Түркістан облысы, Сайрам ауданы бүгінгі таңдаәлеуметтік-экономикалық салада көшбасшы аудандардың бірі ретінде ілгерілепкеледі. Ауданды білікті басшы, бірнеше аудандарды басқарған, Парламентмәжілісінде депутат болып, республикалық көлемде келелі мәселелерді шешіпжүрген белсенді азамат Ұласбек Сәдібеков басқарып келеді. Халқына жақын бұләкім аудандағы қоғамдық мәселелерді шешуде де жан-жақты іскерлігімен, ұтқыр ойлы, алысты болжайтын асыл қасиетімен де ел алғысына бөленуде. Өткен аптада«Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы жанынан «Парасат» пікірталас клубыашылды. Бұл клубтың мақсаты әр саладағы, әртүрлі ұстанымдағы азаматтардыкәмелет жасына толған ауыл округтеріндегі ел ағалары, қоғам белсенділері,үкіметтік емес ұйым өкілдері мен саяси партиялар, депутаттар, жастар, ұлтжанашырлары, БАҚ өкілдері мен белсенді блогерлерді біріктіреді және аудандағыкүрделі мәселелерді халықпен бірлесе отырып талқылау, оларды шешудің жаңабағытын қалыптастыру болып табылады екен. Осыған орай бұл жиынныңтұсаукесерінде қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, ауданға еңбегі сіңгенардагерлердің басын қосып, парасатты жиын өткізді. Жиында ауданы әкімі ҰласбекСәдібеков мырза атқарылған жұмыстарымен қоса болашақта ауданның дамуына пайдаәкелетін жоспарларында ортаға салды. Газетіміздің осы санында біз осы басқосудаболған мәнді әңгімелерді толығымен беруді жөн санадық.
Баршаңыз ауданның белсенді, айтар ойы бар, аудан тұрғындарының жайын, тыныс-тіршілігін жақсы білетін азаматысыздар. Осы ерекшеліктеріңізді ескере отырып, тек өз ортаңызда ғана емес, ауданның қоғамдық-саяси өміріне де жақын араласса, ұтымды ұсыныстарымен ауданның жан-жақты дамуына үлес қосса деген мақсатымыз бар.
Себебі, 216 мыңнан астам халқы бар Сайрам ауданында шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелер өте көп. Біз ауданның әлеуметтік ахуал картасын әзірледік. Онда 11 ауылдық округ бойынша 42 ауылдағы 122 мәселе қамтылған.
Халықтан да, БАҚ өкілінен де, облыстық, республикалық деңгейдегі басшылықтан да ештеңені жасырып отырғанымыз жоқ. Сол мәселелерді күн тәртібіне қойып, орындалу барысын апта сайын саралап, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, Манкент ауылының тұрғындары жиі қозғайтын ауыз су мәселесі биыл оң шешімін тапты.
Осында отырған азаматтардың барлығы дерлік қабылдауымда болды. Әрқайсысы өзі өзекті деп білген мәселені жеткізді. Сол арқылы өзінің қоғамдағы орын алып жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмайтын азамат екенін танытты.
Ендеше, неге сіздермен осылай бірігіп, аудандағы барлық мәселені ортаға салып, оларды өзектілігіне қарай күн тәртібіне қойып, шешімін іздемеске?!
Аудандағы кез келген мәселе сіздер үшін маңызды деп білемін.
Сондықтан 9 айда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтемін.
Аудан белсендісі, айтары бар азамат ретінде сіздер мұны мұқият тыңдап, ары қарай осы бағытта пікір алмасамыз деп сенемін.
Баршаңызға белгілі, қазір бүкіл дүние жүзі коронавирус пандемиясына байланысты тым күрделі жағдайды бастан өткеруде. Әлемді жаулап алған коронавирус індетінің алдын алу мақсатында ауданда көптеген іс-шаралар атқарылды. Аудан әкімінің жанынан 3 мобильдік топ құрылды.
Төтенше жағдай кезеңінде аудан көлемінде тәулік бойы блок-бекеттер қойылды. Жер көлемі аз, халқы тығыз орналасқан әрі тынымсыз еңбекқор аудан тұрғындарын карантиндік режимге тоқтату оңай болған жоқ.
Мобильді топ шілде-қыркүйек айларында 400 жуық отбасылық салт-дәстүр шараларын тоқтатты.
Біреудің қуанышын тоқтату осы қызметкерлердің өзіне қандай ауыр екенін ойлап көріңіздерші. «Той» десе, қу басы домалайтын біздің елде думанның бәрі тоқтатылады дегенді өткен жылдарда біреу айтса, ешкім сенбес еді.
Қаншама игі жақсыларымыздан айрылып қалдық…….
Ешкім ешқашан сенбейтін жағдай болды биыл. Соған қарамай халық қызметшісі болғандықтан өз денсаулықтарына қауіп төнсе де, барлық жерде мемлекеттік қызметтегілер жұмысын тоқтатпады.
Әр адам жан бағып отырған жағдайда кей ауылдың тұрғындары шектеулерге қарамастан топ-топ болып жиналып, көшеге шығып арызданып жатты. Осындайда тоқтаусыз түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әкімдік қызметкерлері індет шыққан ошақтарда оқшаулау жұмыстарын ұйымдастырды. Карантинге жабылған қаншама аумақтағы тәртіпті қатаң бақылады.
Ауданда COVID – 19 симптомсыз белгілері бар науқастарға 41 дәрігерлік мобильдік топтар ұйымдастырылып, құрамына 100 аса медицина қызметкерлері тартылып, 10-мыңнан аса азаматтың жеке үйіне барып тиісті медициналық қызметтер көрсетті.
Орталық ауруханаларда қызмет ететін медицина саласының 54 қызметкері пневмониямен ауырып, оның 16-сында ПТР талдауы оң нәтиже көрсетті.
Полиция қызметінің блок бекеттердегі еңбегі ерен. Олар аудан ішілік індет ошақтарында жалпы саны 32 пост қойылып, сонда күндіз-түні қызметте жүрді. 40-қа жуық Қазпошта қызметкері 65 жастан асқан аудан тұрғындарына зейнетақыны үйіне жеткізіп беру жұмыстарына қатысты.
Аудан әкімдігінің өзінде қаншама қызметкер ауырып, кейбір мекемелер карантинге жабылды. «Болмайды» деген шектеуге сенбей, карантинге жабылған мекемелерге келіп, қабылдауды талап еткендер де болды.
Сол күндері маскалық режимді талап еткендегі ой – сол келушіден сақтану емес, керісінше ол ауырмасын деген тілек еді.
11 ауыл округінде 6041 нысан, 1621 көше, жалпы көлемі 36,7 млн шаршы метрден астам аумақ дезинфекцияланды. Кәсіпкерлік нысандардағы санитарлық тазалықтың сақталуына күнде мониторинг жүргізді.
Мұның барлығы — халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған аса маңызды іс-шаралар. «Жаман айтпай жақсы жоқ», екінші толқын басталып кетсе, дәл осы қарқында тағы да жұмысты жалғастыра береді.
Қуантатыны – төтенше және карантиндік жағдайға қарамастан, 2020 жылдың 9 айында біздің ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты сипатқа ие болып отыр.
Ауданның экономикалық дамуын сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдың 9 айында 107,6 млрд теңгеге жетіп, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5% құрады. Жалпы өнімнің ішінде басым үлес (56%) ауыл шаруашылық саласына тиесілі.
2020 жылдың қорытындысымен өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп жоспарлануда.
Аудан экономикасына серпін беретін негізгі салалардың бірі өнеркәсіп саласы болса, мұндағы өндірілген өнім 21,4 млрд теңгені құрап, өсім 15,3%-ға жетіп отыр. Сайрам ауданы бұл салада облыс аумағында 5 орында.
2020 жылы Индустрияландыру карта аясында 1,4 млрд теңгеге 94 жұмыс орнымен 5 жобаның іске асырылуы жоспарланған.
Атап айтсам, «AЙКАН» ЖШС, «Сүт өңдеу зауытының құрылысы». Темір-бетон бұйымдарын өндіретін «Көктал групп» ЖШС зауыты. Тауарлы бетон мен асфальт-бетон қоспаларын өндіруші «ELIT STRОY M&A» ЖШС зауытының құрылысы. «DARIA групп» ЖШС-нің тауарлық бетонның, темір-бетон және бетон бұйымдарының асфальт-бетон қоспаларын өндіру зауытының құрылысы.
Сондай-ақ, «Конус и К» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жлспарланған. Бұл жобаларды іске қосу 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Яғни, жыл соңына қарай ауданымызда бірқатар жағымды жаңалықтар болады.
Аудан экономикасының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласында 61,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, биылғы өсім 106%-ды құрады. Ауданымыздың үлесі облыс көлемінде 14,1%, 2 орында.
Карантиндік режиміне қарамастан аудан көлемінде барлық ауыл шаруашылығы жұмыстары мерзімінде жүргізіліп, көктемгі дала жұмыстары оңтайландырылған мерзімде аяқталып, мал басы өсімі тұрақты сақталды.
Жаңадан 154 га тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, жалпы көлемі 500 га жетті. Облыс әкімінің «Израильдік технологияны ендіру» тапсырмасына сәйкес, тамшылатып суғару әдісі барлығы 87 үй іргелік шаруашылықта енгізілді. Сондай-ақ, тамшылатып суғару әдісін енгізу бойынша 100 азаматқа 55,6 млн.теңге мемлекеттік грант берілді.
Жылыжайлар 3,4 га жерге салынып, жалпы көлемі 42 га құрады. Бүгінгі күнге жылыжайлардың 1 айналымынан жалпы 3,9 мың тонна өнім өндірілген.
Жылына 2 өнім алу жобасы аясында бірінші айналымда 101 шаруашылықтарда жалпы көлемі 146 га жерге егістік егілсе, екінші айналымда жалпы көлемі 93 га жерге егістік егілді.
МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Ауданда барлық шаруашылықтарда мал басы көбеюде. Нәтижесінде, ет өндірісі 3,2%-ға, сүт – 15,7%-ға, жұмыртқа – 6,6%-ға артты. Сондай-ақ, 2,6 мың тонна ірі қара мал еті экспортталған. Ірі қара мал етін экспорттау бойынша ауданымыз облыста 1-орынға ие.
Биыл білім саласында да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар көп. Оның бірі – бүкіл еліміздегі Online-mektep интернет платформасына қосылу, қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмыстары.
Бүгінде аудандағы 74 мектеп толық қашықтан оқытуды қолға алды. 1-11 сыныптар аралығында жалпы көпбалалы және жағдайы төмен отбасындағы оқушылар 2055 компьютер техникасымен, ал осал топтағы 457 оқушы планшетпен қамтамасыз етілді.
2020 жылы ауданда 2 жаңа мектептің және 5 мектепке қосымша жаңа оқу ғимаратының құрылысы жүргізілді. Оның 5-уі жаңа оқу жылына пайдалануға тапсырылды, 2 нысанның құрылыс жұмыстары 2021 жылға өтпелі.
Нәтижесінде Қарабұлақ ауылындағы апатты деп танылған №92 жалпы орта мектептің мәселесі шешілді.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында 17 online іс-шаралар ұйымдастырылып, 2500 жуық жас қамтылды. Жастарға психологиялық көмек көрсету бойынша 28 семинар-тренингтер ұйымдастырылып, 830 жастар қамтылды.
«Бастау» бизнесімен 505,0 мың теңге аралығындағы қайтарымсыз гранттық оқуға 171 жас жіберілген, оның ішінде 157 жас сертификат алып, өз кәсіптерін жүргізуде.
Аудан еріктілерінің және белсенді жастарының қолдауымен Мақтаарал және Төлеби аудандарындағы су тасқынынан зардап шекен ауыл тұрғындарына гуманитарлық, материалдық жәрдем беру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Одан бөлек, жастар саясатына, карантин режимін сақтау іс-шараларына белсене қатысып, аудандық емханаларға медициналық қорғаныс құралдарын жеткізу бағытында да алғысқа лайық қызмет жасады.
Бүкіл әлем пандемиядан тосырқап отырғанда сайрамдық еріктілердің ынтымақтастық ниетпен басқа аудандағы ахуалдың тұрақсыздығына алаңдап, қамқорлық танытуы біздің аудандағы түрлі этнос өкілдерінің жарасымды бірлігінің айқын көрінісі деуге болады. Көрнекті қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Арадан қыл өтпесін, қыл өтсе, басқаның бәрі өтеді» дегені бар. Біз дәл осы ауызбіршілікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Айтары бар Мырзатай ағамыздың «Жараны тырнап жазбайды, емдеп жазады» деген сөзі бар. Бүгінде аудан белсендісі деген Сіздердің әрқайсыңыздан осындай ой-пікірлеріңізді тыңдағым келеді.
Міне, сондай карантин кезінде елге басу айтып, сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстарына қатысып, ақпараттық қолдау танытқан азаматтар да араларыңызда отыр.
Керісінше, «топталуға болмайды» десе, қасақана кісі жинап, тәртіпке бағынбай аудан атына сын келтіргендер де аз болмады.
Өзінің қызметтік міндетін дұрыс атқарып жүргеніне қарамай, қаншама қызметкер сөгіс алды. Ауылда бес үйде той өтті. Жауапсыздық танытқан адамдардың себебінен сол тойды барып тоқтатқан полиция қызметкері «бақылаудан шығарып алғаны үшін» ескерту алды.
Елге маска жетіспей жатқанда мұғалімдер маска тікті. Өз еркімен сонша мұғалім қиындыққа қарсы жұдырық болып жұмылды. Ал сонша мұғалімнің ерікті ретінде жасаған жақсы ісін көрсете алмай, «мәжбүрлеп тіктіргені үшін» жауапты басшыларына тағы да сөгіс берілді.
Сол қиын кезеңде осындайдан қаншама адам жұмыстан кетуге дайын болғанын сіздерге ашып айтып отырмын. Бірақ, тапсырманы орындау – міндет. Бәрі сол міндетті атқарды. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі де осында. Халыққа солай қызмет етіп жүрген азаматтарды қолдап, бірге жұмыс істеуге ықылас таныту елдік тұрғыдағы ең бір игі шешім болар еді.
Аудан еріктілерінің күшімен Ақсукент, Қарабұлақ ауылдарындағы ауруханаларға 1000 дана респиратор, 50 метр кислород баллонына арналған мыс шлангы, 30 дана градусник, 50 кислород баллондары жеткізілді.
Ауданда мемлекеттік және салалық бағдарлама шеңберінде жыл басынан 1978 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 1308-і тұрақты. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1%, жастар жұмыссыздығы 4,0% құрады.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 1,3 млрд.теңге қаралып, 5058 адам қатысты. Оның ішінде 103 адам шағын несие, 1023 адам мемлекеттік грант алды, 2214 адам бос және жаңа жұмыс орындарына жолданды.
2214 адамның 516-сы жастар практикасына, 243 адам әлеуметттік жұмыс орындарына, тағы 765 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Ауданда 2020 жылдың 9 айында аз қамтамасыз етілген 3485 отбасына 983,6 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін:
— жұмысынан айрылу салдарынан табысы төмендеген 94 мың азаматқа 6 млрд.теңге, яғни, 42500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер берілді.
Аудан бойынша 37 инфрақұрылымдық жобасын іске асыруға 734 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 37 жоба бойынша жұмыстар басталып, 285 жаңа жұмыс орындары ашылды, оның ішінде 173 адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданды. Жоба аясында 6 әлеуметтік нысандар жөндеуден, 21 көше орташа жөндеуден, 7 көше жарықтандырудан және 3 елдімекендегі ауыз су құбырлары орташа жөндеуден өтуде.
Осы тұста коммуналдық бағытта атқарылған жұмыстарға тоқтала кетейін. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 73,2 млн теңгеге құдық суын пайдаланып отырған Қызылжар ауылына жаңа ауыз су құбыры салынды, 74 млн теңгеге 4 елдімекеннің тозығы жеткен ауыз су жүйелері жөндеуден өткізілді.
Нәтижесінде аудандағы 42 елдімекен 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды.
ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ
Ағымдағы жылы 5 табиғи газ нысанның құрылысын жүргізуге 58,8 млн теңге бөлінген. Аудандағы табиғи газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталған 12 елдімекенді Жаңақоғам №20 АГТС-ы арқылы газбен қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жоғары қысымды магистральды құбырына қосу жұмыстары аяқталды.
Нұржанқорған, Қожақорған, Ханқорған, Жаңатұрмыс, Қосбұлақ атты 5 елдімекенде табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде 13742 тұрғын табиғи газбен қамтылғалы.
Бүгінде Сайрам ауданында елдімекендерді табиғи газбен қамту 57,1%-ды құрап отыр.
Тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 3 нысанның құрылысына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілді.
Нәтижесінде 3 елдімекенде жарықпен қамту сапасы артты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жандана түседі.
2020 жылы ауданда ішкі көшелердің 85,1 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен жалпы пайдаланымдағы жолдардың қанағатты жағдайдағы үлесін 52,7%-дан 59,4%-ға дейін арттыру көзделуде.
Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен аудан орталығындағы «Мәртөбе» алаңын абаттандыру жұмыстары басталды. Биыл, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған.
Президентіміз өз Жолдауында ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жалғастыруды тапсырған болатын.
Бұл бағытта Ақсукент және Манкент ауылдарын дамыту мақсатында 14 жобаны іске асыруға 805 млн теңге бөлінген.
Оның ішінде 361 млн теңгеге ішкі жолдар орташа жөндеуден, 444 млн теңгеге 3 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті.
Оның ішінде Манкент ауыл округіндегі Жонарық бастауыш мектебінің күрделі жөндеуі аяқталды.
Ал, орталық аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады.
Өздеріңіз білесіздер, карантин режимін орнату кезінде әкімдік қызметкерлерінің де 80%-ы онлайн форматта жұмыс жасады. Аудан тұрғындарының арыз-шағымдары түгел онлайн форматта қаралды.
Ол үшін фейсбук әлеуметтік желісі арқылы барлық ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшылары тікелей эфирге шықты. Аудан әкімі ретінде мен және аудан әкімінің орынбасарлары да бірнеше рет тікелей эфирде саяси-әлеуметтік ахуалды, карантин талаптарының сақталу барысын баяндадық. Түрлі мессенджерлер, аудан әкімінің ватсап қызметі, Call-орталықтар іске қосылып, тұрақты түрде байланыс жасады. Бұл кезде де сабырсыздық танытып, «жауап жоқ» деп реніш білдірген аудан тұрғындары болды.
Бұны неге айтып отырмын? Әрқайсыңыз «менің артымда сөзімді сөйлейтін пәленбай кісі тұр» дейсіздер. Ел деп еміреніп жүрген жан болған соң осындай сабыры таусылған кісілерге басу айтудың өзі сіздердің тараптарыңыздан жасалған жанашырлық болмақ. Атқарылып жатқан жұмыстың бәрін көріп отырсыздар.
Құрметті «Парасат» пікірталас клубының мүшелері!
«Қисық арба жол бұзар, қисық жігіт ел бұзар» деген керемет даналық бар.
Мен әрқайсыңыздың қоғамдағы орныңызды сыйлап, құрметтегендіктен, сөздеріңіздің салмағы бар деп танығандықтан осы «Парасат» пікірталас клубын құруды жөн деп таптым.
Өзекті мәселелерді ортаға салып, әрқайсыңыздың сол мәселеге байланысты пікірлеріңізді тыңдап, ортақ шешімге келіп, бірігіп жұмыс істесек деген ниет бар.
Бұл да бір бұрынғыдан қалған салт, елдің қамын ойлаған ауыл билері, қоғам белсенділері, блогер, БАҚ өкілдері бәріңізді осында ойларыңызды ашық айтып, ұсыныс жасап, бір-біріңіздің көтеріп жүрген мәселелеріңіз төңірегінде бірге шешім қабылдауға шақырамын.
Егер сіз Сайрам ауданының жанашыры болсаңыз,
Егер сіз шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз,
Егер қарабастың қамымен жүрмесеңіз,
Егер елдің қамын ойласаңыз,
Егер сізді осы ауданның болашағы ойландырса,
Егер осы ауданның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмасаңыз, «Парасат» пікірталас алаңы сіздікі!
Шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз.
«Парасат» пікірталас клубының ережесі бойынша әр тоқсанда кездесуді жоспарладық.
Алайда, осы бастамамыз Сайрам ауданы үшін оң нәтижесін көрсетіп жатса, одан да жиі кездесуге мен әрқашан дайынмын.