ТОҚЫМА ЖӘНЕ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ҰЛТТЫҚ ТҰРҒЫДА ДАЯРЛАУ

Білім
1 473 Views

Қазір еліміздің барлық өңірінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын тағылымды іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қызу жүруде. Рухани жаңғырудың басты тетігі ұлттық рух пен өнердің ара жібінің үзілмеуінде жатыр. Оның соңы патриотизмге, туған жеріне деген сүйіспеншілікке ұласады. Туған жерге тағзым ету, ұлтымыздың мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүріне құрметпен қарап, оны үнемі насихаттап отыру – патриотизмнің жарқын көрінісі болмақ.

«Рухани жаңғырудың негізгі іргетасы ол – ұлттық кодты сақтай білу, онсыз жаңғыру деген құр жаңғырыққа айналады» деді өз мақаласында Елбасы. Біздің пайымдауымызша, халқымыздың рухани мәдениеті мен салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптары. Міне, осылар топтаса келіп, қазақ халқының ұлттық менталитетін құрайды.

Сондықтан да, бұл идеологияның арқауы етіп халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, бізге мұра болып жеткен салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз болуы керек деп санаймыз. Дана халқымызда «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұлағатты сөз бар. Демек, озығын аламыз, тозығын тастаймыз. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі, міне осы.

Осы бағытта саналы ұрпақ тәрбиелеу, білікті маман дайындаудағы жауапкершілігі мол міндетті жүзеге асырып келе жатқан озық оқу орындарының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті.

Аталған білім ордасы жанынан «Тоқыма және тамақ инженериясы» Жоғары мектебі құрылған.

Жоғары мектепте «В070 – Тоқыма: киім, аяқ киім және былғары бұйымдары», «В068 – Тамақ өнімдерінің өндірісі» Білім бағдарламалары бойынша бакалаврлар, «М114 – Тоқыма: киім, аяқ киім және былғары бұйымдары», «М111 – Тамақ өнімдерін өндіру» Білім бағдарламалары бойынша магистрлер және де «ОІ14 – Тоқыма: киім, аяқ киім және былғары бұйымдары» Білім бағдарламасы бойынша РҺD докторлар даярланады.

Қазіргі таңда бұл Жоғары мектепте 931 студент, 23 магистрант, 7 докторант білім алуда. Олардың ішінде 97 пайызы мемлекеттік білім гранты негізінде оқиды. Жоғары мектеп студенттері өз мамандығымен қатар университеттің әскери кафедрасында оқып, әскери шен алады.

Жоғары мектеп құрамында 96 жоғары дәрежелі оқытушы, оның ішінде 1 ғылым докторы, 27 ғылым кандидаттары мен 8 РҺD докторлар бар. Студенттердің тіл меңгеруін арттыру мақсатында үш тілдік бағдарлама, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақ жүргізіледі.

Мұнда студенттердің алған білімін қоғамдық жұмыстар арқылы ширата түсуіне мол мүмкіндік жасалған. Айталық, олар білім ошағындағы түрлі өнер, би, спорт үйірмелеріне қатысып, КТК, әдеби кештер, тақырыптық конференция жарыстарында бақ сынасады. Сондай-ақ, жоғары мектептің 30 пайызға жуық студенті өз қалаулары бойынша түрлі ғылыми-зерттеу үйірмелерінде танымал ғалымдармен бірлесе отырып, ізденіс жұмыстарын жүргізуде.

Олардың шығармашылық қабілетін дамытумен қоса, оның нәтижесін қажетіне қарай қолдана білуі – аса маңызды. Ал, біздің Жоғарғы мектеп талапты жастардың казіргі заман талабына сай зерттеуші маман, білікті басқарушы болып қалыптасуына жол ашады. Жыл сайын әр мамандық бойынша талантты және дарынды студенттерді айқындайтын олимпиадалар өткізіліп тұрады.

Жоғарғы мектептің оқу аудиториялары заман талабына сай құрал — жабдықтармен жасақталған, материалдық-техникалық базасы жыл сайын толықтырылып отырады. Сонымен қатар, жоғары мектепте мамандандырылған 10 оқу зертханасы, интерактивті тақталар қойылған 9 компьютерлік аудиториялары бар.

Біліктілігі жоғары мамандардың теориялық білім алумен қатар, іс-тәжірибе дағдыларын игеруі аса маңызды. Осыған орай, 2012 жылы жоғары мектепте тігін бұйымдарын конструкциялау және киім дизайны бойынша экспериментальды өндіріс орны ашылды. Бұл мақсатқа жалпы құны 32 млн. теңгені құрайтын заманауи жабдықтар сатып алынды. Оның қатарына JANOME, TUPICAL фирмаларының тігін, жиектеуші машиналары, сырып тігілетін жаймаларды лазерлі пішу жиынтықтары бар.Сондай-ақ, бұл тізімді дигитайзер, плоттер секілді GЕRВЕR. фирмасының авто жобалау жабдықтары толықтыра түседі. Аталған жабдықтармен жұмыс істеу тәжірибесін игерген түлектердің еңбек нарығында бәсекелестікке қабілетті маман болып қалыптасары сөзсіз. Ал, мұндай бесаспап маманның қайда болсын жұмысқа бірінші кезекте орналасатыны сөзсіз.

Жоғары мектеп кафедралары білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын бір-бірімен тығыз байланыстыра жүргізуде. Мұндай сан-салалы байланыс А.Н.Косыгин атындағы Мәскеу тоқыма институты, Иваново химия-технологиялық институты, Ташкент тоқыма және жеңіл өнеркәсібі институты арасында ежелден қалыптасқан. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы, «Сымбат» сән және бизнес академиясы, Алматы технологиялық жоғары мектебімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұндай достық қатынас М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік жоғары мектебі, Өңдеу және тамақ өнеркәсібінің ғылыми-өндірістік орталығы («Қаз Агро Инновация» АҚ, Алматы қаласы), Мәскеу тамақ өндірісі мемлекеттік жоғары мектебі, Қолданбалы биотехнологиялық Мәскеу мемлекеттік университеті, Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, сонымен қатар Манчестер Метрополитен университеті арасында дамып келеді.

Жыл сайын Қазақстан және шет елдерінің алдыңғы қатарлы журналдарында жоғары мектеп оқытушыларының 100-ден астам мақалалары мен баяндамалары жарияланады. Жоғары мектеп қабырғасындағы ғылыми жұмыстар еліміздегі өндіріс орындары үшін өзекті әрі аса қажетті бағыттар бойынша жүргізіледі. Олардың нақты тақырыптары тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, қазақтың ұлттық тағамдарын зерттеу және өндіріске енгізу, төтенше жағдайларда жұмыс істеуге арналған қорғаныс киімдері жайын қамтиды. Мұндай тақырыптардың қатарында медицина саласына арналған тоқыма материалдары, тоқыма өндірісінің қалдықтары негізінде алынған экологиялық таза материалдар туралы зерттеулерді де атауға болады.

Жоғары мектеп түлектері облыстағы және республикадағы тоқыма және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында табысты еңбек етіп келеді. Бізде даярланған мамандар «Нұр» ЖШС, «ЭкопродуктГруп» ЖШС, «Рахат Шымкент» ЖШС, «Ладушки» ЖШС және «Тұтынушы» ЖШС-інде кездестіре аласыз. Сол секілді, «AZALA TEXTILE» ЖШС, «AZALA COTTON» ЖШС, «Шымкент-Кашемир» ЖШС, «ӘЛЕМ БТ» ЖШС, «Қазагроэкс» ЖШС-нің мекемелері мен «Джин-Текс» ЖШС, «Нимэкс» ЖШС, «Асық Ата» мақта тазалау зауыттарында, «Назар Техtile» ЖШС және «Бал Техtile» ЖШС -де жемісті еңбек етуде.

Білім алушылар үшін маңызды ақпараттың бірі мемлекеттік грант мәселесі екені белгілі. Ендеше, біздің университет еліміз бойынша тоқыма, тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласында мамандар даярлаудың алдыңғы қатарлы базалық жоғары оқу орны болып табылады. Жыл сайын осы салаға бөлінген мемлекеттік гранттың 60-65 пайызын жеңіп алуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Сонымен қатар, Колледж бітірушілері үшін оқудың қысқартылған түрі қарастырылған.

Егер мектептен алған білімді сапалы мамандық алумен ұштастырып, бәсекеге қаблетті маман болуды мақсат тұтсаңыз — бізге келіңіз. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Тоқыма және тамақ инженериясы» Жоғары мектебінде сізді қызықты студенттік күндер мен болашағы жарқын өмір күтіп тұр.

А.А.ЕШЖАНОВ

М.Әуезов ат. Оңтүстік Қазақстан университеті, «Тоқыма материалдарының технологиясы және жобалануы» кафедрасының меңгерушісі м.а.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *