«ТОҒЫЗЫНШЫ ТАҢҒАЖАЙЫПТЫ» ТАМАШАЛАУ

мәдениет Рухани жаңғыру
1 223 Views

“Туған жер — алтын бесігім” атты өнер мерекесінің аясында Шымкентте Мақтаарал ауданының да әдебиет, мәдениет, өнер күні өткізілді. Мереке «Шәмші әлемі» гүлзарындағы «Мырзашөл сыйы» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен бастау алды.

Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Асықата халық театрының ұжымы Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» атты спектаклін қойды. Онда қазақ қоғамындағы отбасылық қарым-қатынастар жайы баяндалады. Ана мен бала, ене мен келін арасындағы сыйластық пен түсінбеушілік сөз етіледі.

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға жиналған жұртшылық та бір серпіліп қалды. Мұнда «Жетісай сазы», «Мереке» халықтық ұлт аспаптар оркестрлері мен «Ақ әжелер» ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Облыстық «Отырар» кітапханасына келгендер Исраил Сапарбай, Бекжан Әшірбаев, Нұрғали Қадырбаев секілді қаламгерлермен қауышты. Олар ұлттық кодты сақтау мен дәстүр жалғастығы жайында сөз өрбітті.

«Шәмші әлемі» гүлзарында қолөнер мен қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілік назарына «Тоғызыншы таңғажайып» атты бейнеролик ұсынылды. Осы орайда Ұлыбританияның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қайраткері Хью Уотт: «Техникалық жетістіктерді дала мәдениетінің дамуынан байқауға болады. Нидерландыдағы атқарылған жұмыстарды көргенімде оны төрткүл әлемдегі «сегізінші таңғажайып» жағдайға балағанмын. Ал Мақтааралдағы жұмыстарды «тоғызыншы таңғажайып» деуіме тура келіп отыр» – деген сөзі еріксіз еске түседі екен.

Гала-концерт барысында «Аққу», «Салтанат» халықтық ән-би ансамбльдері «Мақтааралым» композициясын қойды. «Ақ алтынды» аймақтың өнерпаздары ән, күй, биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

*   *   *

Әрине, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласын кеңінен талқылау, насихаттауды жан-жақты жандандырып, жүргізілетін барлық жұмыс бағытын соған ыңғайластырып, ұтымды ұйымдастыра білу – аса құптарлық жайт. Алайда жаңғырудың жолы осы екен деп бос дақпыртқа берілу жөн емес. Өкінішке қарай, облысымыздың айтулы мерейтойына орай өткізіліп отырған игілікті іс-шаралардың кейбіреулері осыған саяды. Ең алдымен жүйелі жарнаманың жоқтығын айтуымыз ләзім. Кездесу кештеріне зиялы қауым өкілдерін, әсіресе қаламгерлерді көбірек тарту жағы кемшін түсіп тұр. Аудиторияны толтыруда да олқылықтар орын алуда. Көбінше кітапханашылармен ғана шектеліп қалуда. Осы орайда кез келген іс-шара өткізілетін орынды дұрыс таңдау, көрермендерді көбірек жинау мәселелерін оңтайлы шешкеніміз мақұл болмақ. Іс-шараны ұйымдастырушылар осы жағына онша көңіл бөлмейтін сыңайлы. Сайып келгенде туған өңіріміздің торқалы тойы – Сіз бен біздің бәрімізге ортақ қуаныш екенін ұмытпауымыз керек.

Әбдісаттар ӘЛІП.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *