ТЕАТР ТОЙЫ ТАРҚАМАЙДЫ

мәдениет
27 Views

Ағымдағы жылдың 6-11 қараша аралығында Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының ұжымы 95 жылдық мерейтойын барлық сән-салтанатымен тойлады. Осы айтулы датаға орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының ұйымдастыруымен Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық театр фестивалі өтті. Екі жылда бір рет өтетін бұл өнер мерекесі күллі түркі әлемінің мәдени өміріндегі елеулі оқиға болып табылады.
Аталмыш өнер мерекесіне Қазақстанмен қоса-қабат Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Татарстаннан ат терлетіп келген театр ұжымдары мен қазақ театр және кино өнерінің корифейлері – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов (Тарази) қатысты. Олардың бәрі театр алдындағы қызыл кілеммен жүріп өтті. Режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин ескерткішіне алқызыл гүл шоқтарын қойды.
Театр сахнасындағы салтанат арнайы түсірілген бейнефильмді тамашалаумен басталды. Бір ғажабы, кеш қазақ және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, театр ұжымына толағай табыс тіледі. Сөзінің соңында қалабасы бір топ азаматтарға Шымкент қаласы әкімдігінің Алғыс хатын табыс етті. Олардың арасында актерлер – Абзал Төленов, Ерлан Дүйсебаев, Дүйсебек Аралбаев, Самат Әзімқұлов, Бақытжан Әбдіхалықов, актриса Дәмира Құмарбек, суретші-безендіруші Мақпал Үсенова, комендант Ботагөз Есмаханбетова, автокөлік жүргізушісі Пірәлі Танаев, вахтер Күлжан Әжібаева бар.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Қарсақбайқызы Сейітова құттықтау сөз сөйлеп, аталмыш өнер ұжымына сый-құрмет көрсетті. Актрисалар – Раушан Салова, Алтын Айнабалаева, гример-пастижер Бейсенкүл Әлжанова, қою бөлімінің меңгерушісі Батырбек Қабылбеков, радио цехының меңгерушісі Рашид Оразбақов «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Актриса Мөлдір Зияева, актерлер – Ерсінбек Аманғалиев, Олжас Мұсабеков, Бақытжан Дәулетжанов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Актер Сержан Құттыбаев, актриса Гүлжайна Ілиясова, режиссер ассисенті Ғалияш Телібаева, музей меңгерушісі Қымбат Молдиева, костюм цехының меңгерушісі Гүлжан Нұрсейітова, жарық беру цехының меңгерушісі Әлібек Қасалиев Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, ал референт Рахнама Рахымова, кадр маманы Қатира Керімқұлова, бас әкімгер Мақсат Қамытбеков, музыка бөлімінің меңгерушісі Нәдір Қалжанов, бухгалтер Жанғаным Әлімбаева Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазақ өнерінің абыз ақсақалы, кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақстан Театрлар қауымдастығының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов құттықтау сөз сөйледі. Кейіннен ол Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы театр өнері мен теориясы кафедрасының доценті, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Аманкелді Оразбайұлы Мұқанның Жұмат Шанин жайлы жазылған «Ұлт театрының атасы» кітабының тұсауын кесті.
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Халық жазушысы, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Сұлтан Әкімұлы Раев (Қырғызстан) залға жиналған жұртшылықты онлайн режимінде құттықтады. Мерейтойы өтіп отырған театрдың қоюшы-режиссерлері – Бекболат Құрманғожаев, Жұмабек Есімов, бас суретшісі Қалтөре Жұмақұлов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының төсбелгісімен марапатталды.
Актер, режиссер, театр педагогы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Тұңғышбай Жаманқұлов құттықтау сөз сөйледі. Актриса Әнипа Қарабекова Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісімен, Ақжарқын Нұртазина, Баян Нысамбаева, Ұлжалғас Дәрменшиева Құрмет грамотасымен, Сәуле Жарасбаева, Ақмарал Әділбекова Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара барысында Салтанат Бақаева, «Алатау серілері», «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ұжымдарының атынан мерейтойға арналған Ықылас гүлі тарту етілді.
Өнер мерекесіне Жұмат Тұрғынбайұлы Шаниннің белнемерелері, текті тұлғадан қалған жалғыз тұяқ Қасымханның ұл-қызы – Болат пен Жанат арнайы келді. Олардың бәрі Жұмат Шанин өмірінің соңғы сәті жайлы жазылған драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи қасірет туындысын тамсана тамашалады. Спектакль соңында Асанәлі Әшімов драма авторына өзінің шынайы ризашылық сезімін жеткізді.
Фестиваль барысында Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында кешкі қойылымдар (Назарбаев даңғылы, 6) мен Шымкент қалалық орыс драма театрында күндізгі қойылымдар (Әл-Фараби алаңы, 4/2) бірқатар драмалық туындылар көзіқарақты көрермендер назарына ұсынылды. Атап айтқанда, 6 қараша күні сағат 18.00-де Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи қасірет туындысын (режиссері – Бекболат Құрманғожаев), 7 қарашада сағат 11.00-де Қырғызстанның мемлекеттік «Учур» жастар театры Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» драмасын (режиссері – Шамиль Дыйханбаев), сағат 18.00-де Өзбекстанның мемлекеттік «Дийдор» жастар экспериментальды театр-студиясы Хамза Хакимзаде Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны» комедиясын (режиссері – Руслан Хайдаров), 8 қарашада сағат 11.00-де Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры П.Сейидлидің «Киллерден телеграмма» моно-драмасын (режиссері – Заур Алиев), сағат 18.00-де Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры Ғабеңнің «Ұлпан» драмасын (режиссері – Гүлназ Балпейісова), 9 қарашада сағат 11.00-де Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» туындысының желісімен қойылған «Лувр үйрегі» драмасын (режиссері – Мұхтар Реймов), сағат 18.00-де Түркияның «Алания» халық театры Эрнест Хэменгуейдің «Шал мен теңіз» драмасын (режиссері – Дина Жұмабай), 10 қарашада сағат 11.00-де Самарқанд облыстық музыкалық драма театры Әлішер Науаидің «Ләйлі – Мәжнүн» трагедиялық метафорлық махаббат хикаясын (режиссері – Асқар Холмуминов), сағат 18.00-де Татарстанның Ғабдолла Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік драма театры А.Гильязовтың «Қар астындағы қайнар бұлақ» музыкалық комедиясы (режиссері – Рамиль Радикович Фазлиев), 11 қарашада сағат 11.00-де Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры Антон Павлович Чеховтың «Менің сүйікті ағатайым» драмасын (режиссері – Асхат Максимович Маемиров) сахналады.
Сонымен қатар аталмыш өнер мерекесінің аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Шеберлік сабақтарын» өткізілді. Онда театр мамандары Ресейдің Е.Б.Вахтангов атындағы театрдың бас режиссері, «Алтын маска» байқауының бірнеше дүркін жүлдегері Юрий Николаевич Бутусовтың, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Наремгенованың, театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия (оперетта) театрының директоры Бури Абдужалилович Ганиевтің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Халықаралық фестивальдің жабылу салтанаты 11 қараша күні сағат 18.00-де Шымкенттегі «Tulip Hall» мәдениет сарайында өтті. Онда үздік деп танылған шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнерпаздарға сый-құрмет көрсетілді. Өнер мерекесіне қатысқан барлық театр ұжымы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен, арнайы сыйлығымен марапатталды.
Фестиваль аясында көрсетілген қойылымдарға төрелік жасаған әділқазылар алқасының құрамында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов (Қазақстан, Алматы), театртанушы, өнертану докторы, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының профессоры Мухаббат Турабовна Туляходжаева (Өзбекстан, Ташкент), театртанушы, өнертану кандидаты, Әзірбайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры Айдын Агаюнус оглу Талыбзаде (Әзірбайжан, Баку), өнертану докторы, Шота Руставели атындағы мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, өнертану докторы Марина Васадзе (Грузия, Тбилиси), театр журналисі, куратор, аудармашы, Бухарест университетінің PhD докторы, Румыниядағы Халықаралық театр фестивалінің кураторы Ралука Рэдулеску (Румыния, Бухарест) болды.
Фестивальде қазылар алқасы назарға ұсынылған қойылымдарды тамашалап, мұқият сараптаудан өткізгеннен кейін жоғары деңгейде кәсібилік танытқан қатысушы-театрлардың жұмыстарына өздерінің әділ бағасын берді. Орта Азия елдері театрларының IX Халықаралық фестивалінде «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» жүлдесімен (500 мың теңгелік қаржылай сыйақы) Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрының «Лувр үйрегі» спектакліндегі Шал рөлі үшін Базарбай Назарымбетов марапатталды. «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» жүлдесімен (500 мың теңгелік қаржылай сыйақы) Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Бетпе-бет» спектакліндегі Ана рөлі үшін Бақытгүл Асанова, «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен (800 мың теңгелік қаржылай сыйақы) Ғабдулла Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театрының «Қар астындағы қайнар бұлақ» спектакліндегі Әке рөлі үшін Марат Хабибуллин, «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» жүлдесімен (800 мың теңгелік қаржылай сыйақы) «Дийдор» мемлекеттік жастар эксперименталды театр-студиясының «Сайқымазақтар ойыны» спектакліндегі Айхан рөлі үшін Севинч Курбонова, «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен (1 миллион теңгелік қаржылай сыйақы) Алания қалалық театрының «Шал мен теңіз» спектакліндегі Шал рөлі үшін Фират Онур Дениз, «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесімен (1 миллион теңгелік қаржылай сыйақы) Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Атжалман ғасыр» спектакліндегі Жанбике рөлі үшін Мөлдір Зияева, «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесімен (1,5 миллион теңгелік қаржылай сыйақы) Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі, «Үздік режиссер» жүлдесімен (1 миллион теңге) Қырғызстан Мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Бетпе-бет» спектаклі үшін Шамиль Дайканбаев, ІХ Халықаралық фестивальдің Бас жүлдесі – «Үздік спектакль» жүлдесімен (3 миллион теңгелік қаржылай сыйақы) Әлішер Науаидің «Ләйлі – Мәжнүн» трагедиялық метафорлық махаббат хикаясын қойған Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының «Ләйлі – Мәжнүн» спектаклі марапатталды.
Сонымен қатар ТҮРКСОЙ ұйымының кеңесшісі, филология ғылымының докторы, доцент, аудармашы, сыншы Кемаль бей Гөз шараға арнайы келіп, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту Халықаралық ұйымының Алғыс хаттары, төсбелгілерімен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Азамат Сатыбалды, ал актрисалары – Зарина Кармен, Салтанат Бақаева, аталмыш театр директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары, режиссер Елік Нұрсұлтан, осы театр директорының экономикалық, құқықтық және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғани Ғалымұлы Әлімбаев және «Алтын Лашын» статуэткасымен «Атжалман ғасыр» тарихи қасірет туындысында бас рөлді сомдаған Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актері Махметәлі Дәриев марапатталды.
Шымкент қаласы әкімі Ғабит Әбдімәжитұлын Сыздықбековтың арнайы жүлдесімен Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры және Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актері Махметәлі Дәриев иеленді.
Кеш барысында танымал өнер жұлдыздары ән шырқап, би биледі. Қорыта айтқанда, ІХ Халықаралық өнер фестивалі шырайлы Шымқала тұрғындары мен қаланың қадірменді қонақтарына керемет көңіл күй сыйлады.

Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Суретті түсірген
Жәнібек ӘБУОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *