ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҮНДЕУІ: ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР СӨЗ БОЛДЫ?

Ақорда
452 Views

Мәжілістің отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта қатысып, бірқатар әлеуметтік әрі саяси реформалар жайлы сөйледі. Сонымен, президент Тоқаев қандай мәселелерді сөз етті? Рет-ретімен жазайық.

ҰҚШҰ ӘСКЕРІ ЕКІ КҮННЕН СОҢ ШЫҒАРЫЛА БАСТАЙДЫ

«ҰҚШҰ-ның бітімгер күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды. Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталды. Еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгер контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді.

Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ», — деді президент Тоқаев.

БҰЛ БІРНЕШЕ ЖЫЛ БОЙЫ ЖОСПАРЛАНҒАН ЗҰЛЫМДЫҚ

«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан, еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.

Кей азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжейлі білмей тұрып қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады. Бірақ, бізге керегі тек ақиқат қана. Сол себепті, оқиғаларды мұқият зерттей отырып айтарым – жыл басынан бері болған барлық жағдайлар бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық», — деді Тоқаев.

«Мемлекеттік төңкеріс, елдің тұрақтылығына қол сұғу талпыныстары сәтсіздікке ұшырады. Біз бірыңғай ұлт ретінде бірліктің арқасында Алматы мен өзге облыс орталықтарын қорғап қалдық. Қысқа мерзімде олар қалпына келтіріледі және бұрынғыдан да көріктене түседі. Енді бұл менің тікелей міндетім және әрине, Үкіметтің жауапкершілігі», — деді Мемлекет басшысы.

ӘСКЕРДІ КҮШЕЙТУ КЕРЕК…

«Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек», — деді.

ҰҚК ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ…

«Шетін жағдайда Қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік қызметтегі әскери қызметшілер абыроймен көзге түсті. Бірақ, бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ. Бірқатар қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды, ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге айқассыз тастап кетті», — деді Мемлекет басшысы.

ҚАЗА ТАПҚАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ТУРАЛЫ…

«Қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз», — деді Қазақстан Президенті.

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР, НЕСИЕЛЕР: ПАЙЫЗ БЕН ӨСІМПҰЛ УАҚЫТША САЛЫНБАЙДЫ

«Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады», — деді Тоқаев.

УТИЛЬАЛЫМ ТОҚТАП, РОП ЖОЙЫЛАДЫ

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы керек», — деді Президент.

БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ

«Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігі сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл өзінің балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын…

Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның нақты іс жүзінде пайдалануы қажет», — деді президент Тоқаев.

МЕМСАТЫП АЛУ МЕН КАРТЕЛЬДІК КЕЛІСІМДЕР ТУРАЛЫ…

«Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын»,- деді Мемлекет басшысы.

«Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы әділ сұрақтар туындап жатыр. Қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға –бәрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигаполияны одан әрі күшейтеді», — деді.

ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫН РЕТТЕУ ТУРАЛЫ…

«Жылдан жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады», — деді.

ЛРТ ЖОБАСЫ ҺӘМ ЖЕМҚОРЛЫҚ

«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба.

Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Демек, отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ», — деді Президент.

ҚАРЫЗДЫҢ ШЕКТЕН ТЫС КӨБЕЮІН БОЛДЫРМАУ КЕРЕК

«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы экономиканы одан ары дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қауіпін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ, бұл тығырықтан шығаратын жол емес. Ең алдымен шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау керек. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі нақты шешім қабылдауды тапсырамын», — деді.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ҚҰРЫЛАДЫ

«Қазақстан — Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 проценттен астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлемуеттік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі.

Қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз, Алматы қаласына қатігез трагедиядан кейін оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана», — деді Президент.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚОРЫ МЕН ОНДАҒЫ ШЕТЕЛДІК МАМАНДАРДЫ СЫНАДЫ

«Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігі мәселесіне тоқталған Президент, бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайтынын айтты.

«Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың KEGOC, ҚТЖ сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлықдерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма?! Яғни «ұлттық байлықты еселей алды ма» деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады?! Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?!

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер қорда реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн», — деді Президент.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ

«Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ, жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтармен жабдықтауға шұғыл кірісуі тиіс», — деді.

КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҚАЙТА ҚҰРУ ҚАЖЕТ

«Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталғым келеді. Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсат – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғау үшін жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Мұны мемлекетіміздің түбегейлі мүддесі талап етеді», — деді.

ҮКІМЕТКЕ 2 АЙ УАҚЫТ БЕРДІ

«Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тасырамын. Үкіметке Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс», — деді президент Тоқаев.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *