ПРЕЗИДЕНТ САПАРЫ ТҮРКІСТАННАН БАСТАЛДЫ

Билік
901 Views

Арнайы жұмыс сапарымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына келді. Мемлекет басшысы әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жобасын көрді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы кесене маңын туристік аймаққа айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қанықты. Президент «Ұлы Дала елі» орталығы, облыстық әкімдік пен басқармалар ғимаратының және Конгресс-холл, Медиа-орталық, тұрғынүйлер сынды құрылыс алаңдарын аралады. Соңында облыс активі мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосып алқалы жиын өткізді. Онда Мемлекет басшысы алдағы атқарылар шаруаларды баяндады. Жергілікті атқарушы билік өкілдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Айтып өтейік, кесене маңында келешекте туристер үшін тартымдылығы жоғары 9 нысан салынады. Соның бірі жалпы аумағы 1,32 гектарды құрайтын «Ұлы дала елі» орталығы. Атырау облысы тарту ететін ғимарат 2020 жылы пайдалануға беріледі.

Сапар барысында Президент жақында ғана пайдалануға берілген Жастар орталығына да атбасын бұрды. Онда мемлекет басшысы өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, олар үшін жасалған жағдайды білді. Бұл орталықта «Жастарға қызмет көрсету» бөлімі, «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» жұмыс істейді. «TUR-KISTAN HUB» коворкинг орталығы да осында. Осындай мүмкіндіктерге ие орталық бір уақытта 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасыны және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін!

Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түркістанды түлетіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Президентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы әрі жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды.

Біз биліктің ауысуын тұрақты түрде жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүниежүзі тарихында болмаған. Бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығын, кеңшілігін, сондай-ақ халқымыздың даналығын білдіреді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді танытып, үлгі көрсеттік. Осылайша халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екенін дәлелдедік. Бұл болашақ ұрпақ үшін үлкен үлгі, өнеге.

Елбасы айқындаған бағыт-бағдардың өзгермейтінін баршаңызға нық сеніммен айтқым келеді.

Менің негізгі мақсатым – Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Мен оның ісін жалғастыра беремін.

Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар көп. Сондықтан осындай креативті жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасау керек. Олар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсайды деп сенеміз!

Бүгінде тарихи шаһар алып құрылыс алаңына айналған. Қазір облыс орталығында жаңа қала бой тіктеп жатыр. Алғашқы ғимараттар осы жылы пайдалануға беріле бастайды. Атап айтқанда, биыл Түркістанда облыстық әкімдік пен басқармалар ғимаратының және медиа-орталықтың құрылысы аяқталады. Ол нысандар жайында Президентке облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндады. Сонымен қатар осы жылы облыс орталығында мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 96 200 шаршы метрді құрайтын 1560 пәтерлік 26 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Ал, Қожа Ахмет Ясауи университетінің мәдениет сарайында өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы алдымен халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Одан кейін алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндады. Президент сөзінше бұдан былай елімізде заң үстемдігі салтанат құрып, азаматтардың арыз-шағымына көп көңіл бөлінеді. Әділ әрі тиімді мемлекеттік қызмет құру ісіне басымдық беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.Осы мәселеге байланысты бұл салада көп жұмыс істелді. Оны әрі қарай жандандыра түсу қажет. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі.

Келешекте мемлекет қаражатын үнемдеу мәселесіне басымдық беріледі. Әсіресе жергілікті билік тарапынан қаржыны оңды-солды шашуға шектеу қойылады. Мемлекеттің әрбір тиыны азаматтардың жайлы өмір сүруі мен мемлекет дамуы үшін жұмсалатын болады.

Мен Үкіметке, әкімдерге осындай тапсырма жүктеймін. Ысырапшылыққа мемлекет деңгейінде тосқауыл қоюымыз қажет. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – дені сау ұлт, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру. Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Тұрғындарымызға таза ауызсу, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым қажет.

Жастар жылы аясында ел ертеңі болар буынға да қолдау көп болады. Себебі, біздің ел келешекте кемеңгер көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы салған сара жолмен өз дамуын жалғастырады.

Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Бұл – бүкіл әлемнің дәлелденген тарихи тәжірибесі. Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді.

Жиында өңірдің зиялы қауым өкілдері де сөз алды. Олар өзінің алғашқы сапарын тарихи шаһардан бастаған Мемлекет басшысына ақжарма тілектерін жеткізді.

Түркістан тарихы – барша қазақтың тарихы. Бұл киелі жерді Н.Ә.Назарбаев назарынан ешқашан тыс қалдырған емес. Ежелден ер түріктің бесігі атанған Түркістанның жеке-дара облыс болғанына 9 ай толды.

«Түрленген Түркістан». Өңірдің бүгінгі келбетіне келетін сөз тіркесі осы. Өзінің жаңару кезеңін басынан өткеріп жатқан жерде бүгін ұлт үшін ұлы міндеттер айтылды. Бұл – бірлік пен даму. Қазір Қазақстан жұрты осы идея төңірегінде жұмылса деген тілек бар. Ал қасиетті Түркістан жерінде айтылған тілек орындалса керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *