Бүгінгі демократиялық үдерістер мен жариялылық заманында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері құқық қорғау органдарының қызметі жайында толыққанды ақпарат алуға қол жеткізіп келеді. Олардың ашық сот отырыстарына, конференцияларға, «дөңгелек үстел» мәжілістеріне, тағы басқа басқосуларға да емін-еркін қатысуларына мүмкіндік жасалған. Таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз орталығында өткен брифингті де сондай шаралардың қатарына қосуға болады.
Облыстық соттың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші судьясы Тамара Қалиқызы Смайылова қазіргі таңда қоғам арасында айрықша дау-дамай (резонанс) тудырған кейбір қылмыстық және азаматтық сот істері жайында баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, пара алды деген күдікпен ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 336-бабы бойынша істі бол-ған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовтың (5 900 000 теңге), осы басқарманың мониторинг бөлімінің бас маманы Әділхан Тәукебаевтың (4 900 000 теңге), Төлеби аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру орталығының басшысы Мақсат Қарақұловтың (1 000 000 теңге), Ордабасы аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру орталығы бөлімінің басшысы Біржан Өтешовтің (1 000 000 теңге) істері біріктіріліп, Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының төрағасы, судья С.Л. Тоқбергеновтың қарауында екен.
БАҚ-ты пайдалана отырып, жала жапты деген күдікпен ҚР ҚК 130-бабы-мен қылмыстық жауапкершілікке тартылған «Ratel.kz» аналитикалық порталының тілшісі Динара Бекболаеваның ісі де осы судьяның қарауына берілген.
БАҚ-ты пайдалана отырып, өзінің «Баркадош Бурятик» лақап атты жеке парақшасында діни өшпенділікті қоздыруға бағытталған материалдарды және айналасында бірлескен діншілдер мен анықталмаған шеңберде терроризмді насихаттау іс құжаттарын сақтағаны үшін ҚР ҚК 174, 256-баптарында көрсетілген ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған деген күдікті жұмыссыз жүрген Кентау қаласының тумасы Болат Каспаловтың ісін Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының судьясы С. Шынәлиева қарау үстінде.
ҚР ҚК 130, 131-баптары бойынша жеке айыптау шағымымен күдікті деп танылған Ардақ Әшімованың ісі Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы С. Оспановтың қарауына берілген.
Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторларының өз қызметтік міндетін орындауына байланысты оларға қатысты өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті күш қолданып, қорқыту арқылы оларды заңсыз бас бостандығынан айырып, жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша ҚР ҚК 126, 178, 321-бапта-рында көрсетілген ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаған деген күдікпен Шымкент қаласындағы «Арман-1» және «Арман-2» сауналарының директоры Мықтыбек Бекеевтің ісін Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының судьясы А. Білтебай қарауда.
Айналасындағыларды алдау мен арбау арқылы өзінің банк картасына қаржы аудартып, ҚР ҚК 190-бабы бойынша қылмысты деп танылған күдікті Элдар Бақтығалиевтің ісі Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы С. Төрехановтың қарауында.
Сайрам аудандық жергілікті полиция қызметі анықтау бөлімінің басшысы бола тұра жол-көлік оқиғасын жасаған, соның салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алып, ҚР ҚК 345-бабы бойынша істі болған Жандос Оразәлиевтің ісін Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық сотының судьясы М. Әмірбеков қарау үстінде.
Ал азаматтық істерге келетін болсақ, Д. Юсупжановтың Ж. Хон Чжи Чжоннан қарыз сомасын өндіру жөніндегі талап арыздарын Шымкент қаласындағы Абай және Еңбекші аудандық соттарының судьялары – И. Гаврикова мен М. Айменов қарауда.
И. Жанысбаевтың А. Бажировтың үстінен жазған ар-намысты, іскерлік беделді қорғау туралы талап арызы Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының судьясы М. Құдайбергенованың қарауына берілген.
Өзге салалар секілді сот саласы да бүгінде цифрландыру жүйесіне өткендіктен, шетелдік озық тәжірибелерді тиімді пайдалану уақыт талабына айналған баршаға белгілі. Облыстық соттың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші судьясы Виталий Николаевич Мирошников сот процестеріне гаджет, смартфон, тағы басқа да заманауи техникалық құрылғыларды алып кірмеу жөніндегі қазіргі қолданыстағы құқықтық-нормативтік актілерге енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулар жайында әңгімеледі.
Брифинг барысында журналистер өздерін толғандырған бірқатар сауалдарға толыққанды жауап алды.
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.
* * *
Бет қатталған кезде пара алды деген күдікпен айыпты деп табылған облыстық ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Бақтиярұлы Төлегеннің бостандыққа шыққаны жайында хабар келіп түсті. Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының судьясы С. Л. Тоқбергенов оған 40 миллион 547 мың 840 теңге айыппұл салып, мемлекеттік қызметте жоғары лауазым иелену құқығынан өмірлікке айыру жазасына кескен. Б. Төлегенге көрсетілген сомадағы қаржыны төлеуге бір ай уақыт берілген. Оған алғашында жеке кәсіпкерден 2 миллион 100 мың теңге пара алған деген күдік келтірілген болатын. Сот барысында пара сомасы 600 мың теңгеге шегеріліп, ол осынша көлемде пара алды деген айып тағылған еді.