«Табиғат – адам үшін жаралыпты, Бар қызық табиғаттан таралыпты»,–деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, бүкіл адамзат қауымы табиғат-ананың мейіріне бөленіп ғұмыр кешеді. Бізді айнала қоршаған ортаның үлесіндегі табиғат адамға пайдасын тигізіп қана қоймай, ғажайып, әсем көрінісімен де ерекше әсер қалдырады. Құзар шыңында мәңгі қар тұрақтаған ақ бас таулар, сылдырап аққан бұлақтар мен өзендер, жаз келсе жапырағы жайқалып шыға келетін жасыл желектер жерге төселген кілемдей еріксіз езу тартқызып, жаныңа жылулық сыйлайды. Кең даланы көркем етіп, сұлулыққа бөлеп, адам баласының денсаулығына да өзіндік оң әсерін бере білетін табиғат дүниесі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.
Естеріңізде болса, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдың маусым айында қоршаған орта мәселелері жөніндегі Стокгольм конференциясында қаралып, бекітілген болатын.Дәл осы тұрғыда «Біз – табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына.Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі», – деген Ыбырай Жақаевтың сөзінің парқына жете білгеніміз жөн болар. Осыған орай Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналып Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың Жастар аллеясында таза және қауіпсіз қоршаған ортада өмір сүруді қамтамасыз етуді мақсат тұтқан мерекелік іс-шара өткізілді. Өзіндік маңызы мол жиында еңкейген қарттар мен еңбектеген сәбиге дейін бой көрсетті.
«Шымкент – еліміздегі ең жасыл қала. Көгалдандыру мақсатында әр жыл сайын жүз түп ағаш пен екі миллионнан астам гүл егілетін болады. Қала аумағында бұдан бөлек он бір саябақ бар. Қонақтардың да, біз, яғни қала тұрғындарының да көктемнен бері көктеп, қалаға көрік беріп тұрған гүлдерді көріп, көңіліміз көтерілетіні анық. Сол себепті өте көңілді болып жүреміз. Ал көңіл – ең басты құндылығымыз. Көңіл-күйдің жақсы болуына қоршаған ортаның әсері мол. Сондықтан табиғатқа әрқашан ерекше назар аударуымыз қажет», – деп қала тұрғындарын қоршаған ортаны аялауға, қорғауға үлестерін қосуға шақырды шараға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Іс-шара барысында жас жеткіншектер мен бүлдіршіндердің өз қолымен жасап шығарған бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Кішкентай жеткіншектердің туындылары көпшіліктің ықыласын оятып, сүйсінте білді.
«Бүгін барлық экологтар, табиғат жанашырлары табиғатты қорғау бойынша көптеген іс-шараларды өткізеді. Біздің экологиялық орталық мамыр айының басында қалалық форум өткізді. Осы форумға 200-ге жуық оқушылар қатысып, олардың жұмыстары қаралып, үлгілі деген жұмыстары таңдалып алынды. Енді олар 9 маусымда өтетін республикалық форумға Шымкент қаласының атынан белсене қатысатын болады», – деді Шымкент қаласы білім басқармасы «Экологиялық орталық» мемлекеттік мекемесінің директоры Ұлжан Қамытбекова.
Табиғатты қорғау жұмыстарына қарқынды атсалысып, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласында еңбек еткен табиғат жанашырларына арнайы алғыс хаттар ұсынылып, ерекше құрмет көрсетілді. Салтанатты шара білім орындарындағы жас жеткіншектер мен балабақша бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – дендрологиялық саябақтың ішінен балалар алаңқайының орын тебуі болды. Қала әкімдігінің бастамасымен «Шымкент Плаза» сауда ойын-сауық орталығының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылған игі істің нәтижесі көпшілікті қуантты.
Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.