Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Телерадио және қоғаммен байланыс” кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлмира Шайтмағанбетқызы Әшірбекованың 50 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Салтанатты кешті факультет деканы Нұржан Қуантайұлы алғысөзбен ашты. Мерейтой иесінің ғылым-білім саласына сіңірген еңбегіне жоғары баға бере отырып, өз сөзінде былай деді: “Құрметті, Гүлмира Шайтмағанбетқызы! Сізді мерейлі 50 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Журналистика ғылымы мен ұстаздық — қос қанатыңыз. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Журналистика және әлеуметтік ғылымдар” факультетіндегі елеулі “Медиаөнер” инновациялық білім беру бағдарламасы өзіңіздің қайталанбас қолтаңбаңыз. Ғылым мен білім беру саласындағы тың ізденіс факультетті жаңа деңгейге көтерді деуге толық негіз бар. “Телерадио және қоғаммен байланыс” кафедрасының меңгерушісі ретінде де жаңа идеяларды жүзеге асырады деген үміттеміз.
Кемеліне келген кәсіби маман, ғылыми әлеуеті жоғары ұстаз ретінде шығар биігіңіз бұдан да зор деп сенемін. Жаңа жасыңыз биік шыңдарға өрлесін. Отбасылық өміріңізге зор бақыт тілейміз! Алдағы мерейтойыңыз көп бола берсін! Құрметпен, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті ұжымы!”
Декан тілегінен кейін Гүлмира Әшірбекованың «Асқар Тоқмағамбетовтің публицистикасы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Осы ретте салтанатты шараға Нұржан Қуантайұлы, Оңайгүл Тұржанқызы, Рахима Шәріпқызы, Амангелді Мирамұлы, Қайрат Өмірбайұлы, Мұратбек Балқыбекұлы және тағы да басқа профессор оқытушылар мен студенттер қатысты.
Салтанатты кеште Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шүрентаев пен бүгінде әріптес болған ұстаздарына сөз кезегі берілді. Амангелді Мирамұлы Шурентаев: «Гүлмира Шайтмағанбетқызы, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Ең бастысы денсаулық тілейміз. Бүгінде жетіп отырған жетістігіңіз ауыз толтырып айтарлықтай, оны мұнда отырған әріптестеріңіз, шәкірттеріңіз өте жақсы біледі. Әрине, алда үлкен жұмыс бар. Алар асуыңыз әлі биік деп есептеймін. Сізге сәттілік тілейміз! «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасында да 3 жылдан астам уақыт бойы біршама шаруа атқардыңыз. Сізден әлі күнге дейін оқытушы сағаттары мәселесі, ғылымды дамыту, оқытушылардың жағдайын жақсарту сынды сұрақтар бойынша кеңес алып отырамыз. Бұл сіздің жан-жақтылығыңыздың айқын көрінісі. Келген жасыңыз құтты болсын! Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз!»
Тұсаукесерде сөз кезегі келгенде профессор Қайрат Сақ былай деді: «Бүгін әріптесіміз, шәкіртіміз мерейлі жасқа келіп, қуанышқа бөленіп жатырмыз. Гүлмира Шайтмағанбетқызын Қарашаңыраққа алғаш келген кезінен білеміз. Факультетте диссертациялық кеңес ашу үшін Қызылордадан шақыртып, осында келуіне себепші болдық. Астанаға келгеннен кейін де оңай болмады. Ар жақтың ыстығына, кейін Астананың суығына шыдау қиын болды. Бір күні Гүлмира, «Астананың қымбатшылығы қинап бара жатыр, Қызылордаға қайтамын»,- деді. Одан мен де «Қой, қайтпа. Сен факультетке керексің. Не болып қалды?»,- деп едім. Сөйтсем тұрғын үй жағы қысқан екен ғой. Сонымен университет басшылығына шығып, жатақханадан орын алып бердік. Осылайша Астанада алып қалдық. Осында қалғаны дұрыс болды. Тек өсуден өсу болып, кафедра меңгеруші деңгейіне көтерілді. Бәрі әлі алда. Шәкірттерің де сыйлап, құттықтап жатыр. Шәкірттің сыйынан, құрметінен асқан не керек!»
Кеш барысында университет студенттерінен құралған «Дала сазы» оркестрі күй тартып, «Қазақ журналистикасы» тобының 3-курс студенті Зулмира Аухат пен 1-курс студенті Бодапберген Ақтанберді гитарамен ән шырқады. 2, 3-курс студенттері Жамбыл Анел, Өтесбай Фариза, Асылзат Ақылхан мен Елеуова Айзере ақындардың өлеңдерінен сыр шертті. 
Тағы бір атап өтетін маңызды жайт, Гүлмира Шайтмағанбетқызы «Медиаөнер» білім беру бағдарламасының негізін қалап, ресми тіркеуден өткізген. Биыл осы мамандықтың алғашқы қарлығаштары қанат қағады. Осы тұста «Медиаөнердің» 4-курс студенттері де қапы қалмады. Ұстаздары жайлы 7 минуттық бейнеролик әзірлеп, жүзіне күлкі ұялатты.
Кеш соңында Гүлмира Шайтмағанбетқызы Әшірбекова барша әріптестері мен шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, ұстаздық жолдағы басты мұраты – адалдық пен шәкіртке деген сүйіспеншілік екенін атап өтті. 
 Гүлмира Шайтмағанбетқызы өмірінің отыз жылға жуық уақытын ұстаздық қызметке арнады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Еуразия ұлттық университетінде Темірбек Қожекеев, Файзолла Оразай, Намазалы Омашев, Қырықбай Алдабергенов, Кәкен Қамзин, Қамал Смайылов, Бауыржан Жақып, Бауыржан Омаров, Рахима Шәріпқызы сынды марғасқалардың мектебінен өтті. Бүгінде өзі де сол ізді жалғап, шәкірт санасына сәуле түсіріп жүр.
Фариза ӨТЕСБАЙ,
ЕҰУ-нің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенті
 
                             
	 
						 
						