Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, қаржыполициясының генерал-майоры Қайрат Пернешұлы ҚОЖАМЖАРОВ пен ҚазақстанРеспубликасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты ЕрланЗаманбекұлы ТҰРҒЫМБАЕВ мырзалардың назарына!
2007 жылы 12 қазанда Бақтияр Бақытжанұлы Жұмағұл деген жігітпен отау құрдық. Осы ортақ некеден кәмелет жасқа толмаған екі ұл, бір қызымыз бар. Олар – 2007 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген Ислам Бақтиярұлы Бақытжан, 2010 жылы 4 тамызда дүниеге келген Аслан Бақтиярұлы Бақытжан, 2012 жылы 20 шілдеде дүниеге келген Мадира Бахтиярқызы Бақытжан. Күйеуім үнемі ұрып-соғып, отбасы шырқын бұза бергендіктен, одан әбден ығыр болғанмын.
2016 жылы тамыз айында мені қатты ұрып-соғып, дене жарақатын салған еді. Сол кезде Шымкент қаласының Абай аудандық сотына талап арыз бергенмін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-бабымен жекеше айыптау шағымын түсіргенмін. Сот отырысында күйеуім менен кешірім сұрап, енді жат тірлік істемеймін деп уәде берген. Сол себепті балаларымның болашағына алаңдап, бірге тұрдық. Алайда, арада аз уақыт өтпестен күйеуім тағы да қайтадан өзінің ерсі мінезін көрсетіп, балаларымды маған қарсы тәрбиелей бастады. «Менің рұқсатымсыз ешқайда бармаңдар, аналарыңның айтқанын істемеңдер», – деп теріс жолға үгіттеді. Содан Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының 15 қарашағы ұйғарымымен екеуміздің заңды некеміз бұзылған. Сөйтіп, біз айырылысып кеттік.
Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық жасөспірімдер істері жөніндегі сотының ұйғарымымен екі ұл, бір қызымды менің асырауымда қалдырып, балаларымның мекенжайын анықтады. Оларға Шымкент қаласы, Төлеген Тәжібаев көшесі, №1/5, үй 1 пәтерді белгілеп берген болатын. Бұған қоса-қабат әкесінің балаларын көру уақыты да белгіленген.
2017 жылы 22 мамырда бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтиярдың анасы менің рұқсатымсыз балаларымды №87 жалпы орта мектептен Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Басықара ауылының Есенов көшесіндегі №8 үйге әкетіп қалды. Қаншама рет қайтып алуға әрекеттенгеніммен, оларды маған бермей қойды. Балаларымды өз еркімен бермегеннен кейін мен жеке сот орындаушысы Ә. Бекжігітованың атына талап арыз тастадым. Сол сот орындаушының көмегімен екі айдан кейін балаларымды қайтарып алдым.
Осы уақыт аралығында бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр балаларымды маған қарсы тәрбиелеп, оларға телефонмен аудиожазбалар жасап: «Мама, біз сенімен тұрмаймыз. Сенімен тұрғымыз келмейді. Сенімен тұратын болсақ, терезеден секіріп кетеміз, үйіңді өртейміз!» – деп айтқызып отырды.
Мен ұзақ жылдардан бері Шымкент қаласындағы №1 балалар ауруханасында дәрігер болып қызмет істеймін. Бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр Жұмағұл жұмыс орныма келіп, басшылығыма мені парақор, науқастардан ақша сұрайды деп жала жауып, қызметтік беделіме нұқсан келтірумен болды. Менің өзіме, бауырларыма, ата-анама әртүрлі балағат, анайы сөздер мен түрлі мәтіндегі хаттарды 8 702 840 44 41 ұялы телефонмен жолдап отырған.
Сол жылғы қыркүйек айында бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр Шымкенттегі № 87 жалпы орта мектепке балаларымды көруге келдім деп кіші ұлым Асланды күштеп алып кетпек болды. Осы кезде мені жұдырықтап ұрып-соғып, дене жарақатын салды. Бұл жөнінде Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлеріне шағымданған болатынмын. Алайда, ондағылар кейіннен бұл істі мерзімі өткендіктен деген сылтаумен қысқартып тастады.
Содан соң 8 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы күйеуімнің балаларыммен кездесу тәртібін белгілеу туралы ұйғарымы шықты. Бірақ сол қыркүйек айынан бастап алты ай бойына бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр балаларын көруге немесе уақытша әкетуге келген емес.
2018 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының сот орындаушысы Оразхан Танибергенович Омаров атқарушылық іс жүргізуді қорғау туралы қаулы шығарып, өндіріске қабылдаған. Мен түсініктеме беріп, ешқандай да сот ұйғарымының орындалуына қарсы еместігім туралы түсініктеме бердім. Сол кезден бастап әр аптаның сенбі күндері балаларымды уақытша әкетуге Бақтиярдың інісі Данияр Жұмағұлов келіп жүрді. Менің сенімді өкілім Е. Сыбанбаев жеке сот орындаушымен кездесіп, Бақтияр Жұмағұлмен бірге балаларды көріп, уақытша әкетуге келетіндерін айтқан.
10 ақпан күні кешкі сағат 17:15-те сот орындаушысы Оразхан Танибергенович Омаровтың көмекшісі Эркин Ахметов, бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр Жұмағұл мен оның інісі Данияр Жұмағұлов үйіме келді. Сөйтіп, үлкен ұлым Исламды күштеп әкетті. Баламды қыс ауасы аязда жалаңаяқ, жалғыз ғана футболкамен далаға сүйреп алып қашты. Арттарынан жүгіріп шыққан ағам Марат Маханбеталиевич Наурызов баламды Даниярдың қолынан тартып алып, үйге кіргізуге көмектесті. Сол кезде Данияр маған араша болып жүрген ағамның бетіне жұдырықпен бірнеше рет жіберіп қалып, басынан ұрып, аяғымен денесіне теуіп, күш көрсетіп, дене жарақатын салды.
Соның салдарынан ағам облыстық клиникалық ауруханаға барып, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Бұл іс бойынша ағам Шымкент қалалық полиция департаментінің Еңбекші полиция басқармасына арызданған. Аталмыш полиция басқармасы анықтау бөлімінің анықтаушысы, полицияның аға лейтенанты И. Ерманов бұл іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 107 бабы 1 бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғаған (Қылмыстық іс № 185110031000963). Анықтаушының қаулысымен сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. 2018 жылғы 12 ақпан күні сарапшы Ж. А. Пернебековтің №1790/964 қорытындысына сәйкес денсаулыққа ұзақ – үш аптадан астам мерзімге қалпынан бұзу белгісіне сәйкес ағамның денсаулығына орта дәрежелі зиян келтірілген деп бағаланған. Содан 27 наурызда басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының түгейтін, оған кінәлілердің айыпталып, жазаланатын түрі жоқ.
Қылмыстық іс белгісіз себептермен 2018 жылғы 10 сәуірде мерзімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуальдық кодексінің 45 бабы 7 бөлігі 1 тармағының талабына сай үзілген. Ағамның бұл шешімге келтірген наразылығына байланысты 2018 жылғы 21 қыркүйекте қайта жаңғыртылған. Алайда, бұл шешімдердің көшірмелері ағама табысталмаған және бұл жөнінде онымен ешкім таныстырмаған. Тергеу органдары ағамның бұл шешімге наразы болу туралы арыздану құқығын шектеген. Шымкент қаласының Еңбекші аудандық прокуроры, әділет кеңесшісі М.Құттыбаевтың қадағалау тәртібімен қылмыстық іс құжаттарын зерделеу арқылы тиісті тергеп-тексеру амалдарын жүргізу туралы прокуратураның нұсқауы полиция органымен әлі күнге дейін орындалмай отыр. Ағамды тергеу әрекеттеріне және беттестіру амалдарына шақырмаған және осы әрекеттерді жүргізуге қатыстырмаған. Осылайша оның конституциялық құқығы өрескел түрде бұзылып, қылмыстық істің тергеп-тексерілуі созбалаңдылыққа салынып келеді.
Бұлардың бәрінен Шымкент қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов пен Еңбекші полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полицияның полковнигі Нұрлан Қарабаевтың хабары бар. Алайда, атқарылған ешқандай жұмыс жоқ. Бақтияр Жұмағұлдың үстіне екі қылмыстық іс қозғалған. Атап айтқанда, ОҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 385 бабының 1 бөлігі (Жалған құжаттарды қолдан жасау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары бір жылға созылғанымен, сотқа жолданбай қалған. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексі 389 бабының 1-бөлігі (өзінше билік ету немесе болжамды құқығын өз бетінше жүзеге асыру) бойынша қозғалған іс бізге беймәлім себептермен қысқарып кеткен. Сонымен қатар оған қатысты төрт әкімшілік іс қозғалғанымен, полиция қызметкерлерінің жауапсыздығы мен немқұрайдылығынан сотқа жетпеген. Мұнымен қоймай түрлі мәтіндегі хабарламаларды маған, әкеме және ағама ұялы телефоны арқылы жіберіп отырған.
Осы орайда мынадай сұрақ туындайды. Бұл қылмыстық істі жүргізген жауапты қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру енді қашанға дейін жүргізілмек?! Кінәлі күдіктілерге қашан тиісті жаза қолданылатын болады? Мұны ешкім дөп басып айта алмайды. Анықтау органының тарапынан белгісіз себептерге байланысты күдіктілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және осы баппен сот органдарына берілмеген.
Бұрынғы ажырасқан күйеуімнің ұлыма дене жарақатын салғаны және құқығы шектелгені үшін ішкі істер қызметкерлеріне арызданғанмын. Алайда бұл іс те шешімсіз қалып отыр. Осы оқиғадан кейін үлкен ұлым Ислам қатты қорқып, далаға шықпай, менімен сөйлеспей қойды. Мен екі ұлымды психолог Жанар Амантайқызына екі ай бойы қараттым. Бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр Жұмағұл әр аптаның сенбі күні балаларын көруге келеді. Қонуға барғысы келсе, әкетіп жүрді. Мен ешқашан балаларымның әкесімен араласуына кедергі жасаған емеспін.
Содан 2018 жылы 15 қыркүйекте Бақтияр Жұмағұл екінші ұлым, Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның 3 ә сынып оқушысы Аслан Бахтиярұлы Бақытжанды көруге әкетіп, қайтып әкелмеді. Оны өзінің туып-өскен ауылы – Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Басықара ауылының Есенов көшесіндегі №8 үйде тұратын әке-шешесінің үйіне апарып тастады. Осы оқиға бойынша Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық полиция басқармасы тарапынан бұрынғы күйеуім Бақтияр Бақытжанұлы Жұмағұлдың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 389 бабы 1 бөлігі (Өзінше билік ету немесе болжамды құқығын өз бетінше жүзеге асыру) бойынша № 187910031002921 қылмыстық іс қозғалған.
Мен Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Басықара ауылына кіші ұлым Аслан Бахтиярұлы Бақытжанды көру және әкету үшін арнайы іздеп бардым. Балам сондағы №182 жалпы орта мектебінде оқиды екен. Білім ошағының басшысы Жетибай Султанұлы Танмамбет менің ұлымды ешқандай құжатсыз, бір мектептен екінші мектепке ауысу парағынсыз оқуға қабылдаған. Мектеп директорына телефон соғып, мән-жайды айтып, түсіндірсем, тыңдағысы келмейді. Егер ол өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, ұлымды мектепке қабылдамағанда оны Шымкентке қайта әкелетін едім. Сөйтіп, әлгі мектепке барып, білім ордасының басшысына болған жайды баяндағанымда: «Бұрынғы ажырасқан күйеуіңіз құжатын әкеп беремін», – дегеннен кейін қабылдадым», – деп жауап берді. Мектеп директорына жолығып, сөйлескен кезімде бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр, оның анасы Майраш Маханова, інісі Данияр ұлымды сыныбынан әкетіп қалып, жасырып отырған. Сөйтіп, төрт айдан бері кіші ұлым Аслан сонда ешқандай құжатсыз оқып жүр. Оның барлық құжаттары менің қолымда. Баланы ұрлап әкету дерек-дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын біле тұра Жетибай Султанұлы Танмамбеттің ешқандай құжатсыз оқуға қабылдағанын қалай түсінуге болады? Бұл оның басыбайлы жекеменшік мектебі емес қой. Оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары, нормативтік құқықтық актілері, соның ішінде «Білім туралы» заңының талаптары титтей де әсер етпей ме?! Неліктен ол менің баламнан мұнда қандай жағдаймен келіп қалғанын сұрамайды? Неге соңғы оқыған жерінен құжат сұратпайды? Неге, неге?!
Мен Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына кіші ұлым Асланның қайтадан тұрғылықты мекенжайын анықтау және мәжбүрлеп алу жөнінде арызданғанмын. Бірақ бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр псориаз диагнозымен амбулаториялық ем қабылдап жүргенін алға тартып, сот процесін кейінге қалдыруын сұранған. Бұған қоса кіші ұлым Аслан Қызылорда облысында болғандықтан, істі сол жақтың сотына тапсыруын талап етіп отыр.
Кіші ұлым Аслан Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясының 3 ә сыныбында оқиды. Осы үш-төрт ай аралықта сабаққа бармай, тоқсандық бағалары қорытылмай отыр. Оны өзім, ағасы Ислам мен қарындасы Мадира тынбай іздеп, қатты сағынудамыз.
Бақтияр Бақытжанұлы Жұмағұлдың 2018 жылдың 1 ақпаны мен 12 тамыз аралығындағы алимент жөніндегі берешегі 396 105 теңгені құрайды.
Бұл іс бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті мен қалалық прокуратураның әрекеті мен әрекетсіздігіне қайранмын. Осылайша менің баратын жерім, жасайтын амалым қалмағандықтан салалық жаңа министр және Бас прокурор мырзалар, Сіздерге шағымдануға мәжбүр болып отырмын. Осы арызда жазылғандардың бәрін растайтын құжаттарды қоса-қабат тіркегенмін.
Менің Сіздерден сұрайтыным:
Бұрынғы ажырасқан күйеуім Бақтияр Бақытжанұлы Жұмағұлды қылмыстық жауапкершілікке тартып, ұлым Аслан Бахтиярұлы Бақытжанды одан қайтарып алу.
Ағам Марат Махамбеталиевич Наурызовты ұрып-соғып сабағандардың сазайын тартқызып, қатаң түрде жазалау.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді созбалаңға салып отырған кінәлілерге тиісті шара қолдану.
Елбасының өткен 2018 жылдың жазындағы арнайы Жарлығымен Шымкенттің тәуелсіз Қазақстанның үшінші ірі мегаполисіне айналғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Осыған орай қала әкімдігі тарапынан «Қауіпсіз қала», «Ақылды қала» жоба-жоспарларын жүзеге асыру көзделген. Алайда, құқық қорғау органдары, атап айтқанда, полиция мен прокуратура қызметкерлері өз жұмыстарын қазіргі өскелең заман талаптарына сай ұйымдастыра алмай отырғаны қатты қынжылтады. Осыған орай салалық министрлік және Бас прокуратура тарапынан арнайы тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, қылмыстық істің ақ-қарасын ажыратып беруіңізді сұранамыз.
Автор арызданушы
Гульжанат Махамбеталиевна НАУРЫЗОВА.
Шымкент қаласы.