ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ БАСҚОСУ

Қоғам
26 Views

Ат, жылқы жануары – қазақ үшін ең қасиетті ұғымдардың бірі. Тарихи деректерге тереңірек үңілетін болсақ, жабайы аттарды ең бірінші үйретіп, жүгендеген, ер-тоқым салған біздің ата-бабаларымыз екен. Өйткені, Қазақ пен Жылқы жануарының жаны бір, бірі – адамзат, бірі – сәйгүлік болса да бір-бірін тілсіз ұғына білген, түсіне білген. Қандай қиын қыстау болса да айнымас серік болып, жауға, жатқа тастамаған жылқының ешбір жануарға ұқсай бермейтін асыл қасиеті туралы ата-бабаларымыздан небір тамаша жыр-дастандар қалды, қазір де жазылып та, айтылып та жүр. Өркендеген, озық технология дамыған беймәлім ғарыштарды жария еткен қазіргі дәуірдің өзінде атқа мінсек рухтанып, арқаланып жүре береміз.

Мақсаты бір ағайындылар: Ұлықбек Назарұлы, Абзал Исақов, Бекзат Мірәлі, Балтабай Асан.

Барлық ұлттар мен халықтарға теңдік, бостандық береміз деген Кеңес үкіметі, большевиктер партиясының басты зелімдік мақсаты – қазақ халқының өз атамекенін жойып жіберу еді. Көріңде өкіргір қанішер Иосиф Виссарионович Сталин сол кездегі Қазақстан өлкелік компартиясын басқарып тұрған Жөит Голощекинге: «Октябрь революциясына 12 жыл толса да қазақтардың Кеңес үкіметіне бас иетін түрі жоқ. Еркін, батыр қазақ халқын құртудың жалғыз жолы бар. Ол – қазақ жеріндегі жылқы жануарын құртып жіберу. Атқа мінсе әруақтанып кететін қазақтардың рухы түсіп, қоңыз теріп кетеді», – деп кеңес береді.
Шаш ал десе бас алатын Голощекин солай жасады да. Небәрі екі жылдың ішінде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың кең-байтақ жерінде 5 миллион жылқы жануары жойылып кетті, зәлім И.В.Сталиннің айтқаны кесірлі ойы дәл келіп, қазақтың рухы түсіп есін жия алмай қалды. Көп ұзамай-ақ қолдан жасаған ашаршылық басталып, 4 миллион қазақ аштан қырылды, ұлтымыздың бетке шығар қаймақтары атылды, асылды, түрмеге айдалды.
Кеңес дәуірі кезінде қазақтың ұлттық ойындары – көкпар, бәйге өткізуге мүлде қатаң тыйым салынды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, тәуелсіздік таңы арайлап атқанда ғана жылқы жануарын өсіруге, асылдандыруға, қазақтың атбегілік наз өнеріне жататын көкпар, бәйге, қыз қуу дамып, әр дәрежеде өтетін мерекелер мен тойлардың көркіне айналды. Осы орайда Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарын қамтып жатқан Қаңлы атты атбегілер қауымдастығының ұлт мүддесі үшін үлкен жұмыстар атқарып жатқанын ерекше атап өткен жөн. Түркістанның зиялы азаматтары Балтабай Асан және Бекзат Жандарбекұлы көпке үлгі-өнеге болатын игілікті істерді жүзеге асыруда. Құрамында 300-ден астам мүшесі бар атбегілер қауымдастығы, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, мерейлері үстем болуда. Игі істерді сөз еткенде белгілі атбегілері – Орынбай Исабеков, Мұтахан Орынбайұлы, Ахмет Сапарұлы, Өсербай Досанұлы, Нұрқиса Қалмаханұлы, Ұлықбек Назарұлы, Медеу Әбдібайұлы, Пердебай Тәңірбергенұлы, Бекзат Жандарбекұлы, Асылбек Керімқұлов, Руслан Өсербаевтың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Олардың ізгі жолдарын кейінгі жас ұрпақ жалғастыруда. Олардың жетістіктері мен табыстарына бүкіл ел-жұрт қуануда. Қаңлы атбегілер қауымдастығы бойынша суырылып алға шығып, топ жарған Қырғыз торы, Келінтөбе күрең, Көк байрақ, Байбұрыл, Алматы қара, Шәмші торы, Көкжал, Алматы күрең сияқты сәйгүліктер талай додада топ жарды.

Шілденің 26-27 күндері Түркістан облысы, Төлеби ауданының таулы аймақтарындағы көрікті жерде орналасқан «Алтын дән» демалыс аймағында тамаша басқосу болды. Есте қалар бұл кездесуге Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында тұратын белгілі атбегілері шақырылып, ағайындар сағынышпен кездесіп, айра-жайра болып қалысты. Сондай-ақ бұл басқосуға Қаңлы руының ынтымағы мен бірлігін, татулығын әріден ойлап, зерттеп, зерделеп жүрген, абыз ақсақалдар, жазушы және өнер қайраткерлері, зиялы қауым құрметті қонақ ретінде шақырылды. Жан-жақтан жиналған ағайындар ата-бабалар әруағына Құран бағыштап, құрбандық шалды. Үлкен мен кіші бас қосқан бұл кездесуде Тараз қаласынан арнайы келген 80 жастағы қария Сұлтанбек Байжігітұлы ақ батасын беріп, жүректегі ақ тілегін жеткізді.
Игілер мен жақсылар бас қосқан бұл қауышуды белгілі атбегі, үлкен өнер қайраткері Ұлықбек Назарұлы жүргізіп, ағайындар бір-бірімен танысып, дидарласып атбегілік өнерін дамытудағы өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. 150-ге жуық ағайынның басын қосып, осынау игілікті шараны үлкен дәрежеде өткізуге мұрындық болған түркістандық зиялы азамат Балтабай Асан мен Бекзат Жандарбекұлына жиналған халық алғыс сезімдерін жеткізді. Осы басқосуда қазақтың наз өнері атбегілікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін жоғарыда есімдері аталған қос зиялы азамат Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Тау баурайындағы кездесуге данқты боксшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем чемпионы Сәкен Байбосынов, қол күресінен дүниежүзілік жарыстың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Нұрсұлтан Назарұлы қатысып, өтіп жатқан игі шараларға ізгі тілектерін айтты.
Айтулы басқосуда белгілі көкпаршылар мен атбегілерінің өнерін баяндайтын бейне көріністер де көрсетілді. Әр жүрекке ұмытылмайтын әсер қалдырған кездесу әртүрлі спорт жарыстармен жалғасып, қызықты сәттерге ұласып жатты. Қол күресі, арқан тарту, гир көтеру, суға жүзу жарыстары өте тартысты өтіп, жеңімпаздар марапаттарға ие болды.
Қазақтың төбе биі – Төлеби атындағы ауданның тау баурайындағы көрікті жерде бір қазақ ұлты ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ұйытқысы бола білген белгілі рудың бірі – Қаңлы руының ежелгі тарихи шежіресі, ағайындардың бірлігі, ынтымағы мен ауызбірлігі туралы әңгіме қозғалды.
Тәуелсіздігін алып, көк байрағы желбіреген Қазақ елінің киелі де қасиетті шаңырағын ұстап тұрған мықты рулардың бірі – Қаңлы руы. Қазақтың әрбір іргелі руы өзінің өткенін, тарихын жақсы білсе ғана қазақтың тарихы шынайы жазылатын болады. Ресейдің басқыншы саясатының басты мақсаты – қазақты үш жүзге, ру-руға бөліп, бір-біріне қарсы айдап салып, билікке қол жеткізу болды. Бұл саясат Кеңес дәуірінде де жалғасты. Біздің ата-бабаларымыз ру-руға бөлінбеген, ең бірінші ізгілік пен жақсылықты ту еткен, қазақтың бірлігі мен ынтымағын алғашқы орынға қоя білген. Құдайға шүкір, қазіргі таңда тарихымыздың ақиқаты мен шындығы ашылып жатыр. Көкірек көзі ояу, намысы, жігері, парасаты бар әрбір қазақ елдің бірлігін, ынтымағын ойлайды.
Тау баурайындағы кездесуде осы келелі мәселелер хақында жан-жақты әңгіме болды. Амандық болса әр жүрекке қуаныш, үміт сыйлайтын кездесу келесі жылы Алматы қаласында өтетін болды. Келесі кездескенше ағайын!

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, режиссер,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *