немесе Шарапхана ауылының бұдан сан ғасырлар бұрынғы атауы туралы
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің биылғы 10 ақпан күнгі, №25-26 санында «Шарапхана ма, Сарапхана ма?» атты мақаланы оқыдым. Авторы журналист Жорабек Сүйеубеков мағыналы да, мәнді ой айтқан екен. Әрине Шарапхана сөзін ішімдікке жататын «шарап» сөзімен бірге бөлме, үй, жай, қора, қопсы мағынасына келетін «хана» сөзінің құрамынан пайда болған дегенге сенсе, кімнің де болса «Шарапхана» атауы құлағына түрпідей тиіп, ыстық ықыласын суытатыны сөзсіз. Бірақ та «Шарапхана» сөзінің бір әрібін өзгертсе, онда адамға жағымды мағынасы бар екенін де білгеніміз дұрыс сияқты.
Мақала авторының «Шарапхана» атауының орнына «Сарапхана» атын қойса деген ойы да орынды. Бірақ та осы «Сарап» сөзі де, ол сөзбен «хана» сөзінің бірігуі сәл-пәл, тұманның тамшысындай ғана ономастикалық жүйеге томпақтау келетін де сияқты. Бұл туралы Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі жазушы Захардин Қыстаубаев ағамыз да өз ойын білдіріп «…«сарап» немесе «сараптама» сөзі кейінгі кезде тіл мамандарының ойлап шығарған сөздері емес пе еді, тіпті кеңес заманында жарық көрген орысша-қазақша түсініктеме сөздікте де «сарап» сөзі жоқ, оның орнына аналитика, яғни лабораториялық талдау сияқты «сараптама» сөзіне дәл келетін түсініктеме бар…» деген еді. Онысы да орынды, Себебі қазақ тіліне араластырылып айтыла беретін «орыстық», «европалық» сөздер кейінгі кезде жаппай «репрессияға» ұрынып, қазақ терминіне қотарылып кетті. Мысалға алатын болсақ «пляж – жағажай», «дача – саяжай», «аптека – дәріхана», «поликлиника – емхана», т.с.с болып қазақшаланды. Тіпті «сымтетік», «үнқағаз», «үнтаспа» деген де неотерминдер өмірге келді. Мен білетін қазақ тілінде «сұрыптау» деген сөз ежелден бар болса да сол кездері бұны «сорттау» деп айта беруші едік. Ал «сарап» сөзі Кеңес дәуірінде бар-жоғы есімде қалмапты. Оның үстіне мен Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі С. Бәйішовтың басқаруымен редакцияланған М. Насырованың 1979 жылы жарық көрген «Әлеуметтік-экономикалық терминдердің орысша-қазақша сөздігі» деген кітаптан «сарап» сөзін таба алмадым. Онда «Сортировка» – «сорттау», «Анализ» – «талдау, айыру.» 1. Бір нәрсенің жеке жақтарын, қасиеттерін, құрамдас бөліктерін қарастыру арқылы жүргізілетін ғылыми-зерттеу әдісі. 2. Бір мәселені жан-жақты қарап, тексеру. 3. Заттың құрамын анықтау». Бұл қазіргі сөзбен айтқанда сараптау. Бірақ бұл сөз ол кітапта айтылмайды. Сол «сарап» сөзі туралы, Кеңес өкіметі кезінде, яғни сексенінші жылда болған бір уақиға еске түсіп отыр. Мен «КарГУ-дің экономфагін» бітіріп, «ревизорлық» қызметте жүргенімде, 1982 жылы қазіргі Майлыошақ, ол кездері Киров бөлімшесінде тұратын бір сұлуға үйлендім. Ол ауыл Қаратасқа бес шақырымдай. Қайын енем – марқұм, жаны жәннатта болғыр Аманқызы Мақташ апам өте бір жақсы кісі еді. Маған рулас (жетіру) болғасын ба, дәл бір туған апамдай қамқор еді. Өзі Шарапхананың (ол кезде Қаратас) тумасы. 1986 жылы «Каратасское АТП» деген мекемеге жиырма бес күндік тексеру жұмысымен іссапарға барып, қайын жұртта қонақтап та жүрдім. Сонда бір әңгімеде Мақташ апам: «Қарағым, төркін жұрт, дұрыстап күтіп жатыр ма?» деген еді. Мен: «Шарапханаға келіп шарап ішіп жатырмыз ғой» деп, әзілдедім. Ол: «Жоқ, қарағым, Шарапхананың аты ішкілік шараптың атынан қойылған емес, бұл қасиетті жер, бұл Қаратастың бұрынғы аты Сарапхан еді. Мен кішкене қыз кезімде қариялар кейде солай атаушы еді» дегенді. Мен «Сарапхан дегені не ол?» дегенімде, ол: «Сарапхан деген баяғы заманда осы көне шаһардың басқарушысы болған екен» деп, айтып еді…
Мен сол кездері оның айтқанына мән бермедім бе, әлде апам менің сөзімнен соң Шарапхана атауына намыстанып басқаша түсіндірді деп ойладым ба, әйтеуір әңгімені әрі қарай басқа жаққа бұрып кеткенмін. Кейін тарихи мақалалар жазып жүргенімде сол әңгіме есіме түссе «қап, сонда неге бүге-шігесіне дейін сұрап алмадым» деп әлі өкінемін. Содан амалсыздан тарихты ақтарамын, талай ақтардым да. Енді бәріміз жабылып, ерінбей тарих жазбаларын оқып көрейік.
629 жылы Қытай тарихшы-жиһанкезі Сюань Цзянның, одан сәл беріректе Махмұт Қашқаридың айтуларына сүйеніп тарих былай деп, арыдан сілтейді: «…Название белого города (Ал-Мединат ал-Байда), который называется Испиджаб. Про него говорят также Сайрам. Вблизи Испиджаба находились города Газгирд,…» Осыған қарап орыс тарихшысы В.К. Шуховцов былай дейді: «…На территории села Шарапхана обнаружено существовавшее в VII-X вв. городище, которое может быть отождествлено с Газгирдом. Древний топоним Газгирд, на наш взгляд, сохранился в современном названии Казы-Курт. Так называется горная гряда между Ташкентом и Чимкентом, у подножия которой находятся развалины городища…». Сосын тарихта: «…Восточнее Испиджаба на Шелковом пути находились города и населенные пункты Шараб, Будухкет, Тамтадж, Абарджадж и Джувикат…» деген де сөздер бар. Бірақ бұл Шараб біздің Шарапхана емес, бұл қазіргі Түлкібас ауданындағы Шарафкент ауылы. Тарихтың тағы бір бетінде: «…а местоположение средневекового Газгирда соответствует месту городских руин, относящихся 7-10 вв., который находится возле современного аула Шарапхана. По преданиям, у Газгирда в 712-713 гг. арабы одержали победу над китайцами и с тех пор сохранилось название Шарапхана – «дом победы». Современное название Казгурт связано с древним названием Газгирд.» деген де сөйлемдер бар.
Енді дәл осы жерден тарихты ақтаруды уақытша тоқтата тұрып «шарап», «шараф» сөздерін талдап көрейік. Жоғарыдағы айтылғандай араптар қытайларды Шарапхана түбінде 713 жылы жеңгеннен соң бұл жерді «жеңіс үйі», яғни арабша «Шарапхана» депті деген сөздерінің анығына жету үшін Кеңес дәуірінде «КазГУ-дің филфагінің» арап филологиясы бөлімін бітірген досым, «Азиат» баспа үйінің басшысы Аппас Бекжігітовтен осы сөз туралы сұрап білдім. Яғни арабша «шариба» — сусындау, сусын ішу, «шарбат» — шәрбәт (сок), Ал біздің ойлап отырған «шарап» (вино) сөзі арабша «хамр» екен. Негізі қазақ тіліне «шарап» сөзі араптың «шариба» яғни сусын деген сөзінен кірген. Олай болса жоғарыда тарих айтып отырған «жеңіс үйі» дегені қайдан келді? Оған жауапты араптың «шарип» сөзінен табуға болатын сияқты. Бұл сөз қазақтың «қасиетті» сөзінің аудармасы. (Құран-шарип, қасиетті құран) Сонда Шарипхана «қасиетті орын», «қасиетті жер» деген баламаға келеді. Шарипхана сөзі түркілер замандарында Шарапханаға айналып кетуі де мүмкін. Дегенмен де кейбіреулер «Шараф» та, «хана» да парсы сөзі, араптар қытаймен соғысқанда неге парсыша атайды деулері де мүмкін. Олай десе, бұл сөзді парсылардан іздейік. Онда тағы тарихты ақтарайық.
ІХ ғасырдың аяқ жағында Батыс Қарлық Қағанатын Оғулшақ басқарып тұрған кезде қағанат пен халифат арасында қатты соғыс болды. Ол кезде халифаттың Орта Азиядағы әмірі саманид Исмаил ибн Ахмет еді. Ол 893 жылы парсы, соғды әскерлерімен Таразға жорық жасайды. Сол жылы ол Келес жағасында Қарлық әскеріне кездесіп оларды тас талқан етіп жеңіп, Тараз жолы бойындағы Бұдухкет, Маданкет (Манкент), Жубикет шаһарларына қарай жылжиды. Міне олар осы жеңіс болған жерді Шарафхана атауы мүмкін. «Шараф» сөзі парсы тілінде де, ағамыз өзбек тілінде де, «даңқ», «құрмет» деген сөз, ал «хана» деген парсы сөзі біздің қазақта да бар. Парсының «шараф» сөзі уақыт өте келе қазақта шарап болып өзгеріп кетуі мүмкін ғой! Сонда қазіргі Шарапхананың мағынасы «спирттік шарап жері (үйі)» емес, «даңқты жер», «құрметті жер»!
Тағы да тарихқа сығырая, жіті үңілейік те, «Известия Национальной академии наук Республики Казахстан» деген хабаршы басылымнан өте қысқа-қысқа үзінділер оқиық: «…составленное И. А. Бардашевым в 1859 г. Он пишет: «Из Манкендта дорога ведет к кургану Сайрам или Сарьям… от Сайрама через Текебулак и слабые возвышенности Кызыкурт-Ата спускается к курганчику Дувана, отстоящему от Текебулака верст на 18, затем от Дувана дорога пролегает к местечку Шарибхана на 10 верст. От Шарибхана дорога лежит к урочищу и кургану Темир в 14 верстах и отсюда на Акджар, отстоящий на 16 верст; далее на р. Каляс, (Келес Ә.К.)…» Міне бұл жерде Шарибхана дейді. Яғни жәй сусын ішетін жер! Сусынға шырын, шәй, көже, шалап т.б, жатады. Міне бұл тарихи құжат Шарапхананың бұрынғы аты Шарибхана болғанын дәлелдеп тұр! Оның үстіне басқа шаһарлардай емес, Шарибхана Келес өзенінің жағасында орналасқан. Көкібел тұстан келсе де, Тұрбат тұстан келсе де, Шымкент тұстан келсе де, Ташкент тұстан келсе де, Арыс, Отырар, Ишан-Базар тұстан келсе де Шарибханада Келес суынан шөлін қандырады.
Мына жазуды да қалдырып кетпейік: «…Так, в сообщении капитана Д. Телятникова и сержанта А. Безносикова названы кроме городов Чемкента и Сайрама, местечки Сарапан (Сарапхан атауына ұқсайды), Алтын-тобе, Темир…», «…В списке городов привлекает внимание город Сарапан, поставленный в списке вслед за Карабулаком…», «…По нашему мнению, городок Сарапан может быть отождествлен с городищем Мазаратобе. Шарибхана, месторасположение этого населенного пункта определяется точно, поскольку сохранилось городище почти с тем же названием – Шарапхана. О нем сообщают Е. И. Агеева и Г. И. Пацевич, которые охарактеризовали городище, определили его месторасположение в долине Келеса и отождествили с городом IX–XII вв. Газгирдом. Кстати, Газгирд продолжал жить и в позднее средневековье. Городище Шарапхана находится на правом берегу р. Келес. В его топографии выделяется прямоугольная в плане цитадель размерами 80х65 м. Она окружена стеной с башнями по углам. К цитадели примыкает шахристан и рабад размерами 100х140 м. В топографии его «читаются» улицы. Подъемный материал относится к монголо-тимуридскому времени. Названный Газгардом, он упоминается во второй половине XVI в. По новым данным на городище встречен материал XVIII–XIX вв…» Міне, бұл да Шарибхана туралы айтады.
Тарихи құжаттармен қатар Шарапхананың сол кездегі суреті де бар екен. (Рисунок 23 – Городище Шарапхан. Рисунок Д. Вележева, Известия Национальной академии наук Республики Казахстан) Ал бұл суретте Шарапхан деп айтады.
Шарапхана туралы қазақтың аяулы ұлы, Патшалы Ресейдің Екінші Мемлекеттік Думасының депутаты, Түркістан Автономиялық Республикасының премьер-министрі, «Алаш Орда» мүшесі, Қазақтың тұңғыш жолшы-инженері, «Түркісібтің» белсенді жобалаушы-құрылысшысы, өте дарынды тарихшы Мұхаммеджан Тынышпаев та айтып кетіпті. (1879-1937, репрессия құрбаны). Оның «История казахского народа» деген кітабынан: «…об этом случайно узнал Баба (Баба-сұлтан. Ә.К.), и сами заговорщики попались в его руки: в районе Шарапхана (в 60 верстах от Ташкента по дороге на Чимкент) убиты им 2 сына Хак-Назара (Хакназар хан. Ә.К.). Вскоре, в 1530 году удалось ему убить и Хак-Назара…». М. Тынышпаев бұл еңбекті 1925-30 жылдар аралығында жазған.
Ал қазақтың соңғы ханы Кенесарының Ахмет деген баласы ХІХ ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап Ақ патшаның әскери қызметінде болғаны тарихтан белгілі. Оның 1888 жылы шыққан «Кенесары и Садык» деген кітабында мынадай жолдар бар: «…На возвратном пути из Аулие-Аты Нор-Мад парванаши послал донесение Алимкулу, прося сменить аулиеатинского хакима Садык-Назара; дойдя до Шарапхана, он получил из Коканда ярлык о назначении аулиеатинским хакимом Таш-кары…»
Міне бұл екі жазуда да ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында жазылған еңбек авторлары ауылдың атын Шарапхана деп көрсетеді. Яғни Шарапхана деген ат ауылға Кеңес дәуірінен бұрын берілген. Қайта Кеңес дәуіріндегілер бұл атқа ыңғайсызданып ауыл атын «Қаратас» деп өзгертсе де, Кеңес өкіметі етпетінен құлаған күннен бастап қайтадан «Шарапхана» болып, ескі атауын алған.
«Қаратас» сөзі де қазаққа, оның ішінде біздерге де өгей емес. Себебі біздің өңірде Сымтас, Сынтас, Маятас, Кершетас, Ақтас, Зертас т.б «тастар» көп-ақ. Оның үстіне Қаратас ауылы маңайындағы шағал мен құрылыс құмы басқа жердегілердей емес, қоңыр, қарақошқыл келеді. Қиыршықтасты қарақоңыр түсінен-ақ, Шарапхана карьерінен екенін бірден аңғарасың. Кезінде бұл ауылға «Қаратас» деген атау өте тауып қойылған. Бірақ жергілікті халыққа оның «қара» деген түсті білдіретін атауы ұнамаған болуы керек.
Сырдария округі 1928 жылдың 17 қаңтарында ұйымдастырылып, оның орталығы «Чимкент қаласы» деп анықталып, 21 ауданнан құралды. Олардың ішінде орталығы Тұрбат ауылы деп есептелген Қаратас ауданы да болды. Бірақ дәл сол жылы 19 маусым айында Қаратас ауданының орталығы Шарапхана ауылына көшіріледі.
Негізі, ауыл аты оның әдемілігінде емес, оның мағыналығында болса керек. Осы тұста «Түрікменбасы» Сапармұрат Ниязовтың Өзбекістан мен Қазақстанға шекаралас жатқан, екімыңжылдық тарихы бар шаһарлар Ташауыз бен Чәржөв (қазақша айтылуы Шаржау, аудармасы «Төрт үй») қалаларының атын өзгертуі еске түседі. Ташауыздың бұрынғы түркіменше және талай ғасырлық аты Дашховуз еді. Бұның қазақшасы Тас хауыз. Қазір «Даш Оғуз» (Дашогуз) болды. Омонимдер. Оның қазақшасы «Алыс Оғыз». Шаржаудың атын Түрікменабад деп қойды. Енді бұл шаһарға түптері қыпшақ өзбектер мен қазақтар біздікі деп таласа алмайды. Себебі түрікменнің түбі оғыз.
Ал енді Шарапхана сөзі ұнамаса оның тарихи атын қайта қалпына келтіру керек. Жоғарыда айтылған және келтірілген тарихи құжаттарға сүйене отырып, оның әу бастағы аттары төмендегіше деген тұжырымға келеміз:
1.«Шарибхана», яғни «сусындайтын жер.(үй,бөлме)».
2.«Шарипхана» немесе «Шаріпхана», яғни «қасиет жиналған жер».
3.«Шарафхана», яғни «даңққа, құрметке бөленген жер».
Бұл үшеуінің үшеуі де дұрыс. Үшеуінің де тарихи құжаттары бар. Бірақ үшеуін де бір ауылға қоя алмаймыз. «Шарафхана» атауы қазіргі атына сай сияқты. Себебі сөз сапталғанда да, тыңдалғанда да, көбінесе «ф» дыбысы қазақта «п» дыбысына айналып кетеді. Мысалы: Фатима – Патима, Фазыл – Пәзіл болып дыбысталатындай… Мен түлкібастықтарға ризамын. Себебі ол ауданда көне шаһар – қазіргі ауыл «Шарафкент» деген елді мекен бар. Солар Шарапкент демейді, Шарафкент дейді.
Ал енді «Шерибхана» атауын тарихи құжат екі рет дәлелдеп тұр.
Қорыта айтқанда ең негізгісі бұл маңай қасиетті Қазығұрт тауының етегі болғандықтан бұдан ондаған ғасырлар бұрын Шарапхананың тұрған жері Газгирд шаһары (Қазығұрт) аталған. Қазығұрттың қасиетті екенін елімізде білмейтін ересек жоқ шығар. Ал білмейтіні бар болса мен айтайын. Әу баста адамзатқа қауіп төнгенде, Нұх пайғамбардың кемесін және ондағы адамзатты һәм хайуанатты топансудан аман алып қалған осы Қазығұрт тауы. Бұл Қазығұрттың қасиетін көрсетіп, етегінде Көз Ата, Әңгір Ата, Ақ Бура, Ғайып Ерен-Қырық Шілтен, Қаржанға қарай Көктен Ата, Қызыл Ата т.б тарихи орындар жатыр. Ал Шаріпхана солардың бірі. Ата-бабаларымыз жер атын қателеспей атаған. Оны дұрыс айта алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Бұл мекеннің аты жұрт ойлағандай ішімдік (шарап) емес, даңқ пен құрмет әкелетін, соны осында өмір сүріп жатқан адамдарына тілейтін, қасиетті тарихи жер. Бұл қасиетті Қазығұрт жерінің қасиеті мен абыройын құрметпен даңққа бөлейтін жер. Яғни «Қасиет үйі», тарихи аты «Шаріпхана» деп ойлаймын. Кеңес өкіметі құлаған кезде «жау қуып келе жатқандай» асығыстықпен талай мекендердің аттары өзгерді. Ленинское селосы Қазығұрт атанды. Қаратас Шарапхана атанды. Ал тарих Шарапхананың ең алғашқы атын Газгерд деп тұр. Газгерд бұл сол кездегі тарихшылардың тілінің келгенінше айтып жазғаны. Шындығында Қазығұрт деп танысақ, осы Шарапханаға өзінің, бұдан екі-үш мың жылғы «Қазығұрт» атын беру керек еді. Ал көне тарихы жоқ, өз тарихы беріден басталатын Ленинскоеге (қазіргі Қазығұртқа) «Келес» немесе «Гүлстан» деген әдемі аттар жарасар еді. Міне, қазақ «асыққан шайтанның ісі» деп бекерге айтпаған…
Әбдінағым КӨШЕРОВ,
бірнеше тарихи-көркем романдар мен ғылыми-публицистикалық
мақалалардың авторы, Қазақстан Журналистер одағының,
Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі