СПОРТ САЛАУАТТЫ ӨМІР СҮРУГЕ ҮНДЕЙДІ

Спорт
1 080 Views

«Спорт – денсаулық кепілі», «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, спорт пен дене шынықтыру адам баласына қашанда өз пайдасын тигізген. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Қазіргі таңдаспорт саласы өркендеп, дамып келеді. Елімізде, соның ішінде республикалық маңызы бар қала мәртебесін иемденген Шымкентте де аталған сала жұмыстары жітіқолға алынған. Осыған орай Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұрбайұлы НҰРТАЕВТЫҢ қатысуымен баспасөз брифингі өтті.

Жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы сөз болды.

«Қала аумағында 222 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 41 мыңнан астам адам қатысқан. Спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны – 281 235 адамды құрап, қаладағы барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 27,8 пайызды құрады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамыту мақсатында қалада спорт клубы жұмыс жасауда. Аталған мекемеде 18 спорт түрінен 646 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жаттығуда», – деді басқарма басшысы.

Қалада үш стадион, бір спорт сарайы, бір құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, алты спорттық құрылғылар кешені, 12 спорт кешені, 32 спорттық манеж, бір ескек есу базасы, бес тир, бір ату алаңы, бір хоккей корты, 434 жазықтықты құрылғылар, 23 теннис корты, бір атшабар, 8 бассейн, 249 спорт зал, 70 орнатылған спорт залдар, барлығы – 848 спорт нысандары тіркелген.

«Халықты дене шынықтырумен шұғылдануға тарту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамыту мақсатында қалада мемлекеттік жекешелік-әріптестік тетігі арқылы бірқатар спорт нысандар жұмыс жүргізуде.

Олар Жиделі, Қазығұрт шағынаудандарындағы спорт ангардың құрылысы және пайдалану, жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері бойынша, атап айтқанда, дзюдо, каратэ-до, кикбоксинг, еркін күрес кешендерінің, грек-рим күресі, альпинизм және футболдан жаттығу үрдісін ұйымдастыру және сервистік қызмет көрсету, ату алаңына жаттығу үрдісін ұйымдастыру және сервистік қызмет көрсету», – деген Әлібек Нұртаев жоғары спорт шеберлігі мен спорт резервін дайындау жұмыстарына да тоқталып өтті.

Шымкент қаласында мемлекеттік меншіктегі 30 спорт мекемелері мен кәсіпорындары және бір акционерлік қоғам, яғни екі жоғары спорт шеберлігі мектебі, 18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиада резервін даярлау орталығы, үш мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, бес спорт клубы, «Ордабасы» кәсіби футбол клубы және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда қала көлемінде 37 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес спорт түрлері дамытылуда.

«Қала спортшылары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 272 алтын, 256 күміс, 278 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Азия чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 32 алтын, 14 күміс, 17 қола медальға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 12 алтын, 6 күміс және 8 қола медальға ие болды.

Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының сапына енген Шымкент қаласы спортшыларының саны ересектер – 433, жастар – 413, жасөспірімдер бойынша – 226 спортшыны құрады.

2019 жылдың алғашқы алты айында 13 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 80 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 161 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды», – деп Әлібек Нұртаев қала мақтанышы болған саңлақтардың есімдерін атай келе спортшылардың Әлем чемпионаттарындағы жетістіктері туралы да сөз қозғады.

«Ағымдағы жылдың 18-25 мамыр аралығында Токио қаласында пауэрлифтингтен жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында өткен Әлем чемпионатында екінші орынды иеленуге үлесін қосқан спортшыларымыз – жасөспірімдер арасында Иван Кувалдин, Альбина Юсупова, Екатерина Рашидова, Кенан Кураев, Шариф Кураев, жастар арасында Андрей Ким, Фуркат Шамуратов, Гульчехра Тойханова алтын медальді қанжығасына байласа, Алевтина Николаева, Куанышбай Тулегенов күміс медальді, Сергей Левенчук, Данияр Шаукатов, Анатолий Рашидов, Алишер Махмудов қола медальді иемденді. Ересектер арасында Ксения Хан жеңімпаз атанды.

1-8 маусым аралығында Сува қаласында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатынан Дарья Ахмерова бірінші орынды алып, көк байрағымызды желбірете білді», – деді басқарма басшысы.

Жиында сонымен қатар Шымкент қаласындағы 2019 жылдың алғашқы алты айында өткізілген 4-10 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының V Жазғы спартакиадасының ашылуы және ересектер арасында грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен, 16-19 ақпан аралығында ересектер арасында армреслингтен, 17-23 ақпан аралығында жастар арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты, 24-27 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының Қысқы жастар ойындарының ашылуы және шорт-тректен финалдық жарыс, 11-13 наурыз аралығында үстел теннисінен Ақпан батырды еске алуға арналған Халықаралық турнир, 25-26 мамыр аралығында «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» триатлоннан Азия кубогі, 5-9 маусым аралығында көркем гимнастикадан Құрметті спорт шебері Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған Халықаралық турнир, 10-16 маусым аралығында теннистен ересектер АТР Shymkent Challenger турнирі, 12-15 маусым аралығында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Т.Сайхановты еске алуға арналған VI республикалық турнир, 19-22 маусым аралығында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, КСРО спорт шебері Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған XXVІ республикалық ашық турнир, 24 маусым – 1 шілде аралығында жасөспірімдер арасындағы «Taem Series 12 & Under» теннистен Қазақстан Республикасы Кубогі сынды Халықаралық және республикалық спорттық іс-шаралар туралы да кеңінен айтылды.

Бүгінгі таңда спорт саласынан республика бойынша Шымкент қаласы Алматы қаласынан кейінгі екінші орынды еншілеп отыр.

Осы тұрғыда айта кетеріміз, спорттың адамның рухани әлемі үшін де маңызы зор. Бастысы – ниет пен «Спортпен шұғылдануға уақыт табылмай жүр» немесе «Тұрақты бет бұру үшін қаражатымыз жетпейді» деген сынды түрлі сылтаудан, еріншектік пен жалқаулықтан арылып, дене жаттығуларымен етене айналысқан абзал. Себебі елімізде спортпен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. Соның ішінде қаламыздың әрбір бұрышынан спорттық алаңқайларды көруімізге болады. Сондықтан әрбіріміз өз денсаулығымыз үшін күресіп, спортпен шұғылдануды қолға алуға асығайық!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *