«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ететүсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр…Мен бар қазақстандықтар,әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінедідеп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың еңбасты қағидасы».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Өмір атты көшкіннің толқынында еліміздің басынан нелер келіп, нелер кетпеді? Тәуелсіздік алғалы бері қоғам өрлеу мен дамудың қандай сатыларынан өтті? Жалпы ортақ құндылықтарымыз, ақыл-ойымыз бен таным-түйсігіміздің көкжиегі қалай көрініс беруде? Тарихтың, заманның бүтін болмысын танытып, жаңа дәуірдегі Қазақстанның өркендеп, қанат жаюына мол әсерін тигізіп, дөп басатын, ұлтымыздың болмысына, дәуір тынысына қарай бейімделген не нәрсе бар? – деген сынды көкейде сайрап тұрған сансыз сауалдарға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасымен мақаласында үн қатқандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген сөзі онсыз да руханиятқа сусап жүрген халықтың көкірегіндегі ұлттық шерін қозғап, ұлтымыздың іздеген мақсат-мұратына дөп тигендей болды. Иә, дәл осы «Рухани жаңғыру» ұғымынан күткеніміз де, күтеріміз де көп. Сараңның да санасын сілкілейтін болмысымыздың кілті – тарихтың бағасын білуіміз, ұмытпауымыз керек. Бұл құжат – мемлекеттегі идеологияны анықтап, рухани жаңғыруға бағытталған. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, төрткүл әлемде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді қабылдай алуымыз қажет. Ақыл-парасат болмай жеті ырысымыздың құралмасы анық. Тұңғыш Елбасымыз осы ретте тұтас қоғамның және қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың бағыттарына жеке-жеке тоқталып өткен болатын. «Сананы жаңғыртудың» маңызын айшықтай отырып, жаңғырудың алты бағытын белгіледі. Яғни, «бәсекеге қабілеттілік», «прагматизм», «ұлттық бірегейлікті сақтау», «білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «сананың ашықтығы».
«Әркім сөзді өз әлінше парықтар,
Өрең жетсе ойыңа дән алып қал», – демекші аталған бағыттардағы әрбір өзекті, уақыттың талабына сай нақты келтірілген сөздерді көкейге түйіп, жүзеге асыруға атсалысқанымыз абзал. Себебі «Мәңгілік Ел» болуымыз үшін бізге қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген заманға сай тұлғалар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны айдан ақиқат. Көңілді күмәнді ойлар көмкерсе де бір орында тұрақтап қалған болмысымызды, яғни өз-өзімізді өзгертуге, жаңа заманға бағыттауға күш-жігерімізді сарп етуіміз қажет.
Елбасының сөзімен айтқанда, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». Өткенді өзгертетін құдіретіміз болмаса да жарқын болашақты қалыптастыруға мүмкіндігіміз мол. Абылай хан айтқандай, «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік», ағайын!(Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет). «Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм (үнемшілдікпен жаңашылдыққа ұмтылу, сән-салтанаттан алыс, қарапайымдылыққа жақын) мен бәсекеге қабілеттілік секілді сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады», – дейді Елбасы өз мақаласында. Осы орайда еліміздің әр өңірінде түрлі салаларда атқарылып жатқан игі де ізгілікті істер біршама. «Терең білім – Тәуелсіздігіміздің тірегі» екені айқын. Демек, жаһандану алдында терең білімге ие, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға болып қалыптасу – біздің басты мақсатымыз. Ұлы уақыт, киелі сөз, мүмкіндік сынды үш асылды бағалап, бос өткізбеуге ұмтылайық.
ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
ХХІ ғасыр – ақпараттық технология дәуірі екені баршаға мәлім. Заманауи тәжірибе дүниежүзілік ақпараттық кеңістікке енудің, ең алдымен Халықаралық маңызы бар тілдердің игерілуімен және латын графикасы негізінде жазу реформасымен тығыз байланысты екенін көрсетіп отыр. Батыр Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Тілін білмеген – түбін білмейді», – деген. Шынында, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп, терең бойлай алмаса, бұл қасірет емес пе? Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, қадірлей білуі тиіс. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «… қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деген болатын. Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі, әрине, бәріміз үшін үлкен жаңалық. Қоғам тарапынан бұл бастаманың үлкен қолдауға ие болғанын жоққа шығармаймыз. Алайда, халқымыз 2025 жылға дейін латынға көшуге дайын ба? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Тіл саясатының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту екені даусыз. Аталған бағытта Шымкент қаласында батыл бастамалар қолға алынып, тиянақты тірліктер жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында тіл үйретудің озық әдістемелері Халықаралық тәжірибелерге негізделді. Әлемнің озық лингвистикалық тәжірибесі қазақстандық дербес тіл саясатына кіріктірілді.
Осыған орай саладағы байыпты бастамалар мен салиқалы істердің нәтижесінде үздіксіз жұмыс атқарып келе жатқан Шымкент қаласындағы тілдерді оқыту-әдістемелік орталығына арнайы ат басын бұрған болатынбыз. Жылы шыраймен қарсы алған мекеме басшысы Нұрила Серікбайқызы Жұманова мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы атқарылып жатқан игі істерімен ой бөлісті.
Бұл орталықтың тынымсыз еңбектерін, маңызды істерін көзіқарақты азаматтардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Аталған орталық мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның маңызы мен мәртебесін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, үш тілді жетік меңгерген жастарды ынталандыру және латын қарпін үйретудің түрлі жолдарын қарастырып, көптеген байқаулар мен семинарлар өткізіп, мемлекетке жүйелі түрде белсенді қызмет көрсетуде. Қалалық тілдерді оқыту орталығының бастамасымен қаңтар айынан бастап жергілікті газет беттерінде «LATYN ÁLİPBIİN ÚIRENEMİZ!», «ІСҚАҒАЗ ЖҮРГІЗУДІҢ ТҮРЛІ ҮЛГІЛЕРІ» айдарлары ашылып, тұрақты түрде ақпараттық-тәжірибелік сабақтар жарияланып, 200 дана әдістемелік құрал әзірленіп, қаріп үйренушілерге таратылған. Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Латын әліпбиі» кабинеті ашылып, аптасына екі рет «Латын әліпбиін үйренейік» ақысыз курсы тұрақты өткізілуде.
Қаланың ересек тұрғындарын тілдерді және латын әліпбиін оқыту курстарына шақыру мақсатында Д.А.Қонаев даңғылы мен Қазыбек би, Ильяев көшелерінде билбордтар ілінген. Ағымдағы жылдың 9 айында орталықта 107 топ ұйымдастырылып, ондағы 1570 тіл үйренушінің 435-і қазақ тілін, 86-сы орыс тілін, 587-сі ағылшын тілін меңгеріп шыққан. Тіл үйренушілердің 359-ы мемлекеттік қызметші болса, 1211-і бюджеттік салалардың азаматтары.
Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша диагностикалық тестілеуден өткен 66 қызметкердің 26-сы мемлекеттік органның, 40-ы бюджеттік саланың қызметкері. «Ұлт тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында жастар арасында пікірталас, «Ана тілім – айбыным» әдеби поэзиялық оқу, «Ана тілім – айбыным» кітап көрмесі, «COWORKING» білім орталықтарының ашылуы, «Тіл мерейі – ел мерейі» интеллектуалды сайысы, қала тұрғындарымен «Сөзмерген», «Тілтаным» викториналық сайыстары, «Біз латынды қолдаймыз!» акциясы, «Мемлекеттік тіл – менің мерейім!», «Қазақ тілі – рухани негізіміз» тақырыбында қазақ топтарында эссе, орыс топтарында «Тіл – татулық тірегі», «Тіл – ұлт және мемлекет негізі» тақырыптарында диктант жазу, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» форумы, мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқаулары, Шымкент қаласындағы бөбекжай-балабақшалар мен орыс тілді мектептердің арасында өткізілетін дәстүрлі «Ана тілі және отбасы», студенттер арасында көркемсөз оқу шеберлері байқауы, оқытушылардың өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыру, инновациялық идеяларын қолдау, сандық технологиялар қолданылған педагогикалық іс-тәжірибелерді жинақтау және тарату, оқытушылардың беделін көтеру мақсатында «Best Teacher» және «Үздік оқытушы» байқауларының ұйымдастырылып, жүйелі түрде өткізіліп жүргені жоғарыда айтылған сөзімізге дәлел.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың саны 2020 жылға қарай кемінде 90, орыс тілін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 89, ағылшын тілін меңгерген тұрғындар саны 25 пайызды құрауы тиіс» деген мақсатты индикаторларға қол жеткізу жоспарланған.
«Талаптарды орындау мақсатында орталықта тіл үйренушілер саны 2018 жылы – 1668 болса, 2019 жылы – 1827-ге жеткен. Ал 2020 жылы – 1835-ке жеткізу көзделіп отыр», – дейді орталық басшысы Нұрила Жұманова.
Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келе жатқан тақырыптардың бірі екендігі бәрімізге белгілі-ақ. «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін бәріміз де санамызбен түсініп, оның шынында да, қазіргі қоғамға тигізер ықпалы туралы ойлануымыз керектігі де түсінікті. Қазіргі таңда елімізде латын әліпбиіне көшу әлі де екі жақты тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып табылады. Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен заман талабы болып отыр. Осы тұрғыда аталмыш орталық басшысы Нұрила Жұманова «Латын графикасына көшуге қандай қажеттілік бар?» деген сауалымызға «Жер шары халқының 80 пайызы, яғни 112 ел латын қарпін пайдаланады екен, 48 мемлекет араб әліпбиін, 12 ел, соның ішінде бұрынғы ТМД елдерінен қазақ пен қырғыз бар – кирилл жазуын тұтынады. Бүгінгі инженерлік ойлар, дәлме-дәл ғылымдар, инновациялық технологиялар айқын басымдыққа ие латын әрпімен жасалады. Бұл латын қарпі жоғары технологияның драйвері іспеттес, латын терминологиясын игерусіз бағындыра алмайтын жаңа мамандықтар мен жаңа мамандар, әлеуметтік экономиканың жаңа бағыттары пайда болған. Біздің қазақ ғұлама ақын, жазушылар шығармашылығының шетел тілдеріне аударылуына, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оңай, еркін меңгеруіне де тигізер септігі зор. Өткен тарихымызды білу, қыр-сырына үңілу, көптеген шығармаларымызды түсініп, түйсіну үшін де латын әліпбиінің тигізер пайдасы мен қажеттілігі жетерлік», – деп жауап беріп, тақырыпқа ерекше тоқталып өтті.
Иә, заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз жөн сияқты. «Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді. Осы орайда, ХХ ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз дұрыс. Ең маңыздысы – қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз», – деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде. Осы жолда аянбай тер төгіп, үлестерін қосып келе жатқан, еліміздің рухани құндылықтарын ерекше түлеткен, халқымыздың тарихи жадын дүр сілкіндірген Тұңғыш Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде мемлекеттік тілдің өркендеуіне атсалысып жүрген Шымкент қаласындағы тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының мемлекеттік тілімізді еліміздің түрлі салаларында дамытуда, ұлттық қасиетімізді ардақтай отырып, рухани жаңғыру мен жаңаруда алатын орны ерек екенін ұмытпағанымыз жөн. Ендеше орталықтың еңбектері өрлеп, қызметтері өркендеп, шыңдала берсін дейміз!
Елбасы өзінің бұл бағдарламалық мақаласы арқылы сананы жаңғыртудың сара жолын ашып берді. Расында да сана жаңғырмайынша, тіліміздің де, рухымыздың да дамымайтыны белгілі жайт. Сол себепті де біз бұл мақаланы қайта-қайта оқып, оның мән-мағынасын зердемізге терең құя білуіміз керек.
Рухани жаңғыру – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын Сіз бен біз болып «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.
Бүтін бір ғұмырға татитұғын істеріміз көп болсын! Сынаптай сырғыған күндеріміз сұрықсыз болмай, рухани жаңару арқылы әлем мойындаған табысты ел атанып, «Алға жылжы ақырындау болса да, Тоқтаған су иістенер бір демде» демекші, жарқын болашаққа сенім мен үмітті үндестіре отырып алға адымдайық, бірлікте, татулықта бақытқа, «Мәңгілік Ел» болуға бірге қадам басайық!
Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.