СОТ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖАРИЯЛЫҒЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Қоғам Құқық
828 Views

Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Жанғазиннің төрағалығымен сот органдарының жұмысын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін барынша ашық ету, өзара ынтымақтастықты нығайту, қоғамды заң аясындағы сауатсыздықтан арылту мақсатында «Сот істерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мәселелері» тақырыбында БАҚ өкілдері мен судьялар арасында алқалы кездесу жиыны болып өтті.

– Сот органдары істерінің халыққа белгісіз тұстары өте көп. Қоғамда алаяқтық қылмыс белең алып барады. Осы орайда, сот органдары істерінің жүйесін халықтың біліп, сусындауы үшін қандай ақпарат құралдарын пайдаланғаны дұрыс деген сауал туындайды. Қазір ғаламтор желісінде заңнан сауаты жоқ блогерлер көбейіп кетті. Халық мұндай адасудан сақтануы қажет. Осы мәселелер біздің сот органдарының негізгі мақсаттарының бірі де бірегейі болып табылады. Қазір сот органдарында реформа болып жатыр. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде күнделікті сот органдары жайлы жаңалықтар көптеп шығып жүр. Бірақ, ол ақпараттың бағыты мен астарлы мәні қандай? Осыған біз сот органдары тыңғылықты мән береміз. Әрине, егер заңға қайшы келмесе, сот жүйесі кез келген ақпаратты бере алады. Бұл – Сіздерге деген құрмет нышаны. Екіжақты еркіндік болуы шарт. Халықты бізбен байланыстыратын алтын көпір – Сіздер! Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдарының – қоғамдық мінбер екені ақиқат. Десек те сөз еркіндігі қаншалықты жоғары болса, жауапкершілік те соншалықты биік деңгейде болуы қажет екенін естен шығармайық, – деді отырыста алғаш болып сөз алған Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы Ербол Жанғазин.

Кездесу барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен сот органдары арасындағы қарым-қатынасы мәселесі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, судьялардың журналистер қауымы үшін ашықтығы мен жариялығы да сөз болды.

Сөз алған Шымкент қалалық сотының судьясы Виталий Николаевич барша шара қатысушыларымен сәлемдесе келе: «Ірі брифингтер, көлемді жиындар өткізетін залда кішігірім жөндеу жұмыстарының себебінен қатынасымыз сиреп кетті. Алайда, алдағы уақытта өзара байланысымызды жаңғыртып, нығайтатын боламыз. Сіздер қаласаңыздар, әрине. Қазіргі уақытта кей істерде бұқаралық ақпарат құралдары асырасілтеушілік жасап жүргеніне жиі қанық болып жүрміз. Мысалға алар болсақ, жақында журналистер адам өлімі болмаған істе кісіні қаза болды деп хабарлаған. Тағы бір жағдай, алаяқтық қылмыспен ұсталған прокуратура қызметкерінің бірін атышулы Төлешовтің ісіне апарып телігені туралы ақпарат та қателік болды. Мұндай жағдайда сот органдары тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына сенімсіздік тудырып, үлкен тәуекелділікті қажет етіп жатады. Сондықтан, ақпарат берерде істің мән-жайын анықтап, толық көз жеткізсеңіздер деген ниеттеміз», – деп серіктестік бейбіт келісім мақсатында судьялар қауымы бүгінгі жиында журналистер тарапынан айтылатын өтініш, тілектерге мән беріп, жауап беретінін айтып өтті.

Осы орайда, журналистер судьяларға өздерінің ұсыныс, тілектерін жеткізді.

Қазақпарат тілшісі Айнұр Ақбаева: «Сіздер өткізетін жылдық есеп беру секілді маңызды жиындардың өтілуі туралы журналистерді бөліп-жармай, теңдей дәрежеде хабар берілуі қамтылса екен. Себебі өзіндік белгілі «жұлдыз журналистерді» іріктеп шақырғандарыңыз басқа да бұқаралық ақпарат өкілдерінің қытығына тиіп, ренішін тудырып жатады. Осы мәселеге көп мән берсеңіздер екен», – деді.

«Жалпы аталған қателіктерді журналистер қауымы мойындайды әрине. Дегенмен қазіргі заманда смартты ұялы телефоны бар адамның бәрі блогер бола бастады. Кез келген ақпаратты жылдам тарату мақсатында, осындай олқылықтарға жол береді. Сол үшін бұқаралық ақпарат құралдарына деген ашықтық қажет секілді. Өзім заң факультетін тәмамдағанмын. Біздегі Кодекстердегі кей терминдер кеңес дәуірінің кезінен және Ресей заңдарынан тікелей аударыла салған терминдер. Оның қазақша баламасының өзін жай адам түсіне бермейді. Міне, сондай терминдерді арнайы іс немесе белгілі бір мәселе бойынша жиналған кезде сот органдарының баспасөз хатшылары журналистерге егжей-тегжейлі, анығырақ түсіндіріп, мол ақпар берсе деген ұсынысымыз бар. Себебі, кейде келеміз, ақпарат алайын десең, қағаз бетінде кішігірім үш-төрт қана сөйлем тұрады. Ары қарай өзің ойдан шығаруға мәжбүр боласың. Бұл заңнан сауаты бар адамдарға түсінікті, әрине. Дей тұрғанмен, барлық баспасөз орталықтарында заң, құқық саласының қызметкерлері бола бермейді. Сондықтан, журналистер қауымына қиындық туындатады. Тағы бір айтарым, егер қауіпті, мемлекеттік құпия болмаса сот процестеріне де шақырып тұрсаңыздар. Сіздермен талай жұмыс істеп жүрміз. Тек Жолдауды талдауға, велошеруді жүргізуге шақырасыздар. БАҚ өкілдерін есеп беру үшін «галочкада» пайдаланатын секілді көрінесіздер. Журналистермен қарым-қатынасты дұрыс пайдаланбайсыздар», – деп «Оңтүстік» телеарнасының редакторы Кенжехан Дүйсенбі сот органдарына деген өкпе-назын жасырмады.

Шымкент қалалық сотының Ақпарат-тық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби өз сөзінде «былтыр республика судьялары төрт жарым миллион іс қараған. Бұрынғымен салыстырғанда бүгінде журналистермен жұмыс ашық әрі қарқынды түрде жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Шымкент қалалық сотының сайтына кіріп, өзін қызықтырған ашық сот отырыстарына қатысуына мүмкіндіктері мол. Сондай-ақ, шетелдік ұйымдар жүргізген сауалнама нәтежиесі бойынша халықтың 74 пайызы сот органдарына сенетінін көрсетіп отыр» деп екіжақты байланыстың тиімділігін жеткізді.

Шара соңында Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Жанғазин журналистердің жұмыстарына сәттілік тілеп, басқосуға келіп, пікір алмасқандары үшін өз алғысын білдірді.

Осы орайда, халықты заң саласынан хабардар ету, ел азаматтарын «көлденең көк аттыға» жем болудан сақтау, заңдық тұрғыда қоғамдық адасудың алдын алу негізінде сот органдарының істерінен мәлімет таратуда бұқаралық ақпарат құралдары мен судьялар қауымының тығыз байланыста болуының маңызы өте зор екенін айта кетейік. Десек те сот органдарының өкілдеріне бұқаралық ақпарат құралдарын «имидждік» мақсатта емес, ел мүддесіне пайдаланайық дегіміз келеді. Ал, кейбір атаққұмар журналистер қауымына айтарымыз – халықты елең еткізіп, қаралым жинаймын деп жүріп жасаған «хайптарыңыз» айыпқа айналып, көпшілікті күлкіге қарық қылып жүрмеңіздер!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

арнаулы тілшіміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *