, қалған жетпіс пайызын заң бойынша партиядан өтеді. Мен бұған кезінде қарсы болғанмын. Айттым уақытысында, мейлі партияға берейік, бірақ керісінше жетпіс пайызын халық, қалған отыз пайызын партия сайласын деп. Бірақ онымен келіспеді. Билік әлі қорқып отыр. Ертең сол сайланған 6-7 депутат көктемде Астанаға барады. Бұл процесс бүкіл Қазақстанда жүргізіледі. Сол жаңағы айтқан кәсіби деңгейі төмен үкіметті депутаттардың өздері жасақтайды. Тоқаев емес, немесе президент әкімшілігі емес, депутаттар өздері деңгейі төмен үкіметті құрады. Он жылдан астам уақыт бойы елде бірде бір партияны тіркемеген. Осындайды көріп пе едің? Әлемде дамыған елдер мұндай емес. Ал біздің елде солай.
– Енді Оразалы аға, президент сайлауына не дейсіз? Қасым Жомарт Тоқаевтың жанынан табылған кандидаттардың көбісін халық тани білмейді. Әлде аз дауыс жинап қаламын деген үрей пайда болғаны ма? Неге сіз кандидатураңызды президенттікке ұсынбадыңыз?
– Мен айтпайын деп едім айтқыздың ғой, Мәдижан. Осы президенттік сайлау алдын екі партия келді. «Аға, президенттік сайлауға түссеңізші» деп. Мен айттым сол кезде, «жасым болса 76-ға келіп қалды, жастау біреулерді таппайсыңдар ма?» дедім. Олар сонда «Ой, аға, сіз мықтысыз, сіздің жобаларыңыз керемет! Сіз түссеңіз, халық сіздің артыңыздан ереді. Аға, сізді халық жақсы біледі ғой, халық үшін шықпайсыз ба? Тоқаевқа бәсекелес тұлға жоқ па сонда деп халық ертең айтады ғой… Қазақстанда мықты азаматтар жоқ болып кетті ма, кім көрінген түсіп жатыр? Президенттік деңгейге жақын адамдар түсу керек қой. Біздің зайырлы мемлекетіміз бар ғой, халық үшін түсіңіз, аға!» Осылай үш күн жүрді, намысыма тиетін сөздер айтып… Сөйтіп айттым оларға: «Егер мен ашық сайлауға түсетін болсам, өзімнің 47 жобам бар, соның баршасын көтеремін. Соның бәрін іске асырамын деп айтамын халыққа. Бұл жобалардың кезінде не себепті жүзеге аспағанын халыққа жеткіземін, соған көнсеңдер мен шығамын президенттікке, үміткерлердің қатарына қосыламын» дедім. Өтермін, өтпеспін, бір құдай біледі. Өтпей қалып жатсам, өткен адам менің жобаларымды жүзеге асырады. Шет елде сондай сайлауда кім жеңеді, жеңілген адамдардың өткір, сәтті жобаларын жүзеге асырады. Егер осы сайлауға түсіп мен жеңіліп қалсам, Тоқаев менің жобаларымның жақсы тұстарын, халыққа пайдасын беретін жақтарын жүзеге асыруға тура келетін еді. Қасым Жомарт Тоқаев та осал азамат емес, мықты дипломат. Оңды-солды тұстарын біледі, елге пайда алып келетін тұлға. Әр істі егжей-тегжей сараптан өткізіп ғана жүзеге асыратын азамат.
ОН ҮШ ЖЫЛДА БІР ПАРТИЯ ТІРКЕЛДІ. БҰЛ ДЕГРАДАЦИЯ!
– Аға, қалай елді жөндейміз? Еліміз тозығы жеткен ат арбаға айналып кеткен жоқ па?
– Көктемде сайлау өтеді. Нағыз өтпелі кезең осы. Осы жерде халықтың кім екендігін, депутаттардың кім екендіктерін де, демократияның не екендігін көрсете алсақ, онда Қазақстан алға жылжиды. Ал көрсете алмай, өткен сайлаулардағыдай ағыспен жіберсек онда түк те шықпайды. Сол себептен депутаттар Астанаға шынайы, таза болып барса, сол кезде оңды өзгерістер мен жаңалықтар басталады. Олар үкіметті жасақтайды. Мына үкімет отставкаға кетеді, шырағым. Жаңа мен айтқан он үш жылда бірінші рет тіркелген экологиялық Байтақ партиясы сияқты тағы бірнеше партия тіркелуі мүмкін. Он үш жылда бір ғана партия тіркелді. Бұл сұмдық деградация!
– Тіркелетін партиялардың саны бар, сапасы болмай жатса қайтеміз? Партиялармен халықтың миын ашытып алмаймыз ба?
– Мейлі тіркеле берсін, оппозициялық бағыт, басқалай партия болсын, оны ертең халықтың өзі таңдап алады ішінен керектісін. Қанша сайлауға түссін, халық өзіне қажетті партияны тауып алады. Міне, сонда ғана жаңа партия, жаңа жоба, жаңа жүйелер пайда болады.
Парламент дегеніміз не? Ол жерде елге пайдасы бар жобалар қарала ма? Парламент – пікір талас мәселенің баршасын ортаға салып шындықты айтатын алаң. Көпшіліктің ұсыныстарын қарайтын жер. Халықтың адамдары отыратын жер. Мен қазіргі депутаттарды айтып отырған жоқпын. Ендігі болатын депутаттарға қарата айтып отырмын. Ал, қазіргі депутаттар сияқты қолын көтер десе көтеріп, түсір десе түсіріп отыратын пенделер керек емес, шырағым. Сондықтан бұл жерде ақыл мен парасаттылыққа салуымыз қажет.
– Кімді кінәлаймыз?
– Бұған тек үкімет кінәлі емес. Жағдайдың күн сайын күрделене шиеленісіп жатқанына Үкімет те, Парламент те, Мәжіліс, Сенат та кінәлі. Қаржыны бөліп жатқан кім? Парламент емес пе? Егер қаржының орынды жұмсалуын үкіметтен сұрай алмаса оның несі Парламент? Ал, енді қаражат бөлді дейік, ана министрден пәлен миллиард, мына министрден түген миллиард игерілмей қалды дейді. Ал ел аш-жалаңаш отыр. Министрлер ақшаны игере алмайды. Ондай министрлердің керегі не бізге?
– Қаражатты қай салаға көбірек бөлген дұрыс? Экономист ретінде айта өтіңізші? Қай саланы дамытқан дұрыс еліміз де?
– Кәсіпкерлік саланы еліміз дамытқан жөн. Мен бұл туралы талай жерде айтып жүрмін. Кәсіпкерлік дегеннің тұсауын тұсап, шідерлеп жауып қойдық біз. Көп жылдан бері әкімдердің қалтасы қылып қойдық бизнестің бәрін. Қай қалада, қай ауылда болсын… Қарапайым мысал, елде мемлекеттік тапсырыс қалай өтіп жатыр? Оның барлығын мынау қолы ұзын шенеуніктер алып отыр. Олар тендерді бермейді. Біреуі он пайыз алады, біреуі жиырма пайыз алады, тіпті араны ашып кеткендер қырық, елу пайыз алып отыр. Осыдан кейін елімізде қалай жас кәсіпкерлер дамиды. Тоқаев келгелі үш жылдай болып қалды. Мен сұрадым. Қазір тендерден таза ұтып жатқан азаматтар бар ма? Бизнес жасайтын адамдар алып жатыр ма? Құрылыс жасайтын компаниялар алып жатыр ма? Осыны сұрадым. Сондағы жігіттер айтты: «Бұрынғыдан жаман болып кетті» дейді. Қалай сонда? «Аға, мен бір нәрсе ала алмаймын. Жобам күшті болып тұрса да басқа біреуге беріп қояды. Бізге бұйыратыны сол, кішкентай майда-шүйдесі екі үш миллиондық тендерлерді алып күн көріп жүрміз» дейді.
– Қазіргі Президент жеті жылға сайланды. Сіздіңше осы жеті жылда Қасым Жомарт Тоқаев нақты не өзгерте алады? Елімізде тың өзгерістер бола ма?
– Енді елде біраз өзгерістер орын алады деп ойлаймын. Егер көктемдегі сайлау әділ өтсе. Таза адамдар келсе, парламентке, сенатқа, мәжіліске ел үшін жанын қиып еңбек ететін… Тоқаев бір өзі не істей алады? Сол үшін команда болу керек. Кадр болуы керек. Реформаны дұрыс жасау керек. Істейтін адам істесін, істемейтін адам өз жөнімен кете берсін. Қаншама іскер азаматтар жүр төменгі жұмыстарды жасап, осыларға берсін. Мен күрестен спорт шебері болған адаммын. Айтайын дегенім, күресте имитация деген бар. Күрескендей болып әдіс жасайды, аяғынан ұстап, қолынан жұлқылап… бірақ күреспейді. Дәл қазіргі таңда еліміз осындай имитация жасап жүр. Әр жерінен бір ұстап күреспейміз. Спорттың тілімен айтсам осы.
Билік бұған дейін шикізатты шетелге сатумен ғана айналысты. Мұнай, уран, мыс, барлық қазба байлықтарымыз сыртқа кетті. Өкінішке қарай, экономиканы әртараптандыра алмай, біз шикізатты экономика түрінде қала береміз. Қашанғыға дейін осылай жалғаса бермек? Егер өзіміз өскіміз келсе, титтей де болса өзіміз тауар өндірейік. Өзбекстанның мемлекет басшысы Шавкат Мирзеев қалай билікке келді, солай әлемдік компаниялармен кәсіби серіктес болуды бастады. Мәселен, атақты Adidas, Nike, Apple және әлемдік деңгейдегі текстильді компаниялармен бірге жұмыс орнын ашып, өндірісті жандандырды. Олардың ұтқаны – үздік брендтегі өндіруші орындармен тізе түйістіріп, нарықты жаулауы. Қазір Өзбекстанда көліктен бастап, тұрмыстық техниканың неше атасы тоңазытқыш, телевизор, тіпті электр толқынды пешке дейін жасап шығарады. Міне, көршілес алаңдағы бәсекелестіктің аламан бәйгесі Өзбекстанның қолына өтіп кетіп жатыр. Қазақстанда ондайдың біреуі де жоқ.
Біз шикізатымызды өндіріске айналдыруды былай қойып, бірден инновациялық жолға айқара жол аштық. Дұрыс, әлем жаңа қарқынды технологиялармен даму үстінде. Маман ретінде айтарым, нанотехнология, биотехнология, ақпараттық технология, космостық технология, осыларға басымдық беруіміз керек. Әсіресе, машина жасау мәселесі. Бірақ, бізде инновацияның аты бар да заты жоқ. 2003 жылдан бері елімізде мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламалар іске асып келеді. 2015 жылы тағы бір бағдарлама, 2016 жылы, 2019 жылы тағы бір бағдарлама, одан кейін тағы… Ешқайсысы орындалып жатқан жоқ. Мұны жауып қояды да, тағы бір бағдарлама қабылданады. Бұл мемлекеттің миллиардтаған қаржысы ғой, айналайын! Ауаға ұшып жатыр! Бірде-бірі өз межесіне сай орындалған жоқ, бірақ ақша суша ағып жатыр… Не деген ысырап! Сондықтан осындай көзбояушылықтың арты қазір дағдарысқа әкеп тіреп, әлеуетіміз өте қиын жағдайда тұр.
Менің есімде бір жылдары Үкімет Президентке «Бізде индустриялы инновациялық жобалардың көрсеткіштерін орындау қиын болып жатыр. Талаптарын төмендетсек» деп уәж айтқан… Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалай экономиканы әртараптандырамыз деген сұраққа өзімнің жобаларым мен ұсыныстарымды айтып, хат жазып жібердім.
– Нақты қандай ұсыныс айттыңыз?
– Экономиканы әртараптандыру үшін 4 тетік бар. Оның біріншісі – өндіріс. Өндіріс туралы әлгінде айтып кеттім. Екіншісі – ауыл шаруашылығын дамыту, ауылға көңіл бөлу! Үшінші – шағын кәсіпті көтеру! Төртінші – ғылыми технологиялық жаңалықтар ашу, ғалымдарға қолдау көрсету, идеяларын іске асыру! Міне, осы төрт жол қазақ елі экономикасын гүлдендіретіні сөзсіз. Енді 20-30 жылда жер асты мұнайымыз бен газымыз да түгеседі. Сол үшін ауыл шаруашылығы державасын құруды жоспарлайық. Сол себепті, ауылдарда ұжымдық кооперация шұғыл қолға алынса. Баяғыда «Самұрық Қазына» мемлекет ішіндегі мемлекет деп айтқанмын. Оны диферсификация жасап әр тарапқа бөліп тастап, мәселен, бидай, мал азығы өнімдеріне қаржы бөлетін жеке компания жасау керек. Еліміздің логистикалық бағытын қаржыландыратын бөлек компания, халықаралық жолдар салуға жеке компания құруды меңзегенмін. Неге десеңіз, ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының 80 пайызы ауылға жетпей, ірі компаниялардың қалталарына кетіп жатыр. Мәселен, элеваторы бар бай-шонжар дейік, ақша кімнің құрығы ұзын, соның қолына түседі. Ауылдағы фермерлерге түк жоқ, ештеңе тамбайды. Осы орайда ұжымдық кооперация заңын іске асыру керек. Қазір ауылдың байырғы тұрғындарына 6-7, 10 гектар жер берілген. Енді ол жерге не істеу керек, ауыл тұрғындары, яғни қожайындары әлгі жерді ауылдың бір фермеріне пайдалан деп уақытша жалға беріп қойған. Сол фермер 15-20 жыл бойы жерді игеріп келе жатыр, жер иесіне бір машина бидай әкеліп тастайды. Сонымен бітті. Қалғанын сұрап жатқан жан жоқ. «Артық бірдеңе сұрай қалса, онда жеріңді өзің ал, өзің игер» дейді. Оны қалай игересің, ауылдағы бір отбасын алайық, біреуі мұғалім, біреуі медик, жұмыстан шығып кірісетін болсаң, оған трактор керек, жырту керек, жағдай жасау керек? Соған өміріңді арнау керексің… Жалғыз жүріп жол тапсаң жақсы… ауыл ішінде ебін тапқан бірді-екілі фермерлер ғана байып алған. Барлық табыс солардың қолында. Халық болып дамыту керек ауылдың шаруашылығын… Неғып әкімдер жұмыс істемейді? Ауылдың тамырына жан бітіру үшін алдымен аудан, ауыл әкімдері жұмыс істеу керек ғой! Бірақ бұл іс әкімдерге де керек жоқ сияқты. Екі ортада сорлайтыны халық. Бір өзің ештеңе өндіре алмайсың, сондықтан мұның бәрі кооперация арқылы жүзеге асатын процесс. Сондықтан 300-500 адам бола ма, қайтадан кооперацияға өту керек, жұмылып ұжым болып игеру керек. Ортасынан білімді, мықты жастарды сайласын. Он бес адамнан тұратын кеңесі болу керек, кооперация мүшелерінің алдында есеп беру керек, барлық еңбекті бірге іске асырып, бірге кредит алып, бірге орындап, нәтижесін де бірге көру керек. Сонда ғана ұжымдық алға жылжу, ауыл шаруашылығын дамыту болар еді. Бірақ, мұның бәрін әншейін құр болып қалып кете беретіні өкінішті.
ҚЫТАЙДА ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚ АШТЫҢ БА, ДЕРЕУ АҚША БӨЛЕДІ
– Экономиканы жетілдірудің үшінші жолы – шағын бизнесті дамыту дедіңіз. Алайда елімізде бұл сала әлі де шалажансар күйде…
– Шағын бизнес туралы кітап жазған адаммын. Мұны дамыту өте қажет. Мысалы, елде шағын кәсіптің жалпы экономикадағы үлесі жиырма пайыз ғана. Статистика 30 пайыз деп өтірік көрсетеді. Мемлекеттік статистика үкіметке бағынышты, сондықтан үкімет не талап етеді, сол статты көрсетеді. Не айтса, соны жазады. Ал статистика тәуелсіз болуы керек. Мысалы, Парламенттің қарамығына қойса болады. Сонда шындықты айтса керек. Әсіресе, елдегі жұмыссыздық 5 пайыз дейді. Ал ауылдың 80 пайызы жұмыссыз отыр. Осындай өтірік мәлімет беруге ұялмайды. Ол аздай, Қазақстанда 3 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді деп есеп беріледі. Қалай? Есік алдындағы тауығын, қой-ешкісін тізімге алып, демек кәсібі бар, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр деп есеп береді. Германияда халықтың 80 пайызы шағын кәсіппен қамтылған. Бізде керісінше. Біз кәсіппен айналысқан күннің өзінде жалпы пайданың 20 пайызын алып отырмыз дейміз, немістер 50-60 пайызын алады.
Шетелде шағын кәсіпті несиелеу 0,15-0,1 пайыз ғана! Біздің банктердің ставкасы сұмдық, аузын арандай ашады. Кредит берілгеннен кейін кәсіпкерді жүз тексереді, тексерудің соңы сыбайлас жемқорлыққа ұласады. Пара сұрайды, әйтпесе жауып тастаймын дейді. Шағын кіші кәсіп қазақтан қалып қойды, өзбектер алға кетті. Біз артта қалдық. Экономиканың арбасын алға сүйрейтін шағын бизнес ғана. Бізде бұл сала ақсап жатыр, қадам бассаң көлеңкелі экономика көп. Мысалы Қытайда кіші инновациялық кәсіп деген бар, ғылым жетістіктерін іске асырады. Тіпті Оңтүстік Корея, Қытайда сен ғылыми жаңалық аштың ба, дереу ақша бөледі. Үш-төрт жылдан кейін ғана салық салады, әбден еңсеңді түзеп тұрақталған соң… Біз осындай әдістерді қолданғанда ғана экономика жағынан дамимыз.
– Ғылыми жаңалықтар ашылу үшін бәлкім жоғары оқу орындарында жастарды тегін оқыту керек болар?
– Халық білімді болса, алған білімін іске асырса, жастарымыздың бірі кәсіп арқылы, енді біреуі оқу арқылы елімізді өркендетуге күш салса, кешегідей қанды оқиға орын алмас еді. Жастарымыз жалаң қолмен көшеге шықпас еді. Екі дипломы бар, жұмыссыз жүрген жастар көп. Жоғары оқу орындары университеттер бар, білім жоқ. Тым болмаса терең білім бере алса екен, білім де жоқ, не олар жабылмайды. Бұлар да бизнеске айналып кеткен. Көбі парамен бітеді, парамен оқиды, сапа жоқ. Білімсіз елді басқару оңай, билікке де жақсы.
Жастарға білімді тегін оқыту керек. Оған мемлекетте қаражат табылады. Мұнай, газдан түсіп жатқан ақша жетеді. Көлеңкелі экономикада елу пайыз ақшамыз жатыр. Әлемде робототехнология дамып келеді. Біз өркениетті елдің қатарынан көріну үшін рухани дүниемізді де ақсатып алмауымыз керек, экономиканы да… Осы екі сәйгүлікті бір-біріне қарсы қоймастан тең дамытсақ, мығым мемлекет құрамыз. Міне, Өзбекстан соны жасап бастады.
БІЗ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ АЛЫП ДЕРЖАВАСЫ БОЛА АЛАМЫЗ
– Дұрыс, аға. «Жас Алаш» газетіне мынандай мақала жазыпсыз. Космосты игерсең де, басқа планетаны игерсең де, бірақ түбінде ауылыңа оралатын кез келеді депсіз. Біз осы космосты игермей-ақ қояйық, планетаға қолымызды созбай-ақ қояйық, ауылға бетті бұрсақ қалай? Ауыл шаруашылығын ауқымын кеңейтіп, өндірісті ауылға беттесек қалай болады? Елдің экономикасын ауыл шаруашылығы ұстап тұр шынына келген де. Тұтынып отырған барлық заттарымыз осы ауыл шаруашылық өнімдері. Біздің елдегі ауылдардың болашағы бар ма?
– Иә, біз қайда барсақ та ауылымызды ұмытпауымыз қажет. Қонаевтың уақытында еліміздің жалпы ішкі өнімін 29-30 пайыз табысын ауыл шаруашылығы беретін. Қазір 5 пайызға жетпейді. Бізді шетелдіктер аграрлық мемлекет деп таниды. Ал біздің потенциялымызды алсақ талай мемлекетті қамтамасыз етуге болады, осы ауыл шаруашылық өнімдерімен.
Бізді шетел «тамақ өнеркәсібінің алып державасы» дейді. Сондықтан мәселені ауылға бөлу керек. Қаражатты ауыл шаруашылығына бөлу қажет. Қасым Жомарт Тоқаевқа жазған хатымда «келесі бес жылды ауыл шаруашылық жылы болсын, Ауыл шаруашылығын көтеру бағдарламасы болсын. Ауыл шаруашылықты үлкен державаға айналдырайық. Осыған күшті мән берейік» деп ұсыныс жолдадым.
Қай ауылға барсақ та жұмыссыздық өте көп. Мен өзім жиі ауылдарға барып көріп жүрмін. Жастарымыз жұмыссыз жүр. Қысы – жазы ауылдағы жастар көшеде өріп жүреді. Бірен-сараны болмаса, жазда қалаға барып жұмыс жасап қайтатын. Астана, Алматы, Шымкент секілді алып шаһарларда жүреді табыс көзін іздеп. Ал, қыста қайтып келеді, сөйтіп күнін көреді. Қолы бос болған соң не істейді, шылымын шегіп, шайтан суын сіміріп біреудің қорасына ұрлыққа түсіп, өз өмірлеріне осылай балта шауып жатқан ауылда тентіреп жүрген жастар көп. Тағы бір мысал келтірейін, саған ауылда жұмыс жасап жүрген сол баяғы санаулы мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл әкімшілігінде қызмет жасайтын бес-алты қызметкерлер болды, басқа ешкім жұмыс істемейді. Осы себепті ауылда бастысы инфрақұрылымды дамытумыз қажет. Қарап тұрсақ әр ауылда бір-екі фермерлер бар. Үлкен әл-ауқаты күшті.Міне осылар сияқты әр ауылда үлкен кооперациялар құру керек. Осы кооперация арқылы халық бірігіп жерді, кәсіпті игеру керек.
– Кооперативтер жоқ емес бар ауылдарда. Бірақ олардың жағдайын көрсек, мәз емес. Қираған техника, салдырлаған тракторлар ескі. Осыдан кейін қалай ауылдағы кооперативтердің жағдайы жақсы деп айтуға ауыз бара ма? Жалпы жеке қожалықтардың ел экономикасына тигізер пайдасы бар ма? Жаппай фермерлікті қалай құрамыз?
– Оның пайдасы болмаса ғалымдар бекер сөз қозғамайды. Кооперативті қалай құрамыз деген сұрағыңа тоқталып өтейік. Мысалы бір ауылда бес жүз үй бар делік. Оларда пәлен мың гектар жер бар десек, солар бірігіп үлкен орталық құру қажет. Оған басшы тағайындап, сол басшы қалай жүргізудің амалын қарастыруы керек. Ай сайын елді жинап есеп беріп отырса, сонда шындық болады. Мынанша қор бидай жиналды, мынанша картоп жиналды, осынша астықты экспорттадық қалғанын өзіміз өндірдік деп есеп беріп отырса, сонда ғана ауыл шаруашылығында қомақты табыс пайда болып, ауыл дамиды. Әңгіме ол ескі-құсқы техника да емес, мәселенің бәрі принципте, қарағым. Менің жазған еңбектерімде бұл мәселелерді қалай шешуге болатындығын, тетігін білем, балам. Сондықтан ауыл деген қасиетті жерді өркендетуіміз керек. Оны өркендететін сендер секілді білімді жастар!
– Иә, рахмет тілегіңізге! Оразалы аға, жаңа жыл басталды. Қоян жылында сізден бір ыстық лебізді ниетіңіз болса осымен бөліссеңіз.
– Біздің халыққа ризамын. Ешкімнен үміт күтпей өз күндерін өздері көріп жүрген қазақ жұртына тағы да өз ризашылығымды білдіремін. Осы жылда қиыншылықтар артта қалып, сана өзгеріп немқұрайлылықтан арылайық. Осы бізді құртып отырған немқұрайлылық, бейжайлық, салғырттық. Демократиямыз жаңарып алдағы сайлау әділ өтіп, елді ойлайтын азаматтар мен азаматшалар жеңіп, халықты өркендетуге еңбектене берсін. Сендерге тілейтінім, қаламдарыңыздың ұшы талмай халыққа жұмыс жасай беріңіздер!
Сұхбаттасқан Мәди ӘШІМБЕКОВ