СЕН САЛАР ДА, МЕН САЛАР, АТҚА ЖЕМДІ КІМ САЛАР?

Руханият
65 Views

Айналайын Отырар бір, тіпті ондаған әл-Фарабилерді жаратумен шектелген жоқ.
Ол кешегі Өзбекәлі, бүгінгі Құлбекпен де тұйықталып қалмайды.
Менің кейіпкерім Айтбай ақын да Арыстанбаб атырабының төл тумасы.
Егер Қызылқұмның осы азаматы кезінде ерлікке пара-пар әрекет жасамағанда Шәмшінің туылмауы да мүмкін еді…

Айтылған сөздің мәнісін көпшілікке түсінікті етіп баяндап көрейін.
Оңтүстіктегі аудандық, облыстық газеттерде қызмет еткен алпысыншы, жетпісінші жылдары Қызылқұм ауданына жиі жолым түспепті. Отырармен, отырарлықтармен жақын таныстығым қызық болғанда 1982 жылы Алматыға қоныс аударған кезімнен басталды. Астана қалада елден бұрын жақын тартып, ерулік беріп, достық құшақтарын жайған Көпен мен Құлбек еді. Сол екеуінің арқасында әдеби ортаға еніп, туған жерімде жүргендей, өзімді еркін сезіндім.
Көпен туралы әңгіме көп. Оның да кезегі келер. Бүгін Құлбек бауырыма қатысты бір жайларды жолай әңгімелеп өтсем деймін. Мен, айтпақшы, оны атақты профессор Бейсембай Кенжебаев арқылы таныдым.
… Бөген аудандық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет етіп жүрген кезім, 1967 жыл. Редакция аудан перзенттері болып табылатын атақты азаматтар туралы жиі-жиі мақала жариялап тұрады екен. Сондай дүниелердің бірінен жерлесіміз профессор, ғалым Бейсембай Кенжебаев туралы біраз мәліметтерге қанығып, әкемнің есімнен шыға бастаған бір естелігі жадымда жаңғырды.
… Аққойлы медресесін бітірген сақа жігітті, яғни көкемізді сонау 1923-ші жылы болса керек, бір бейтаныс жап-жас студент іздеп келеді. Мәскеудің дөй университетінде оқиды екен. Жазғы демалысқа шығар алдында ректораттан «Еліңде сауатты, оқуға ынталы талапкерлер табылып жатса, ерте кел» деген тапсырма алыпты. Қатардағы Бейсембай атты қазақ баласына білдей Қабылдау комиссиясының міндетін арқалатып жібергендерін қараңыз… Міне, енді сол үлкен мақсатпен ауыл-ауылды аралап, талапкер іздеп жүрген көрінеді… Қысқасы өзара түсіністікпен өткен кездесу нәтиже бермепті. Өлгенде көрген дегендей жалғызын атамыз жердің түбіне жіберуге тәуекел ете алмаған шығар. Бары-біткені осы. Бейсекең алыстан ат арытып келіп, түн ұзақ әңгіме өрбітіп, бір адамның тағдырын өзгерте алмаса да, қараңғылықта қамығып отырған бүкіл бір ауылға үміт шырағын сыйлап кетіпті. Ол шырақтың сәулесі Жансейіттің ұлынан өтіп немере, шөберелеріне дейін жеткені анық енді. Басқа ауылдастар да, әрине, оның шапағатына бөленбеді деймісіз!
Жиырмасыншы жылдардың басында өткен осы оқиға арада жарты ғасыр жылжығанда Б.Кенжебаевты іздеп барып, сәлем беруіме себепші болды. Қайран Бейсекең ештеңені, ешкімді ұмытпапты. Фамилиямды естіген соң бәрін қаз-қалпында есіне түсіріп, әке-шешемнің, ауыл-ауданның хал-жайын сұрастырды. Қоштасарда үйіне қонаққа шақырды. Жай сыпайылық емес, шын ниеті екенін сезінген соң бас тарта алмадым.
«Қазақ құдасын Құдайындай күтеді» дейді ғой. Атақты профессор сырттай оқитын, жай ғана жерлес баланы құдасындай сыйлады. Апай өте жылы қабақ танытты. Дастархан жайнап тұрды… Бар-біткені осы деп ойламаңыз.
Алматылық атандым. Құлбек бауырым үйіне қонаққа шақырды. Баяғы өзім көрген үй. Тек бар өмірін Бейсекеңе арнаған аяулы апай жоқ, дүние салыпты. Жалғыздық етектен тартқанда Құлбек Бейсекеңнің сүйікті баласына, ал келіншегі көргенді келінге айналыпты. Жарасымды бір отбасы болып отыр екен. Құлбекке деген таңданысым сол күннен басталды. Бұл сезім көп ұзамай ризашылыққа, одан ары сүйсінуге ұласты. Арада тағы бір он жыл ауысқанда бойымда бір қорқыныш та бас көтергенін несіне жасырайын.
Оған не үшін ризашылық танытып, нендей іс-әрекеттеріне орай сүйсінгенімді ортаға салайын. Құлбек бір кезде тынымсыз қозғалып жүретін, жай қарап отыра алмайтын сүйкімді сары бала болған шығар. Мен көргенде иман жүзді ақ-сары жігіт еді. Сергек, елгезектігі бірден байқалып тұрды. Таныстықтан соң түрлі газет-журналдарда жиі жарияланатын мақаласын үзбей оқу әдетіме айналды. Жылт еткен жаңашыл ойлары, соны деректері, тілді емін-еркін әрі орнымен пайдаланып, түсінікті, ұғынықты баяндайтыны риза ететін-ді. Бірте-бірте ой-қиял, жорамал, тұжырымдарының тереңдей, кеңейе әрі биіктей бастағаны сүйсіндірді. Қалам ұстаған жас таланттарда байқалатын табиғи құбылыс қой бұл. Ал ақсары замандаста өсу, жетілу динамикасы, процесі өзгелерге қарағанда, менің байқауымша, жылдамырақ жүріп жатты.
Тынымсыз ізденіп, еңбек етіп, мақалалармен бірге кітап жазумен шектелмей, ол шау тартқан Бейсембай көкесінің жағдайын да бір сәт естен шығармады, көп уақытын, күш-қайратын, тіпті дипломатиясын да соған жұмсады. Білуімше абызбен күнделікті әңгіме-сұқбат жүргізіп, айтылған сөздің шып-шырғасын шығармай қағазға түсіріп отырды. Өзім де журналист емеспін бе, сұқбат алудың түр-түрі барын білемін ғой. Көп сұқбатшылардың айтылған жай-жапсарды көшіріп алудан ары аса алмайтыны белгілі. Бетінен қалқуды жаны сүймейтін Отырардың ұланы жалпы жаратылысы, болмысы батыр адамды «қартайып, қайғы ойлап, арманы ұлғайған», шүкіршілік пен тәубеге бой алдырған шағында тарихтың қия беткейлеріне, шатқалдарына қарай бағыттай алды. Солай телегей теңіздің тереңіне шөккен, енді су бетіне шығуы неғайбыл інжу-маржандарды түгін қалдырмай, теріп, түгендей білді. Тарихта «ақтаңдақ» деген атаумен қозғаусыз жатқан жылдар, зұлмат кезеңдер, сондай-ақ атаусыз қалған тұлғалар туралы айтылмай келген, тіпті тәуелсіздік қарсаңындағы жетпісінші, сексенінші жылдардың өзінде көп ғалым, тарихшы, жазушы, қоғам қайраткерлері жарыққа шығаруға әлі дайын емес өткір мәселелер бойынша бұ дүниенің бар-жоғынан баз кеше бастаған қарияны өткен шақтарға оралтып, қатты тебірендіріп, толғандырып, ғалымның өзімен бірге мәңгілікке кетіп бара жатқан сыр сандығын алып қалуға қол жеткізді. Бұл да сүйсіндіретін жағдай ғой. Алайда «апырай, түбі қалай болар екен?» дегізетін шетін тұжырым, қорытындылар төбе көрсете бастады.
Профессор Кенжебаевтың шәкірттері, ұлыға айналған ізбасарлары көп еді: З.Ахметов, Т.Қожакеев, М.Мағауин, М.Жолдасбеков… Көп-ақ. Солардың қатарына ешкім күтпеген жерден Құлбек Ергөбек барып қосылды. Бұл қосылғанда ерен көсілді. Ұстазынан үйренумен, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге еншілеумен шектелген жоқ. Бұрынғы бір-бір тұлғаға айналған шәкірттерді кей орайда басып та озды. Ол жаңа заман, басқа қоғамның өкілі ретінде жан тыныштығына бет бұрған қарт абызды кезінде басқалар айтпаған, бүгінгі күні де айта алмай жүрген, осы қалпында қалған жағдайда мүлде ұмытылуы мүмкін оқиғаларға, түйін-түйін, дау-дамайлы тақырыптарға қарай ойыстырып, ақтарыла, адалынан сыр шертуіне ықпал етті. Жағдай жасады. Атмосфера туғызды.
Осындай қилы кезеңдерде мен сияқты әріптес оқырмандарында іштен бір үрей бас көтеретіні табиғи заңдылық, әрине. Айдалада жүрген өзің үшін емес, авторды ойлап үрейленесің-дағы. Несін жасырайын, кей-кейде «оған Құдай көмектесетін шығар» деп те ойлайтынмын. Себебі уақыт озған сайын «жегені жантақ» бола тұра арқалаған жүгі ауырлап, зіл-батпанға айналды. Журналист, әдебиет сыншысы, жазушы деген кәсіптерге енді ғалымның жауапты да ауыр міндеттері келіп қосылды. Қазыналы қарт ғалымның ішкі сарайында, жадында, санасында, көңіл түкпірінде жылдар бойы қатталып, қордаланып қалған дүниелер орасан мол екен. Жинаусыз, жүйеленусіз, баспа бетін көрмей, қолжазба күйінде шашылып қалған, әркімнің қолында кеткен еңбектерді табу, жинау, жүйелеу, зерделеу, баспаға дайындау, корректоры да, редакторы да, бас редакторы мен баспагері де болу дегенің… Меніңше бұндай әрі ауқымды, әрі жауапты, қауіпті тұстары да жиі кездесетін жұмысты атқаруға анау-мынау институт ұжымының шама-шарқы жете бермес пе еді. Құлбектің қолынан келді. «Құдай көмектескен шығар» дейтін пендешілігімнің себебі осы.
Сексен жылдығының қарсаңында осынша насихатталып, осынша кітап шығарамын деп Кенжебаевтың өзі де ойламаған шығар. Айтпақшы ғалымның мүшелтойын бұрын-соңды болмаған биік деңгейде және кең көлемде өткізу міндеті тағы да Құдай бере салған баланың мойнына түсті. Оны еске салу, қозғау, ұйымдастыру сияқты сан алуан іс-шаралардың салмағы Құлбекке артылғанын көзіміз көрді. Жанымызбен сезіндік. Алыста жүріп-ақ шаршайтынымызды қайтерсіз және. Жоғарыда замандас досқа қарата айтылған «Құдай көмектесетінді» енді Бейсекеңе қатысты да еске алдық. Алла тағала қартайып, «арманы ұлғайған» шағында оған тумаса да туғандай етіп, «Бір бала береді жете туғызып, бір бала береді өте туғызып» дегендей, «сүф» деп, алтын сарыны беруі соның айғағы емес пе. Қысқасы Қ.Ергөбектің авторлығымен, құрастыруымен, редакторлық етуімен Б.Кенжебаевтың 80 және 90 жылдығы арасында том-том дүниелер жарыққа шықты. Мысалы, бір ғана «Арыстар мен ағыстар» кітабы төрт томнан тұрады. Онда, әрине, Бейсекеңнің де образы жүр. Ал «Ғалымның шеберханасы» аты айтып тұрғандай, толайымен қайталанбас қайраткер оқымыстыға арналған.
Жалпы Құлбектің тікелей қатысуымен, авторлығымен әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған дүниелердің, баспадан шыққан кітаптардың атын атап қана тізіп шығу үшін білікті библиографты, оған қоса архивариусты осы іске жылдар бойы жегіп қою керек болар-ды. Бәрін баяндап жату қайда, сол қыруар еңбектердің көлемі шағын деген бірін, мәселен, «Қайран да, қайран Бейсекең» деген толғауын оқығанда коммунизм идеясына алданып, көппен бірге әлі адасып жүргеніңді біліп, жүзің қызарады.
Құлбектің жазу стилін, тәсілін, мәнерін зерделеу үшін дайындығы жан-жақты мамандар арнайы зерттеуі жөн-ау деп ойлаймын. Тереңнен қопара жазатыны, уақыт шаң-тозаңы басып қалған құпияларды ашу үшін астын үстіне шығара қалам тербейтіні, тереңге ғана емес, биікке де батыл баратыны сүйіндіре тұра замандас қаламгерлердің бойында біртүрлі үрей де туғызатыны бар. Өйткені өзіңнің осылай жапырып қалам сілтей алмайтыныңды сезіну көңіліңде алаңдаушылық туғызатынын несіне жасырамыз. Бұл азаматтың арына тиетін, ұятпен өртейтін көзге шұқу емес, игілікті үрей. Ол сені сипай қамшылайды, ұйқыңнан оятады, сергектікке, белсенділікке үндейді. Бір іске бел буып кіріссең, Алла тағаланың саған да көмектесуге дайын екенін ұқтырады. Қазіргілердің тілімен айтқанда «мотивация береді». Мен осылай түсінемін. Тағдырым мені де кезінде профессор Кенжебаевпен жолықтырды. Бұны маған берілген мүмкіндік ретінде бағалағаным абзал. Солай. Алайда өзімнің де, елдің де игілігіне пайдалану қолымнан келмеді. Шынымды жасырмайын, мен ол кісіге Құлбектей құтты ұл бола алмайтыным ақиқат. Содан жолым байланып қалмады. Кейін Құлбекпен танысудың да шарапаты тиді. Менің өз болмысыма лайық босбелбеулеу тағдырым өмірінде бір рет пысықтық танытып, құдіретті қожасына шамалауымша мынадай бір өтініш айтқан сияқты: «Өзіңіз белгілеп берген, менің қамқорлығымдағы баланың жазушы болғысы келеді. Оған да бір сыбаға берсеңіз екен». Бұнысын құп көрген қожасы маған отырарлық Айтбай ақынның басынан өткен бір хикаяны еншіме бөлген шығар. Әйтпесе Қызылқұмда қаламмен қаруланғандар жеткілікті. Егер Айтбай оқиғасын мен емес, Көпен бе, Құлбек пе қағазға түсіргенде жағдай басқаша өрбіп, пьесаның айы оңынан туар ма еді деп те ойлаймын. Алайда шығарма шикі, нашар деген пікір жоқ. Бар гәп театрды әдебиетке қатысы шамалы өнер ұжымы деп санайтындардың теріс пиғылында болса керек…
Мың жылдық арманға айналған тәуелсіздік бізге жеткенше жай ғана шартты ұғымға айналып кетіпті. Бұрын бір империяға тәуелді Қазақстан ендігі жерде жер-жаһанның ондаған алпауыт мемлекеттеріне жалтақтап, қайырлап қалды. Бардың бәрі жоққа айналды, бұрынғы жоқтар еселеніп жатты. Аштықтан да, жоқтықтан да, жалпы ештеңеден қорықпайтын қытайлардың өзі «Өтпелі кезең» десе өмірден баз кешіп, бастарын сауғалауға ұмтылады екен. Біз соны өткердік. Әупіріммен аман өттік. Тарыдай шашылған қазақ ұйысуға бет бұрып, ұлттың ояну дәуірі басталды. Батыл бастамалар, шешуші қадамдар жасау қажеттігі туындады. Түркістан идеясы алға шықты. Әлем көз тіккен көне қаланың еңкейген еңсесін тіктеу, жер шарының кез келген нүктесінен менмұндалап тұратындай дәрежеге жеткізу міндеті қолға алынды. Бүкілхалықтық қозғалысқа керек кадрлар Түркістанға шақыру алып жатты. Солардың алдыңғы қатарында Құлбек те Алматымен қош айтысып, ерекше миссиямен Оңтүстігіне аттанды.
– Сен Түркістанға сыймайсың-ау, – дедім мен оның әрекет ету әлемін біршама білетіндіктен.
– Мені ешкім байлап қоймас, – деді ол.
Сыйды. Сыймас та еді, бір қалада байланбады. Түркістанның кері кеткен тірлігі бері қараған шақта оны облыстық әкімшілік жаңа қызметке шақырды. «Өтпелі кезең» өткелі артта қалған соң Қазақ-түрік университетіне, үйреншікті ортасына оралды…
Осылай анда-мұнда шапқылап, әсіресе мемлекеттік қызметке байланған жылдарда ғалым, қаламгер ретінде қарайып қалғандай көрінуі табиғи еді. Бірақ…
Әдебиетшілер қауымы үшін 2024 жыл бір ерекшелігімен есте қалды. Осы жолы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандар бұрын-соңды болмаған көп сандылығымен бір таңдандырды. Сол сияқты үміткерлердің дені соғыстан кейінгі демографиялық дүмпуде дүние есігін ашқан замандас құрдастарымыз екені тағы да қуантты. Біздің де алға шығатын, шама-шарқымызды танытатын уақыт жетіпті деп, өзімізді өзіміз сендірдік те. Ұлы аламан өте тартысты өтті. Жалпы ұятқа қалған жоқпыз. Баршамыздың үмітімізді, арман-мақсатымызды ақтап шығу ешкімнің көңілін жықпай, әділін айтар болсақ, Құлбектің маңдайына жазылыпты. Бұның үстіне ол алғаш рет балалар әдебиетінің абыройын көтерді. Шымкенттің де бағы жанды. Қ.Ергөбек Оңтүстік Қазақстанда – үшінші мегаполисте жүріп Абай сыйлығын алған тұңғыш қаламгер атанды.
Бұл бүгінгінің бір атпал азаматы хақында арнайы шертілген сыр емес. Шаңданып тұрған жасыл жапырақтарды судыратып, бір желпінтіп өткен шолақ құйрық жел сияқты жол-жөнекей айтылған әңгіме. Құлбекпен сыр-сұқбатқа арнайы дайындық керектігін білемін. «Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады» дегендей, Абайға да, Құдайға да шекесінен қарайтындардың іс-әрекеті мен қысастығынан сыртқа лықсыған жүректің сөзі. Бары сол.
Құдай айдап келген осы бір ұрымтал сәтті пайдаланып, өзіме тікелей қатысты мәселенің де мән-жайын ортаға тастайын. Сегіз жыл бұрын күтпеген жерден «Айтбай – Мария» хикаясы құлағыма жетті де, жүрегімнен орын алды. Пьесаға сұранып тұрған тарихи оқиға, драмалық қуаты бар. Өзі келіп тұрған сүбелі сыбағадан қалай бас тартайын? Жазуға кірістім. Ұзамай үлкен үмітпен сол кездегі облыстық академиялық қазақ драма театрына өткізіп барып, жаным жайланды.
Айтбай ақын да Арыстанбаб әулиенің – мәңгілік мекенінен, Отырардан.
Тартоғай деген Сыр бойындағы ауылдың он екі жасар Айтмұхамбет, Айтбай атанып кеткен зерделі баласы тоғайдан отын жинап, оны түйемен Түркістан базарына шығаруды кәсіп етеді. Сөйтіп отбасына масыл болмай, асыраушы болуға ұмтылады.
Бұл бүгінгі ұл-қыздар үшін мотивация емес пе!
Бір күні базарда өзі құралпы кітап ұстаған баланы көріп, сөзге тартады.
– Кітабыңды көрейінші.
– Көргенде… оқи алмайсың ғой.
Әлгі сауатты балақай Қарнақтағы медресенің шәкірті екен. Шұғыл шешімге келген отырарлық ұлан түйесін жолға салып, ауылға айдап жібереді де, өзі жаңа танысына ілесіп, оқуға аттанады.
Бұл қадамы ше? Қазіргі оқу-тоқудан қалып бара жатқан еркетотай, ақсаусақтар үшін үлгі-өнегеге жарамай ма!
Жергілікті медресені ойдағыдай бітірген соң Бұқарда жоғары діни білім алып, 1913 жылы, дүниенің астаң-кестеңі шығайын деп тұрған шақта Ташкентке келіп тұрақтайды. Сол жылы өлеңдер жинағын шығарып, қаланың іргесіндегі қожалар мен төрелер жиі қоныстанған қазақ ауылында мектеп ашады.
Бұл да біздің театр үшін актуалды болмай тұрғанын қараңыз.
Жақсы аты төңіректе жайыла бастаған жас молда әрі ақын жігіт орыс төренің 17 жасар сұлу да білімді, бірнеше тілді игерген, Петерборда оқып жүрген, сол күндері жазғы демалысын пайдаланып, Тәшкенде тұратын әке-шешесіне келген Мариямен танысады. Таныстық бір көргеннен ғашық болдыға ұласады. Сөйтіп қазақ даласында бұрын-соңды кезікпеген ерекше, сондай-ақ күрделі махаббат хикаясы басталады. Оның лапылдап, өрттей өршігені соншалық арада үш күн өтер-өтпесте Мария түнделетіп, үйінен қашып шығып, дала ұлына ілесіп, өзі көріп-білмеген Отырарға аттанады.
Мың бір түн ертегілері осындай-ақ әсерлі болар.
Бұл да қазіргі қыз-жігіттерді қызықтыратын ғашықтық дастанына жатпай ма! Бұны көркемдеп жазудың да қажеті шамалы. Осындай да осындай деп, телефонмен жеткен жалаң хабар арқылы ғана кез келген ниеті дұрыс режиссердің тамаша спектакль шығара алатыны анық. Мен қара басын емес, қалың көрерменнің талап-тілегін көбірек ойлайтын өнер маманын меңзеп отырмын.
Пьеса туралы сөз қозғалып жатыр. Соның нүктесін қоймасақ та бір қайырып өтейік. Әртіс жазушы С.Қасымбек «Оқылатын пьеса болады. Қойылатын пьеса болады» деген пікірін үнемі жалаулатып жүреді. Айтпақшы, Саяның сұңғылалығы да бар. Бұл өзі екі мағынасы бар сөз. Қайсысы лайықты? Оны патша көңіліңіз білсін.
Біреу біліп айтады, біреу шатып-бұтып сөйлей береді деген осы. Шындығында оқылатын пьеса болмайды. Бір мысал. Мәдениет министрі ханымға немесе мырзаға «Абай жолы» романын оқыдыңыз ба?» деген сұрақ қойдыңыз дейік.
Министр «Оқыдық қой…» дейді жаймалап. Бұнымен қоймай артынша «кезінде» дейді жақауратып. «Оқымадым» деуге аузы бармайды. Оқымаудың ұят екенін біледі.
Енді жоғары шенді осы шенеунікке «Әуезовтің Кенесары туралы пьесасын ше? Оқып па едіңіз?» деген сұрақты көлденең тартыңыз.
«Оқымаған едім» дейді ұялмай-ақ.
Себебі біреу – пьесаны оқымау ұятты нәрселердің қатарына кірмеген.
Жалпы пьеса неге оқылмайды? Біріншіден, оны жазу барысында драматург көсіліп суреттей де, төгілтіп баяндай да алмайды. Себебі оқиға тез дамып, белгілі шеңберден шықпай, апогейіне, кульминациясына екпіндеп, тез жетуі тиіс. Екіншіден, көпсөзділікке ұрынуға жол жоқ. Кейіпкерлерінің саны да шектеулі. Монологқа жоламайсың. Диалогтарының өзі тақ-тұқ, сөздің бояуын қалыңдатудың да керегі шамалы. Қарапайым тілмен айтқанда пьеса шикізат немесе жартылай фабрикат сияқты шығарма. Өнім. Оны пісіріп барып көрермендерге жеткізетін театр. Егер бұл жанрдың туындыларын оқылатындай деңгейде шығарсаң, онда театрдың керегі қанша? Тағы бір еске салайық, атақты романды оқымау ұят, ал атақты пьесаны оқымаудың еш сөкеттігі жоқ.
Түптеп келгенде драматургтың атын пьеса емес, оның сахналық нұсқасы – спектакль шығарады. Екі өзен қосылса телегей-теңіз дарияға айналатыны іспетті драматургия мен театр тізе қоса әрекет етсе, кешегі шикі дүние – оқылмайтын пьеса, яғни бүгінгі спектакль қуатты күшке, шынайы өнер туындысына айналады.
Бірінсіз бірі жоқ.
Осыны ұғыну соншалықты күрделі ме?
Құлбекжан, сен білесің ғой. Осылай емес пе? Сенің абырой-беделіңді, Отырардың киесін арқаланып, артықтау кетіп қалмадым ба?
Көп сөздің дәмі қашып, су татитыны да белгілі. Осы жерге келгенде әңгімеге тағы да тұздық қосайын.
1928 жылы Созақта кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс бұрқ ете түседі. Бұл кезде күшейіп үлгерген қызыл империя рухы күшті дегенмен, қаруы әлсіз далалық атты әскерге әл бере ме? Мұздай қаруланған полк келіп, көтерілісті басып-жаншиды. Содан соң билік жаппай жазалау шараларын бастайды. Оқиғаға қатыспаса да күдікке ұшыраған аймақ тұрғындарының біразы жан сауғалап, жан-жаққа қашып, қатты дүрлігеді.
1929 жылы біздің кейіпкеріміз Айтбай ақын өз елі Отырарда колхоздастыру ісіне үлес қосып жүр екен. Бірде екі кештің арасында ауылға екі жолаушы суыт кіріп келеді. Бірі еркек, екіншісі әйел кісі. Қазақ жолаушы мен құдайы қонаққа «неғып жүрсіңдер?» дей ме? Жылы қарсы алып, дастархан жаяды. Сол араға ел ағасы Айтбай да шақырылады. Жолаушылардың қаупі сейіліп, көңілдері бірленгенде ақын бейтаныс кісілерді әңгімеге тартпай ма. Сөйтсе бұлар Созақтағы жаппай қуғын-сүргінде күдікке ілініп, жазаланудан бас сауғалап бара жатқан жас отбасы екен.
– Бет алыстарың қай жақ? – дейді Айтбай.
– Ойымыз – Ауғанстанға өтіп кету, – дейді отағасы.
– Бұл қатерлі жол, – дейді Айтекең. – Шекарада қарулы әскер тұрады. Ары да, бері де өткізбейді. Екі сөзге келмей, атып тастауы да мүмкін.
Әңгіме барысында жаңа колхоз үшін жауапты тұлға Айтбай Белгібаев жолаушыларға осында қалып, колхозға мүше болу туралы ұсыныс айтады. Қамқорлығына алып, қорғайтынына сендіреді.
Сөйтіп көтеріліске белсене қатысқан кіші жүз руының бір азаматы Қалдаяқ пен төре тұқымының өкілі, бұның үстіне Кенесары ханға туыстығы бар келіншегі сол ауылда қалып, алаңсыз бейбіт өмірге бет бұрады. Ұзамай, 1930 жылы дүниеге тұңғыш ұлдары келеді. Оған Шәмші деген ат қойылады.
Арғы жағы белгілі. Егер сол жолы Айтбай ақын ерлікке пара-пар әрекет етіп, өз басын қауіпке тігіп, ауған асып бара жатқан жас жұбайларды ауылда алып қалмағанда Шәмшінің туылмауы да мүмкін еді…
Тарихтан хабары жоқ, Абайыңа да, Құдайыңа да шекесінен қарайтындар ұялмай-қызармай пьеса бүгінгі уақыт үшін қажетті тақырыпты арқау етпеген деген сылтау айтады.
«Көрмес түйені де көрмес» деген осы!

Журналист Ә.ӘЛІП:
– Әңгімені Авгийдің ат қорасы туралы аңыздан бастап, бірте-бірте өнер саласына иіп әкелдіңіз. Жылқының тезегіне батқан қораны не үшін алып, нені тұспалдап отырғаныңыз түсінікті. Бұны «Ат қорасы құрысын! Шанин театрын Шекспир жөнге салып бере ме?» деген тақырып айшықтап тұр. «Алла Өзің сақтай гөр!» дегенді әр материалдың айдары ретінде қолданудың себебі не?
Автор З.ҚЫСТАУБАЕВ:

– Бұл айнала қоршаған ортадағы өнер саласына жауапты адамдардан түңілудің бір нышаны ғой.
Өзің де көріп-біліп жүрген шығарсың. Осыдан бес-алты жыл бұрын театрда жергілікті жазушылардың пьесалары қойылып жатушы еді. Бүгінде жазушылар қауымы өздерінің заңды әрекет ететін аумағынан – драматургиядан шеттеп қалды. Драматургия – әдебиеттің бір саласы, ал оны театрдың айналасында жүрген режиссер және басқалар әкесінен қалған мұрадай меншіктеп алды. Жалпы театрды әдебиеттен ажырату кез келген өнер ұжымын тоқырауға ұшыратады. Мен өз басымдағы жағдайды мысал ретінде алып, мәдениет пен өнер саласының тізгінін ұстап отырған басшыларға осыны ұғындыра алмай-ақ қойдым.
Біз, қаламгерлер өз сыбаға-сыйымыздан неге құр қалып жүрміз? Себебі зиялы қауымға жатады дейтін ақын-жазушылардың дені күрескерліктен шеттеп, көнбістікке, бойкүйездікке бой алдырып, көпшіліктің емес, марапат қаптың аузын ұстаған әлдекімдердің көңілін табуды көбірек күйттейді.
Қазақта «Бөріктінің намысы бір» деген сөз бар. Біз бұны уақыты өткен, кешегі заманның ұраны ретінде түсінеміз. Керісінше қаладағы әртіс атаулы, мәдениет саласының атқамінерлері, тіпті идеология өкілдері де орынды талап арыз жазған азаматты емес, жауапкер тараптың орынсыз іс-әрекеттерін қолдап отыр. Себебі олар бір саланың өкілдері болып саналады екен. Біз, жазушылар сонда қай салаға жатамыз? Мәдениет бізді айналып өткенде қай мұратына жетеді?
Байқасаңыздар мен де, қазақша айтқанда, атадан жалғыз емеспін. Өзім қырық жылдан бері мүше болып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы бар, Шымкентте қатар жүрген әріптестерім бар, әдебиетсіз өмір сүруі мүмкін емес ондаған ұжым, мекемелер бар. Біз де бір қауым елміз, көп болмасақ, аз емеспіз. Бірақ, өкінішке орай, айтатын жерде айта алмай, қолдайтын жерде қолдай алмай бұқпантайлап, бейтарап бақылаушы, сырттай қызықтаушы деңгейінде жүрген әріптестер аз емес. Осылай шашылып жүрсек, нәпақа-несібемізден құр қалмағанда қайтеміз?
Кезінде Абай «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деген екен. Мен пақыр Аллаға сыйынбағанда қайтемін? Кімнің қайда барарын, алда не боларын қайдан білейін? Кімі кім болып қалады? Кімі не болып қалады? Оны бір Алла біледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *